ҰЛАНЫН ҰЛЫҚТАҒАН ДА - ҰЛЫЛЫҚ

ҰЛАНЫН   ҰЛЫҚТАҒАН   ДА   -  ҰЛЫЛЫҚ

Қазақтың   қаһармандығы  қай  қырғында  да  қалмаған!

            Бұл   батыр  азамат  туралы  мен  бөлек  тақырыппен  мерзімдік  басылымдарда  2000  жылдан  бері  мақалалар  жариялап   жүрмін. Ал,  одан  да  бұрын...

                Иә, тағлымды тағдыры бар осы бір азамат турасында республикамыздың кешегі бас тарихшысы, академик, кезінде Қазақстанның  Ұлы Отан соғысына қосқан үлесі туралы молынан және негізгі монографиялық еңбектерді жазған, осы тақырыптағы  ең білгір маман  танылған марқұм Манаш Қозыбаев ағамыз мен білген жерде сонау 1968 жылдан бері мадақты  мағынада ғана жазып келді. Алғашқысы – сол кездегі айтулы оқиғалардың бірі саналған  - комсомолдың 50 жылдық тойына арналған  “Қазақстан коммунисі” (бүгінгі “Ақиқат”) жорналында жарияланған мәнді мақаласы еді. Онда ғалым ағамызЖылой перзентінің әлемге апат әкелген фашистік құзғындардың ұясы Берлинді алудағы ерлігін атап өткен-ді. Мұндай  пікірін М. Қозыбаев соңғы, 1977  жылы  шыққан “Равнение на коммунистов. Комсомол Казахстана в годы Великой Отечественной войны”  деген (Б. Рахматуллинмен бірге жазылған еді) кітабы мен 1980 жылы жарық көрген “Ұлы ерлік” атты кітапшасында да дамытты. Ал, сүйікті Қазақстанымыз мемлекеттік егемендік алғаннан кейін баласы, ол да тарих ғылымдарының докторы, Ілияс Қозыбаевпен  бірігіп жазған, жалпы білім беретін орта мектептің 10-сыныбына арналған “Қазақстан тарихы” оқулығында тағы да даралап көрсетеді. Соңғысында мынадай жолдар бар: “...ал Орал өңірінің жас офицерлері  К. Мәденов пен Р. Қараманов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тікті...”(Алматы, 1993, 203-бет).

Қараманов

         Қазақстандықтар бұл күндері Кенжебай Мәденовтей батыр жерлесі туралы біраз хабардар болып қалды. Ол хақында сонау 1974 жылы көрнекті жазушы,  бүгінгі  ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  иегері  Әнес Сараев  ағамыз республикалық “Лениншіл жас” (бүгінгі “Жас алаш”) газетінде үлкен мақтанышпен “Маршал мақтаған қазақ” деген мақала шығарып еді, ал, соңғы жылдардың өзінде облыстық “Атырау” газетінде де бірнеше жарияланым болды.

Фашизм ордасына ешкімнен қаймықпай кірген, қазақ азаматтарының санаулы ғана санатында жүріп,  ерлік жасаған қаһарманның аталғандай ерлік ісі қалай бағаласа да тұрарлық асқан ерлік болып табылады. Біз мұны тарихи тұрғыда лайықты бағалауды ұсынып, 2000 жылдың мамыр айының 8-і және 9-ы күндері облыстық “Атырау”, республикалық “Егемен Қазақстан” газеттерінде  “Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашушы еді?!”, республикалық “Қазақ батырлары” газетінің 2002 жылғы 1 (42)-санында “Құрмет лайықты болсын!” деген мақаламызды жариялаған едік. Үшеуінің де мазмұны бір арналас. Енді осы мақаланы да жұртшылық назарына қайталап ұсыналық.   

Өз   абыройымызды   өзіміз   асырмасақ,

кімнің   бізге   жаны   ашушы   еді?!

         «Егемендік алып, өз бетімізше тырбанып, күн кешкелі бері, құдайға шүкір, ауған көшіміз түзеліп келеді. Қазақы болмысымызды қалпына келтіргелі бері еңсеміз едәуір көтеріліп қалды: бізді дербес ел ретінде әлем танып отыр. Жұрт бізбен санасып келеді, салауатты тарихымыз жасалынып жатыр, соңғы тоғыз жылда талай тамаша істер дүниеге келді, досымыз қуанып, дұшпанымыз амалсыз мойындауда. Аталғандай абзал істе тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі ерекше екендігін парасатты адамдар қашан да айтып келеді, айта берері де сөзсіз.

