КИЕЛІ ШАҢЫРАҚТА ТӘРБИЕЛЕНДІ
Қостанайда өздері еліміздің өзге өңірлерінде туып өссе де, облыс орталығында ұзақ жылдардан бері ғұмыр кешіп, өз салалары бойынша еліміздің өркендеуіне айтарлықтай үлестерін қосып жатқан бауырларымыз жеткілікті. Солардың арасында ерлі-зайыпты Өтеген және Гүлмаржан Исеновтер әрқашанда ішкі мәдениеттерімен, ұлтжандылығымен және патриоттық сезімдерінің жоғарылығымен ерекшеленеді.
Отағасы Өтеген ініміз Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде доцент болса, келініміз Гүлмаржан облыс орталығындағы ұлы ақынымыз Сырбай Мәуленовтың есімі берілген қазақ гимназиясында санаулы әрі біліктілігі жоғары ұстаздардың бірі.
ӘКЕ - АСҚАР ТАУ
Қазақ үшін еліміздің қай түкпірі де өз елі және Отаны. Сондықтан руға, жүзге бөлінудің еш қажеті жоқ. Өтеген де осындай пікірдегі ұлтжанды жігіт екен. Ол 1959 жылы Қостанаймен іргелес жатқан Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Бесқоспа деп аталатын ауылда дүниеге келді. Өзі көп балалы шаңырақта тәрбиеленді. Сондықтан да олар кішкентайынан бір-бірін жетелеп, бауырмал болып өсті. Әкесі Ихсан Исаұлы осыдан біраз жыл бұрын мәңгілік көз жұмды. Ол кешегі қанды майданды бастап кешкен соғыс ардагері-тін.
Алайда, ол ешқашан да оны малданып, биліктегілердің есігін қағып, сақалын сатқан жоқ. Тіршілікте тек өзінің маңдай теріне ғана сүйенді. Балалары Тағыберген, Жаңаберген, Данаберген, Әбдікәрім, Қайраттарды ес білгеннен еңбекке баулып, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиеледі.
Бұл үйде өскен балалардың бірқатары мұғалімдік жолды таңдады. Кейіпкеріміз Өтегенді айтпағанның өзінде, Сұлупан, Сұлушаш, Қанаттар да педагогикалық жоғары білім алды.
Олардың бәрі де қазіргі таңда ұлағатты ұстаздар. Үйлі — баранды. Ұл мен қыздары да өсіп-өніп, тамырларын тереңге жайды.
Ихсан аға Ақтөбе облысының Қобда аулының тумасы болатын. Соғыста екі рет ауыр жараланса да, қайтпас қайсарлығының арқасында жеңісті жақындатуға өзінің үлесін қосты. Соғыстан кейін де жолдар мен зауыттарды, өндіріс орындарын қалпына келтіруге қатысты.
Аналары Нәбира апамыз барға қанағат ететін парасатты қазақ қызытын. Оның ұрпақтарына айтқан: «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді»-деген пікірі де ұрпақтары үшін бойтұмарға айналған-ды.
Өтеген 1977 жылы Бестамақ орта мектебін тәмамдаған соң, алдымен шопан болып жұмыс істеді. Мал шаруашылығы мамандарының да бейнеті аз еместігін өз көзімен көріп, көңіліне тоқыды. Олардың жыл он екі ай желдің өтінде, жауын-шашынның астында, үскірік аязды боранда жүретіндігін сезінді. Сол себептен шопан қауымына әрдайым оң қабақпен қарайды.
Оның жастық шағындағы жігіттер секілді Мәскеу қаласындағы әскери округта азаматтық борышын өтеді. Екі жылда нағыз жігітке тән мектептен өтті. Әскерден келісімен өзінің жастық шақтағы арманы - Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне студент болып қабылданды.
Сөйтіп, осы жоғары оқу орнын 1986 жылы аяқтап, көптен күткен дипломға қолы жетті. Осы жерден «Тарих, қоғамтану және құқық мұғалімі» дәрежесін алып шықты.
Әрине, оның алдында енді алған мамандығын ел игілігіне жарату сынды үлкен мақсат тұрды. Сондықтан да болар, алты жыл қазіргі Атырау қаласындағы облыстық тұтынушылар одағының кооперативтік — техникалық училищесінің оқытушысы ретінде студенттерге дәріс берді.
Бұл ұжымда да ол өзін ізденімпаз маман ретінде көрсетті. Сол себептен де шығар, 1992 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы қызметіне шақырылды. Өзіндік пікірі бар және тарих ғылымына деген бейімділігі ерекше маман көрнекті ғалымдардың назарына ілінді.
ЗҰЛҚАРНАЙ АЛДАМЖАРДЫҢ ШӘКІРТІ
Қазақ елі мен халқы біртуар тарихшы, шебер ұйымдастырушы, танымал ғалым, академик Зұлқарнай Алдамжарды жақсы біледі. Ол кісі кезінде Қостанайдағы іргелі оқу орнының бірі-мемлекеттік педагогикалық институтта ректор болды. Содан кейін Ахмет Байтұрсынов атындағы университеттің негізін қалады. Оны қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Осынау абыз ағамыз кезінде өзі дәріс берген әрі ғылыми жетекшісі болған Зұқаңның арнайы шақыруымен осында келді.
Әу баста, Қостанай қаласындағы «Зұлқарнай Алдамжар атындағы ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталығының» аға ғылыми қызметкері болып жұмысқа қабылданған Өтеген 2001-2004 жылдары А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, 2004 жылдан бастап, 2018 жылға дейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтынде Қазақстан тарихы каферасының доценті қызметін аброймен атқарды. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Өтеген Ихсанұлына қауымдастырылған профессоры ғылыми атағы берілді. Бүгінде Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде (бұрын Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты) Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры қызметін атқаруда...
