Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында
Нұрлан ОРАЗАЛИН
Қолыма қалам ұстап, ақ қағаз алдында ұзақ үнсіз отырдым.
Көз алдыма өткен ғасырдың оттай ыстық суреттері келді... Маңдайы кереқарыс, көзінен нұр тараған ұстаздың – қара орман қазақ жұртына Зекең, Зейнеғаң атанып, сана төрінде ізгілік пен ізеттің, кішілік пен кісіліктің, тереңдік пен кеңдіктің, сұлулық пен сырбаздықтың, кемелдік пен кемеңгерліктің қайталанбас үлгісін қалыптастырған осы бір жаны жайсаң, жаратылысы бөлек жанның кескіні келді...
Құлағыма ағаның майда қоңыр дауысы жетті.
Кез-келген мінбенің биігіне көтеріліп, кез-келген ұрпақтың ойын тербеп, санасын ұйытар әлгі қоңыр дауыс жүрегімнің әлдебір нәзік қылын қозғағандай күйге түстім. Жылдар құшағынан жадымды қайыра жаңғыртып, боз арман қуған бозбала шағыма жетелеген қоңыр дауыс неткен сұлу еді, неткен көркем еді?! Бірде «қараңғы түнді қалғытқан» ұлы Абайдың сиқырлы, сырлы жұмбақ әлемімен тілдескендей, енді бірде төркінінде ереуілді күндердің еркін сезімі аңыраған Махамбет-жырдың сарыны делебемді қоздыра жөнелгендей бір тылсым ахуал құшағындамын...
Баяғыда, алпысыншы жылдардың басында, Сағат марқұм жиі айтатын «Алматыға арман қуып келген» бір топ қыз-жігіт осы күнгі өнер академиясы орналасқан қаланың қақ ортасындағы ескі Үкімет Үйінің (КазГУ ғимаратының) екінші қабатындағы үлкен залда алғаш рет ұстаздың әлгі қоңыр үніне арбала еліткен сәт, сағаттар есіме түсті.
Пән аты – әдебиет теориясына кіріспе.
Лектор – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Қабдолов.
Аудитория мінберіне асықпай көтерілген аққұба жүзді, қою қара шашты сұлу кісі өзіне үнсіз қадалған жүз елу жанарға жылу шаша қарады да:
– Иә, шырақтарым! Әуелі танысып алайық. Менің аты-жөнім... – дей бергені сол екен, студенттердің бірі:
– Ағай, Сіз Зейнолла Қабдоловсыз ғой... – деді.
– Рахмет, айналайын, менің бір жүгімді жеңілдетіп тастадың-ау... – деді ағайымыз ақсия күліп.
Сөзі де, күлкісі де жарасып тұр.
Иә, Зекеңмен таныстығымыз осылай басталып еді...
Ұстаз бен шәкірт арасына көзге көрінбейтін жұмақ үнді жұмбақ байланыс орнатқан ағайдың әр жаңа лекциясын асыға күткен сол бір әдебиеттен өзге ештеңені білмейтін, ештеңемен ісі жоқ ессіз күндерге ойша оралып отырмын. Бүгінде ескі үйлері мен ескі алаңдарының көбі көңіл төрінде қалғаны болмаса, уақыт шіркін орнын сипатып қойған, өткен ғасырдың өрісінде қалған ескі Алматыны қалай сағынсам, студенттік дәуірімді де, көбі бақиға ерте аттанып кеткен достарымды да, қоңыр дауысы алпыс екі тамырымды кезіп, тұла бойымды баураған Зекеңді де солай сағынып отырмын.
Зекең лекция оқығандағы жетпіс бес студенттің алған демі мен сөз дейтін киелі дүниенің арбауына түскен жетпіс бес жүректің тең соққан лүпілі әлі күнге қаз-қалпы құлағымда тұрғандай. Өмірде де, өнерде де өзгеше сөйлеп, ойын да өзгеше өруге бейімделген жанның сезімге қанат бітіріп, жаныңды жадыратар, талғамыңды тамырлатып, танымыңды байытар сәттері қандай мол еді?!
