ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛҒАШҚЫ АДМИРАЛЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ  АЛҒАШҚЫ  АДМИРАЛЫ

Сөз  басы  немесе адмирал  Владимирский  қай  жерде  туған?

Соңғы  кезде  облыстық, республикалық  мерзімдік  жарияланымдарда  Қазақстанның  тұңғыш  адмиралы Лев  Анатольевич Владимирскийдің (1903-1973)  туған  жері  турасында  қате  жазылып  жүргенін  айтқым  келеді  әуелі. Оны  кейбір  атыраулықтар  «Қызылқоға  ауданындағы  Рәкөш  деген  кентте  дүниеге келген»  деп  тұжырымдауға  тырысуда.  Бұл  дұрыс  пікір  ме? Меніңше,  ағаттау  қорытынды.

Дәлелделік. Ленинградтық   әдебиетші  С.А.  Зониннің  Мәскеуден  1986  жылы  шыққан  «Верность  океану. О  Л.А. Владимирском»  атты  шағын  кітапшасында  былай  деп  көрсетіліпті: «Детство  Владимирского  - рыбацкий  поселок Ракуши  на  берегу  Каспия, Гурьев...Как  все  мальчишки, Владмирский  плавал  на  лодке  по  Уралу, взахлеб  читал  книги  о  морских   путешествиях,  романы  и  повести  о  приключениях  на  море...» (5-бет).  Мен  де  осы  дерекке  сүйеніп,  2014 жылы  «Атырау-инфо+» газетінде   шыққан «Адмирал  Владимирский – первый  казахстанский адмирал  из  Атырау»деген  мақаламда аталғандай  тұжырым  жасадым, мұны  жуырда  Атырауда  жарық  көрген «Азаматтықтың  айбын-ажары»  атты  кітабымнан  да  оқуға  болады (195-бет).

Енді     Рәкөш  кенті  туралы  деректермен  танысалық. Әзірге   ол  туралы  салауатты   басылымдар  бойынша  іздегенде  «Мақат  шежіресі»  (Ал., 2004 ж., бет) энциклопедиясынан  ғана  оқуға  болады: «РАКӨШ – ХІХ ғасырдың  І жартысында Жем  өзенінің  Каспий  теңізіне  құяр  сағасында  бой  көтерген  балықшылар  кенті. ХХ  ғасырдың  басында Ембі  мұнайын  иемденген  «Эмба»  және  «Жайық-Каспий»  қоғамдары  осы  маңайға  мұнай  айыру  з-ттарын  тұрғызған...» (391-бет).

Ал,  менің  өткен  2015  жылы  тапқан  мәліметтерім  бұл  мәселенің  басын  аша  түсетіндей. 1903  жылғы (бұл  Лев   Владимирский туған  жыл  ғой) патша   үкіметінің  жергілікті  орындарының  Орал  облысы  бойынша  жасақтаған  тарихи-статистикалық  шолуындағы   деректерге  қарағанда  Гурьев  қисымының (уезінің) Жем  бойындағы   үш  орыс  кентінде – Жылойда, Рәкөште  және  Прорвада  барлығы   2131  адам  тұрыпты. Іргетасы  1878 жылы  қаланған Жылой  кенті (ол  да  Жемнің   Каспийге  құяр  жағасында  орналасқан)  қисым  орталығы  болған Гурьев  қаласынан  149  шақырым  жерде  орналасқан  екен, ал,  Рәкөш  кенті  Жылойдың  батысындағы  40  шақырым  жерге  қоныс  теуіпті. Орыс  деректері  бойынша,  аталмыш  кент  1850-ші  жылдардың  басында, яғни  Жылой  кентінен  де  бұрын  пайда  болған. Үшінші  кентті  1891  жылы  астрахандық  мещанин  Сиротин  салыпты,  оны  көпке  дейін  «Сиротино»  дейтін,  Жылойдан  120  шақырым  жердегі  орналасқан  аралының  атауына  орай  кейін  «Прорва» атанды. Елеусіздеу  болған  төртінші  кентті  «Алыпсат»  деуші  еді, 1896  жылы  ірге  тепкен  онда (Рәкөштен  7  шақырым  жерде)  1903  жылы  діни  сектаның  мүшелері  - 38  мордвин  өмір  сүрді (А. Әміржанұлы. Жем  жағасындағы  жауһар.Ат., 2016 ж.).