Қаламгерлігі өз алдына бір әңгіме. Оның терең зерттеп жазған мақалалары республикалық «Ана тілі», қос тілді «Біздің Қостанай», облыстық «Қостанай таңы» және басқа да басылымдарда жарық көріп тұрады. Оның өзіне биік талап қоюшылығы, студенттерге дәріс берудегі ешкімге ұқсамайтын дара қасиеттері, жаңашылдыққа ұмтылысы өзінің нәтижесін берді. Осыдан біраз жыл бұрын елімізде әріптестері арасында топ жарып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» құрметті атағына ие болды. Оның салтанатты тапсырылу рәсіміне Елордамыз Нұр-Сұлтанға шақырылып, сол уақыттағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің қолынан аталмыш атақтың куәлігі мен төсбелгісін алды.
СҮЙІКТІ ЖАРЫ ГҮЛМАРЖАН ДА ӨҢІР МАҚТАНЫШЫ
Зиялы қауым өкілдері ерлі-зайыпты Өтеген және Гүлмаржан Исеновтерді бақыт қонған шаңырақ деп босқа айтпайды. Олардың ерекше жарасамдылықпен қол ұстаса өмір сүріп келе жатқандықтарына да көп жылдардың жүзі болды. Бақытты жұп сонау студенттік шақтарында бір-бірін жолықтырып, өмірге деген көзқарастары ерекше жарасты. Гүлмаржан Өтегеннен бір курс төмен оқыды. Содан 1985 жылы тамыз айында бұлар өздерінің шешімдерін ата-аналарына білдіріп, олардың батасын алды. Міне, содан бері де қаншама уақыт өтті.
Гүлмаржан Берішбайызы Маңғыстау облысында туып өсті. Ол да отағасы секілді кішкентайынан тағылымды тәрбие алды. Оның ата-аналары да жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаздар. Ұстаздар отбасында Гүлмаржан да мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, мұғалім болуды алдына мақсат етіп қойған. Сөйтіп, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, ол өсе келе бұрынғы Гурьев шаһарындағы мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдады.
Отбасын құрған соң Өтеген мен Гүлмаржан ұстаз болып қана қойған жоқ, екі жақтағы туыстарына да ерекше бір құрметпен қарады. Отағасы Ақтау өңіріне сүйікті күйеу атанса, Гүлмаржан жастай анасынан алған тәрбиесін көрсетті. Әулетке бақыт пен қуаныш ала келді. Өтеген екеуі үш перзент сүйді.
Тұңғыштары Гауһар ата-анасы секілді жоғары білімді педагог. Қазір Атырау қаласындағы №15 мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Күйеуі Ақылбек екеуі жарасымды ғұмыр кешіп жатыр. Олардың Бекжан және Бихан есімді ұлдары бар. Бұл күндері Атырау шаһарының белді тұрғындары.
Исеновтер отбасындағы Данияр Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті заң факультетінің түлегі. Сүйікті жары Сәлима екеуі қатарластары арасында өте сыйлы. Қыздары Әдина шаңырақ қуанышы.
Ал Өтеген бауырымыздың үшінші перзенті Әлихан 8 сынып оқушысы. Ол өскенде әке-шешесі секілді туған еліне адал қызмет ететін білікті маман болуды армандайды.
Отағасын пір тұтқан Гүлмаржан бұл күндері Сырбай Мәуленов атындағы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Жоғары санатты ұстаз.
Өткен жыл кейіпкеріміз Өтеген Ихсанов үшін өте жемісті болды. Осы кезге дейін 300-ге жуық тарихи танымдық, әдістемелік, ғылыми мақалалар жазған ғалым әріптестері арасында өте беделді.
Оның шәкірттері 2 монографиялық зерттеу мен 5 оқу құралы және оқу-әдістемелік құралдардың авторын ерекше мақтан тұтады. Студенттер оның жан сарайыдағы байытар кітаптарын іздеп жүріп оқиды. Ол өткен кездерде төккен маңдай тері лайықты бағаланып, марапатқа ие болды. Осы жуырда ғана өзі қызмет атқаратын педагогикалық университеттің үлкен құрметіне бөленді. Оның кеудесіне аталмыш жоғары оқу орнының нағыз біліктілерге арналған төсбелгісі тағылды. Өтеген мен Гүлмаржан қолдары бос кездерін де тиімді пайдалануға тырысады. Ол ұлтымыздың ардақ тұтар перзенті Есет тархан Көкіұлының өмірін терең зерттеп жүр. Көбіне тарихи тың деректерді жан-жақты қамтуға тырысады. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты бірнеше мақалалары-баспасөз беттерінде жарық көрді.
Оның әңгімесінен түйгенім, өзі жас кезінде сурет салумен шұғылданыпты. Жалпы жаны сұлулыққа құштар азамат әрбір сағатты босқа жібермейді. Ғұмырлық серігі Гүлмаржан болса, спортты жаны сүйеді. Жүрген жерінде салауатты өмір салтын насихаттайды.
Өтіп бара жатырған өмір-ай десеңші...
Бүкіл өмірін білім мен ғылымға арнаған белгілі тұлға, қарымды қаламгер Өтеген Ихсанұлы жақында 60 жасқа толды. Бергеннен берері көп Өтеген Ихсанұлына мықты денсаулық, отбасында бақыт, ғылымның қия жолында тек қана биіктен көріне беруіне тілектеспіз.
Оразалы Жақсынов.
"Наш Костанай" 2019 ж. 10 желтоқсан.