         Ұлтымыздың мерейін көтерген істердің бір парасы – Президентіміздің жерлесіміз  Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін болса да, Кеңес Одағының Батыры  атағын, ал, өткен жылы Ұлы Отан соғысының атақты батыры Рақымжан Қошқарбаевқа Қазақстан Республикасының ең жоғарғы атағы – «Халық қаһарманы» атағын алып беруі еді. Бұған қуанған себебіміз де баршаға белгілі – бұрынғы Кеңес өкіметі тұсында  қазақ сияқты қаһарман елдің жауынгер ұл-қыздары тиісінше бағаланбай келді, біздің назарымыз басқалармен салыстырғанда бір қабақ төмен болып жүрді емес пе?! Отан үшін  қан кешкен азаматтарымыздың лайықты құрмет биігіне шығарылуы бәрімізді де аса зор қуанышқа бөледі.

         Ежелден Атырау жері ардақты перзенттерге толы болып келеді. Олардың біртобын 1998 жылдың желтоқсанында облыс сайлаушыларымен өткен кездесуінде Елбасы да құрметпен атап берген болатын, оның ішінде даңқты жерлесіміз, сонау 13-ғасырда Мысырда он жеті жыл патша болған Бейбарыс  та айтылған-ды.

         Атыраулықтар Ұлы Отан соғысы тұсында да аталар дәстүріне берік болды. Атақты «Қанатты қыз» Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының  Батыры М. Раскованың қарамағында  ұшқыш бола жүріп, ерекше ерліктер жасады. Ол кезде ер азаматтар ғана меңгерген ауыр міндетті қаршадай қазақ қызының ауырсынбай, абырой арқалауының өзі ғана шынайы ерлік емес пе?!

         Әдебиетіміздің ардақты ақсақалдарының бірі Сағынғали Сейітов тамсана жазған, майданда 215 фашистің көзін жойған даңқты мерген, жылойлық батыр Есқайыр Халықовтың ерлігі де үлкен құрметке лайық болады.

         Ұлыдержавалық шовинизмнің зардабын тартқандардың бірі – қызылқоғалық қаһарман офицер Кенжебай Мәденов. Оны уақытысында (шындығында ерліктен 24 жылдан соң!) ұлы қолбасшы, маршал Г.К. Жуков өзінің «Есте қалғандар мен ойлар» атты мемуарында еске алып, оның Берлиннің  Ратушасына бірінші болып өз взводын бастап кіргенін жазып еді. Оның осы ерлігін  журналистер М. Мержанов, Ғ. Сланов, т.б. мадақтап көрсетті. 

         Республикамыздың қазіргі бас тарихшысы, академик М. Қозыбаев 1968 жылдан бері өз еңбектерінде Мәденовпен бірге осы Ратушаға  алғашқылардың қатарында 2-батальонның партиялық ұйымдастырушысы, жылойлық офицер Рақметолла Қарамановтың да шабуылдағанын жазып келеді. Ол осы екі батырды 10-шы сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығына да енгізді.  Атыраудан шыққан вице-адмирал Лев Анатольевич Владимирский  шеберлікпен шайқасып, 1943-1944 жылдары Қара теңіз флотына басшылық жасады.

          Бүкіл Қазақстан секілді Атырау жұрты да майдан сыртында қажырлы еңбек етті. Сонымен бірге олар елді ішінен бүлдіруге әрекеттенгендерге нағыз отаншылдар ретінде тойтарыс берді. Неміс фашистері 1944 жылдың мамыр айында Жылой ауданына түсірген диверсанттарға қарсы күресте егіс бригадирі Байжан Атағожиев ерлікпен қаза тапты. Ал, колхозшы Бектұрлиев Байшыған  өздеріне  мұнай кәсіпшіліктеріне қарай жол көрсетуді  бұйырған жау тобына басқа жолды көрсетіп, оларды әдейі тосқауылға соқтырды. Сөйтіп, Б. Атағожиев пен Б. Бектұрлиев та азаматтық ерлік көрсетті.

         Біздіңше, осы аталған майдангерлердің бәрін де жоғары атаққа – «Халық қаһарманы» атағына ұсынған, ал, екі колхозшыны тиісінше медальдарға ұсынған дұрыс болар еді, олар оған әбден лайық.  Қазақ бабамыз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді бекер айтпаса керек. Бұл бүгінгі ұрпақтарымыздың да, ортамызда жүрген Хиуаз Доспанова апайымыздың да мерейін өсіріп, айбынымызды асырар еді.

