Құныскерей Қожахметовтың қазақ әдебиетіндегі бейнесі, халық жаушысы Хамза Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» (1967), «Жүнісовтер трагедиясы» (1970), жазушы Марат Мәжитовтың «Құмдағы із», «Құныскерей» (2002) романдарының, жазушы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің «Құныскерей» (2003, 2018) кітаптарында жан-жақты суреттеліп, бас кейіпкері болған қаһарман тұлға.
Құныскерей Қожахметов (1895-1965) Қызылқоға ауданы, Қоныстану ауылына қарасты Тайсойған құмында туып өскен. Қаракөл 2 кластық орыс-қазақ мектебінде бастауыш білім алған, өз заманының сауатты азаматы болыпты.
Кеңес үкіметі орнағанға дейін Тұзтөбеден тұз тасып сатып, т.б ұсақ саудамен айналысып кәсіп қылған. Кеңес үкіметі орнаған соң Көздіғара ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы болып, өлкеде жаңа кеңес өкіметінің қалыптасуына белсене қызмет жасаған. Кеңестік әкімшілдік – әміршілдік саясатқа, ел ішіндегі қуғын-сүргінге шыдай алмай, шала сауатты шенеуніктердің «әпер бақан саясатына» көнбей қарсы шығып, «халық жауы» атанып, «банды Құныскерей» деген атақ таңылып, нақақ қудалауға ұшыраған.
1920-1933 жылдардағы қазақ шаруаларының «Адай көтерілісіне» белсене араласқан күрескер тұлға. Батырлығымен, асқан мергендігімен көзінің тірі кезінде аты аңызға айналған адам. Қазақстанның батыс өлкесінің қарапайым халқы Құныскерейді құрметтеп, үкімет әскерінен жасырып, азық-түлікпен, ат-көлікпен астыртын көмектесіп отырған.
1930-1935 жылдары Түркіменстанның Мары облысы, Кушка ауданы, Сараджа ауылын паналаған. Ол жақта Жаманов Әбілхайыр (Андрей, Елемес) деген жасырын атпен өмір сүріп, орта деңгейдегі лауазымды қызметтер жасаған.
Құныскерейдің елдегі екі ұлы Айтжан мен Айтмұхан және Түркіменстандағы екі қызы Шолпан мен Айманнан өрген балалары мен жиендері, немере шөберелері Атырау, Қостанай, Маңғыстау аймағанда өсіп-өніп жатыр.
Құныскерей Қожахметовтің тарихи бейнесі 1920-1930 жылдардағы қазақ халқының басына түскен ұлттық трагедияның жиынтық образы деп қабылдаймыз.
Құныскерейдің қазақы кесек мінезі, ұлтық салт-дәстүрге құрметі, батырлығы мен мергендігі, ерекше қабілеті жас ұрпақты тәрбиелеуде, ұлттық рухты жаңғыртуда тәлімдік, тәрбиелік мәні мен маңызы зор деп ойлаймыз.
«Егемен Қазақстан» газетінің, 2016 жылғы 1 сәуірдегі номерінде Қазақ халқының атақты ұлдарының әлемнің барлық елдерінде сүйегі қалғандардың тізімі шықты. Оларды әзірге саны 60 адам оларды арасында хандар, ақындар, күйшілер, ғалымдар, әділдік жолында күресіп амалсыздан шетел асып кеткендері барлығы 60 адамның тізімі шықты. Мынау сол мақаладан үзінді.
Құныскерей Қожахметов (1895-1964) – қызыл чекистерге қарулы қарсылық көрсеткені үшін қуғындалған, «Банды Құныскерей» атанған халық батыры. Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында туған. Кеңес өкіметі тұсында «қандықол қарақшы» деген жала жабылса да, əділдігімен, ерлігімен есімі аңызға айналған. 1933 жылы Түркіменстанға бас сауғалауға мəжбүр болады. Сол жақта Əбілқайыр Жаманов деген атпен өмір сүріп, 1964 жылы өмірден озған. Туған ел топырағы бұйырмағандар қатарында Әбу Насыр Әл-Фараби, Бейбарыс сұлтан, Мұханбет Хайдар Дулати, Тұрар Рысқұлов, Сырым Датұлы т.б. ақындар, жазушылар, қолбасылары, хандар мен билердің 60 адамның қатарында тұрған Құныскерей Қожахметовты көргенде осы бір ерекше адамның өмірі кім-кімді де қызықтыратыны сөзссіз.
