Бисенбай Бисенғалиев
Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің иегері, туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының,
«Студенттік естеліктер» кітабының авторы.
«Бір жақсы таққа отырса, қырық жігіт атқа отырады» дегендей, мен де Ғиззат ағам таққа отырғанда атқа отырған көп жігіттің бірі едім. Мынау фәни өмірде ортамызда жарқылдап жүрсе, Ғиззекең 70 жасқа толар еді деген оймен ағамды құрметпен еске алып, бірге жүрген кездерден есімде бар естеліктер айтуды, сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Ғиззат Өтешұлы Балмұқанбетовтың өмірбаянынан:
1948 жылы 22 қарашада Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау елді мекенінде дүниеге келген. Қарабау, кейін Миялы селоларында оқып, орта мектепті 1966 жылы аяқтаған. 1966-1971 жылдары Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін бітірген. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясында еңбек жолын бастап, сол экспедицияның басшысына дейін көтерілген. 1988 жылы баламалы түрде өткен сайлау барысында осы экспедицияның басшысы болып сайланды. Ал кейіннен басқару жүйелерінің өзгеруіне байланысты қайтадан құрылған «Маңғыстаугеология» өндірістік бірлестігіне бас директор, «Жарқын» мемлекеттік холдинг компаниясы, «Маңғыстаугеология» ашық акционерлік қоғамына президент, ал 2000 жылғы қаңтардан бастап үйлестіруші-директор және директорлар кеңесінің төрағасы болды. Сонымен бірге «Маңғыстаугеология» АҚ-ның негізгі құнды акцияларының иесі, құрылтайшысы, «Ақсай Біріккен Кәсіпорының» да басқарма төрағасы болды. Ең соңғы демі біткенше адал еңбек еткен, халқына жақсылық жасауға ұмтылған АЗАМАТ болды.
«Арман, Қаратұрын» кенорындарының алғашқы ашушысы» құрметті дипломының иегері, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл» төс белгісі сияқты наградалары бар. Негізгі награда ол қарапайым халықтың Ғиззекеңе деген ақ тілеуі ғой, халықтың ондай ақ тілеуіне бөленген Ғиззекеңнен басқа жан жоқ шығар
Алғашқы кездесу
Мен ол кезде жас бұрғылау шебері едім. Біз Ащытайпақ-2 скважинасы басында бұрғылау қондырғысының басына цементировка жасайтын техникалар жиналды. Цем.техникаларды кімнің бастап келгенінен де хабарым жоқ, қондырғы басындағы жұмыстарды ұйымдастырып, барлық ойым мына бір қауырт та, маңызды шаруаны оңынан оралтып, абыроймен атқарып шығу болып жанталасып жүрмін. Цемент құю ма, әлде мұнай ваннасын қою ма, сол уақытқа жоспарланған жұмыс басталайын деп жатыр. Барлық цем.техникалардың жүргізушілері мен машинистерін бір оңашалау жерге жинап алып, оларды бастап келген басшысы ілездеме жасады, нақтылап тапсырмаларын берді. Сонда ғана көрдім, оларды бастап келген басшысы әдеміше келген жас жігіт екен. Менен сәл ересектеу, қондырғы басшысы Бозбаев Ғалымжанмен шамалас сияқты. Күн ерте көктемнің ызғырық, суық бір күні болатын. Қасымда жүрген біреуден: «Бұл кім?» деп сұрадым. «КОиКС-тің директоры Ғиззат Балмұқанбетов» деп асығыс жауап берді. Бұрғышыларға тиісті шаруаларды ыңғайлап, ендігі кезектегі шаруаның реті цем.техникаларға қалғасын мен алыстан бажайлап манағы жас директорға назар аударып қарадым. Ол «мен директормын» деп қарап тұрмай, өзі де бір агрегаттың үстіне шығып алып, қалған агрегаттардың үстіндегі машинистердің жұмыстарын жіті қадағалап, скважинаға айдап жатырған сұйықтықтардың қандай қысыммен айдалып жатқанын манометрден қарап, қасындағы бригадирге әлдене деп сөйлеп қойып тұр. Киген киімдері геолог-барлаушылардың киетін, ақ жағалы қысқа тонның сыртынан, жел өткізбейтін ұзын сары түсті плащ, аяғында геологиялық етік, басында сары түсті ондатр бөрік, қолына ақ түсті жұмысшылар киетін брезент қолғап. Алыстан қарағанда маған ол биязы мінезді, сырбаз адам сияқты болып көрінді. Бұл менің алыстан сәл ғана көз салғанда көргендерім, ұзақ қарап тұруға уақыт жоқ, қасына жақындап баруға да қысыламын. Қолға алған шаруамыз оңынан оралып ойдағыдай аяқталуға жақын, агрегатшылар басы артық асай-мүсейлерін жинастыруға кірісіп, сәл босаңси бастады. Жас директор бригадирімен өздеріне тиесілі шаруа жайын сөйлесіп менен сәл қашықтау жерде тұрған агрегаттың үстінде. Бір мезгілде көзім қондырғының астындағы, биікте орналасқан «стоякқа» баратын бір задвижканың флянцесінің ортасынан қатты қысыммен далаға шапшып шығып жатқан бұрғылау ерітіндісіне түсті. Бұл жақсы емес, ол жердегі прокладка, немесе кольцо (задвижканың манифольдпен жалғанатын жерін нығыздап тұратын элемент) «жуылып» кететіндей жағдай болса, онда біздің бағанадан бері жасаған жұмысымыздың түк пайдасы болмай қалады, еңбек еш кетеді. Қасымда тұрған бұрғышы көмекшісі жоғарыға шығатын баспа мен болттарды қатайтатын гайка бұрайтын кілт, куәл, кішкене труба ... сияқты осындайда қажетті болатын асай-мүсейлерді әкелуге, вахтаның жігіттеріне хабар беруге шауып кетті. Мен сол бойда қондырғының айқыш-ұйқыш тұрған темірлері арқылы ерітінді шашып жатқан задвижкаға қарай маймылша өрмелей жөнелдім. Жас жігітпін ғой, діттеген жеріме тез жеттім. Бірақ жеткенше де біраз қиындық болды. Ұстайтын, аяғым басатын темірлердің барлығына скважинадан шыққан мұнай аралас