Жаратылысынан біткен сабыр мен салмағын сақтай отырып, кез-келген қоғамдық ортада әзіл мен қалжыңның қара көрігін үрлеуде дәл Зекеңдей адамды сирек ұшыратыппын... Зекеңнің әр тауып айтқан әзілі мен әр тауып айтқан ойларының төркінінен үлкен білік пен білімділіктің, парасат пен пайымдылықтың нышаны есіп тұратын. Ол кісі сөз дейтін сиқырлы өнердің қолданыстағы әр бояу, реңіне ерекше мән беретін. Ойы сөзіне қалай нәр берсе, сөзі де ойына солай әр беріп тұратын. Зекең табиғатынан адамдар арасын кетістіруге емес, бітістіруге, алыстыруға емес, табыстыруға, жақсыны танып қана қоймай, танытуға, таратып, талдауға, байыбына жеткізіп, бағалауға жаралған тумысы бөлек, тұғыры биік тұлға еді. Шешендік пен көсемдік бойына қатар қонған данагөй адаммен өмір, қоғам, адамдар жайлы сырласу мен ой бөлісудің өзі бір ғанибет еді ғой...
Жас кезімізде маңдайымыздан сипап, арқамыздан қағып, таралғымызды тұңғыш тартқан бапкерлеріміздің бірі, бірегейі болғандықтан ба, ұстаз алдын көріп өскен шәкірттердің дені Зекеңнің тұрған жері мен отырған орнын төр санап өстік. Бетіне келмедік. Айтқанын бұлжытпадық. Емеурінінен біліп, қабағынан тануға тырыстық... Өз кезінде Зекең де назарын тоқтатып, ойы мен сөзі ұнаған шәкірттерін бауырына тартып, алыстатпай ұстайтын. Жақсылығымызды көрсе, ағадай қуанып, кемшілігімізді байқаса, данадай қуаратын. Кейде тіпті өзіміз ұмытып қалған қайдағы бір жайларды еске салып, кейде қуантып, кейде ұялтып та отыратын.
Ақ қағаз алдында ұзақ үнсіз отырған сәтте соның бір-екеуі жады төрінде жаңғырды.
1972 жылы балалар газетінен қызмет ауыстырып, Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясына редактор болып келдім. Мені іздеп жүріп, тауып алып, қызметке шақырған кісі – Бас редактор Сафуан Шаймерденов. Шақыртқан, бұйрық берген адам – министр Мүсілім Базарбаев. Көркемдік ой мен кемел сөздің батпандай жүгін иықтарымен көтеріп, әдебиет пен өнердің тағдырын анықтаған дарынды буынның бір-бір дарабоздары! Жаны жайсаң, мінезге бай, қайран ағаларым-ай!
Ол тұста Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясы қолына қалам ұстап, драматургия жанрында бағын сынап жүргендердің жиі бас қосатын, пікірсайыстар да жиі болып тұратын орын еді. Күллі Қазақстан театрларының репертуары жасақталып, жаңа пьесалардың тұсауы кесіліп жататын. Турасын айтсам, менің театр әлемімен қоян-қолтық араласуыма да, үлкен әдебиеттің босағасын аттап, есімдері елге танымал біраз тұлғалармен танысуыма да коллегияның ықпалы зор болды. Зекең, Мұсекең, Сафекең үшеуі – бірге бір курста қатар оқыған дос-жар адамдар. Зекең мені министрліктен алғаш көргенде таңырқай қарады. «Оу, Нұрлан, айналдым! Мұнда қайдан жүрсің?», – болды алғашқы сұрағы. Жай-жапсарды білгеннен соң, жадырай күліп, Сафекеңе қарата сөйлеп: «Талантты шәкірттерімнің бірі. Менен «Әдебиеттің эстетикалық мәні» дейтін тақырыпта курс жұмысын жазып еді, ұмытпасам... Түбі театр өнеріне баратынын білген ғой... Дұрыс болған... Дұрыс... Өлең қалай?», – деп еді сөз соңында сұраулы жүзбен.
Иә. Өмір мен өнердің жолы – бұралаң. Бәрі адамның ойлағанындай бола бермейді. Зекеңнің әлгі көпмағыналы сипатта айтқан «Өлең қалайы?» менің ең бір жанды жеріме тигендей әсер етті. Әредік әр жерде жарық көргенімен, әлі жеке жинақ шығара алмай жүргенім есіме түсті. «Жазылып жүр, ағай» дегеннен өзге ештеңе айта алмадым. «Жинағың шықты ма?..» «Жоқ..» «Сафеке, Нұрланның жинағын шығартуымыз керек...», – деді Зекең.
