Кешегі ел үшін қиын-қыстау кезең болған тұста көптеген қазақ қыздары да майдангерлер сапында басқыншы жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Солардың бірі - қызылқоғалық-жылойлық Райхан Қыдырбайқызы Ыбыраева.
ӨСКЕН ОРТАСЫ
Кеңес заманының өзіндік ерекшелігі сол - шаруашылықтың әр саласындағы жауапты қызметкерлерді де номенклатураға кіргізіп, оларды жергілікті партиялық комитетте бекітетін. Олай болса, әрбір бекітілген адамға жеке іс ашылып, оған барлық ғұмырнамалық, қызметтік деректер топтастырылатын. Райхан өзінің біз Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатынан 2005 жылғы 23 мамырда тапқан жеке ісінде толтырған өмірбаянында 1941 жылы жазғанындай, «Қызылқоға жеріндегі 17-ші ауылда 1924 жылы» туған еді.
Аталмыш жеке істе бекітілетін қызметкердің шыққан тегі, әлеуметтік жағдайы (әсіресе, кедей әулеттен шыққандығы) ерекше көрсетілетін, бұл да көп жылдарға дейін өзгермейтін үрдіс сияқты болған. Райхан да одан әрі ата-анасы турасында былайша көрсетеді: «...Әкемнің негізгі кәсібі мал баққан кедей шаруа болған. Октябрь революциясына дейін әкем негізі ауыл шаруашылығымен кәсіп еткен. Революциядан кейін 1931 жылға дейін ауыл шаруашылығында болған. 1931 жылдан бастап Иманқара, Төлес, Құлсары, Қосшағыл промсылдарында жұмыс жасады. 1940 жылдан бері Қосшағыл мұнай өндірісі бөлімінің изоляция цехында мастер болып жұмыс жасайды...Шешемнің тумалары да кедей болған, қазір Маңғыстау ауданында...». 1941 жылғы 25 шілдеде толтырылған бұл құжаттар латын қарпімен жазылыпты.
Отбасы мүшелері туралы жазғанда «Қазір үйімде әкем, шешем, апай, інім бар» деп көрсетіпті. Енді солардың ғұмырнамаларын бар мүмкіндігінше шолып көрелік. Бәрінің соңғы табан тіреген жері Жылой болғандықтан да 2008 жылы жарық көрген «Жылыой жылнамасында» берілген деректерге көз жүгіртелік.
Әкесі Қыдырбай Ыбыраев (1900-1968), өзі жазғандай, бүкіл Жемге танымал мұнайшы болатын. 1929-1931 жылдары Қызылқоғадағы № 16 ауылдық кеңестің төрағасы, 1931 жылдан бастап «Қазақстанмұнай» комбинатында жұмысшы, жерасты жабдықтарын дайындау цехында, күрделі жөндеу кеңсесінде, Құлсары, Қосшағыл, Мұнайлы кен орындарында шебер, аға шебер болып істепті, өндіріске қажетті құралдарды ойлап тапқаны үшін бірнеше рет Мақтау қағаздарымен, Жеңістің 1945 жылғы мерекелік медалімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен (1948 ж.) марапатталыпты (218-бет).
Райханның анасының есімін Қалила екен.
Райханның апасының дерегін облыстық партиялық мұрағаттан 2005 жылғы 5-ші наурызда таптым. Оның есімі Ая екен, Ыбыраева 1918 жылы Қызылқоғадағы 16-шы ауылда дүниеге келіпті. Деректер 1942 жылға дейінгі мерзімді ғана қамтиды, Иманқара мектебінің үш сыныбын 1931-1933 жылдары оқыпты, балалардың бесікүйлері (детяслилер) меңгерушілерінің Гурьев қаласындағы курсында 1938-1939 жылдары білім алған. Партияда жоқ. 1938 жылдан 1942 жылға дейін Қосшағыл кәсіпшілігіндегі балалардың бесік үйінің меңгерушісі (1941 жылдың желтоқсанына дейін), осы кенттегі № 5, № 3, № 4 дүкендердің меңгерушісі болыпты. Ол кезде тұрмысқа шықпаған. Бұл кісі Демеу Таубаев (1923-1986) ағаның 1985 жылы Балтабайға жазған хатында көрсететін Қаратондағы жездесі Көшкімбаев Молдағалидың зайыбы болып шықты.
Ғұмырнамада көрсетілген інісі жөніндегі дерегім жоқ.