Бір  ескеретін  жәйт  мынада – аталған  төрт  кенттің  бәрі  де  (бүгінде  бәрінің  де сақталғаны  жоқ,  орындары  ғана  бар) қазіргі  Жылыой   ауданының  аумағында  болған  екен. Ендеше,  Лев   Владимирский  1903  жылы  Қызылқоғада  емес (Құмның  арасынан  кім  балық  аулаушы  еді?!) Жылыой   ауданындағы  Рәкөш  атты  балықшылар  кентінде    дүниеге  келген  болады. Тағы  бір  тамашасы  сол – Лекең  қазақ  тілін  өте  жақсы  біліпті  және  қатесіз  сөйлепті.

Мұндай  тұжырымымызды  атақты  адмиралдың  ата-анасы  жөніндегі  деректермен  бекіте  түсуге  болады. Әкесі  Анатолий  Иванұлы  Владимирский  адмиралдың  ғұмырнамашысы  С. Зонинның  жазғанындай «учительствовал  в  русско-киргизской  школе...» (көрсетілген  кітапшада). Бұл  біздің   баспасөзде  жазылып   жүргенді, яғни,  ол  да  «медициналық  қызметкер  болды»  дегенді  жоққа  шығарады. Бес  томдық  «Қазақ ССР  тарихы» еңбегінің 1984  жылғы бесінші  томында  оны «Гурьев  мұғалімінің  баласы» деп  көрсетіпті (90-бет).

Оның   ұстаздық   қызметін  мен  тапқан  соңғы  деректер  де бұлтартпай   көрсетеді: Анатолий  Иванұлы  - Атырау-Жайық   өңірінде ХІХ ғ. аяғында  ұстаздық  жұмысты  бастаған  мұғалімдердің  бірі. Орынбор  қаласындағы мұғалімдер  мектебінің  курсын  бітірген. 1900-1903  жж. -  Гурьев  қаласындағы   екісыныптық  орыс-қазақ  училищесінің  үшінші  мұғалімі, 1904-1906 жж. -  Рәкөш кентіндегі    бірсыныптық   орыс-қазақ  училищесі  меңгерушісінің  лауазымын  атқарушы  және  бірінші  мұғалімі  болып,  абыройлы  еңбек  етті («Статистический  обзор  Уральской  области  за 1902-1908 гг.»).

Левтің   анасы  Вера  Николайқызы  Владимирская  менің  деректерім  бойынша, 1903-1905 жылдары Үшінші  Гурьевтік  әскери  бөлімдегі  әйел  босандырушы  (сол  кездің   тілімен  жазғанда  -  «повивальная  бабка») лауазымында  жұмыс  жасаған  екен («Статистический  обзор  Уральской  области  за 1905-1907 гг.»), Гурьев  қаласында  тұрыпты, оны  да  С. Зонинның    «мать  была  в  городе  единственной  акушеркой» (сонда)  деп  жазғаны  растайды.

Баяндауымыздың  барысында  «Лев  Анатолийұлы  туған  жылы  немесе  1903  жылы    әкесі  де,  анасы  да  Гурьев  қаласында  тұрған  болады  ғой»  деген  сауалдың   туындауы  әбден  мүмкін.  Осы  жылы  жүкті  әйелдерге  көмек  көрсетуші  Вера  Николайқызының  Рәкөште босандырушы  қызметінде  жүргенде  жалғыз  ұлын  дүниеге  келтіруі  мүмкін  ғой. Мүмкін  Анатолий  Иванұлы 1905-1906 жж.  Рәкөш кентінде  ұстаз  болғанда  құжаттың  жазылуы осылай  болар. Ал, «Гурьев  қаласында  туды»  деген  тұжырымды  былай  түсіндім:  ол  кезде  аталмыш  қала  бүкіл  қисымдағы  жалғыз  қала  болғандықтан  да  оған  жақын  елді  мекендерде  (бұл  жерде  - Жылойдағы  Рәкөште, оның  Гурьевпен  арақашықтығы 65-ақ  шақырым  болыпты!)  туғандарды  соның  аумағына  қоса  жазған-ау. Көрсетілген  жылдары  Анатолий  Иванұлы  Рәкөште жұмыс  жасаған  кезде  оның  әйелі   Гурьев  қаласында  қызмет  етіпті, мұны  да  әлгіндей  жаза  салушылыққа  жорыған  жөн-ау!