         Мұндай мадақтауға лайықты адамдарымыздың Қазақстанның барлық облыстарынан да табылатыны сөзсіз.  Сондықтан  да біз, көрнекті тарихшымыз, Ұлы Отан соғысы тарихының білгірі М. Қозыбаев бастаған арнаулы комиссияның құрылуын, оның осындай батырларды анықтап, тиісінше ордендерге, құрметті атақтарға ұсынып отыруын қалар едік. Қалай болғанда да Отан үшін жасалынған ерлік ұмытылмасын!

         Ұландарымыздың абыройы – елдің ар-намысы. Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашыр дейсің! Ендеше, өз қаһармандарымызды өзіміз лайықты мадақтай білейікші!”

         Ал, Р. Қараманов деген кім еді? Енді сол жөнінде әңгімелейік.

 Томағасын   сыпырған  тастүлек

         Жылой ауданының тарихшыларымен бірге мен аталмыш қаһарман туралы баспасөз бетінде 1978 жылдан бері Жылой тарихына байланысты мақалаларымда жазып келемін. Оның аржағында Рақаңды ардақты азамат, білікті басшы қызметкер ретінде ол 1954-1958 жылдары біздің И. Сталин атындағы ұжымшардың төрағасы болған кезінде біршама жақсы танығанбыз. Алайда, батыр туралы бөлек мақала жазудың сәті тек 2000 жылы ғана түсті: жыл басында – 29 ақпанда облыстық “Прикаспийская коммуна” газеті редакциясының өтінішімен есімі ортамызға қайтадан оралған Бейбарыс бабамыз туралы “От кипчакского мальчугана до легендарного полководца”атты мақалам жарияланды, оны түйіндей келе былай деп жазғам-ды:

         “...Необходимо увековечить имя. Можно поставить памятники, а лучше этого я предлагаю в будущем в Атырауском городском парке Победы открыть комплекс исторических памятников, где будут поставлены различные памятники нашим героям всех времен  - начиная с Бейбарса и заканчивая современными героями нашей страны. В комплексе должны быть памятники, бюсты и другим нашим батырам: Сырыму Датову, Атагозы, Минбаю, современникам Л. Владимирскому, майору У. Шунаеву, героям штурма Берлинской ратуши Р. Караманову и К. Маденову и многим другим.

         Этого требует история. Это нужен нам, людям”.

         Осыған ризашылық білдіріп, алғыс айтқан Рақаңның кенжесі Мақсот Рақметоллин маған батырдың 1945 жылы Берлинді алғаннан соң түскен фотоларын әкеліп берді. Олардың     кейбірісін  2006  жылғы  19, 26  мамыр  күндері «Мұнайлы  астана»  апталығында  жарияланған «Кең Жылойдан  шыққан  қаһарман»атты  мақаламда  пайдаландым.

         2002 жылы бұл мақаланың  алғашқы  сұлбасын кенейтіп, Рақаңның 1970 жылы  Ембі (қазіргі – Жылыой)аудандық “Ембі” (қазіргі –“Кең Жылой”) газетінде жариялаған“Қосшағылдан Берлинге” деген өз  естеліктерін құрастыру арқылы ол еңбекті жеке кітап етіп жариялауды жөн көрдім, ондағы мақсат – батырдың ерлігін баяндайтын  өз мақаласын  оның сонау кезеңдегі қан майданға сүйікті Отанын  қорғауға 1942 жылдың 15 маусымында аттанғанына сол жылы 60 жыл толуына орай қалың жұртшылықтың назарына ұсыну, қаһарманды халыққа кеңінен таныстыру болды. Себебі, ол туралы 2000 жылы шыққан –“Атырау”, 2002 жылы шыққан –“Атырау. Жылыой” энциклопедияларында өте мардымсыз жазылған екен. Сөйтіп, 2002 жылы «Р. Қараманов. Отанды  қорғау  -  қасиетті  парызың. Майдангер  жазбалары мен  өсиеттері» атты  28 беттік  кітапшаны Алматыдағы «Мерей» баспасынан (басшысы  марқұм Ә.  Ибрагимов  еді)  шығардым.