Ал, 1952 жылы туған інісі Балтабай туралы да «Жылыой жылнамасынан» оқимыз, айтпақшы, аталмыш кітапта бұлардың тегі орысша - «Ибраева, Ибраев» болып жазылыпты. Мұнайлы кентінде туыпты, ҚазМУ-ды бітірген. Туған кентінде 1971 жылға дейін кәсіпшіліктің жөндеушісі, операторы болыпты, кейін Ы. Алтынсарин мектебінің мұғалімі болған, 1975 жылдан бастап кеңес жұмысына ауысады: 1986 жылға дейін Мұнайлы кенттік кеңесіндегі атқару комитетінің хатшысы, Қара арна ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. ал, 1986-2000 жылдары "Теңізмұнайгаз" бірлестігінің құрылыс-құрастыру басқармасындағы бөлімнің бастығы, кейін Жаңа Қаратон кентінің әкімі, «Құлсарысуарна» мекемесінің директоры лауазымдарында жұмыс жасайды (218-бет).
Райхан міне, осындай еңбекке құмар, адал адамдардың ортасында өсті.
МЕКТЕПТЕН ТАНЫЛҒАН ЕДІ
Болашақ жауынгер одан әрі өзінің білімі жөнінде «...1933 жылдан 1941 жылға дейін совет мектебінде оқып, 8 класс бітіргенін» көрсетіпті. Иә, бұл 1938-1953 жылдары Жылой ауданының орталығы болған Қосшағыл мұнайшылар кентінің М.Ю. Лермонтов атындағы жалпы білім беретін мектебі болатын, ендеше, ол аталған білім ұясының осындай санатқа жеткендегі тұңғыш түлектерінің бірі болады.Шіркін, мектептегі балдәурен балалық шақ-ай! Тәтті елес сияқты көз алдыңнан кетпейді де тұрады. Райханның да шәкірттік шағы қызықты өтіпті. Өнерге бейімделген ерекше дарыны да көзге түсіпті. Бұл туралы оның бірге оқыған құрбысының естелігін марқұм абзал аға, теміржолдағы 15-ПЧ мекемесінің бастауыш партия ұйымының қоғамдық негіздегі хатшысы болған, мекеменің бас есепшісі Демеу Таубаев менің өтінішім бойынша 1980-ші жылдары әкеліп берген болатын. Ол кезде мен Ембі (қазіргі – Жылыой) аудандық партия комитетіндегі үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары - саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі болып жұмыс жасайтынмын. Сонымен, Зияш Исайынованың «Райхан туралы білетінім» деген оқушы дәптерінің кең жолды төрт бетіне толтырған жазбасын оқып көрелік:
«Райханмен 5,6,7-ші сыныптарда бірге оқыдым, бұл 1937,1938,1939 оқу жылдары. Ал, Райхан 1939-1940 оқу жылында 8-ші сынып оқыды. Оқыған мектебіміз - Қосшағылдағы Лермонтов атындағы орта мектеп.
Қосшағылдағы қазіргі үлкен клуб 1940 жылы пайдалануға берілді. Клубтың ашылуына байланысты оқушы балаларды - ересек ұл-
қыздарды жинап, үйірме ашты, халыққа ойын-сауық қоюға жастарды шақырды. Сол шақырылғанның бірі - Райхан еді.
Райхан жаны таза, кішіпейіл, ақжарқын, өткір, жолдастарының алдында ашық сөйлейтін қыз еді. Үйірмеде қойылған пьесаларда басты рөлдерде ойнады. Мысалы, ол «Біржан-Сарада» - Сараның, «Аққуда» - Аққудың рөлін ойнады. Оған қоса Райхан әнші болатын, жеке нөмірде қазақтың халық әндерін - «Қараторғайды», «Юранды», «Екі жиренді», «Елигайды», «Бурылтайды» орындайтын.
Ұмытпасам, 1941 жыл сияқты (қай айы екенін есімде жоқ), Алматыдан Күләш Байсейітовалар келіп, Қосшағылға ойын қойды, «Қыз Жібекті». Содан ертеңіне үйірмеде «Қыз Жібектің» «Гәкку» әнін Райханға айтқызып, тыңдады әншілер. Оған қатынасқан әртістер - Жамал Омарова, тегін ұмыттым, аты Дүрия деген әншілердің Райханды Алматыға шақырғаны есімде...».
Шынында да дарқан дарын иесі екен, әттең...