ерітінді шашылған, жылмаңдап, тайғанақтап ұстатпайды да, табан тіретпейді де. Әупірімдеп жетуін жеттім-ау, бірақ мен жеткенше задвижкадан атқылап жатқан ыссы ерітінді күшейіп кетті, бет қаратпайды. Қысымы да бірталай. Менің үсті-басым, бет-ауызым сұйық балшық ерітіндімен әбден былғанды, көздерім де дұрыс көрмей тұр. Жалма-жан тездетіп үстіме киген күртемді шешіп алып, атқылап жатқан задвижкаға жаптым, бетімді бір сипап жіберіп төменге қарасам шауып кеткен жігіт те баспаны орнатып, қажетті құралдарды алып маған қарай өрмелеп келе жатыр екен. Екеулеп тездетіп кілтті салып жіберіп, босап кеткен гайкаларды қатайта бастадық. Абырой болғанда, прокладка да, кольцо да «жуылып» үлгермепті, тек болттардың гайкалары сәл-пәл босаған екен де, қатты қысымға шыдамай ерітіндіні «жіберіп» бастаған екен. Уақытында үлгеріппіз. Бұл задвижканың тұрған жері биікте, әрі өте ыңғайсыз жерде еді. Аяқтарыңды тіреп күш ала алмайсың, куәлмен құлаштап ұруға да келмейтін тар жер, төбемізден ерітінді тамшылап желкемізге кіріп, үстімізді бүлдіруде. Әупірімдеп жүріп вахтаның қалған жігіттері жеткенше біз де жұмысымызды бірыңғайлы қылып едік. Бәрі де сәтті болды. Әрине, бұл қазір айтуға ғана оңай ... Бұрғылау бригадасының тарапынан болған осындай келеңсіздікке қарап, тым жақсы басталған жұмыстарын аяқтай алмай қаламыз ба деп қауіптенген тампонажшылар да сәлден соң жұмыстарын аяғына жеткізді. Баспамен төмен түсіп, қасымдағы жігіттен темекі алып тұтата бергенімде, қасыма жас директор келді. «Сен осы қондырғының бұрғылау шеберісің бе, аты-жөнің кім?»,-деді. Қолымды қайта-қайта шалбарыма сүрткілеп, тазалап барып оның маған ұсынған тап-таза қолын алып өзімді таныстырдым. «Мен Балмұқанбетовпын, атым Ғиззат»,-деді де, «Ауыл қайда, оқуды қашан, қайдан бітірдің?»,-деді. Сол кезде қасымызға жеткен Ғалекең мені таныстырды да, маған «Сушилкаға барып жуынып ал»,-деп команда берді. Ғалекеңнің командасын орындауға бұрыла бергенімде Ғиззекең: «Бисенбай, енді үстіңе киетін күртең бар ма?»,-деп қамқоршылық танытты. Мен: «Рахмет, мен ертең отгулға шығамын, ауылға ұшамын, үйде киім бар ғой»,- дедім.
Міне, осылайша мен Ғиззат ағаммен алғаш танысқанмын. Оның бұл кездесуіміз, танысуымыз есінде қалды ма, жоқ па, білмедім. Есімде қалғаны, осындай бір сәттік кездесудің өзінде де ол кісі маған қамқорлық көрсетіп, ауыстырып киетін күртемнің бар-жоғын сұрап тұрғаны. Ана сүтімен, әке қанымен, текті тәрбиемен бойына дарыған осынау тамаша қасиет Ғиззат ағамызды өмірінің соңына дейін, тіпті мына фәни өмірден өтіп кетсе де, елдің алғысына бөлеп келді, келеді, келе де береді деп ойлаймын. Ел үшін еңіреп туған ер еді ғой, шіркін Ғиззекең!!!
Кейбір кездері ойлаймын, сол задвижка ерітіндіні жіберіп қоймағанда біз екеуміз қандай жағдайда танысар едік? Кездесетініміз анық, бірақ қандай жағдайда екенін кім білген ...
Елдің қамын ойлайтын азамат
...Тағы бірде, учаскеде жүргенмін, бұрғылау қондырғысына шұғыл түрде автокран қажет болып біздің қондырғыдан 30-40 шақырымдай жерде бұрғылау қондырғысын құралдап жатқан мұнара құралдаушылардың бригадасына көмек сұрап бардым. Барсам, бригада прорабы «ескі точкаға»(қазылып болған скважинадағы қондырғының орнына) кетіп қалыпты. Құралдап жатырған мұнараның басы ала шаң, борпылдаған құм топырақ, бірнеше трактор, 2 трактор-кран(КП-25), 1 автокран, бірнеше жерде сварка жасалып ..., айнала ызы-қиқы шу, қызу жұмыс жүріп қайнап жатыр екен. «Бірталай қашықтықтан келіп тұрып шаруамды бітірмей қалай кетемін, енді кімге жолығамын, бұлардың да жұмыстары өте қауырт жүріп жатыр екен»,-деп тұрғанымда шаң топырақтың арасынан Ғиззекең шыға келді. Қуанып кеттім. Бірақ, онша керім таныстығым жоқ, шаруамды шеше ме, шешпей ме, білмеймін. Тек, «жүзі жылыдан түңілме» дегендей, жылы жүзбен келіп амандасқанынан үміттеніп тұрған жайым бар. Ғиззекең ол кезде ВМК(вышкомонтажаная контора)-ның директоры еді(ол мекеме ол кезде КВиСР деп аталған сияқты-контора вышкостроения и строительных работ). Амандық-саулықтан кейін менен бұрғылау жұмыстарының жағдайын сұрады, берген сұрақтарына қарағанда жағдайды, бұрғылау мәселесін жақсы білетін басшы екені сезіліп тұрды. Тек өзі басқаратын мұнара құралдау мекемесінің жағдайын ғана емес, бүкіл кешенді экспедицияның(КЭ «МНГР») тұрмыс-тіршілігін, өндіріс жағдайын қалт жібермей бақылап, зерделеп отыратын, кең ауқымды ойлайтын басшы екенін сездім. Ой түйдім. Жағдайымды айтып, сұрап келген бұйымтайымды да айттым. Ол күліп: «Біздер буровиктерге қызмет көрсетіп жұмыс жасайтын мекемеміз ғой, ең бастысы буровиктердің жер қазуы, метр проходка беруі, сонда ғана біздер алға басамыз. Сондықтан, Бисеке, өзіміз жанталасып жатсақ та, автокран барады, қазір ертіп кет. Бірақ, шаруаны тез бітір де, тездетіп қайтарып жібер»,-деді. Бұл Ғиззекеңнің мені алғаш рет «Бисеке» деп еркелеткені еді. Қалайша риза болмассың осындай азаматқа, ауқымды ойлап мәселенің түп қазығының қайда жатқанына мән беріп тұрғанына, көрпені өзіне қарай тартып, тек өз мекемесінің жоспарын ойламағанына. Үлкен басшы болатын, елдің қамын жейтін азаматтың сөзі ғой бұл.
