Мұстафаны жастар еліктеуге тұратын нағыз тұлға деп есептеймін!

Мұстафаны жастар еліктеуге тұратын нағыз тұлға деп есептеймін!

Актер, кинорежиссер, сценарист, кинодраматург, профессор, Қазақстан халық артисі Талғат Теменов

- Талғат Досымғалиұлы, Сізді Германияда тұратын таеквондоның халықаралық шебері Мұстафа Өзтүрікпен танысқан алағашқы қазақстандық дейді. Алдымен онда әңгімемізді Мұстафа Өзтүрікпен қалай танысқаныңыздан бастасақ?

- 1989 жылы Германияда халықаралық фестиваль өткен болатын. Мен жас киноматографтардың бірі болып сол фестивалға шақырылдым. Кетерде Бексейіт Түлкиевпен жолықтым. Ол бұрынырақта Германияда тұратын аты әлемге танымал таеквондошы Мұстафа деген қазақ жігіттің тұратынын айтып жүретін. Ол кезде шетелге шығу деген мүмкін емес еді ғой. Менің шетелге бара жатқанымды пайдаланып қалу керек болды. Барғанда мына телефонға звандайсың деп маған бір телефон нөмерін берді. Барған соң берген телефон нөмеріне звандадым. Өзімді таныстырдым, Қазақстаннан келгенімді, тоқтаған жерімізді айттым.

   Ертесіне фестивал біткен соң қонақ үйге келсем холлада мені күтіп екі адам отыр. Қасына жақындап келе жатқанымды көрген кезде біреуі орнынан тұрып маған қарай беттеді. Екеуміз құшақтастық. Мұстафа Өзтүрік деген жігіт осы екен. Бұрын танымасақ та жақын сөйлесіп кеттік. Не керек Мұстафа бізді Мюнхенге үйіне алып кетті. Оған елімізден сыйлық болсын деп қазақ өлеңі жазылған екі кассета алып бардым. Сұрастыра келе, Мұстафамен екеуіміз түйдей құрдас болып шықтық. Бір жылда, бір айда, бір күні туылыппыз. Мюнхеннен Кельнге Мұстафаның машинасымен қайттық. Машинасындағы магнитофонында алдында өзім апарған қазақ өлеңдері сайрап тұрды.

ТЕМЕНОВ Талғат 2. docx

- Мұстафа Өзтүрік бірнеше киноға түскен адам ғой. Сіз кинорежиссер ретінде оның фильмдерін қалай бағалар едіңіз?

- Оның біраз фильмдерге түскені белгілі. Фильмдерінің бәрінде қазақ батырына тән ержүректілікті, намысшылдықты сомдаған екен. Екеуміз осы тақырыпта біраз әңгімелестік. Қазақстанға келгесін бірігіп кино түсіруді ойластырып қойдық. Бірақ ол күнге жете алмай қалды ғой...

- Мұстафа ұстазды Қазақстанға шақырту үшін көп жұмыстанғаныңызды білемін. Одан кейін қатынастарыңыз қалай болды?

- Иә, Мұстафа Қазақстанға 1990 жылы ғана келді ғой. Келгесін Алматы қаласында мектеп ашты. Кейін Мұстафаның мектептері еліміздің басқа да өңірлерінде ашыла бастады. Мұстафа әрқашан ірі Халықаралық жарыстардың жеңімпазын шығарсам деп армандайтын. Біз бір-бірімізді өте сыйлап өткен адамдармыз!

- Талғат аға, бүгін Сіздің таеквондоға деген қатынасыңыз қандай?

- Мен әлі күнге дейін таэквондо спорты десе елең ете түсемін. Себебі, оны бізге Мұстафа досым ашып берді ғой. Мұстафаның арманын іске асырып жүрген ізбасарлары барына қуанамын. Таэквондо спорты әскери өнердің ішінде қимыл-әрекеті көп өнер ғой. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясысында ректор болып жүрген кезде болашақ жас әртістерді таэквондомен шұғылдануға шақыратынмын. Себебі, бұл спорт көрермендерге өте тартымды спорт деп есептеймін.

- Мұстафа аға қайтыс болғанда марқұмның сүйегін Түркияға шығарып тастағанда болдыңыз ғой?

- Иә, мен қаралы жиынның бәрінде де бастан аяқ бірге жүрдім. Мұстафа қайтыс болған кезде көзіне жас алмаған қазақ болмады. Бәрі де өзінің ең қимас адамынан айырылып қалғанын сезді. Біраз уақытқа дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Ақыры оған да көнеді екенсің. Түркияға бір барған сапарымда Мұстафаның анасының үйіне барып бата оқып шықтым. Балаларының басынан сипадым. Кейінгі жылдары оның төл шәкірті Қайрат Қырғызбаев Мұсекеңді еске алу үшін бірқатар шаралар жасап жүрді. Шаралардың бәріне де қатыстым. Мұстафа туралы естелігімді айтып жүрдім. Біздің қолымыздан басқа не келеді. Тыңдайтын жастар болса, Мұстафа туралы айтуға қашанда дайынмын. Себебі, Мұстафаны, жастар еліктеуге тұратын нағыз тұлға деп есептеймін!

-Сұхбат бергеніңізге рахмет аға, шығармашылық жұмысыңа табыс тілеймін!

 

 

 

                                                                 Сұхбаттасқан Қабибек Мұхитов