Енді «Осы деректерді берген сыныптасы кім болған екен?» деген сауалға жауап ізделік. Менің Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатында 2015 жылғы 26 ақпанда тапқан деректерім мынадай болды:
Зияш 1922 жылы Қызылқоға өңіріндегі 22-ауылда дүниеге келіпті, білімі - аяқталмаған орта. Әкесі - Исайын - 1925 жылы, анасы -1940 жылы қайтыс болыпты. Бұл ағасының қолында тәрбиеленіпті. 1941-1945 жылдары - аудандық атқару комитетінің, 1945-1950 жылдары - аудандық партия комитетінің, 1951-1952 жылдары - аудандық оқу бөлімінің жазу мәшенкесінде жұмыс жасаушы болыпты. 1944 жылы коммунистік партия қатарына қабылданыпты. 1946 жылғы 1-ші қыркүйекте «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталыпты. Мұрағат дерегі осы 1952 жылмен ғана аяқталады.
Ал, бергі жылдарғы ғұмырнамасы Жылыой аудандық «Жылыой жылнамасы»энциклопедиясынан табылды. Бір қызығы сол - мұнда апамыздың аты-жөні «Сайынова Зияш Сайынқызы» болып, фотосымен бірге беріліпті, дүниеден 1988 жылы Құлсары кентінде озған екен. Кітаптың біздің дерегімізге қосары мыналар болып шықты:
«1938-1941 жылдары аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, белсенді жұмысшы. Қамыскөл мектеп-интернатында директордың орынбасары. Еселі еңбегіне орай Жоғары ұйымдардың Құрмет грамоталарының,...иегері» (357-358-беттер).
Зияш апаның деректерін толықтыратын екі суретті марқұм Демеу ағай маған 1984 жылы әкеліп берген болатын. Оларға Райханның інісі, құрдасым Балтабай Ыбыраев берген тағы екі майдандық фотоларды қосып, 2000 жылғы 15 наурызда «Атырау» газетіне «Жылыойлық жауынгер қыз Райхан Ыбыраева» деген мақаламмен бірге апардым. Ол «Жылыойдың жауынгер қыздары» деген тақырыппен ”Атырауда» 2001 жылғы 8 наурызда жарық көрді. Алайда, редакциядағылар фотоларды жарамсыз деп тапты және маған қайтарған жоқ.
Суреттер жоғалып кетсе де, «Райханның аруағы риза болсыншы!» деген ниетпен онда бейнеленген адамдарды Демеу ағаның жазуы бойынша атап өткенді дұрыс санаймын.
Бірінші суретке Қосшағыл кентінің М.Ю. Лермонтов атындағы орта мектебіндегі хор үйірмесінің мүшелері 1939 жылы түсіпті. Олар: (бірінші қатарда отырғандар) 1. Жиентаева Талшын. 2. Нұроллин (Дәкең атын есіне түсіре алмапты). 3. Ысмағұлова Жібек. 4. Құттыбаева Ақмоншақ. 5. Жанәлиев Демеу Ортанбайұлы (1924-1987)(кейіннен Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қосшағыл аудандық инженерлік-технологиялық қызметінің бастығы болды). 6. Құр-манғалиев Ақмәди (мектеп мұғалімі, хор жетекшісі). 7. Кенжетаев Жәрдем (1923-2004)(кейін майданда ұшқыш, Индер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған). 8. Ауысни-язов Жұмаш (кейін мұнайшылық жұмыста болды). 9. Тайманов Мақсот. Екінші қатарда тұрғандар мыналар екен:1. Қондыбаева Балдай. 2. Зиқатова Қалампыр (кейін Жылой аудандық партия комитетіндегі әйелдер бөлімін басқарды). 3. Есжанова Қален. 4. Тәжі-беков. 5. Шолтанова Бибатпа(1922-2005)(кейін Қосшағыл, Құлсары мұнайлы кәсіпшіліктерінде есепші, аға есепші болды). 6. Таубасов Қуаныш. 7. Ұлықпанов Кәмел. 8. Ыбыраева Райхан. 9. Исайынова Зияш. 10. Ғалиева Нәсиха. 11. Ғұбайдуллина Гүлжан. 12. Мұсанғалиев Секер. 13. Мұқашева Марфуға. 14. Жаманова Дәметкен.
Екінші суретке түскендер Қосшағыл кенті клубы жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің 1940-1942 жылдарғы мүшелері болып шықты. Бұларды да әдеттегідей қатар-қатарымен жазалық:
Бірінші қатарда қисайып жатырғандар:1. Жанәлиев Демеу. 2. Жан-әлиев Серік Шотықбайұлы. 3. Ауысниязов Жұмаш.
Екінші қатарда тұрғандар:1. Майша. 2. Тәшенов Әмір. 3. Ұлық-панов Кәмел. 4. Ысмағұлова Жібек.