Менің руым-Ысық....
Енді бірде, Ғиззекең бірінші басшы, өткен айдың қортындысын, алдағы айдың жоспарын талқылайтын мекеме басшыларымен болатын жиынды түскі демалыстан соң жалғастырып жатырған кезімізде кабинетке УПТОиК-тың қоймашысы Бөбек деген әйел баса-көктеп кіріп келді. Ешкімнен қымсынбастан басшы алдына жетіп барып: «Қайным, мына қағазға қол қойып берші, есепшілерге тездетіп өткізуім керек»,-демесі бар ма. Мынандай үлкен жиын, маңызды жиналыстың үстіне түгіл, жай күндері де бірінші басшының кабинетіне осылайша еркін, баса көктеп кіру, кірмек түгіл төрге озып, басшының дәл алдына жетіп бару, әрі осылайша өзімсініп сөйлеу дегенің өте өрескел тәртіпсіздік саналады ғой. Бірінші басшы түгіл, біз сияқты төменгі басшылардың кабинеттеріне де жұрт бұлайша еркін кіре алмайды. Хатшы қыздардың баққаны сол есік қой, Ғиззекеңнің кабинетіне тіпті біз сияқты басшылар да тап осылайша, сұраусыз, ескертусіз кіре алмаймыз. Бөбек осылайша столды жағалай отырған кілең басшыларға: «Қараңдар, мен қандаймын, сендер қорқатын бастықтарың менің қайным, мен бұл кабинетке еркін кіремін ..., менімен ойнамаңдар» дегенді үнсіз айтып, қыр көрсетіп тұрған сияқты. Бір мезгілде Ғиззекең түсін суытып, дауысын қатайтып: «Сіз не айтып тұрсыз, қайныңыз кім? Менің руым Ысық. Қағаздарыңызды жиналыстан соң қарармын, тастап кетіңіз»,-демесі бар ма.Тайраңдап тұрған Бөбектің көзі атыздай болып шарасынан шығып кете жаздады, өзі қара өңді әйелдің жайнаңдап тұрған түсі қарақошқылданып бұзылып кетті. Байғұс не болғанын білмей қалды, тілін жұтып қойғандай үні шықпай сорлады. Көрген сайын жылы күліп, жеңгелік әзіл-қалжыңдарын көтеретін әдемі қайнысының көптің алдында жасаған мына қылығына түсінбей дал. Қайдан кірдімге қалып, шығатын есіктің қай жақта екенін білмей сасқалақтады. Ғиззекең әбден абдырап не болғанын білмей тұрған Бөбектің ұсынған қолындағы құжатты алды да қарамастан қол қойып Бөбектің қолына қыстыра қойды. Ол тұра қашты. Кабинеттің айқара ашылатын екі бөлектен тұратын кең есігінің ашылмайтын жағын тартқылап, содан есін жинап екінші жағын итеріп ашып зытып тұрды. Мен күлкіден жарылуға шақ отырмын, қалғандары түкке түсінбей дал болуда. Бұл Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың премьер-министр болып жақын арада ғана тағайындалған кезі болатын. Бөбек руы таз, мұнара құралдау бригадасында дәнекерлеуші болып жұмыс жасайтын жігіттің әйелі еді. Ғиззекең сол конторда директор болғанында танысқан, араласқан болуы керек. Ғиззекең өзі таз руынан, нағашылары ысықтар. Тап осы жерде Бөбектің бізге «көрсеткен қырын», «концертін» сезіп қалған Ғиззекең жеңгесін кереметтей әзілімен састырды.
... Біраз жылдардан соң Н.Ө.Балғымбаевтың орнына премьер-министр болып Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетов тағайындалғанда кейбір қу тілді Ғиззекеңнің жолдас жігіттері: «Ойпырмай, ә, енді біздің бастықтың руы тағы өзгереріп, Жаппас болар ма екен?»,-деп күлдіретін.
Руға қатысты әңгіме қозғалғасын осы жерде тағы бір есімде бар дүниені қосып жіберейін. Ғиззекең де, мен де Ералиев поселкесінде тұрғанымызда аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры Көненов Рахым деген ағамызбен жиі араластық. Ағамыз ысық руынан, туып-өскен жері біздердің аталарымыз шыққан Қарабау, Тайсойған өңірі. Екеуміздің де арғы тегімізді жатқызып-өргізетін, жақсы білетін ағамыз. Бір демалыс күні ертемен Ғиззекең екеуміз радиостанцияның алдында әңгімелесіп тұрғанбыз. Көшеде жан баласы жоқ, айналада өлі тыныштық. Орталық көшемен Рахым ағамыз сыдыртып келді де, біздің қасымызға тоқтап екеумізбен амандық-саулық, аналарымыздың жағдайын сұрап: «Апаларымды жақсылап бағып жатырсыңдар ма, байқаңдар, құлақтарыңды бұраймын»,-деп әдеттегідей сұрап болғасын тездетіп жүре түсті де, бұрылып қарап: «Бір қолым босағанда сен екеуіңнің мәселелеріңді май шаммен қарамасам болмай тұр»,-деді де жүре берді. Мен түкке түсінбей тұрмын, ал Ғиззекең: «Ағамыздың қолы шықпаған екен, карттан ұтылып келе жатыр ғой. Үйіне ақша алуға шауып бара жатыр. Қызулау да екен»,-деді. Ол заманда үлкен де, кіші де демалыс сайын бір үйге жиналып алып таңды таңға ұрып «қол қарайтын» жаман үрдіс болған еді. Басшылар да, қосшылар да. Осы үрдістен мен аман қалдым да, Ғиззекеңнің де әуестігі жоғын әңгімелерінен сезетін едім. Рахым ағамыз Ералиев поселкесінде тұратын ысық руынан шыққан отбасыларының көшбасшысы, ру басы саналатын. Әртүрлі жиын тойларды, қаделі садақаларды ұйымдастырып басшылық жасап жүретін ақылшымыз. Ағамыздың екеумізге бұндай құқай көрсетуі тегіннен тегін емес еді. Екеуміз де нағашы аталарымыздың аттарына жазылған балалармыз, фамилияларымыз нағашы аталарымыздың атында. Ғиззекең Балмұқанбет қарттың атын фамилия қылып алса, мен Бисенғали атамның атында едім.