Әңгіме бастауы
Ауданымызда саяси қуғын сүргін құрбандары және Құныскерей Қожахметов туралы әңгімелер баспасөз беттеріне берсек те бәрі бірдей жариялана бермейді. Мектептерде, кітапханаларда, ауыл тұрғындарының жиналыстарында түрлі кездесулер өткізіліп, осынау бір тарихтың күнгей беттерін ашу мақсатында жұмыстар жүріп жатыр. Ойыл ауылдық округтерінде болып тұрғындармен, көненің көздерін көзінің қарашығындай сақтап жүрген азаматтармен кездесіп әңгімелесіп біраз материалдар таптық.
Солардың бірі Филология ғылымының кандидаты Құсекен Шәукенұлының әңгімелерін сақтап қалған, Ойыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Абуов Мерекенің құжаттарынан алынған, осы бір әңгімелерді жариялауды жөн көрдік. Әңгіме ұзақ, марқұм Құсекен ағамыздың аруағы ренжімес, бірақ мағынасын сақтап қысқартып жариялауды дұрыс деп таптық.
«Бір бала ішке жүгіріп келіп, сыртта Құныскерейдің аттан түсіп жатқанын айтты». Жалма-жан сыртқа атып шықсам, сол кісі екен. Атын ұстап кермеге байлап, үйге кіргіздім – деді әкем. Ол адамға бүкіл елдің құрмет көрсететіні белгілі, біздің үйде мал сойып қазан көтеріп,сыйлы қонақты күтуге кірісіп кетті. Ол кісі менің әжемнің інісі екен. Кетерде әжем:
-Інім не бұйымтайың бар?
-Апа менің елге белгілі Қарақұс деген атымның қосарлы серігі болмай жүр, жүріс көп ат шаршайды. Өте бір сөзге шебер, елді ауызына қаратқан, алдынан адам кесе өтпейтін, әжем:
-Түсіндім біздің үйде бір торы ат бар, балама құдалардың берген аты, бәйгінің алдын бермейді, бірақ қосарлыққа деп сұра ма, ол сенің Қарақұсыңнан кем болмайды, сені далада қалдырмайды, балам қайдасың... - деп апам баласына қарағанда: Құныскерей:
- Түсіндім, рахмет апа, маған бір өркиіз беріңізші –деген екен.
-Сол да сөз болып па. Ана жинаулы тұрған текеметтің біреуін орап, қанжығысына орап беріңдер – депті әжем.
Бұл оқиғалар 1925-26 жылдарда, әлі де болса байлар тәркіленбей тұрған кезде болған екен. Менің әкем осыдан кейін Құныскереймен тағы бір рет кездескен. Ол кезде үкімет Құныскерейді ұстаудан шаршағаннан кейін оны ұстап берген адамға ақшалай сыйлық беруді жариялаған кезең екен. Бір үйге түскен, үй иесі мал сойып қонақасы беру қамында. Сол үйдің иесі Нұрекең маған келіп:
-Есенғали, біздің үйде Құныскерей отыр, мал сойып қонағасы беремін. Бірақ қазір ол қаруларын тастап желбегей отыр, қазір барып оны ұстап алайық, қарулары алыста, соны саған айтқалы келдім.
-Әй, сен Нұреке не айтып отырсың, ол бір торғайдай шырылдап, үкіметтің жазықсыз кіналауынан қашып, бізді пана болады деп келіп отырған адам, талай менің үйімде де болды, Ешкімге зияны тимеген адам. Сенің ұстап берейік дегенің не? Оған біз түгіл, үкіметтің шамасы жетпей жүр. Сен не біздің қайратымыз жетеді деп ойлайсың ба? Тіпті қай қазақ үйіне келген қонағына қастық ойлапты. Сенің мына сөзіңді мен естідім, бірақ басқа адам естімесін.
- Апырмай Есенғали, сенің қайратыңмен батырлығыңа сеніп келіп едім, кешір мені, қазір сол адаммен бірге қонақ бол. Әкеммен ұзақ әңгімелескен ол, адамдардың ақшаға қызығатынын, әрі менің барған үйімді үкімет адамдары қорлайды. Сондықтан мен, елге зиянымды тигізбей, елден біржола кетемін-деген екен.
Құныскерей мен Аманғали
Жазушы-журналист Әбілқайыр Спанның «Соңыма неге түстің бәрің бірдей...» деген әңгімесі осыдан 16 жыл бұрын жарық көргенде бәріміздің қатты таң қалғанымыз әлі есімде. Бірақ осыған ой пікір жазу, біздің қолымыздан келмеді. Күні кеше Ойыл ауылдық кеңесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереке Абуовтың жинаған құжаттарының арасынан көріп таң қалдым. Ендігі әңгіме Мерекенің жинаған құжаттарынан алынған банды Аманғали мен Құныскерей туралы.