Үшінші қатарда орындықта отырғандар: 1. Қалиев Сәрсен – үйірме жетекшісі. 2. Жанәлиев Шотықбай (1908-2002) (клуб меңгерушісі, кейін Ұлы Отан соғысының сарбазы, «Қызыл Жұлдыз, Халықтар Достығы ордендерінің иегері). 3. Бисекенов Қами.
Төртінші қатарда тұрғандар: 1. Тайманов Мақсот.2. Кенжиева Ханжан (кейін Ұлы Отан соғысына қатынасып, жапон соғысында қаза тапты). 3. Ортанбаев Сүйеу (кейін Ұлы Отан соғысының сарбазы, мұнай өндірісінің ардагері, майдангер Х. Жексемәлиеваның жұбайы). 4. Ыбы-раева Райхан. 5. Исабаев. 6. Қарақұлова Рақыш. 7. ? 8. Ержанова Үміт. 9. Маңғыбаев Басшыбек.
Бұлардың аты-жөндерін жариялауда тағы бір мақсат тұттық – мүмкін аталған адамдардың отбасыларында, ұрпақтарында, достарында осы фотолар сақталған болар, оларды тауып, жариялауға мүмкіндік болмас па екен?
СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК
Райхандар мектепті бітірер-бітірместе, яғни 1941 жылғы 22 маусымда Ұлы Отан соғысының басталғаны белгілі. Жоғарыда біз келтірген естелік жазбасында Зияш апай: «Қыркүйек айында өз еріктерімен соғысқа баруға Жылой аудандық комсомол комитеті арқылы қыздар шақырылды. Жылой аудандық партия комитетінің машинисткасы болып жұмыс жасайтын Рашида Бадретинова деген ноғай қызы өз еркімен соғысқа кетті. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ғазизов деген болды. Райхан 1941 жылдың қазан айында аупарткомға машинистка болып жұмысқа алынды», - деп көрсеткен екен. Ал, менің 2005 жылы облыстық мұрағаттан тапқан дерегімде - Райханның жеке ісінде бұл жазылмапты. Тек басқа дерек бар: Райхан 1941 жылдың 25-ші шілдесінен бастап Жылой аудандық «Социалистік ауыл» (қазіргі - «Кең Жылой») газетіне жауапты хатшы болып, жұмысқа орналасады. Мұны ол аталмыш өмірбаянында (ол кездегі үрдіс бойынша - «Автобиографияда») «25 июль 1941 жылдан бастап аудандық «Социалистік ауыл» газетінің редакциясында жауапты секретарь болып жұмыс жасаймын» деп көрсетіпті. Мұны Райханның жеке ісіне тігілген құжаттар да дәлелдейді (айтпақшы, оның жеке ісі жауапты хатшы болғандықтан да ашылып отыр ғой). Соның бірісі - Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Меңдіғазы Айтмұқановтың (1902-1967) Райханға 1941 жылғы 19-шы шілдеде берген мінездемесі. Сол кездің стилін сақтай отырып, оқылық:
«Характеристика
Аудандық газеттің секретары Ыбыраева Райхан жолдасқа
1941 жылдың 15/ҮІІ-нен бастап Жылой аудандық «Социалистік ауыл» газетінде жауапты секретарь болып жұмыс жасайды.
Көпшілік қоғам жұмысына жақсы қатынасады.
Тәртібі жақсы, бөтен мінез-құлқы сезілген жоқ.
ҚК (б)П-ның Жылой аудандық комитетінің секретары
(қолы қойылған) АЙТМҰҚАНОВ».
Осы іске тігілген, ҚК (б)П-ның Жылой аудандық комитеті бюросының 1941 жылғы 18 тамызда өткен №82 санды мәжілісінің буын көшірмесінде "Ж. Ыбыраева Райхан аудандық газеттің жауапты секретарлығына беркітілсін» деп, тайға таңба басқандай жазылыпты.
Майданға кеткенше ол осылайша еңбек етеді.
СҰРАПЫЛ СОҒЫСТЫҢ САРБАЗЫ
Әзірге дәл мәліметіміз жоқ, әртүрлі деректер бар, олардың бірісіне сенсек, Райхан соғысқа 1942 жылдың қазан айында аттаныпты. Мұны Зияш апа да растайды: «...Содан 1942 жылы қазанның аяғында соғысқа аттанды» деп жазыпты. Ал, менің бұлар туралы дайындаған алғашқы мақаламда «1942 жылдың желтоқсан айында ол аудандық оқу бөлімінде инспектор болып жүрген Ханым Жексемәлиева, орыс қызы Ремизовалармен бірге мобилизация бойынша соғысқа аттанады. Осы тұста мектептес құрбысы Ханжан Кенжиева да майданға кетті» деп жазыппын. Соңғысы турасында «Атыраулық боздақтар» кітабының бірінші томында жалғыз ғана сөйлем бар: «...қатардағы жауынгер. 1920 ж. Жылыой ауданының Қосшағыл поселкесінде туған» (47-бет).