Қажылыққа бармадым
Жаңа ғасырдың басында, еліміз мұсылмандыққа шындап бет бұра бастаған тұста Ғиззекең бір кездескенімізде: «Бисаха, сен қажылыққа баруға қалайсың? Мен барлығын ұйымдастырайын, барып келгенің дұрыс болар еді»,-деді. Мен күлдім: «Оу, Ғиззеке, Сіз қалай ойлайсыз, менен қандай қажы шығуы мүмкін? Құранның бірер сүресінен басқа түк білмеймін ғой. Маған әлі ертерек сияқты, зейнетке шығар кезде, құранды қолыма алып, әлім жеткенінше танысып, арасында мешітке барып уағыз тыңдап, кабинеттегі жайлы, тыныш жұмысқа ауысып ораза тұтып, бес уақыт намазға жығылып, дайындық жасап барып Сізге айтармын. Сонда уәдеңізді ұмытпассыз, ұсынысыңызға рахмет»,-дедім. Ол күлді: «Сенің айтқаның да дұрыс шығар, ондай жерге жақсы дайындықсыз, жүрдім-бардым, туристер сияқты, тобырға, жұрттың бәрі барып жатыр ғой мен де қалмайын дегендей дүрмекке ілесіп баруға болмайды. Ниеттену керек. Бірақ іштей дайындала бер, уәдем-уәде»,-деді. Сәлден соң мына бір әңгімені айтты. Ақтаудың өзі танитын бірер жаңадан байыған жігіттері қажылыққа барып келіпті. Ол екеуінің біреуі мұсылмандық жолын дұрыс ұстап жүрсе, екіншісі ондай болмай шығыпты. Екінші жігіт Ғиззекеңмен бірге бір жерде әңгімелесіп тұрғанда, дұрыс мұсылмандық жолда жүрген бірінші жігіт бұларға кездесіп қалып, амандық-саулықтан соң екіншісіне бұрылып: «Сен бірер жұмадан бері жұма намазда көрінбей кеттің ғой. Бәрі дұрыс па, неге келмей жүрсің?»,-деп сұрапты. Екіншісі оған бір сылтау айтып құтылыпты да, ол кеткесін қасында тұрған Ғиззекеңе қарап: «Осыдан құтыла алмайтын болдым. Кездескен сайын «жұма намаз-жұма намаз» деп енемді ұрып болды»,-деп қарап тұр дейді. Ақшасын қайда шашарға білмей жүрген «жаңа қазақ», мұсылмандық парызды ысырып тастап, жұрт барып жатыр деп дүрмекке ілесіп, туристерше барып келген шіркін болды ғой. Ғиззекең маған: «Сен де ана жігіт сияқты турист болып барып келуді ойлама. Бисенғали атаңның молда болғанын, мұсылманша діни сауаты мол қарт болғанын білемін, естігенмін, сондықтан да айтып тұрмын»,-деп еді.
Ғиззекеңнің бір тамаша қасиеті көп нәрседен хабары бар, білмейтіні жоқ. Менің атамның молда болғанын анасынан естіген де болар деп жобаладым. Бәрін біліп тұр. Өте дұрыс та ұсыныс жасап тұр. Молданың баласы қажылыққа барсын, атасының өтей алмаған парызын өтеп келсін деп тұр емес пе!!! Не деген сұңғылалық десеңші ...
Бақсам бақа екен дегендей, кезінде коммунистік партия қатарына да қатарын көбейту үшін ала беретін болса, қасиетті қажылыққа да дүрмекке ілесіп бара беретін адамдар баршылық екен. Бәрі де мен ойлағандай емес екенін көріп жүрмін, бірақ ойың да, ниетің де таза болғанға не жетсін?! Қай қатарда болсаң да...
Ұсынысын қабыл алуым керек еді ғой, Ғиззекеңнің аузына Алла Тағаланың өзі салып тұрған да шығар-ау бұл ұсынысты. Кім білген ... «Құлайтын жерімді білсем сабан төсеп қояр едім ғой», немесе «Әкемнің өлетінін білгенде өзбекке сатпас па едім» дегендей сияқты ма, қалай өзі?!
Сазтөбедегі «стыковка»
...«Сазтөбе» алаңындағы кезекті ұңғыны қазу үшін бұрғылау қондырғысын тасып жатырмыз. Ауыр мұнараны тартып (сүйретіп) ұңғы қазылатын жерге дәлдеп қою да шеберлікті талап етеді. Бұны «точкаға» қою дейді. Ауытқуға болмайды, дәлдік, шеберлік керек. Мұнара ауыр (Уралмаш-3Д), Сазтөбенің жері өте нашар, баланың еңбегіндей былқылдап жатады, жазда да, қыста да. Жазда кеппейді, қыста қатпайды, сорлы, тұзды жер. Көктем, күзде әбден ми батпаққа айналады. Біздің мұнара тартып келе жатырған уақытымыз жаздың шырқырап тұрған шілдесі. Бұрғышылар бригадасы көшіп келуге дайындық жасап бастадық. Мұнара құралдаушылар мұнараны тартып келе жатыр. Сол жылы Сазтөбеде маса дегенің буып тұрды, далада жұмыс жасап жүргеніңде масалардың ортасын тұманды жарғандай болып жарып жүруге тура келетін. Өте ірі, қара масалар еді, қазақтар айтатын «түйедей» деп, жұмыс жасағаныңнан масалармен арпалысқаның көп-аузыңа, мұрныңа тобымен кіріп-шағып есіңді кетіреді. Алыстан тартып келе жатқан мұнараны тарту өте ауыр болды, қаншама тракторлар істен шығып, оңдалып, қайта қосылып жатты десейші. Сазтөбенің жеріне келе мұнараны көтеріп тұрған шынжыр табанды «тележкалар» сына бастады, тракторларға жалғанған жас баланың білегіндей жуан болат қанаттар үлкен, шамадан тыс күшке шыдамай, шарық жіптердей болып бырт-бырт үзіліп кете беретін. Бригаданы басқарып жүрген бұндай құқайдың талайын көрген тәжірибелі маман, мұнара құрастырушылар басқармасының басшысы Лазарь Ідірісов ағамыз. Шаршамайды, жұмысқа өте қатты берілген адам. Осындай қиыншылық болатынын біліп, әдейі өзі келіп жұмысты басқаруды қолына алған. Мұнара өлдім-талдым дегенде «точкаға» тұрды. Бір трактор Сазтөбеден 15-20 шақырымдай жерде жолай сынып қалыпты. Ал ол тракторсыз болмайды, әр трактордың өз орыны, атқаратын жұмысы бар, әрі тағы біреуі істен шықса орнын ауыстыратын ештеңе жоқ болып қалады. Тағы бір қауіп-елсіз далада қалған тракторды тонап кетуі, керек бөлшектерін түсіріп алушы да табылуы мүмкін ғой. Сондықтан Ләкең (Лазарь) түнге қарай, кешкі тамақ ішіп алғасын, бір тракторды қасына тағы адам қосып, далада қалған тракторды сүйретіп келіп, бұзылған жерін осы жерден оңдауға болады деп шешті. Түнімен тракторлар келмеді. Таң ата машина жіберіп, тракторшыларды алдырдық. Қызықтың көкесі енді болды. