Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ
Зейнолла ағаны алғаш рет 1964 жылдың қаңтарында көрдім. Абай атындағы Қазақ мелекеттік педагогика институтының Советская көшесінде (қазір Қазыбек би) орналасқан ғимаратының үлкен акт залында салиқалы әдеби-шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Кешке өткен жылдың сәуірінде ғана Лениндік сыйлық алған жап-жас жігіт Шыңғыс Айтматов қатысатыны белігілі болды. Зал лық толы студентер, ұстаздар, аспиранттар...
Бір кезде ел дүр етіп орнынан тұрып, қол шапалақтап, дуылдап кетті. Жиналған топтың ортасымен емес, шет жағымен келе жатқан үш-төрт кісінің төбесі көрінеді. Олар жүрген бойда сахнаға бір-ақ шықты. Алдында атақты профессор Қажым Жұмалиев, ортада Шыңғыс Айтматов, одан соң маңдайы кең, келісті жігіт. Мен жанымдағылардан «Бұл жігіт кім?», – деп сұраған едім, біреуі: «Зейнолла Қабдолов», – деп, өзінің білетінін айтты.
Сөзді Қажекең бастап кетті. Ол кісі әңгімесін әріден бастады:
– Әлемде эпос көп. Бәріңіз білетін «Махабхарата», «Шахнаме», «Илиада», «Одиссея» сияқты өте көлемді жырлар бар. Алайда, осылардың бәрінен үлкен, көлемі 1 миллион жол құрайтын, қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосы бар. Ол «Сейтек», «Семетей» деген жырларды да қамтиды. Осы ғаламат дүниені қырғыздың манасшылары атадан балаға дарытып, біздің заманымызға жеткізді. Қазіргі кезде Одаққа белгілі екі манасшы бар. Олар Саяқбай Қаралаев, Сағымбай Оразбақов. Бұлардан «Манас» бірнеше дүркін жазылып алынған. Қазір қырғыз ғалымдары екеуінің вариантын қосып, үлкен эпопеяны шығарды. Осы нұсқаны қазақ тіліне аударып жатырмыз», – деді де, әңгімесін Шыңғысқа қарай бұрып, оның Лениндік сыйлық алғанын айтты, кейбір шығармаларын атады да, Шыңғысқа сөз берді. Шыңғыс жаңа ғана жазып бітірген «Красное яблоко» деген әңгімесін оқып берді. Әңгіме өте әсерлі болып, жұрт ұйып тыңдады. Содан соң сөз Зейнолла Қабдоловқа берілді. Ол кісі Шыңғыстың шығармашылығы туралы қысқаша баяндама жасады. Сөзі өте мәнерлі әрі әдемі болды...
Осы кештен кейін мен Зейнақаңды біраз жыл өткен соң Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аспирантурада оқып жүргенде кездестіріп жүрдім, бірақ жақын таныса қойғамыз жоқ. Ол кісімен жақын танысып, араласа бастағаным Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғалым-хатшы болып қызмет істеп жүрген кез болды. Жиындарда, диссертациялық кеңесте, тағы басқа басқосуларда кездесіп, бір-бірімізді тани бастадық...
Ұмытпасам, 1988 жылдың жазында Зейнақаң маған телефон шалып: «Сейіт, сен бір сағаттан соң главпочтаның алдына келші, екеуміз бір әңгімелесейік!»,– деді. Мен келдім. Зейнақаң да келе қалды. Киров (Бөгенбай) көшесіндегі бір скамейкаға келіп жайғастық. Әңгімені Зейнолла аға бастады:
– Партияның Орталық Комитетінен маған бір үлкен қолжазба келіп, соған пікір жазуымды тапсырды. Алып қарасам, сендердің Институт жазған «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген том. Мұнда 1967 жылдан кейінгі әдебиет қаралып, 1980 жылдармен аяқталады екен. Мәселе мынада болып тұр. Томға баспаның редакторы теріс пікір жазыпты, онысын Орталық Комитетке жіберіпті. Міне, рецензия,– деп, маған ұсынды.