         Рақметолла Естебайұлы Қараманов 1909 жылы есімі Жем-Атырау өңіріне кеңінен таныс болған белгілі би, атақты Дәден  бидің шәкірті, Мәтжан сынды билердің замандасы Естебай би Елемесұлының жанұясында, қасиетті Жылой жерінде дүниеге келді. Оның туған жерін ескіше “Жем-Атырау” болысындағы 13-ші ауыл” деп атаушы еді.  Рақметолла 1923-1929 жылдары сонау Ойылдағы  мектепте оқып, алты сынып көлемінде  білім алып шығады. Жас жігіт өзінің еңбек жолын осы 1929 жылы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастады.  Аталмыш жұмыста 1931 жылға дейін болған ол сонымен бірге үлкендердің арасында сауатсыздықты жою ісіне де үлкен үлес қосты. Бұдан кейін Рақметолла әскер қатарына шақырылып, 1937 жылға дейін әскери қызметте болды. Тоғыз айлық полк мектебін бітіріп, кіші командир атанған Р. Қараманов 1935-1937 жылдары КСРО-ның Маңғұлиядағы сауда өкілдігінің бақылаушысы болып, жұмыс жасайды. Осы  жылдардың  фотосуреттері  балаларының  қолында  бар. 1937 жылы әскери қызметтен босаған ол туған жеріне оралып, 1942 жылға шейін Жылой аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор болды.

Майдандағы   мехнат

Өз  жазбасын Рақаң  былай  деп  бастапты: «1941 жылғы  22 июнь  күні  ертеңгі  сағат  10-дар  шамасында Қазақ ССР  Халық  Комиссарының  орынбасары П.Г. Мищенко  аудандық  финанс  бөлімінің  қызметкерлерімен  кеңес  өткізіп  отырған. Кенет  телефон  шыр  ете  түсті. Соғыс  басталғанын  хабарлап, митингке  шақырып  жатқан  аудандық  партия  комитетінің  қызметкерлері  екен. Сол  бойда  ентіге  басып, клубқа  беттедік. Қосшағылдағы  клубтың  арқа  бетінде  жел  боратып  әкеп үйген, биік  құм  төбе  болатын, сол  жерге  көп  адам  жиналып  қалыпты. Митингті  аудандық  партия  комитетінің  бірінші  секретары  М. Айтмұқанов  ашып, неміс  фашистерінің  тұтқиылдан  шабуыл  жасағанын  хабарлады, фашизмнің  өз  ордасында  талқандалатынын  айтып,  еңбекшілерді  ерлік  еңбекке  шақырды.

Сөйтіп, ғаламат  соғыс  басталып  кетті...

...Мен  бұрын  армия  қатарында  болған  адаммын, сондықтан  да  майданға  аттану  кезегімді  күтудемін. Біраз  мезгіл  бұл  үмітім  болмады...».   

         Рақметолланың бұдан кейінгі төрт жылы тағы да әскер қатарында өтті. 1942 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысының майданына шақырылған Р. Қараманов 1943 жылдың ақпан айына дейін Оңтүстік-Батыс майданда атты әскердің қылышкерлер взводында командир санатында ерлікпен шайқасты. Осындай бір шайқаста ауыр жараланған жас командир мамыр айына дейінгі уақытта Тарасовка қаласындағы госпитальда емделеді.

         Қайтадан жауынгерлік сапқа тұрған Рақметолланы енді майдан талабына орай жаяу әскерлер қатарына қосады да, оны 4-Украин  майданындағы атқыштар ротасының старшинасы етіп тағайындайды.  «Ержүрек  башқұрт  жігіттерінен  сөйтіп  айырылыстым, - деп  жазды  батыр  майдангер, - Башқұрттар  ақ көңіл, ұйымшыл, ержүрек  жігіттер  еді. Кейіннен  бұл  дивизия  16-шы  гвардиялық  дивизия  атағын  алды».

Өмірлік тәжірибесі мол, 1939 жылдан бастап коммунистік партияның  мүшесі болып табылатын Қараманов Рақметолла 1943 жылдың қазан айында батальондық партиялық ұйымдастырушылардың үш айлық курсына жіберіледі. Оның бұдан кейінгі өмірі 1944 жылдың қаңтар айынан бастап 1946 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта алғашқыда 3-Украина майданының, кейін 1-Беларусь майданының құрамында ерлік күрес жүргізген 266-атқыштар дивизиясының 1008-полкындағы 2-батальонның өмірімен біте қайнасты. Алғашқысында  ол  осы  батальонның  взвод  командирі  болып тағайындалған-ды. Ал, 1943 жылғы  қазан  айындағы бір  ұрыста  батальонның  партиялық  ұйымдастырушысы  қаза  болады  да, енді Рақаң осы батальонның партиялық ұйымдастырушысы болып  тағайындалады.