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылды» дегеннің кері келді. Көмекке кеткен трактор айдалада бұзылып тұрған тракторға бетпе-бет соғылыпты. Бұндайды біреу бізге айтса өмірі сенбес едік. «Бұнда бір шикілік бар шығар, бір қателігін, шалалығын жабу үшін ойлап тапқан дәлелі шығар. Ол кең дала ғой, қаланың ішіндегі тар асфальт жол емес қой» дер едік. Ауылда жүріп естісек солай ойларымыз, сенбесіміз анық. Артынан машинаға мініп барып қарап тексердік. Дәл тракторшылардың айтқанындай болған екен. Олардың айтуынша, мұнара сүйреткен ізбенен жүріп келе жатқанда түнгі қараңғылық басталады, тракторда бір ғана фар жасайтын болып шығады (негізінен бұл тракторлар тек күндіз ғана жұмыс жасайды, әрі көбі ескі, далалықта жүрген күтімі жоқ техникалар ғой, бір фары жанғанына да шүкіршілік). Әлдебір себеппен жалғыз фар да сөніп қалады. Енді не істеу керек, далада тұра беруге болмас деп ойлап, қолда бар заттардан факел жасап алады, факелді екінші тракторшы трактордың тұмсық жағында ұстап отырып, жолды жарық қылуға тырысады. Факелдің жарығы тек қана жүріп келе жатырған трактордың табанын ғана көрсетуге жараса керек. Осылайша соқыраңдап келе жатқанда алдарында тұрған тракторға қалай соғысқандарын білмей де қалады. Болары болды, бояуы сіңді. Арпалысып жүріп қондырғыны қондырдық. Айдың қорытындысын талқылайтын жиналыста бұл оқиғаны естіген басшымыз Ғиззат Өтешұлы Балмұқанбетов «Ойпырмай, естімеген елде көп деген, бұларыңды басқа жұрт естімесін, Маңғыстаудың кең сахарасында, түнде Ләкеңнің екі тракторы далаға сыймай соғысып қалыпты десе біздерге ел күлер, күлкіге қалармыз. Менің білуім бойынша, космосқа ұшырылған американдық және советтік кемелер ғылыми терең есептеулердің, әбден жеріне жеткізе жасалған жаттығулардан кейін, жердегі ғалымдардың басқаруымен, қатаң бақылауымен әрең дегенде бір-бірімен «стыковка» жасалатын еді, сендердікі олардан да асып кеткен сияқты ғой» деп бәрімізді күлдіріп еді. Енді біздерге күлуге де болады, бәрі де ойдағыдай, бәрі де өз орындарына келген болатын. Ал Сазтөбеде сол сәтте жылауға да қалғанбыз.
Қилы заман көріністері
Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезінде бір кездегі гүрлеп тұрған КЭ «МНГР» құлдырап төмен кетті. Біздің мекеменің базалық поселкесі болған Ералиев ауылының (поселоктің гүлденуіне Х.Ж.Өзбекғалиевтың еңбегі өлшеусіз) да күйі біздің мекемемен бірге, бүкіл еліміздің басына түскен ауыртпашылықтарға сай күрт төмен кетті. Жаппай жұмыссыздық орын алды. Халық босып кетті. Біздің мекеменің құрамындағы оншақты ірі басқармалардың көпшілігінің тек қаңқайып орындары қалды, аттары да жойылды. Ауылымыздың атын сол жердің тарихи атауына сай өзгертіп Құрық деп атадық. Ендігі жерде Ералиев ауданының орнына Қарақия ауданы, ауданның орталығы, біздің базалық поселкеміз Ералиев поселкесінің орнына Құрық селосы пайда болды. Бір кездегі халқы көп ауылдың мәзі кетті, халқының саны күрт азайды, үйлер қаңырап бос қалды. Есік, терезелері жоқ үңірейіп тұрған үйлер көбейді (сол кездегі Шешенстандағы соғыста қираған қалаларды көр де, біздің Құрықты көр, еш айырмасы жоқ). Аудан әкімдері де жиі ауысты, бір ай, бір жеті жұмыс жасамай қашып кеткендер де болды. Аулымыздың мүшкіл хәлін Алматыдан республикалық «Хабар» арнасы да бірнеше рет хабарлап жатты. Ауданның қазынасына түсетін салықтың үлкен бөлігін біздің мекеме құйып тұрған болса, енді одан күй кеткесін не жорық. Поселкенің ішіндегі көптеген ауылдар жоқ болып кетті (Гидропартия ауылы, Приморская ауылы, Қазақ ауылдар ...), олардың жұртын тазалап, тегістеуді біздер мойнымызға алдық, өзіміздің күйіміз өте нашар, адам аярлықтай болса да. Тас-талқан болып жатырған ауылдардың иесіз жұртына жайбарақат қарау мүмкін емес еді. Жоғарыда жазған, бір кездегі гүлдеп тұрған поселкеміздегі біздің мекемеге қарасты көптеген нысандар(профилактория, уч.комбинат, жұмысшылар аэропорты, автокөлік мекемесінің-АТК-1, АТК-2-, СМУ, ВМК ...)жұмыстарын тоқтатты, артынан орындары тазаланып, бұрын ештеңе болмағандай жоқ болып кетті. Халық қатты күйзелді, ішерге ас жоқ, балаларының мектепке киетін киімдері жоқ жанұялар шыға бастады. Маңғыстаудың үлкен қалаларының ірі мекемелері Құрық халқына(облыстық телеарна күн сайын жар салып Құрыққа көмек беруді ұйымдастырып жатты) жылу жинап, мүжәлсіз жанұяларға таратып та жатты. Жұмыссыз қалған, басқа жақтарға көшіп кетуге шамалары жоқ барлаушы бұрғышы жанұяларының келетін жері Құрықтағы НГРЭ(Мұнайгазбарлау экспедициясы) мекемесі болды. Өзіміздің жағдайымыз да мәз болмаса да келген адамдармен жылы сөйлесіп жағдайды барымызша түсіндіруге тырыстық. Кейбір, біздің құр уәделерімізден әбден жалыққандар, шарасыздықтан ашынғандар тілдерін тигізіп те кетіп жатты. Бірақ, бәрі бірдей