Ұстаздың айтқаны қамшы болды ма, араға көп уақыт салмай, баспада жатқан «Сырнайлы шақ» дейтін жинағымды қайтып алып, қайыра өңдеуге, толықтыруға отырдым... «Лениншіл жаста» бір топ топтамам жарық көрді. Зекең телефон соғып, құттықтады. «Нұрлан шырағым, өлеңдерің оригинально! Сәуле апайыңа да ұнады. Тоқтатпа! Жаз! Көп жаз! Нағыз жазатын кезің ғой.... Жақсы өлең жазу аз... Жаңа өлең жазу керек! Жаңа! Сенің мына жырларыңнан жаңалық аңғарғандай болдым... Сенің жасыңда... Ақындық дейтін өнердің өршеленіп, өрге шабар кезі», – деді Зекең шәкіртінің көңілін көтере сөйлеп.
Сол күнгі менің қуанышымда шек болмады. Зекеңнен естіген әлгі мақтау сөзді қайыра-қайыра есіме ала бердім. Асылы өзін жазуға арнаған адам үшін «Шығармаңды оқыдым. Жақсы екен...» дегеннен артық сый болушы ма еді?! Оның үстіне ондай баға-сыйды басқадан емес, Зекеңнен – Зейнолла Қабдоловтан естуден артық қандай қуаныш болсын?!
Есіме студенттік кездің мына бір үзігі түсті.
1965 жыл. КазГУ-дің «Виноградова, 88» дейтін адрестегі жатақханасы. Бірінші қабат. 40 бөлме. Бөлмеде сегіз бала тұрамыз. Қиял дейтін шіркінде шаршау болушы ма еді?! Ауылдан қалаға келгеніне 3-4 ай болып қалған кіл «мен атайын, сен тұр» дейтін мықтылар. Жарысып жыр жазамыз. Қап-қап кітап көтеріп, кітапхана залдарынан шықпаймыз... Осындай аяққа, ойға тыным жоқ күндердің бірінде, екі кештің арасында, ескі жатақхананың көнетоз коридорын «Қабдолов келіпті. Филология факультетінің студенттерін түгендеп, тексеріп жүр екен» дескен сөз гу етіп, кезді...
Апы-күпі болып, бөлмемізді тәртіпке келтірдік... Ұзынқұлақ рас болды. Араға аз-кем уақыт салып, Зекеңнің өзі де келді. Айналасына нұры мен шуағын шашып, жайдары қалыпта жылы сөздерін айта келді...
– Ау, шырақтарым! Мына бөлменің керегесі кең бе? Әлде... Басқалардан гөрі тұратын адамның саны аз ба?!
– Стандартты бөлме ғой, Зеке, – деді ертіп жүрген жатақхана коменданты: – Бұл бөлменің кеңейіп көрінгені, міне, мына төсекке-төсекті міңгестіріп қойғаны.
– Е-е... Двухяростный койкалар екен ғой...
Ұстаз жымия күліп, бірінің үстіне бірі шандып байланған екі қанаттағы екі қабатты төсектерге күлімсірей қарады.
– Мына арада қайсысың жатасың? – деді тұсында Айвазовскийдің «Тоғызыншы вал» дейтін суреті ілулі тұрған екінші қабаттағы менің төсегімді иегімен нұсқап.
– Нұрлан жатады, ағай, – деді қай кездегідей бұрын сөйлеп үйренген Сағат Әшімбаев.
– Нұрекең нағыз эстет болды ғой онда... – деді Зекең суретке ойлана қарап. – Сұрапыл! Неткен сұрапыл өмір! Лермонтов «Белеет парус одинокий...» десе, мына Нұрланжанның Айвазовскийі бұлқан-талқан мөңкіп, теңіздің көбігін аспанға атып жатқан сияқты. Сұрапыл өмір... Қиын тағдыр... Осыдан соң, «Өмір – күрес» дейтін белгілі қағидаға қалай сенбеуге болады?! – деді бәрімізге барлай көз жүгіртіп.
Зекеңнің мына жұлын-жүйкені кезіп кетер терең талдауынан соң, бірімен-бірі иінтіресіп сегіз адам жатқан ала-көлеңкелі тар бөлмеге әп сәтте ұлы теңіздің лебі лап бергендей күй кештік... Дүние кеңейіп сала бергендей болды.
Ойлап отырсам, жалпы Зекең жүрген жердің бәрі кеңейіп, Зекең сөз сөйлеген мінбенің бәрі биіктеп кететін еді.