 Аталмыш, 1944 жылы Қызыл тулы Запорожье  дивизиясы  атанған атқыштар дивизиясының Одердегі ерлігі сол заманның ұлы қолбасшысы, маршал Г.К. Жуковтың “Естеліктер мен ойлар” кітабында ерекше атап көрсетілген болатын. Ол  былай  деп  жазды: «Осы бір  ұрыстар  үшін 1008-ші атқыштар полкіндегі 1-ші батальонның  барлық  солдаттары, сержанттары мен офицерлері ордендермен  және  медальдармен  марапатталды. Батальонның  командирі М.А. Алексеев  пен  батальонның  партиялық  ұйымдастырушысы  аға  лейтенант Құлинұр  Үсенбеков  Кеңес  Одағының  Батыры  жоғары  атағына  ие  болды. 266-шы  атқыштар  дивизиясының  1008-ші және 1010-шы атқыштар полктері  сарбаздардың  жаппай  ерліктері  үшін  ІІІ дәрежелі Суворов  орденімен  марапатталды» (Маршал Г.К. Жуков. Воспоминания  и  размышления. В трех томах. Том  третий. 8-е издание. М., Издательство АПН, 1987, 189-шы беттен  аударылды).

Осы Одердегі  ұрыста көрсеткен ерен ерлігі үшін  Жылой батыры бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.  Айтпақшы, бұл  жерде  оның  жоғарыда маршал  көрсеткен қырғыз перзенті, батыр  майдангер Құлинұр Үсенбековпен дос  болғандығын  атап  өткен  дұрыс  болмақ. Жаңылмасам, 60-шы жылдары болса  керек, жылойлық белгілі  жорналшы  ағамыз, марқұм Бақытжан Бозданұлының Рақаңның онымен  жазысқан  хаттары туралы жазылған, Құлинұр Үсенбековтің  фотосы берілген мақаласы  болды. Рақаң  міне,  осындай  батырлармен  бірге  тізе  қоса  шайқасқан, бірақ, тиісінше  еленбеген  қаһарман еді.

 Батырлығын   бағалауды  байыптаған

Дегенмен, сол  тұстағы  әскери  кіші  қолбасшылардың  арасында  Р. Қарамановтың    қаһармандығын  лайықты  бағалағаны  да  болыпты. Аруағы  риза  болсын, ол  полк  командирі  подполковник  Царев  болатын. Мұны  мен  2015  жылғы  4  мамырда білдім,  дәлірек  айтқанда,  интернеттен  тауып,  маған  жолдаған  Н. Өмірбаев  пен М. Рақметоллиндай бауырларымның   тамаша  жаңалығын алдым. Енді  аталмыш  құжатты   барша  жұртшылықтың  назарына  беріп  отырмын. Ол  - мына  суретте  көрсетілген  наградтау  парағы.

Бұл  тарихи  құжат  алапат  соғыс  аяқталмай  тұрып,  тіпті  Берлиндегі  Ратушаға  шабуылдан  бұрын      жазылған  екен:«1945жылдың  29  сәуірі»  деп  оқимыз  аталмыш  құжаттан.  Тапсырған  - 1008-ші  атқыштар  полкының  командирі  подполковник  Царев. Оған  сенсек,  Р. Қарамановтың  бұл  кездегі  әскери  атағы    аға  лейтенант  екен, 1970 жылғы  1,5,7,9  мамыр  күндері  Ембі (бүгінгі – Жылыой) аудандық  «Ембі» (қазіргі – «Кең  Жылой»)  газетінде  жариялаған өзінің  «Қосшағылдан  -  Берлинге»  атты  мақала-сында  да  Рақаң  «отставкадағы  гвардия  аға  лейтенанты» деп  жазған  еді (25  жылда  бұл  дәрежені  көтеру  ешкімнің  ойына  да  келмеген-ау!).