олардай емес. Олардың жағдайын біз жақсы түсіндік, бірақ қолдан келер еш қайран жоқ, өзіміз де айлап жалақы алмай, үйдегі жанұяларымыз да аш отыр еді. Еңбекақысыз демалыста болсақ та жұмысқа шығып болашақта жұмыс жасауға қажеті болатын қондырғы жабдықтарын оңдап, жөндеп, пайдаға жарайтындай қылып қолымыздан келгенінше дайындап жаттық. Көптеген жұмысшы жігіттер біздерге қосылып еңбекақы алмастан (болашақта жұмыс бола қалса бригада құрамына ілігу үшін) келіп көмектесіп жүрді. Сәл қозғалыс бола бастағанда осы жігіттер жұмысқа алынды да. Патриоттар ғой. Сол кездегі жұмысшылардың жағдайын, жай-күйін, жанұяларының тығырыққа тірелгендерін көргенде жанымды қоярға жер таппайтын едім. Олармен сөйлесу өте қиын болатын. Үнемі өтірік айтып отырғандай, оларды алдап отырған адамдай күй кешетінмін. Бірте-бірте жағдай түзеле бастады, жігіттердің бетіне қан жүгіре бастады, тұрмыстары да түзелді. Сөйтіп ұлы көшке ілігіп те кеттік қой. Бәрі де Ғиззат Өтешұлының тынымсыз жұмыстануының арқасы еді. Өзімнің сол қиын-қыстау кезеңде сол азаматқа сәл де болса қол ұшымды беріп, ауыр жүгін жеңілдетуге қолқабыс жасағаныма, жанында болғаныма дән ризамын. Екінші жағынан, сол ауыр сәтте Құрықтағы халықпен бірге болып, олардың барлық жағдайын өз көзіммен көріп, қолымнан келгенінше оларға демеу болуға тырысқаныма да риза боламын. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» демей ме, сол кездегі бірге жұмыс жасаған жігіттердің, олардың жанұяларының барлығымен де жақсы қарым-қатынастамын. Сол жылдары бір байқағаным, әлі де көз алдымда, «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен, бірнеше жыл бойы жаңбыр жаумады, жер өте қуаң болды. Көктем кезінде бусанып көктеудің орнына жердің бұрқырап шаңы борап жататын. Ақтау мен Құрықтың арасындағы малы сыймай жататын жерлерден жайылып жүрген мал көрудің өзі арман болды. Өте сирек бірер жылқыны көріп қалсаң қабырғалары ырсиып, қарындары қабысып құлап қалмай әрең сүйретіліп келе жатырғанын көріп, тулақ болған түрінен шошитын едім. Бірнеше жыл осылай халықты да, мал-жанды да қысып-қысып алғаннан кейін табиғат та түзеле бастады. Қар да жауды, жаңбыр да болды, жер де көктеді, біртіндеп малдар да пайда бола бастады, шыр жинала бастады, малға да, жанға да. Осылайша біздер кеңестік социализм заманынан капиталистік нарыққа қарай өткенбіз. Ұмытылмайтындай сабақ алып өткен едік-ау.
Баға жетпес жақсылық
Ғиззекең екеуіміздің де аналарымыз Қарабау ауылының қыздары. Оның анасы-Қорлығайың, менің анам-Балжан. Екеуі де бірін бірі жақсы таниды. Ғиззекең анамды қатты сыйлайтын, үнемі жағдайын сұрап жүретін. Басқаларға: «Бисахаңның анасы соғыс кезінде мұнай өндірісінде жұмыс жасаған ардақты мұнайшы» деп айтып отырушы еді. Анамның мұнайшы екенін, соғыс жылдарында жұмыс жасағанын мен айтпаған сияқтымын, сірә анасынан естіген болар деп жобалаймын. Ғиззекең марқұм менен бар болғаны үш жасқа үлкен еді, ал ойлау қабілеті, мәселелерді шешу ауқымы менен әлдеқайда жоғары екенін сезетін едім, кем дегенде менен он жас үлкен адамдардай ойлайтын. Таң қалатынмын.
... Бір жылдары бір мәселе жайында Ғиззекең екеуміз келіспей қалдық, салқын қабақ танытып, көп араласпай жүрдік. Келіспей жүрген мәселеміз, мен басшылық қызметті жасамаймын, орныма басқа біреуді тағайындаңыз, жасағым келмейді десем, ол жасайсың, қашпайсың деп қасарысады. Ақыры орнымды босатып тындым (себептерін айтпаймын). Менің сол тұстағы істеген істерімнің де дұрыс жақтары болды, айтқанына көне қоймай, өзімнің дегенімнен айнымай, қырсығып қалатын әдетім болатын. Сонымен бірер жыл өтті. Мен де өз дегенімнен қайта қоймадым. Сөйтіп жүргенімізде Ералиев поселкесінің де, біздің мекеменің де күйі кетті. Халықтың барлығы Ақтау қаласына көшіп жатты, көпшілігіне Ғиззекең қаладан пәтер алып беруге көмектесіп жүрді. Апта сайын бейсенбі күндері қаладан Ералиевке келіп жұмыстан соң жұмысшылардың әлеуметтік жағдайлары жөніндегі сұрақтары бойынша қабылдау жүргізеді. Көпшілік адамдар қаладан пәтер алу үшін де, басқадай да әртүрлі тұрмыстық мәселелерімен алдына барады. Солардың барлығына жуығы пәтер алып қалаға көшіп жатты. Мекеменің қаржылық жағдайы өте нашар болса да, Ғиззекең халыққа ретін тауып көмектесті, халықтың ендігі жағдайы қалада болғанда ғана келетінін сезді. Қалада жұмысқа тұру да, басқалай кәсіп жасауға да ыңғайлылырақ екенін білді. Мен қаладан пәтер сұрап алдына бармадым. Менің айналамдағы жұрттың барлығы, менің отбасылық араласатын достарымның барлығы да қалаға көшіп кетті. Біз жалғыз үй көшкен жұрттың орнында қалғандай болдық, араласатын адамдарым қалмады. Ұлым Азамат қалада біреудің үйінде жатып институтта оқуда, оның да күйі күй емес. Заман бұзылды, оған да қарайтын көз керек, оның да теріс жолға түсіп бұзылып кетуі аяқ астынан болуы әбден мүмкін. Ералиевтегі мектептердегі мұғалімдер де жұмыстарын тастап бас сауғалап, күн көрістің қамымен кетті. Мектепте сапалы сабақ беретін мұғалім қалмады. Азаматтан кейінгі балаларымды да ойлап жаным шығып бара жатыр, әрі