Ханым Жексемәлиева деген кім еді? Бұған жауапты менің «Атыраудың ардақты адамдары» деген ғұмырнамалық жинағымнан (Атырау, «АҚ Жайық», 2015 ж., 664 бет) табуға болады, себебі, әзірге өзімді аздаған ғана ханымтанушының бірі сияқты көремін :
«ЖЕКСЕМӘЛИЕВА ХАНЫМ ТҰҢҒЫШҚЫЗЫ (1921, Гурьев қ.жанындағы Бесікті а.(18-а.) – 1986, Құлсары кенті) – Ұлы Отан соғысына қатынасқан қыз (1942, желтоқсан – 1945, мамыр), 1-Украин майданындағы 1083-ші зениттік-артиллериялық полктегі батареяның майдан аспанын барлау бөлімінің көлбеу қашықтықты есептеушісі болып, жауынгерлік қызмет атқарды. Гурьев педагогикалық училищесін бітірген (1941). 1941-1981 жж.Жылой ауд.оқу бөлімінің инспекторы, Гурьев қалалық аткомының жауапты хатшысы, қаладағы сауда мекемелерінің қызметкері, Биікжал терең бұрғылау экспедициясындағы мамандар бөлімінің бастығы, балабақша меңгерушісі болды. Майдандағы ерлігі үшін КСРО-ның «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерлік еңбегі үшін. В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медальдарымен марапатталды (Ә д е б.: А. Әміржанұлы. Майданда ерлігімен, еңбекте ісімен танылған. “Атырау”, 2002 ж. 7 қыркүйек).226-бет).
Сонымен, өмірінде қолдарына қару ұстап көрмеген, тіптен ерлердің ісі болып есептелетін - соғысқа қатысу деген ой үш ұйықтаса түстеріне де кірмеген балауса қыздар уақыт талабына сәйкес тас-түйін болып, Отан қорғау соғысына шығады.
Ханым екеуін әуелі бір айдай Атырау қаласында жауынгерлік машықтандыру ісінен өткізеді. Келесі, 1943 жылдың басында оларды да оқ пен ажал бүріккен қан майданға аттандырады.
Қыздарды Бірінші Украин майданына (қолбасшысы И. Конев) бағынатын 416-шы (кейіннен - 254, одан соң - 1083-ші) зениттік-артиллериялық полкке бөлді. Бұлар бағынатын батареяның командирі аға лейтенант Г.Г. Мишин, оның орынбасары кіші лейтенант Богданов, старшинасы Ковбаса, ефрейторы Сивков еді. Майдан аспанын бақылаушылар болатын қыздардың бөлімшесінің командирлері аға сержант М.Г. Рукина, операторлары А.Ф. Корнюшина, Акользина, №2 оператор Караськина, №1 оператор А. Хомутова, медициналық қызметкерлері белорусь қызы Кончиц, украин қызы А.Ф. Клименко, №10 горизонт биіктігін есептеуші Антипова, азимутты есептеуші Калашникова, орналасу бұрышын есептеушілер Е.И. Кушнерова мен Н.А. Ятлук, секунд өлшеуші А. Филимонова, көлбеу қашықтықты есептеушілер Райхан Ыбыраева мен Ханым Жексемәлиева болатын.
Бөлімшеде әскери тәртіп қатал сақталды, қыздарды қалаға қыдырысқа жібермейтін. Бөлімше арнаулы құрылғылар арқылы майдан аспанынан көрінген жау ұшақтарын зенитшілерге уақытылы хабарлап, оларды дер кезінде жоюға ерекше үлес қосып отырды. Курск түбінде бұларды да немістердің бомба астына алғаны бар, бірақ әупірімдеп аман қалысты.
ЖАУЫНГЕРЛІК ТҰҢҒЫШ ТАПСЫРМАНЫ ОРЫНДАУ
Қос құрбының алғашқы жауынгерлік алғыс алғандығын жылойлық ұстаз-қаламгер Бөкенбай Құмарғалиев 1975 жылғы 9 мамырда «Ембі» газетінде шыққан «От кешкен абзал ана» атты мақаласында Ханым апайдың айтуымен былайша суреттепті:
«... – Біздің полк бұл кезде Курск қаласынан 50 километр жердегі майдан шебіне таяу орналасқан болатын. Мезгіл ертеңгілік сәт еді. Бөлімше командирі сержант М. Рукина Райхан екеуімізге шұғыл тапсырма берді.