Сонымен,  «тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  түйінін»  шығарсақ, Ұлы  Отан  соғысының  қаһарманы,  атақты  теңіздік  сардар,  1943-1944  жылдары  Қара  теңіз  флотының  қолбасшысы  болған, екі  Ленин, екі  Қызыл  Ту, Суворов  және  Ушаков  ордендерінің  иегері, Қазақстан  азаматтары  арасында  бірінші  болып  адмирал  атанған   Лев  Анатолийұлы Владимирскийдің  кіндік  қаны1903  жылы   Жылойдың  Рәкөшінде – балықшылардың  кентінде  тамған.  Мұны  бұдан  былай   дұрыс  ескеріп  жүрсек   игілікті  іс  болар  еді.

 

Vladimirskiy

«Владимирский   үздік  теңізші  болып  танылған»

 

Кезінде  оған  КСРО– ның  бұрынғы  әскенри–теңіз  халкомы (кейіннен – министрі) , Кеңес  Одағы  Флотының  Адмиралы  Н.Г. Кузнецов осылайша  баға  берген  болатын. Ал,  өзінен   неліктен  әскери  теңізші  болғандығын  сұрағанда,  Лев Анатольевич : «...Сірә, менің  жадымда  балалық  шақтан   бастап  теңізге  деген  құмарлық    қалыптасқан  болар...»,– дейді  екен. Мұны  ол  тегіннен–тегін  айтпаған  еді. Каспий  теңізінің  жағасында   өскен  балықшылардың  теңізге  шығуы,  қиял  ертегі  сияқты  теңіздегі  балықшылық  істер  оның    жан дүниесін  әбден  баурап  алған  еді,  өзі  қатарлы  балықшы  балаларымен  бірге  Жем,  Жайық  өзендерінде  балықша  жүзді,  теңізге  шығып  жүзуді  армандады.

Жастық  шағын  Орынборда  өткізген  ол  есейген  соң  Кеңес  өкіметіне  қызмет  етті. Орта  Азиялық  университеттің  әскери факультетіне  түскен  соң    Орта  Азиядағы  басмашылармен  күресті, осы  кезде  өзінің  туған  жері  атауының  құрметіне  орай  атаған  «Жайық»  деген  жауынгерлік  аты  болды.  Басмашыларды   жеңген  соң  курсанттарға  елдің  әртүрлі    әскери  училищелерінде  оқуға  ұсыныстар  жасалынды. Әскери   теңізші  болуды   біржола  қалап  алған  Лев   1922  жылы   қолбасшылық  құрамның  Петроградтағы  әскери-теңіз училищесіне  оқуға  түседі.  Оны  сәтті  аяқтаған  жас  қызыл  командирді  1925  жылы   Севастополь  қаласына   қызметке  жібереді. Владимирский «Лейтенант Шмидт» миноносецінің вахталық  бастығы  болып  жұмыс  жасай  бастады.

 

Теңіздің  төл  түлегі  теңізбен  түлеп, тыныстар 

 

Бір  жылдан  соң  үздік  маман  болып  танылған  жас  жігітті  «Червона Украина» крейсері капитанының  аға  көмекшісі  етіп  ауыстырады. Осы  уақыттан  бастап  Лев  Н.Г. Кузнецовпен  бірге  қоян–қолтық  қызмет  етеді.  Атақты  флотбасы  кейіннен  үлкен  мақтанышпен  былай  деп  жазған  екен: «Біз  оны  жақсы  білдік. Ол  әскери-теңіз училищесін  бізден  бір  жыл  бұрын  ғана  бітірген  еді.  Қызметінің  бірінші  жылынан  бастапақ Владимирский  флотта үздік  теңізші  болып  танылған  болатын. Ол  бүкіл  өмірін  түгелдей  біздің   Әскери-Теңіз  Флотымызға  арнады» (В. Рудницкий. Готовность №1 М., 1982, ИПЛ, с.96).  

Иә, Л.А.  Владимирский  адал  қызмет  етіп  еді. Бұған  Ұлы Отан соғысының тарихы  жөнінде  жазылған   академиялық, ғылыми-көпшілік  әдебиеттердңің  деректері   куә  болады.