араласып отырған жолдастарым да қалмады айналамда. Қаладан өз күшіммен пәтер алуға шамам жоқ. Сонымен, қашанға дейін шыдайын, жалған намысты жиып қойып Ғиззекеңнің қабылдауына бардым. Бейсенбі күні кеш түсе(көктемнің кезі), қабылдауындағы адамдары саябырлаған уақытында (біздің үй Ғиззекең қабылдау жасайтын мекемеге жақын болатын), аңдып тұрып, Ғиззекең далаға шығып машинасына қарай жүре бергенде мен де қарсы жүрдім. Ол мені көре тұра байқамағандай болып, машинасына отыра берді. Ойлап келе жатырмын: «Ашуы әлі тарқамаған екен, қанша жыл өтті арада, шынымен кетіп қалар ма екен»,- деп. Менің бағыма, әлде құдайым көмектесті ме, машинасы от алмай қалды да, жүргізушісі машинаның капотын ашып бірдеңелерін қарастыра бастады (өзімнің ішкі ойым айтады: Ғиззекең менің өзіне жолығуға келе жатқанымды байқап қосшы баласына, сен машинаңның о жер, бұ жерін қарай тұр, мен Бисенғалиевпен сөйлесіп алайын деген шығар-ау. Әйтпесе Ғиззекең сияқты үлкен басшының көлігі қай уақытта да сақадай сай тұрады емес пе, әрі жүргізушілері де тәжірибелі жігіттер ғой). Бұл да болса Ғиззекеңнің тентек інісіне көрсеткен бір қулығы. Мен келіп амандастым, сәлемімді салқындау алды. Неге келгенімді сұрады, іші бәрін сезіп тұр ғой, әдейі сұрап тұр. Жағдайымды айттым, көшкен елдің жұртында жалғыз қалғанымды, балаларымның оқуларының жағдайын да, мүмкіндік болса қаладан пәтер алуға көмек беруін сұрадым. Ол маған: «Машинаға отыр, жағдайыңды жолда жүре сөйлесейік»,-деді. Мен: «Ау, сіз қалаға кетесіз, мен қайда қаламын, жолда түсіріп кетсеңіз үйіме қалай жетемін. «Аттыға еріп, жаяудың таңы айырылыпты» дегендей болды ғой»,- дедім де, күліп, шаруамның шешілмейтінін сезіп, қоштасып, үйіме қарай жүре бердім. Манағы сөздерді де мені сынау үшін әдейі айтып тұр еді, маған «тиісіп, сүйкеніп» жүретін бұрыңғы әдетіне салып тұр ғой. «Болады, болмайды» деп ештеңе демеді. Машинасы от алған бойда жүріп кетті қалаға. Мен басым салбырап, үйіме келдім. Темекіні бірінен кейін бірін тартып, үйге кірместен ауламда біраз уақыт жүріп алдым. «Оның алдына барғаным дұрыс болды ма, әлде, қисық болды ма?» деген сұрақтар еді миымда тұрған. «Бәрібір үй бермесе неге оның алдына бара қойдым екен?». Содан, бір күндері бір жігіттер, Ғиззекеңмен жақсы араласатын достары, маған жақсылық хабар жеткізді. Жігіттердің біреуі Ғиззекеңе әлдебір шаруасымен барып көмек сұраған екен, сонда Ғиззекең оларға: «Ешқандай басқа шаруаға жағдайым жоқ, жақында Бисахаң келіп машинамның есігін аяғымен тіреп тұрып, жүріп кетуіме кедергі келтіріп, өзіне қашан қаладан пәтер алып беретінімді сұрады, айтқанына көнбесем ұратындай болып тұр екен, амалсыздан уәде беріп құтылдым» деп оларды күлдіріпті. Мен іштей қуанып қалдым. Бір күні бір адамнан менің құжаттарымды сұратып алдырды қаладағы кеңсесіне. Тағы бір күні Ермек екеуімізді қалаға шақыртып алып, әлеуметтік бөлімнің бір инженер әйелімен біздерді қаладағы пәтерімізді көруге жұмсады. Қаладағы облыстық дәрежедегі бір дәу басшының босаған үйі екен, төрт бөлме, үшінші қабат. Керемет пәтер, жағдайы өте тамаша, жаңадан жөнделген. Каспий теңізінің дәл іргесінде, ұдайы теңіздің шипалы ауасын жұтып, теңіздің жағасында отыру дегенің де ғажап қой, шіркін. Бұндай жақсы пәтер алып береді деп үш ұйықтасақ та түсімізге кірер ме? Теңіздің жағасында, бөлек ауласы бар, тыныш жер, машинаның жолынан алшақтау. Қаладағы ең жақсы шағын аудан екен, артынан білдік. Сенер сенбесімізді білмедік. Жатын бөлме мен балконның терезелерінен қарағанда көк теңіз көкжиекке дейін созылып жатады, кемелер жүреді ... рахат. Бір қызығы, пәтердің барлық құжаттары менің атағыма түгелдей жасақталып қойылыпты, біздерге тек көшіп келіп орналасуымыз ғана қалыпты. Барлығын мекеменің әлеуметтік бөлімнің әйелдеріне жасатып қойғызыпты. Мен қаладан пәтер іздеп сарсылған жоқпын, оны өзімнің атағыма аударып мехнат көрген жоқпын, тек көшіп келіп орналастым. Қаладан пәтер іздеген, қаражатына сай келетін пәтер таба алмай аяқтарынан сарсылып жүрген жолдастарымды, олардың қандай қиындықтармен өз аттарына аударған «хикаяларын» талай рет естігенмін. Міне, сондай азаптардан мені тағы да (Азаматжанымның оқуын шешіп бергені тағы бар) құтқарды Ғиззекең. Міне, нағыз азамат, міне, менің нағыз туған ағам. Туғаным жасамайтын жақсылықтарды жасап тұр ғой. Ал мен болсам еркелеп сондай азаматты ренжітіп жүрмін. Маған не деуге болады?! Мен немді бұлдап жүрмін, мен сияқты кім жұмыс жасамайды?! Елден асып бара жатырған ештемем де жоқ. Мені сынап қарайын, қаншаға дейін шыдар екен, қателігін мойындар ма екен, алдыма келер ме екен деп елдің соңында, көшкен елдің жұртында әдейі соңына қалдырып жүрген болды ғой. Өткен келіспеушілік жөнінде екеуміз де жақ ашқан жоқпыз. Өзінің дұрыстығын ол да айтпады, мен де өзімше ойлағандағы дұрыстығымды айтып ақталмадым. Ол түсінді, менің де дұрыс болған жерлерім бар екенін. Бірақ, ондай әңгіме кімге керек, табысқасын, татуласқасын болды емес пе?! Екеуміздің дұрыс жолға түскенімізге ол да, мен де қуандық.