- Енді бірнеше сағаттан кейін жаудың шабуылға шығатыны жөнінде алынған дәйекті мәлімет бар. Демек, жау шабуылға шығар алдында тағы бір рет барлаушы самолеттерін жібереді. Соны майдан шебіне өткізбей, дер кезінде зенитшілерге хабарлау керек. Әйтпесе, біздің құпия атыс ұяларының орналасқан жерін байқап қоюы ықтимал. Аса қырағы болғайсыңдар, - деп бізді бақылау пунктіне отырғызды.
- Көрдің бе? - деді сәлден кейін Райхан. – Алдымыздағы орман үстінен бір нәрсе қарауытқандай.
Сурет Б. Құмарғалиевтың аталмыш мақаласынан алынды.
Бірте-бірте ол анықтала түсті. Немістің «Мессері» екен.
«Жаудың барлаушы самолеті келеді, - деп координатын хабарлап үлгердік. Барлаушы самолет майдан шебін жер бауырлай ұшып, он-он бес минут жүрді де, келген бағытына оралып кетті. Ол қарасын үзе бергенде тағы да екі самолет көрінді. Бұлар биіктен төмен құлдилап, бағытын шұғыл өзгертіп, бізге тым тақап келді. Осы кез артиллерия «мессерлерді» нысанаға алып, ата бастады. Олардың тым еркінсіп кеткенін еске алса керек. Бірте-бірте биіктей берді. Адайда, жан-жақтан шашырай жарылған снарядтар құзғындарды сау жібермеді. От шалған «мессерлер» лаулай жанып, орман ішіне қойып кетті. Сәлден кейін гүрс жарылып, қара түтін бұрқ етті.
- Міне, қырағылық деп осыны айтады. Мәлімет апарудың орнына өздері опат болды. Берген тапсырманы осылай орындау керек, - деп Рукина бізді құшақтап, қолымызды қысты.
Екеуіміздің қуанышымызда шек жоқ. Бақылау пунктінен блиндажға қарай жүгіре жөнелдік. Қыздар да қарсы ұшырасып жатыр.
Осы ерлігіміз үшін екеуімізге командование алғыс жариялады...».
Курск доғасындағы атақты шайқас кеңес әскерлерінің даңқты жеңісімен аяқталған соң Райхандар Курскіні тағы да аралап көрді, қала қатты қираған екен, өліктер өте көп кездесті. Ал, Тула облысының Моршанск стансасынан өткенде көрген адамдар өлімінің жантүршігерлік көріністері көпке дейін қыздардың есінен шықпай қойды. Осы Бердичевке келгеннен соң екі күннен кейін Райханды Житомирге шақырып әкетті, құрбылар соғыстан соң елде табысып, шексіз қуаныштарын бөлісіп еді.
СОҒЫСТАН СОҢҒЫ СӘТТЕР
Екі қыз да батарея командирінің бірнеше алғысын және Жеңіс құрметіне 1945 жылы шығарылған мерекелік медальді алды.
Елге оралған соң Райхан 1945 жылдың желтоқсанында Сағыз мұнай кәсіпшілігінің бастығы Шелепинге барып, жұмысқа алуды өтінді. Оны кадрлар бөліміне инспектор етіп орналастырады. Бірақ, Райхан ауырып, 1948 жылдың наурыз айында қайтыс болады.
Бұл жөнінде абзал ағамыз Демеу Таубаев көп ізденіс жасады, жасының үлкендігіне, бір аяғынан мүгедектігіне қарамастан өз еркімен Райхан құрдасының деректерін сол 1984-1985 жылдары сұрастырды, естіген жерлеріне аяқтай барып келді. Солардың нәтижесін хабарлап Балтабайға жазған хатында төмендегідей мәлімет береді:
«Балтабек, амансың ба? Үй-ішің аман ба?
Мен Гурьевке барып келдім. Ботағариев Бағытқа іздеп барып жолықтым. «Ол біздің жас уақытымыз ғой, Райханмен тек қана бір жылдай тұрдым. Ауылда дәрігер де жоқ, Доссордан дәрігер шақыртып, ауруханаға жібердім. Артынан мен барғанша уақыт болып кетіп, дұрыс тілдесе алған жоқпын. Мен оның қай жерде соғыста болғанын, қандай орден алғанын сұраған жоқпын. Ол да маған айтқан жоқ. Біздің үйде Райханның кәртішкесі жоқ, ол кезде фотограф та жоқ қой», - дейді...»