Осы  бір  аса  құнды  ұсыныс-хатта  оның  «266-шы  атқыштар  дивизиясына  қарасты  1008-ші  полктағы  атқыштар  батальонының   партиялық  ұйымдастырушысы»  екендігі, Қазақ КСР-інде  1909 жылы  туғандығы, ұлтының  қазақ  екендігі, БК(б)П-ның   мүшесі  екендігі, майданға  Жылой  әскери  комиссариатының  шақырғандығы, Қызыл Әскер  қатарында  1942  жылдың  желтоқсанынан  бері  жүргендігі, Отан  қорғау  шайқастарына  1943  жылдың  1 қаңтарынан  бастап  қатынасып  келетіндігі,   1943  жылғы 10  ақпанда  жеңіл  жараланғандығы,  бұған  дейін  КСРО-ның    Қызыл  Жұлдыз, бірінші  дәрежелі  «Отан  соғысы»  ордендерімен  марапатталғандығы  жазылыпты. Ең   бастысы  және  маңыздысы  сол  - бізді  қуантқан  құжаттың  басында  және  соңында  тайға  таңба  басқандай  етіп, «Ленин  ордені  мен  Алтын  жұлдыз  медалі  қоса  тапсырылатын  ретпен Кеңес  Одағының  Батыры  атағын  беруге  ұсынылады», «Ленин  ордені  мен  Алтын  жұлдыз  медалі  қоса  тапсырылатын  ретпен Кеңес  Одағының  Батыры  атағын  беруге»  толық  лайық»  деп   жазылыпты.  Полк   командирі  подполковник  Царевтің  адалдығына  шын  риза  боласың.

наградной лист

         Менің  бұрынғы  мақалаларымда  Р. Қарамановтың  өзі  жоғарыда  көрсетілген  1970 ж.жазбасында  келтіретін  Берлин  шайқасындағы  жалпы  ерлік  істер  ғана  баяндалған-ды, нақтылап  көрсетудің  мүмкіндігі  болмады, ағамыз  «Мен  ерлік  жасадым», - деп  айтып,  мақтанып   көрген  кісі  емес-ті, Рақаңмен  бірге  соғысқан,  ол  да  осындай  жоғары  атаққа  толық  лайық  болған  қызылқоғалық  Кенжебай  Мәденов  ағамен    (мен  бұл  кісіні  де  басқалармен  бірге  «Халық  қаһарманы»  атағын  беруге  ұсынып  келемін) жүздесудің  сәті  түспеді,  ол  кісі  мен  Атырау  институтын  бітірер  қарсаңда  - 1974 жылы қайтыс  болған  еді. Бұлар  айтылып  отырған  2-батальонда  Атыраудан  ғана  емес,  бүкіл  Қазақстаннан  болған  екі  ғана  қазақ  еді!. 

         Міне,  осы  олқылықтың  орнын  бүгін  біз  әңгімелеп  отырған  құнды  құжат  толтырады. Өз  тілімізге  аударып,  оқып  көрелік. Батырдың  бірінші  ерлігі  былайша  баяндалыпты: «Қараманов  жолдас  1945  жылғы  17  сәуірде  Ной-Харденберг  селосының  тұсында  Альти-Одер  өзенінен шабуылмен  өту  кезінде  жауынгерлік  тапсырманы  жеке  құрамға  нақты  түсіндіре  отырып,  батальонды  тіке  шабуылға  көтерді  және  аса  шапшаң  қимылмен  дұшпанды  алдыңғы  жақтағы  әскери  орларынан  түре  қуып  шықты. Өміріне  қауіп  төнгеніне  қарамастан,   дұшпанның  нөсерлете  жаудырған  оғының  астымен  жер  бауырлай  жылжи  отырып,  ДЗОТ-қа  жетті  де, оған  бірнеше  гранатасын  лақтырды, оның  ішіндегі  тоғыз  неміс  солдатының  көзін  жойды,  сөйтіп,  батальонның  одан  әрі  табысты  шабуыл  өрбітуін  қамтамасыз  етті».

         Енді  тарихи  деректерді  салыстырып  қаралықшы.  1943 жылғы  13  қаңтарда  Леннинград  түбіндегі  бір  шайқаста 136-шы  атқыштар  дивизиясындағы  270-ші  атқыштар  полкының  байланысшысы Д.С. Молодцов   дамылсыз  оқ  жаудырып  тұрған  неміс  дзотына  еңбектей  жақындап  келеді  де, бірнеше  гранатасын  лақтырады,  өзі  қаза  тапса  да  жаудың  ауыр  батаерясын  басып  алуға, сөйтіп,  жауынгерлік  тапсырманы  орындауға  мүмкіндік  жасайды.  Осы  үшін  оған  өлгеннен кейін  Кеңес  Одағының  Батыры    атағы  беріледі («История  Великой  Отечественной  войны Советского  Союза 1941-1945. В 6-ти  томах. Том 3. Москва, ВИ МО  СССР, 1961, С.135).

