Бүгін қазақ классигі Сәтімжан Санбаевтың туған күні. Жазушы, аудармашы, актер Сәтімжан Қамзаұлы тірі болғанда 80-ге толар еді. Осыған орай, жазушымен көзінің тірісінде ағалі-інідей болып қатынасып кеткен досы әрі жерлесі Нұрберген Өтепұлы Балғымбаевтың естелігін беріп отырмыз. Қабыл алыңыздар!
Санбаев Сәтімжан дейтін ағаңмен соңғы жылдары ағайын-тума секілді араласып кеткен болатынмын. Бір-бірімізді қонаққа шақырып тұрдық, бірге той-домалаққа барғанбыз.
Сәкеңмен болған бір жағдайды айтып берейін. Өзінің кітабында да айтады ғой, машинамен келе жатырғанда жол апатына түсіп өкпесін жарақаттап алғанын. Сол жылдары жарты жылдай ма екен, әлде бір жылға жуық па, Қырымда емделген екен. Содан бері арада отыз-қырық жылдай уақыт өтті. Әйтеуір бір кезде, Сәкең сол жаққа тағы да барып келгісі келді. Елдің біраз азаматтары болып, Сәкеңнің сол ниетін қолдадық. Арамызда мұнайшыларымыз бар, Сәкеңнің алыс-жақын ағайындары бар, басқа да үлкен азаматтар бар, бәріміз қаржылай көмек жасадық. Сөйтіп, Светлана жеңгей екеуіне бір айға Қырымға путевка алып бердік. Бір айдан соң Света жеңгей ауылға қайтты. Сәкең Бақшасарай дейтін қалаға жақын жерден пәтер жалдап алып, өзі сонда қалады.
Қырымда жүргенде арасында маған телефон соғатыны бар еді. «Мұнда қырым татарларымен соғысып жүрмін»,-дейді. «Үйсін де біздікі, Қыз Жібекте біздікі, Арғын да біздікі, Шеркеші де бар, Ноғайы да біздікі, әйтеуір бәрі де біздікі дейді». Сәкең еті тірі, қызба адам болатын. Олардың айтқанына болмайды. Кешке жақын шәйханаға жиналып, көк түтіннің ішінде айқайласатын жағдайларымыз бар-дейді. Бірде: «Ал мен мында өзім сияқты алпыс-жетпістегі бес-алты шалдармен отырмын. Олар: «Әй Сәтімжан, сендер осы Қыз Жібек пен Төлегенді қалай бағалап отырсыңдар. Олар ертеректен келе жатырған біздің, қырым татарларының кейіпкері ғой. Шекспирдің Ромео Джульетасымен бірдей»-дейді. Сәкең қарап отырады ма, «Әй, неғылдеп отырсыңдар, Төлеген болса мынау «Жағалбайлы» деген рудан, ал Қыз Жібек болса «Шектінің» қызы. «Жағалбайлылар» Орал, Ақтөбе, Орынбор жерлерінде тұрады. Олар туралы кино да шықты. Спектакльдер да қойылып жатыр. Олар болса, біздің арамызда Жағалбайлы да бар, Әлім де бар, Дулатта бар деп қоймайтын болуы керек. Сәкең біраз айтысып қалады.
Сол жерде отырғандардың біреуі біздер «Жембойцымыз» дейді. Сәкең, менен «Жембойцы» дегендер қай руға жатады?»-деп сұрады. «Он екі ата бай ұлында рулардың ондай бөлімі бар ма еді? Үлкен рулардың бір тармағы шығар». Мен, «Сәке, соны да түсінбедіңіз бе, «Жембойцы»-деп отырғаны, бір кезде сол Жем бойынан тұрғандар»-дедім. Ал қасында отырған біреуі «Жембойлуковцы» деп отыр екен. «Жембойлуковцы» дегеніміз Жембойлықтармыз деген сөзден шыққан дедім. Екі-үш күнен кейін, тағы да соғып, мен оларды қатырдым деді. «Жем» деген «Мұғалжар» мен «Каспийдің» арасында ағатын шолақ бір кішкентай ғана өзен. Сіздер Қырымға қоныс аударып барған кездеріңізде, «Қайдан келдіңіздер?»-деп сұраған шығар, сонда Жембойынан келдік дегенсіздер ғой»-дедім.
Бір кездері мен жұмыс барысымен Алтайға (Горно-Алтайский автономный облыста) барып келгенмін. Келген соң Сәкеңе біраз әңгімелер айттым. Жайық дегеніміз Алтай тілінде «Потоп» деген мағананы білдіреді екен. Яғни тасқын су деген сөздің мағанасы. «Түрген» деген сөз «Жардем» деген сөздің мағанасын білдіретін көрнеді. Жылдам ағатын суды «Түрген» деп те атайды екен. Алтайда жедел жәрдем машинасына «Түрген» деп жазылады. Яғни біздің тілімізше айтқанда жәрдем деген сөз. Осының бәрін Сәкең өзінің сөздік қорына жинай беретін. Кейін үйіндегі жеңгейге, «көрдің бе әне, менің інім өмір бойы темір-терсектің қасында жүрген бұрғышы болса да екінің бірі білмейтін ақпаратты тауып жатыр»-деп мақтанатын көрнеді.
Бірде менен, «Қапшағай деген сөздің қайдан шыққанын білесің бе?»-деп сұрады. Алматының тұсында Қапшағай дейтін судың қоймасы бар ғой. Соны айтып отыр.
Қазақтың «Қыпша бел» дейтін сөзі бар емес пе? Қарап тұрсаң Қапшағайдың өзі екі жар тастың арасынан, енсіз жерден өтетін су ғой. Қыпша бел деген сөзге келеді. «Қыпша бел» немесе «Қапша бел» деген бір сөз сияқты. Оны да тәуекел деп қабылдадық.
Бірде маған, «Сен «Түрген» деген сөздің мағанасын таптың, енді «Кеген» деген сөздің мағанасын іздеп көрші. Ол да сол сөзден көп алыс кетпес»-деді. Дүниеден озғанша осылай, бірімізбен-біріміз пікір алмасып тұратынбыз. Арамыздан кеткеніне де бірталай уақыт өтті ғой. Кейде осы айтқандарының бәрін есіме алып отырамын. Менің есімде Сәкең өте білімдар, өмір бойы ізденіспен өткен кісі болып қалды.