Бұдан түсінсек, аяулы апамыз баласын босана алмай, дүниеден озған сияқты. Ол осылайша, жау оғынан аман келіп тұрып, елдегі бейбіт еңбекті жасай жүріп, Жеңістен соң үш жылға жетер-жетпес уақытта, інісінің айтуынша - 1948 жылдың 8-ші наурызында (тағдырдың тәлкегін қарашы - бұл Әйелдердің халықаралық мерекесі күні ғой!) қайтыс болыпты, келесі күні жер қойнына беріліпті. Бір ыңғайсызы сол - ол жауынгерлік мадақтарымен бірге жерленіпті.
Зияш құрбысының жазғанындай: «Соғыстан аман-есен, елге Жеңіспен оралды, тұрмыс құрды, бірақ, ғұмыры қысқа болды».
Иә, жауынгер қыз, Отанын басқыншылардан қорғауға қатынасқан, Жеңіске ерлермен қатар өзіндік үлесін қосқан аяулы ару бар болғаны 24 жыл ғұмыр кешті. Соғыстың салмағынан еңсесін енді ғана жазып, бақытты өмірге құлашын соза бастаған еді-ау! Өкінішті-ақ, алайда, пешенесіне осылай жазылған екен, оны өзгертер пендеде амал бар ма?!
МАЙДАНГЕР ЖОЛЫН ІЗДЕГЕН КЕЗДЕ
Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында біз үшеуіміз болып – Демеу аға, Балтабай құрдас және мен болып, осындай қыршын жастың бүкіл шағын ғұмырын қағаз бетіне түсіруге тырыстық. Бөкенбай ағаның жоғарыда келтірілген жақсы материалы әлі де аздық ететін. Жаңа деректермен толықтыру керек еді. Әрине, өзім жазуына үнемі қатынасып келген аупарткомдағы мерейтойлық жиындардың баяндамаларына басқа майдангерлермен қатар ауданымыздан Ұлы Отан соғысына аттанған санаулы ғана апаларымызды, оның ішінде Райхан апамызды да қосып отырдым, реті келсе қалдырған емеспін. Дегенмен, мәліметтер толықтыруды қалады.
Осы ретте тағы да Демеу аға мен Балтабайдың ізденістерін атап көрсеткен жөн болады. Дәкең жаңағы хатында Райхан күйеуінің берген мәліметтерін тізіп жазыпты:
«...Бірақ, бірге болған адамдар» деп екі кісінің адресін берді.
Біріншісі – Хасенова Ажар, қазір пенсияда болуы керек. Жолдасы Қаби Оразғалиев, екеуі де соғыста болған. Бұлар Кеңқияқта тұрады. Үй-ішінің адресін білмейді.
«Екіншісі – Есениязова Жәния, Доссорда тубдиспансерде медсестра болып жасап жүр. Жолдасы жоқ адам. Армияда екеуі бірге болған», - деді.
Қаратонда Көшкімбаев Молдағали деген жездесі өрт сөндіру командасында жасайды. Кәртешкесі болса соларда болуы мүмкін. Апасының аты - Ая, - дейді.
Құлсарыда Аймышевтардың білуі керек, бірақ, біз араласпағалы көп уақыт болып кетті. Көбін мен де ұмытыппын. Өзім биыл пенсияға шығам, - дейді»
Демеу ағаның қамқорлығы мен мұқияттылығы ғой, «Мынау 1975 жылғы 9 майдағы «Ембі» газеті, Райханның суреті бар. Сөзін өзің оқисың ғой. 44 жылға дейін бірге болдым деп жазыпты Жұмағалиева (бұл «Жексемалиева» дегені болар – А.Ә.)» деп, жазумен қатар әлгі газетті Бәкеңе салып жіберіпті. Аруағы риза болсын, Демеу аға сондай азамат кісі еді!
Осы ретте Дәкеңнің өмірбаянына да көз жіберу абзал болмақ. Ғұмырнамасы жылойлық энциклопедиялардан қалған емес. Оны да менің «Атыраудағы ардақты адамдар» атты жинағымнан оқып қарайық, себебі толықтау мәліметтерді осыдан кездестіруге болады:
«ТАУБАЕВ ДЕМЕУ (1923, Жылой өңірі – 1998, Құлсары кенті) - еңбегі сіңген қызметкер. Жылой ауд.тұңғыш орта мектептің - М.Ю. Лермонтов атындағы орта мектептің тұңғыш түлегінің бірі. Ұлы Отан соғысының сарбазы (1942-1943). Майданда Батыс Қазақстанда құрылған 101-ші атқыштар бригадасының қатарында бөлімше командирі болып шайқасты. Соғыстан соң Жылой ауд.түрліше мекемелерде есепшілік жұмыстарды атқарды, зейнетке дейін Құлсарыдағы 15-ПЧ темір жол мекемесінде бас есепші болды. Майдандағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталды (Ә д е б.: А. Әміржанұлының жеке мұрағаты; «Құтты мекен - Қосшағыл». А., «Арыс», 2005).524-бет).