1927 ж.ол «Шаумян»эсминецінің  аға  зеңбірекшісі, кейін   капитанның  аға  көмекшісі  болады,  осы  кемеде  жүріп 1928 ж. өзінің  тұңғыш  шетелдік  жорығын  жүзеге  асырады - Түркияға  барады. Мәрмәр  теңізінде  өткен  желкенді  қайықтардың  жарысында  Лев  басқарған   шлюпка    жеңіске  жетеді. Бұл  үшін  оған  Ауғанстан  патшайымының  жүлдесі  – күміс  кубок  тапсырылады.   30-шы  жылдары   жерлесіміз    Владимирский  қаратеңіздік  кемелер   жасағының  құрамында Италия  мен    Грекияда  болады. Екі  жылдан  соң  озат  теңізшіні   кеңестік  күзет  кемелерінің жаңа  тұрпаттысы – «Шквал»  кемесінің  командирі  етіп  тағайындайды. Ал,  1933 ж. ол  тағы  да  өзінің  үздіктігін  сөзсіз  дәлелдейді:  Севастопольде  болған  кемелер  байқауының  қорытындысына  Қара  теңіздік  күштердің  бастығы    И.К. Кожанов оны   –  жалғыз  ғана  жеңімпазды  құттықтап  тұрып: «Рақмет, командир!» – деді  де,  Владимирскийдің  қолын  қысты. Осы  бір  ерекше  жағдайды   1982 ж. В. Рудницкий өзінің   шағын «№ 1ші дайындық»  атты  кітапшасында  былайша  суреттейді: «...Флот қолбасшысы  Кожанов  болған   крейсердің  көз  алдында  бірде  бұлыңғыр  Қара  теңізге  күзеттік  кемелер  шықты. Олардың  толқындар  арасында  тоңқалаңдап  жүргенін  крейсерден  қараудың  өзі  жан  түршіктіргендей  еді. Барлық  дерлік  командирлер  флот қолбасшысынан  жағаға  қайтуға  рұқсат  сұрады. Ақырына  дейін  «Шторм»  күзеттік  кемесі  ғана  шыдады.  Кожанов, басқаларды  ешбір  балағаттамастан, флотқа  үйрену  мен  үлгі  алу  үшін  «Штормның» командирі  Владимирскийдің  шеберлігін   бөліп  көрсетті...» (85ші  бет).

Тәжірибелі командирге  1935 ж. «Петровский»эсминецін  басқаруды  тапсырады, ал,  екі  жылдан  соң  Лев Қара  теңіздегіэсминецтердің  бірінші  көшбасшысы  - «Харьковтің» командиріне  айналады. Мұндай   сенімді  және  сыннан  өткен  капитанға  1938 ж. өте  маңызды  тапсырма  жүктеледі – Владимирский Испан  республикасына  қару–жарақ  жеткізеді.  Соғыс  қарсаңында   оған  үлкен  үміт  танытылып,  Қара  теңіз флотының  эскадрасын  басқаруға  жіберіледі, бұл  жерде  ерекше  айтатын  мәселе  бар:    бұл  жылдары  мұндай  тұрпатты    эскадра  бүкіл  кеңестік      флотта    екеу  ғана  болатын – біреуі   – Қара  теңізде, ал,  екіншісі  –Балтикада  еді.

 

Отты   жылдардың  отжалынында  шыныққан

 

         Бұған  дейін  және  кейін   болған  әлемдегі  соғыстардың  ең  зұлматтысы  1941-1945 жылдарғы   соғыс  басталғанда  біздің  жерлесіміз  контр-адмирал  шенінде  қызмет  етіп  жүрген-тін..  Алапат  уақытта, жинақтап  айтқанда,   Лев  Анатольевич  Қара  теңіздегі  және    Балтық  теңізіндегі эскадраларды, Қара  теңіз  флотын  басқарды. Севастополь, Одесса, Керчь  қалаларын  қорғауда    көзге  ерекше түсті.  Қара  теңіздегі  алғашқы  шайқастардағы  оның  еңбегін  «Екінші  дүниежүзілік  соғыс. 1939-1945»атты  12  томдық   академиялық  туындының   төртінші  томы  кейін  былайша  атап  көрсетті: «Осы  бір  аса  қиыншылықты  күндерде (1941 жылдың  қыркүйегінде – А.Ә.) контр-адмирал Л.А. Владимирский  эскадрасының  кемелері қоршауда  қалған  Одессаға  Новороссийскіден  157-ші  атқыштар     дивизиясы  мен  күшейту  күштерін  аман–есен  жеткізді» (87–бет).