Мен алып қарай бастадым. 23 бетке жазылған рецензия екен. Түгелдей сын. Томды іске алғысыз етіп жазған. Тездетіп оқып бітіре бергенімде Зейнолла аға:
– Осы жағдай туралы не білесің? – деп сұрады. Мен бұл томның қалай жазылғанын, оның басшысы Мұхаметжан Қаратаев екенін, Институттың Ғылыми кеңесінде қаралып, мақұлданғанын, «Ғылым» баспасына ұсынылғанын айттым. «Баспа редакторы мен кітап авторларының арасында келіспеушілік пайда болыпты дегенді естігенмін», – дедім.
Зейнолла аға шамалы үнсіз отырды да, «Өзің қалай ойлайсың?» – деп, маған қарады. Мен редактордың тым қатты кеткенін әрі өрескел жазғанын айттым да, «Томды тағы бір қараса, анау-мынау жерлерін жөндеуге болады ғой», – дедім. Ол кісі басын изеді де: – «Бұл әңгімені ешкімге айтпа!» – деп, орнынан тұрды. Біз қоштасып, үйді-үйімізге кеттік. Мен уәдемде тұрып, осы әңгіме туралы ешкімге айтқам жоқ. «Аяғы не болды?», – деп Зейнақаңнан сұраған да емеспін. «Перестройка» деген пәленің дүркіріп жатқан кезі болатын. Соның кесірінен ол том жарыққа шықпай қалды... Осы уақыттан бастап біз жиі жолығып, әңгімелесетін болдық.
Зейнолла ағаның өте білімді, әрі керемет эстет адам екеніне талай рет көзім жетті. Әсіресе, мені ол кісінің екі қасиеті таң қалдыратын. Бірі – басқа адамның жақсы істеген нәрсесіне қуанып, оны айтып отыратындығы еді. Менің өзіме қатысты екі жайтты айтайын...
2002 жылы желтоқсанда бәріміз жақсы көретін, әсіресе Зейнақаң өте құрметтейтін Зәки Ахметов ағамыз трагедиялық жағдайда мерт болды. Бәріміз күйзелдік. Ол кісі 2003 жылы мамыр айында 75 жасқа толатын еді, тойлаймыз деп жүргенде бәрі астаң-кестең болды. Зәки ағаның 75 жылдығы жоғары дәрежеде аталып өтті. Соның қарсаңында 5 мамыр күні «Егемен Қазақстан» газетінде менің «Академик Ахметов» атты мақалам жарияланды. Жұмыс орныма келіп, мақаламды оқып бола бергенімде, телефон шылдыр ете қалды. Трубканы көтердім. Ар жағынан Зейнолла ағаның даусы естілді:
– Сейіт, амансыңдар ма? Үй-іші, балалар жақсы ма? Дәл қазір мен жақсы настроениеде отырмын. Мына Сәуле екеуміз сенің мақалаңды оқып шықтық. Риза болып отырмыз. Өте жақсы жазыпсың. Зәкидің образын жасапсың. Өте бір теплый мақала боп шығыпты. Сағыныш та, өкініш те сезіледі. Біздер жайында да дұрыс айтыпсың. Осыны айтайын деп телефон соғып жатырмын. Сау бол! – деп трубканы қоя салды.
Мақаламның ұнағанына және Зейнақаңның мақтағанына шынымды айтайын, қатты қуандым әрі бір түрлі ризашылық сезімге бөлендім. Құдай-ау, сөз құдіретін бір кісідей-ақ білетін, атақты Қабдоловтан мұндай сөз есту деген мәртебе ғой! Жалпы өзі, Зейнолла аға адамдар туралы үнемі жақсы сөз айтып жүретін, ал мынандай құптауды мен күтпеген болатынмын.