Жаратылысынан жаны жұмсақ, ойы сергек, жан баласына «болмасынды» айтпайтын, тіпті көңілін құлазытып, жанын жабырқатып кеткендердің өзіне ажырая қарағаны болмаса, Зекеңнің артық сөз айтып, біреуге бөтен мінез көрсеткені есімде жоқ. Жан дүниесі бай, жүрегі жомарт адамның ішкі мәдениеті сұлу қамшының өріміндей мықты келетінін де біз Зекеңнің бойынан аңғарушы едік. Мәдениеті мықты адам қашанда кешірім дейтін ұлы қазынаны есінен екі елі шығармайды. Біз білетін Зекеңнің бойында осы бір қасиет тасқа түскен таңбадай анық әрі бедерлі еді. Кешірімнің қадіріне жетпейтіндерді көргенде Зекең алмас қылыштай өткір болатын. Көнсе, көнді, көнбесе, тіліп айтып, кесіп түсетін... Шынайы ұлыларға тән кеңдік пен кірпияздық бойына жарасып тұратын.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін принцип – Зекеңнің өмірлік ұстанымы болды.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген ежелгінің есті сөзін де ара-тұра ұстаз аузынан естуші едік.
Қатарларына қалжың мен әзілді қардай боратып, артына зіл қалдырмайтын қайран Зекеңнің ынтымақты – ырыс, достықты – дұрыс, ініні – тыныс көретіні де сол жанының жайсаңдығы мен көңілінің кеңдігінен болуы тиіс деп ойлаймын.
Сондықтан да болар...
Астана Алматыдан Арқаға көштің бетін бұрғанда күллі Алаш жұртының атынан жаңа дәуір босағасын аттағалы тұрған еліне, елінің тағдырын мойнына тұмар қып іліп, жұмбағы мен сыры мол, құндағы мен жыры мол жаһанға қарап, тұңғыш қазақ Президентіне ағынан жарылып, ағыл-тегіл ақ батасын беру міндеті де осынау нар бітімді кісінің пешенесіне жазылыпты.
Сондықтан да болар...
Әлемнің арғы-бергі дәуірлерінің тарихи міндетін арқалаған түркі дүниесінің тұғыры биік ойшылы, ұлы суреткер – Шыңғыс Айтматовпен қаршадай кезінен дос болып, ұстазы Мұхаңнан қалған дәстүрді әдемі жалғаған, тамыры бір, тарихы ортақ қазақ-қырғыздың әдеби, мәдени байланысын күшейтудің алғашқы алқалы парызы да осы Зекеңе бұйырыпты.
Сондықтан да болар...
Соңынан ерген іні буынның арасынан қазіргі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке ықыласы айырықша құлап, ағалық ақ тілегінен жаңылмау бақыты да Зекеңнің маңдайына жазылыпты.
Бұл мысалдарды соза түсуге де болар еді. Өйткені халқының қамын жеп, ұлтының үлкен биіктерден көрінуін тілеп, ғұмыр кешкен ғұлама жанның өмірі өрісті, өркенді болды. Сөз арқылы халқын танып, сөзімен халқын таныған үстіне таныта түсуге арналған Зейнолла Қабдолов феномені – қазақ мәдениеті мен руханиятындағы аса ірі ұлттық құбылыс екені даусыз.
«Әдебиет – ардың ісі» дегенді аузынан тастамайтын ғұлама жанның ұлы Абайға әркез ат басын бұрып, Махамбет мәңгілігімен тілдесіп, жалынымен ойын суарып, Әуезовтей алаш кемеңгерімен соңғы демі үзілгенше сырласуын тоқтатпауы бекер ме? Әрине, бекер емес. Өйткені Зекең – академик Зейнолла Қабдолов ұлттың ұлы мұраттарына өлшеусіз қызмет етіп, Өзі де сол ұлы ұстаздары туған құнарлы топырақтан нәр алған, халқымыздың қапысыз махаббатынан жаралған сиректер санатынан еді...
Ақ қағаз алдында отырып, қалам ұшынан құйылған ұстаз хақындағы шашылып түскен шәкірт сөзі осы болды.
Көз алдымда өрісі кең өткен ғасыр мен сол ғасыр тудырған кереқарыс маңдайлы көзінен – нұр, сөзінен – сыр тараған қара орман қазақ жұртының Зекеңі тұрды.
Жалғасы бар, осында