Ғиззекеңнің тарапынан менің жанұяма жасалған мынандай баға жетпес жақсылыққа алып келді. Қалай қуанбассың?! Қатты қуанғаным балаларымның жағдайы болатын, енді олар қалада оқуға, жақсы білім алып қатарларынан қалып қоймауына жақсы мүмкіншілік алды. Ғиззекеңнің осы жасаған жақсылығын балаларым ақтады, жақсы оқыды, жақсы білім алды. Олардың қазіргі кездегі жақсы, білімді азамат, маман болып жүргендеріне Ғиззекеңнің үлкен көмегі тигенін Ермек екеуміз жақсы білеміз. Осыдан кейін мен қатты ойландым, сабама түстім. «Менікі не кергу, менікі тоқтықтан секіру ғой, қой, ендігі жерде Ғиззекеңнің жанында болайын, қолымнан келгенінше оған көмектесейін. Ол мені бағалап, менің көптеген еркеліктерімді кешіріп жүр ғой. Бұндай азаматты қалайша сыйламауға болады?»,-деп шештім. Содан қандайма қиыншылықтар болса да көніп, басқа жерлерге жұмысқа шақырғандарға алғысымды айтып бас тартып (өз басыма жайлы, пайдалы болатын лауазымдар, шақыртулар сол кездерде көп болып еді), Ғиззекеңнің жанында ақырғы күніне дейін қала бердім. Жылы жер, пайдалы орын іздеп, бас сауғалап кетпедім. Қиындықтар көп болды ғой, айлық алмай, жанұямызды қалай асырауды білмей дал болған күндеріміз жеткілікті болды. Бірақ, біздер Ғиззекеңнің бұл тығырықтан да алып шығатынына кәміл сендік. Мойымадық, себебі, басшымызға деген сеніміміз мықты болатын. Ғиззекең сенімімізді ақтады. Бір қызығы, Ғиззекең алып берген осы пәтерде біз 21 жыл тапжылмастан отырдық. Ғиззекеңнің көзіндей көріп едік. Осы 21 жылда пәтерді жақсы бағасына(тұрған жеріне қызығып сұраған бағамызды қиналмастан беретіндер көп болған) сатып жіберуге де, айырбастап жіберуге де өте тамаша мүмкіндіктер болғанын жасырмаймын. Бірақ біз, Ермек екеуміз, пайда қумадық, сатпадық та, айырбастамадық та. Бізге, біртүрлі ағамызға сатқындық жасағандай болып көрінді де тұрды. Әрі осы пәтердің төрінде қаншама қимас ағаларымыз (Ғиззекең де бар ғой) дастарханымыздан дәм татты, жақсы әңгімелерін айтты ... Содан, былтыр ғана сол пәтерді арзандау бағасына сатып, жаңа жерден, балалардың ыңғайына келген пәтерге көшіп тындық. Қимай-қимай қоштастық.
Мен қазақпын, руым Таз
2001 жылдың қазан айының басында Ғиззекең Сәкең (Сағымбай Қызылұлы) екеумізді Алматыда өтетін мұнай саласының жетістіктері көрмесіне қатысуға шақырды. Көрмеге бірнеше күн қатыстық, араладық. Ашылу салтанатына келген сол кездегі премьер-министр Нұрлан Балғымбаев біздерді көріп әдейі бұрылып келіп, үшеуімізбен де амандасты. Қалған халық біздерге қарап ауыздарын ашып қалды. Ғиззекеңнің руы Таз ғой. Көрмені аралап жүргенімізде «Тенізшевройл» мекемесінің павильонында тұрған қазақша таза сөйлейтін америкалық азамат Теңіз кенішінде күкірттің ашық күйінде сақталуынан суға да, ауаға да еш зиян тимейтінін қазақ тілінде әңгімелеп тұрды. Біз де қасына келіп әңгімесін тыңдадық, бір мезгілде мен американдықтан: «Қазақша жақсы сөйлейді екенсің, қайдан үйреніп жүрсің?» деп сұрадым. Ол: «Мен қазақпын, руым Таз» демесі бар ма. Қазақ емес екені айдан анық, тек бізді күлдіру үшін әдейі айтып тұрғаны ғой. Әңгімені естіп тұрған Ғиззекең мәз болды, балаша рахаттанып күлді. Ғиззекең айтады: «Бұл Равиль Шырдабаевтың(сол кездегі «Теңізшевройлдың» президенті) үйретіп қойғаны ғой» деп. Р.Шырдабаев та Таз руынан ғой. Қызық болды.
Енді бірде, Германиядан бауырын ауыстырып келгесін Ақтауға келді. Сол жолы Ғиззекеңе үйімнің төріне отырғызып шай берудің реті келді. Бірталай жұмыстас жігіттер бірге болды. Ұзақ әңгіме дүкен құрған жақсы отырыс болды. Сол дастарханның үстінде Ғиззекең Ермектің өзіне шығарған өлеңінің өзіне дем бергенін, қиналған шағында қуат бергенін тебіреніп отырып, алғыс сезімін білдіре отырып айтып еді.
Міне, осылайша бұл өмірден осындай бекзат, жаны таза, асыл АЗАМАТ өтіп кетті. Жаны жаннатта болсын дейміз.
Артынан, Ғиззекеңнің Ақтаудағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. 22 қарашада Құрық ауылында абзал азамттың атына берілген көше салтанатты түрде ашылды. Мүмкіндік болса, Ғиззекеңнің туған күндерінде (22.11.1948), өмірден озған күндерінде(18.04.2002) Ермек екеуіміз Ақтаудағы Ғиззекең тұрған үйдің жарына орнатылған тақтаның астына гүл шоқтарын қойып тұратынымыз бар.