Зейнолла Қабдолов дегенде, менің есіме тағы бір жағдай түседі және мен оны жылылықпен еске аламын. 2003 жылы ұлт-азаттық көтерілісінің бас ақыны, осы поэзияның бастаушысы, атақты Махамбеттің 200 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталатын болды. Бұл дәрежеде өтуге біртуар азаматымыз Иманғали Тасмағамбетовтің өлшеусіз еңбек сіңіргенін айтпасқа болмайды. Міне, осы айтулы датаға үлес қосайын деп, мақала жаздым. Ол 19 тамыз күні «Егемен Қазақстан» газетінде «Махамбеттің мәңілік мұңы» деген атаумен жарық көрді. Дәл сол күні айналайын Зейнолла ағам телефон соғып мені құттықтады:
– Сейіт, Махамбет жөніндегі мақалаңды үлкен ықыласпен оқып шықтым. Өте жақсы шығыпты. Махамбет жайында көбіміз жаздық қой, марқұм Қажекеңнен бастап. Бірақ дәл сенің аспектіңде, сенің подходыңда ешкім жазған жоқ. Мынауың – жаңалық. Сәтті шыққан. Құттықтаймын. Мен комиссияның төрағасы Иманғалиға да айттым. Махамбетті таныта алыпсың! – деді. (Расында да кейін Иманғали Нұрғалиұлы оқып, риза болғанын газет бетінде хабарлады). Зейнақаңның сөзіне марқайып қалдым.
Осы мақаланы жоғары бағалаған Иманғали Нұрғалиұлы мені Зейнолла ағамен бірге Парижге баратын делегация құрамына енгізді. Сөйтіп, қазан айында Зейнақаң екеуміз ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде Махамбет Өтемісұлының ақындық шығармашылығы мен ерлік өмірі туралы қазақ тілінде баяндама жасадық. Сол сапарда Зейнолла ағамен бұрынғыдан да етене жақындасып, ағалы-інілі әріптес болып кеттік. Парижде болған күндері ол кісінің адами қасиеттері мен азаматтық болмысын, ұшан-теніз білімдарлығын тағы да тереңдей, кең түрде біліп қайттым. Қаншама қызық әңгіме, әдемі әзіл-қалжың, әдебиет, өнер, ғылым жайында небір тамаша сұхбаттар болды. Сәбит Оразбаев пен Эльмира Жаңабергенованың әндерін сүйсіне тындап, әр әннің мазмұнын ашып, эстетикалық талдау жасаушы еді. Ондағы болған әнгімелер мен пікір алмасулар жөнінде реті келгенде арнайы бір жазылар деп ойлаймын.
Зейнолла ағамен соңғы рет сөйлескенім дүниеден өтерінен бір айдай бұрын болды. Ол кісі үйде болатын. Мен отбасыммен Алтайдағы Рахман арасанына жүретін болып, Зейнақаңмен тілдесіп кетейінші деп ойлап, телефон шалдым. Телефонды Сәуле апай алды. Есен-саулық сұрасқан соң: «Апай, Зейнақаңмен сөйлесуге бола ма?» – деп сұрадым. «Болады»,– деп апай трубканы ағаға берді. Мен толқып кеттім, бірақ білдірмеуге тырысып сөйлестім:
– Зейнақа, мен Сейіт қой, жол жүріп барамын. Сізбен хабарласып тұрғаным ғой,– дедім.
– Ә, иә, иә есен-саусың ба?– деп ақырын сөйледі.
– Емделуге кетіп барамын. Сізге сәлем берейін деп едім, телефон арқылы болса да. Айтайын деген сөзім бар еді, – дедім. Ол кісі үндеген жоқ. Мен жалғастырып:
– Зейнақа, Мұхаммед пайғамбардан сахабалары сұрапты, дүниеде қандай адам жомарт жанды деп. Сонда пайғамбар айтқан екен: «Малы көп, дәулетті болып, байлығын онды-солды елге таратып берген жомарт емес. Нағыз жомарт кісі басқалар туралы жақсы сөз айтып, жылы лебіз білдіріп жүрген адам ғана. Оның жаны жомарт»,– депті. Сіздің қасыңызда әр жағдайда болдым, үйде де, түзде де, сапарда да. Сол шақтарда Сіз ешбір адам жайында жаман сөз айтқан емессіз. Керісінше, жаныңыздағы адамдарды ғана емес, басқа да азаматтар туралы үнемі жақсы сөз айтып, мақтап жүресіз. Міне, пайғамбарымыз айтқандай, нағыз Жомарт адам Сіз екенсіз! Алла жар болсын! Сауығып кетуіңізге тілектеспіз! – дедім.
– Рахмет, рахмет!– деді баяу үнмен Зейнақаң...
Көп ұзамай қазақ елі жаны жомарт Зейнолла ағамен мәнгіге қоштасты. Жаны жаннатта болғай!
Жалғасы осында