         Біздің  қаһарманымыздың  ерлігіне  ұқсас  па? Әрине,  бірақ  қазақ  қаһарманының  ерен  ісі  еленбеген. Әлде, «Батыр»  атағын  алу  үшін  міндетті  түрде  өлу  керек  пе  екен?!   

         Ал, Р. Қарамановтың  келесі  бір  қаһармандығы  былайша  суреттеліпті: «1945 жылғы  23  сәуірде  Берлин  қаласына  жасалған  тіке  шабуыл  кезінде  жау  оқшашардың  оғының  және  фауст  патронның  көмегімен   ротаның    жылжуын  тоқтатқан  ұрыстың  қиын  сәтінде Қараманов  жолдас  жеке  өзі  фауст  патронмен  дұшпан  бекінген  үйдің  қабырғасын  жарып  жіберді, сол  арқылы  оған  кіріп  барды  да,  граната  лақтырып, жеті  неміс  солдатын  құртып,  он  бесін  тұтқынға  алды».

 Бұл  ұрысты    Р. Қарамановтың  өзі   жазбасында  қарапайым  қылып  жазған  мына  жолдарда  баяндалған  шайқас   болар  деп  есептеймін: «Бір  күні  кешке  қарай  немістер  бекінген  бір  биік  үйді  ала  алмай, екінші  үйді  тазартып, бірінші  үйдің  жарын  тесіп  кірдік» (Р. Қараманов. Отанды  қорғау  -  қасиетті  парызың. Алматы, «Мерей», 2002, 17-бет). Бұл  ретте  біздің  қаһарманымыз  атақты  қолбасшы Б.  Момышұлының  «Мен  істедім  дегенше,  мың  істеді  десейші!» деген  нақылды  тұжырымын  басшылыққа  алған  сияқты.

         Марапатқа  ұсыну  құжатындағы  үшінші  ерлік  іс  те  оны  оқушыны  бей-жай  қалдырмасы  анық. «1945 жылғы  26  сәуірде   ротаны  жауынгерлік  жағдайға  келтіре  отырып, - деп  жазыпты  подполковник  Царев одан  әрі, - бір  топ  жауынгерлермен  бірге  неміс  автоматшылары  орналасқан  үйге  басып  кірді  және  тең  емес  ұрыста  немістің  он  жеті  солдатын  жер  құштырды.  Оның  батальоны  жауынгерлік  тапсырмаларды  үлгілі  орындап  келеді».

Берлинді  бұзған  батырлардың  бірі

Осы бір ұмытылмас шақтар туралы – Берлинге шабуыл қарсаңындағы жайды айта келе, былай деп жазды:  “...Бір күні  батальонға жап-жас кіші лейтенант келіп мәлім болды. Батальон командирі алматылық майор Дейкин деген жігіт еді, ол батальонда үш қазақстандық болдық деп жүрді. Бұл жаңа келген жігіт жерлесім Мәденов Кенжебай екен, ол взвод командирі  болып тағайындалды”.  Алайда, 24 сәуірде Берлинде болған бір шайқаста әлгі алматылық  Дейкин  қазаға  ұшырайды  да, батальонды  басқару  капитан Н.В. Бобылевқа жүктеледі.

         Соғыстың ең қиын, кескілескен жағдайда өткен жерінің бірі сол  кездегі  фашизмнің  астанасы – Берлин қаласы болғандығы тарихтан белгілі. “...Ұмытпасам, - деп жазды одан әрі Р. Қараманов, - 28  апрель күні  Бобылев екеуімізді  полк  штабына  шақырды. Басқа  бөлімдерден  де  өкілдер  келген екен. Полк  командирі  қаланың  көшелері  мен  кварталдарының   әр  бөлімшеге бөліп  берілгенін  айта  келіп, біздің  батальонның  өз  міндетін  жақсы  атқарып келе  жатқанын  және  біздің  маңдай  алдымызда  Рейхстагтан  кейінгі  маңызды екінші  орын – Берлин  Ратушасының  тұрғанын  айтты”.