Сондай-ақ, бұл ардақты ағаның ғұмырнамасы мен жылы жымиып тұрған фотосын 2015 жылы Астанадан жарық көрген, облыстық мұрағатшылар шығарған «Мәңгілік мінәжат» атты кітаптан да (148-бет) көріп, қуанып қалдым.
Бірақ, біз осы ізденістерімізді ол кезде жеріне жеткізе алмадық: мен келесі жылы жұмысымды облыс орталығына ауыстырдым, Балтабайдың да қызметі өзгерді. Демеу ағамен байланысымыз үзіліп қалды, ол бертін келе дүниеден озыпты. Сөйтіп, ізденісімізге жақсы қорытынды жасай алмадық.
Дегенмен, бұл мәселе де менің есімнен шыққан емес, 15 жылдан соң - 2001-2002 жылдары «Атырау», «Ақ Жайық» газеттерінде негізіне Ханым ападан 1985 жылы жазып алған деректерім қаланған үш-төрт мақала жариялай алдым («Жылыойдың жауынгер қыздары», «Қосшағылдың қайсар қыздары», «Майданда ерлігімен, еңбекте ісімен танылған»). Жеңістің 60 жылдығы тұсында облыстық партиялық мұрағаттан осы мақалада баяндалған жеке ісіндегі деректерді, апасы Ая Ыбыраеваның жеке ісін таптым. Райханның өмірбаянын жаңа деректерімен толық етіп 2015 жылғы 6 мамырда Атырауда жарық көрген «Атыраудың ардақты адамдары» атты ғұмырнамалық жинағымда бере алдым (606-бет). Ал, бәрін барынша қамтыған мақаланы жазудың сәті бүгін түскендей.
ЕРЛІК ЕСКІРМЕЙДІ!
1924 ж.т., Доссор кенті) –медбике. Гурьев медициналық училищесін бітірген (1961). Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1946-87 ж.ж. Мақат аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде медбике болып қызмет атқарған. 1987 ж.зейнеткер. «Қазақ КСР Денсаулық сақтау ісінің озаты» белгісін алды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше жауынгерлік медальдармен наградталған» (157-бет).
Ерлігі соғыс жылдарының өзінде облыстық «Социалистік құрылыс» (бүгінгі - «Атырау» )газетінде кеңінен жазылған атақты танкішінің өмір тарихы былайша жазылыпты:
«ОРАЗҒАЛИЕВ ҚАБИДОЛЛА (1915 ж.т., Доссор к.) – Ембінің байырғы мұнайшыларының бірі. Фин және Отан соғысына қатысушы. Ата-анадан ерте айырылып, Кулагиндегі балалар үйінде тәрбиеленген. 1935 ж.Доссор м.к-нде жөндеуші болып еңбекке араласқан. 1944 ж.Мақат ауданындағы м.к-нде м.ө.оператор, шебер, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.1973 ж.зейнеткер. Ленин, Отан соғысы, Жауынгерлік Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған» (373-бет).
Бұл абазал ағамыз, жаңылмасам, 2010 жылы дүниеден озды.
Осы ардагердің зайыбы туралы да жақсы деректер беріліпті:
«АЖАР ХАСЕНОВА(1924 ж.т., Доссор к.) – бала бақша тәрбиешісі. 1942 ж.өзі сұранып соғысқа аттанған.І,ІІ,ІІІ,ІҮ Украина майданы жауынгерлік құрамаларында зенитші болып ұрыс қимылдарына қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алған. Елге оралған соң Доссордағы геологиялық іздестіру кеңсесіне есепші болып орналасады. Атақты танкист Қабиболла Оразғалиевтың жұбайы. 1974 ж.Сағыз кентінде сатушы, балалар бақшасының меңгерушісі, техникалық қамтудың қоймашысы қызметтерін атқарады. 1974 ж.зейнеткер. Отан соғысы ордені мен жауынгерлік медальдарға қоса он бала туып, тәрбиелегені үшін «Ардақты ана» орденін иеленген» (462-бет).
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ
ҚР Мәдениет қайраткері,
тарихшы-өлкетанушы
Атырау қаласы
1.5.,5.7.2015 ж.,
1.3.2016 ж.
.