          Одессадан  кеңестік  әскерлерді  көшіру  операциясын  табысты  өткізгені  үшін   ол  Қызыл  Ту  орденімен  марапатталады. 

        Қазақстанның   тұңғыш   адмиралы  сонымен  бірге   теңіздік Новороссийск-Тамань шабуылдау, Керчь-Эльтиген     десант  операцияларын  жүзеге  асыруға  белсене  қатынасты.  1941-1942 жж. Керчь-Феодоссия  операциясында  жағалауға  түсірілген  отряд  кемелерін  шеберлікпен басқарды. Әскеритеңіз  өнері  тарихында  бірінші  болып  1943 жылғы  Новороссийск-Тамань шабуылдау операциясы  барысында жағалаудағы  бекіністерді  жою  үшін   торпеданы  қолданды.

 

Адмирал Владмирский

Қара   теңіз   флотының  қолбасшысы

 

Л.А. Владимирский  1943 ж.24  сәуірінен  1944 ж.10 наурызына дейін   Ұлы  Жеңіске  осы  флоттың  қолбасшысы  ретінде  де  өзіндік  қомақты  үлесін   қосты. Соғыстың  осы  кезеңі  біздің   қаһарманымыздың   ғұмырнамасындағы  ең  даңқты  беттер  болып  табылады. Аталмыш  уақытта  дұшпанның  коммуникациясы  бойынша  жасалынған  соққылар  едәуір  артты, жаудың  шығыны  тоннамен  есептегенде  төрт  есеге  көбейді. Вице-адмирал   флот  авиациясының, сүңгуір  қайықтары  мен  жеңіл  күштерінің  біріккен  соққыларын  шеберлікпен  қолдануды   мүмкін  етті. Оның   басшылығымен  қаратеңіздіктер  шабуылдау  мен  десант  операцияларын  күшейтті.

        Бұл  жерде  ағылшын  тарихшысы  және  көсемсөзшісі  Танстоллдың   аталмыш  флот  жөнінде  1943 ж.жазған   пікіріи       келтірген  дұрыс  болмақ: «Қазіргі  соғыстың   барысында  Ресейдіңтеңіздікстратегиясы  өте  салауатты  тұрғыда  жоспарланды  және  жүзеге  асырылды: бұған  қоса  ол  бұрын  ойлағаннан  әлдеқайда  көп деңгейде  Қызыл  Армияның  табыстарын  еселеді. Қара  теңізде  бұл  стратегия  жаудың  теңіз  жақтан  Кавказға  басып  кіруіне  кедергі  жасады, сонымен  бірге   орыс  флоты  дұшпанның  теңіздік  коммуникациясының  тынышын  кетіріп  отырды...» («История Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945». В пяти томах.Том 3. М., Воениздат, 1961г.»  кітабынан  келтіріліп  отыр , 434-бет).

         Соғыстың  бірінші  күні-ақ - 1941 жылғы 22 маусымда  адмирал Ф.С. Октябрьскийдің  басшылығымен  неміс  басқыншыларына  ойдағыдай  тойтарыс  берген  бірден-бір  әскери  құрама  ретінде  даңққа  ие  болған  бұл  флоттың  жауынгерлік  атағын  еселеуде   Владимирский  бір  жыл  ішінде    қыруар  жұмыстарды  атқарды, Азовтық   әскери флотилиямен  бірге  сегіз    тактикалық  және  үш    оперативтік  десантты  дайындап, ұйымдастырды, бұлар  өз  кезегінде  Керчь  түбегінде    плацдарм  жасауда, Азов  теңізінің  сол  жағалауын,  Тамань   түбегін және  Таганрог, Сариуполь, Темрюк, Тамань қалаларын азат  етуді  жеңілдетуде үлкен  рөл  атқарды.  1943 жылдың  11  айы  ішінде  кавказдық  айлақтар  арасында  330  мыңға  жуық жауынгерлер  мен ширек миллион   тонна  әскери  және  басқа  жүк  тасымалданды. Оның   кемелері  әскер мен  жүк  тиелген  көліктерді  күзетіп  жүру  үшін  4,4 мыңға  жуық  жорықтар  ұйымдастырыпты. 1943 ж.сүңгуір  қайықтар    139 рет  жауынгерлік  жорықтарға  шығып,   жаудың   жалпы  сыйымдылығы  67 мың  тонна  болатын   26  көлігін  суға  батырды, флот  авиациясы  белсенді  әрекет  етті.