         Ең ақырғы, шешуші шайқасқа батальон командирі мен партиялық ұйымдастырушы жауынгерлерді  жан-жақты дайындады.  Ол кезде, әсіресе,  үгіт пен насихат мәселесіне жете мән беретін-ді. Н. Бобылев пен  Р. Қараманов та қапысыз әзірленді.

         “Ратушаға  шабуылға, - деп еске алды 1970 жылы отставкадағы гвардия аға лейтенанты Қараманов, - біздің батальон және Алексеев бастаған 1-батальон  әзірленді... Таңертеңгі сағат 7-де артиллерия Ратушаға оқ атты, танктерге  еріп  біз  де  шабуылға шықтық... Екі  сағатқа  созылған  көше ұрысынан  кейін  батальонның  екінші  ротасы  Ратушаға  лап  қойды, бірінші болып  төменгі  этажға  Мәденовтің  взводы  енді. Полктың  1-батальоны  да көше  беттен  шабуылға шықты. Біздің  батальонның  жауынгерлері  түгелге дерлік  ішке  еніп, бірінші  этажды  босаттық. Әр бөлме, бұрыш  үшін  қызу  ұрыс  жүрді... Комбат Бобылев  екеуіміз бірнеше  солдатпен  бір  бөлмеге  ене бергенімізде   іштен  немістер  оқ  жаудырып, дүрсе  қоя  берді. Менің  ординарецім жараланды. Комбаттың бір құлағын оқ жұлып кетті. Бобылев оған қарамастан  қарсы  келген  неміс  офицерін  жағасынан  алып, жерге  басып жатты, біз қалғандарын жайғастырдық. Бұл мекемені қорғаушылар СС армиясының таңдаулы бөлімдері екен. Қатты қарсыласты... Ратушада бір  генерал, үш  полковник  және  басқа  көптеген  офицерлер  қолға  түсті. Ратушаға  ту  тігілді...”.

         Міне, ғалым-тарихшы М. Қозыбаев сүйсіне  жазып жүрген тамаша ерлік осылай жасалып еді. Аталмыш батырлығы  үшін Рақметолла 10 мамыр күні Қызыл Ту орденін алды. 

        

7. Бейбіт  өмірдің  де  қаһарманы  болып   еді

 

         1946 жылы әскерден  босаған майдангер Р. Қараманов туған жеріне – Жылой ауданына оралып, абыроймен еңбек етті. 1954 жылы ауыл  шаруашылығын  көтеруге жіберілген отыз мыңшылардың  қатарында Сталин  атындағы  ұжымшарға  жіберіліп, оның алға  шығуын  мүмкін  етті. Жылой, Есбол, Мақат аудандық қаржы бөлімдерінің бастығы, жоспарлау комиссиясының төрағасы, ірі шаруашылықтың кемел басшысы болған  Рақметолла Қараманов өмірінің ақырына дейін халық құрметіне бөленіп өтті. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол 1986 жылы қайтыс болды. Бүгінде қала атанған Құлсарыда оның атын алған көше бар, жыл сайын осы ауданда оның атындағы спорт турнирі үзбей өтіп келеді.

         Рақметолла Қараманов өнегелі әулеттің де басшысы болып еді. Жары,  шөберелерін  көріп  кеткен Сұлтанқызы Секер апамызбен бірге Мұрат, Жалғас, Темір, Еркін, Кенжеғали, Мақсот атты арыстай алты ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда оны осылардан өрбіген немере-шөберелер де зор мақтаныш тұтады. Рақаң ондай мақтанышқа толығымен лайық азамат, тарихи тұлға!

Осындайын  батырлық  көрсеткен  азаматымыз  әлі  күнге  шейін  Ресейдің тарапынан  лайықты  бағаланбай  келеді. Ендеше,  оны  өзіміз  неге  дербес  республикалық    «Халық  қаһарманы» атағымен  марапаттамасқа?! 2004  жылға  дейін  асқан  ерлік  істері  еленбей  келген  жауынгер  апамыз  Хиуаз  Доспановаға  Елбасымыз  Н. Назарбаевтың  Жарлығымен  осындай  ең  жоғары  ерекше  атақ  беріліп,  бүкіл  халқымыз   зор  қуанышқа  кенелмеп  пе  еді?! Мұндайын   тамаша  абзал  істің  тағы  бір  реті  келіп  тұрғандай  ғой! Сонда  тағы  да  тарихи  әділеттілік  салтанат  құрар  еді!!! Ләйім  солай  болсыншы!!!

Аманғали  ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері

Атырау  қаласы,

201жылғы  22  сәуір