         Флоттың   қолбасшысы  1944 жылы  да  табыспен  шайқасты, Қырымды  азат  ету  шабуылына  дайындалды. Бұл  тұста   оның  қарамағында  429 жаңа  тұрпатты ұшақ  болатын. 

Алайда,  оны  1944  ж.наурызда  аяқ  астынан  Балтық   флотына  аударып   жібереді. Осыған  байланысты  кейіннен  адмирал, Кеңес  Одағының   Батыры,  жерлесіміздің  сенімді  досы   Н.Г. Кузнецов  өкінішпен  былай  деп  жазды:

«Бас  штаб  та, ӘТФ  халкоматы  да  Теңіз  жағалауы  армиясы  мен  Қара  теңіз  флотының  қолбасшыларын  ауыстыру  жөнінде  ұсыныс  берген  емес...Мен  үшін  әлі  күнге  дейін  Л.А. Владимирскийді   лауазымынан  босатудың   себебі  түсініксіз  болып  келеді» (С. Зониннің көрс.кітапшасы, 95-бет). 

1944 ж.Қара  теңіз  флотындағы  жағдайдың өте  ахуалды  болғандығына  мына  бір  шағын  дерек  те  куә  болғандай: Л. Владимирскийдің  орнына   10 наурызда  тағайындалған  вице-адмирал  Н.Е. Басистый  18 күннен  соң  орнынан  алынды, сөйтіп, баяғы    адмирал  Ф. Октябрьский  қайтадан  қолбасшылыққа  келді, бұл  мұны  соғыс  аяқталғанша  атқарды.

 

Балтық  үшін  де  күресті

 

Соғыстың  соңғы  екі  жылында  Лев Анатольевич эскадраға   басшылық  жасай  жүріп,  Балтық   флотында  басқыншы  жауға  қарсы  шайқасты. «Эскадра»  деп  кеңестік  әскери-теңіз  флотында белгілі  бір  аумақта  - теңіздік (мұхиттық) соғыстық қимылдар  аймағында  әрекет  етуге  арналған  суүсті  кемелерінің  оперативтік-тактикалық құрамасын  айтатын.   1944 жылдың  қыркүйегіне дейін  бүкіл  КСРО-да  екеу-ақ  болған (үшінші  болып  Солтүстік  эскадрасы  қосылды) мұндай  әскери  топтың  екіншісінде - Балтық   флоты  эскадрасында  екі  линкор,  жеті  эсминец,  алты  күзеттік  кемелер  бар  еді («Великая  Отечественная  война. 1941-1945».Энциклопедия. М.,1985 г., с.819). Біздің  қаһарманымыздың  қолбасшылық  дарыны  мұнда  да  ерекше  көрінді  және  бұл  ретте  лайықты  бағаланды.   1944 жылдың  маусымының  аяғында   Карель   мойнағында    жауды  талқандауға  қатынасқаны  үшін  ол КСРО-ның екінші  дәрежелі  Ушаков    орденімен  марапатталды. Атақты  теңізші  Жеңісті  Фин  шығанағында  қарсы  алды.

 

  1. Әскери-ғалым

 

Соғыстан  соң  да - 1946 - 1959 жылдары жерлесіміз  КСРО  Қарулы  Күштерінің  Әскери-Теңіз Күштері  жөніндегі  Бас  инспекторының  орынбасары, Әскери-Теңіз Флотының Жауынгерлік дайындық  жөніндегі  Бас  басқармасының  бастығы,  Әскери-Теңіз Флоты   бас  қолбасшысының кеме   құрылысы  жөніндегі  орынбасары  лауазымдарында  жүріп  КСРО  флотының  дамуына    үлкен  үлес  қосты. 1954 ж. ол  адмирал  шенін  алды.

         Лев Анатольевичтің  бұдан  кейінгі  тағдыры  ғылыми  және  оқытушылық  жұмыспен  ұштасты. 1956 ж. Теңіздік  ғылыми-техникалық    комитеттің  төрағасы  болды, оны  1959 ж.Әскери-Теңіз академиясы  бастығының  орынбасары  етіп  тағайындайды. 1968-1970 жылдары  мұхиттарды  зерттеу  мақсатымен  ұйымдастырылған  теңіздік  экспедицияларға  басшылық  етті,  бұл  бағдарламалар  да  табыспен  аяқталды. Осы  еңбектерінің  нәтижесінде  адмирал  1970 ж. ғылыми  диссертация  қорғап, әскери  ғылымдардың  кандидаты  атанды.  Ленинордені  оған  соғыстан  соңғы  еңбектері  үшін  берілген  болатын.  Абзал  азамат  1970 жылдан  бастап  құрметті  еңбек  демалысында  болды. Оның  туған  жерін  де  ұмытпай  келіп  тұрғандығына  Атырау  облыстық  тарихи- өлкетану  мұражайында  сақталып  отырған  жекелеген  суреттер  куә  болғандай. Даңқты  қолбасшы  1973 жылғы 7  қыркүйекте  өмірден  озды.

Надгробие Владимрского

 

Даңқ  пен   құрмет

 

Оны адмирал Н.Г. Кузнецов «кеңестік   Әскери-Теңіз Флотының көрнекті  қайраткері»  деп  атады.  Мәскеуден 1982 ж.шыққан   «Великая Отечественная»  атты  кітап-фотоальбомдағы «Ұлы  Отан  соғысы  кезеңіндегі  кеңестік  қолбасшылар  мен  сардарлар» деген  бөлімде Владимирскийдің де  суретінің  орналасуы (386-бет) тектен  тек  емес-ті. Шындығында  да  ол  кеңестік  танымал  флот  қолбасшысы  болатын.

adm3

         Л.А.  Владимирскийді  шынайы  бағалаған  көпшілік  құрметтей  білді  және  қазір  де  ұлағаттауда:  Севастополь, Атырау    қалаларында оның  атында  көше  бар,   Ресейдің «Адмирал Владимирский»  атты  ғылыми  кемесі  жүзіп  жүр;  Атырау  облыстық  тарихи-өлкетану  мұражайында өткен  ғасырдың  70-ші  жылдары  әйелі  Екатерина Сергеевна Владимирская (Добронравова) тапсырған  адмиралдың  жеке  заттары  сақталынуда. Қазақстан  азаматтары  арасында  бірінші  болып  адмирал  атанған   Лев  Владимирский турасында  республикамызда  аз  болса  да  жазылып  келеді, бес  томдық  «Қазақ ССР  тарихы» еңбегінің 1984  жылғы бесінші  томында  бір  шағын  азатты  жол   беріліпті (90-91-беттер). Әттеген-айымыз  да  жоқ  емес, адмиралдың  ғұмырнамасы 1970-ші  жылдарғы  12 томдық  «Қазақ Совет Энциклопедиясына» және  жаңа 10  томдық  «Қазақстан»  ұлтттық   энциклопедиясына  енбей  қалды, 2000  жылы  шыққан  «Атырау»  облыстық  энциклопедиясында,   2010 жылы  жарық  көрген  бестомдық  «Қазақстан  тарихының»  төртінші  томында  ғана  бар.

Осындайын  ерекше  тағдырлы  адамды  әлі  де  құрмет  биігіне   көтерген  дұрыс  болар  еді. Осы  пікірдің   жетегімен  мен  2000  жылғы  9 мамырда   республикалық  басты  газетіміз  «Егемен Қазақстанда»  «Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашушы еді?!» атты  шағын  мақала  жариялап,  онда   соғыс  кезіндегі  ерліктері  еленбеген  Хиуаз Доспанова, Есқайыр Халықов, Кенжебай Мәденов, Рақметолла Қараманов  және  Лев Владимирскийлерге  біздің  республикамыздағы  ең  жоғары  атақ  – «Халық қаһарманы»  атағын  беруді  ұсындым, әлі де  осы  пікірдемін. Егер   бұл  шындыққа  айналса,  онда  елімізде  жүзеге  асып  келе  жатқан  әділдіктің  бірі  болып,  салтанат  құрар  еді. Ләйім   ерлікті  лайықты  бағалап  отырайық!  

 

Аманғали  ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері

201жылғы  23  сәуір