Бір кезде Тобанияздың құрметіне бөленген, үкіметке бермей аман алып қалған Аманғали бандыны жан сүйері Мұхсина екеуін, үкімет біліп қалып, артынан келетін болғасын, амалсыздан Тобанияз, оны Тайсоғанға аттандарады. Сол кезде Тобанияз Аманғали мен Мұхсинаның некесін қидырып жіберген. Өйткені сол замандағы бұл ең маңызды мәселе болатын. Сол сапарда Қарабауда өтіп жатқан үлкен жәрмеңке тойдың үстінен түседі. Күрес болып жатыр екен Аманғали күреске қатысып біріннен соң бірін барлық балуандарды жығады. Бір кезде аттың үстінде, қарап тұрған, өзі бұрыннан білетін Құыскерейді көріп:
-Ау, Құныскерей шетте состиып тұрғаныңа жол болсын! Екеумізде «банды» қашқынбыз кел күресейік - дейді, Ауыл совет төрағалыры білмеген болып тұра береді. Құныскерей амалсыздан аттан түседі. Оның артынан келе жатқан төрт қуғыншы олар да аттарынан түсіп осы қызықты көруге қатысады. Құныскерей аттан түсіп аттың шылбырын қолынан тастамай ортаға шығады. Құныскерейдің анасы жағынан туысы Ақтауда тұратын Темірхан Сарбуфин сол кезде қуып келген адамдарды халық ығыстырып ортаға жақындатпапты деген әңгімені жазып кеткен. Бұл әңгімені айтқан да Есенғали екен. Күрес басталады. Екеуі құшақтаса кеткенде Құныскерей Аманғалиды қапсырып көтеріп алғанда Аманғали:
-Ойбай Құнеке қабырғамды сындырдың, жібер енді қайратыңа тәнті болдым –депті.
Халық осы екеуін бір жерге оңаша алып кетіп, алыстағы бір елеусіз үйден қонағасы берген. Екеуі жақсы дос болыпты. Бірақ көзқарастары келіспеген. Аманғали адамдарды жинап үкіметке қарсы шыққысы келген, бірақ Құныскерей одан ештеңе шықпайды, қазіргі үкімет мықты, босқа жастардың обалына қалудың қажеті жоқ деп, екеуі екі айрылған. Бұл сөзді менің әкем Сағымбаев Хасанның, 1929 жылы Құныскерейді қууға қатыспаймын деп комсомолдан шығып 10 жыл бойы қашқын болып Астарханда жүргенін, соғысқа қатысып елге келген соң, біраз жылдардан кейін, 1985 жылы қайтарының алдында інілері Жұмағалиев Төлеппен, Отаралиев Қазбекке айтқан әңгімесінен кейін естідім.
Ұрланған ат
Жалпы өтен–кеткен тарихи әңгімелерді өте жақсы білетін, бірақ нақты дерек болмаса көп айта бермейтін, ұзақ жыл ауданда ел басқару жұмыстарында болған, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Жарылқаған Мыңбай ағамыз жақында мынандай бір әңгіме айтты.
Елге белгілі, халық жақсы көргенімен үкімет жақтырмай банды атағын берген Құныскерей атамыз үкіметтен қашып жүрген кезде, сол атамыздың құрдасы, Кермеқас, Қаракөл мектептерінде бірге оқыған ауылдағы білімді, ел басқару ісіне араласқан Егізбай көкеміздің астына мініп жүрген аты ұрланады. Ел ішінде Құныскерей ат ұрлайды деген әңгіме тарап тұрған кез. Құныскерейден көрген Егізбай оны тауып алып:
-Құныеке атымды қайтар, мен сен алған болар деп келіп отырмын.
-Егізбай мені банды десең де, бірақ ұры қылғаныңа жол болсын, мен тап осыны, сен айтады деп күтпеп едім, атыңды мен алған жоқпын, тауып беремін маған бір балаңды мінгестіріп жібер, қайтарда өзі мініп қайтады. Жол өте алыс, бірақ ертең кешке қарай келіп қалар үйіңнен күт - дейді.
Сонымен Егізбай көкеміз менің әкем Жарылқағанды оның атына мінгестіріп жібереді. Ол кезде әкем 16-17 жастың шамасындағы боз бала екен. Олар түнімен жүріп жарық әлі түспей тұрғанда бір үңгірге келіп кіреді. Кірсе ішінде бірнеше адам ет жегелі отыр екен. Бәрі жапырлай:
-Құнекең келді. Құнекең келді төрді беріңдер – деп жапа тармағай сәлемдеседі. Құныскерей аман саулықтан соң:
-Мынандай белгісі бар, торы атты алғандарың қазір ұстап, мына балаға беріңдер, Көзідіғараға қалай барады, жолын түсіндіріп жолға салып жіберіңдер. Аттан түспесін. Жолда елді мекендерге соқпасын, айналып өтсін түсіндіріп айтыңдар. Болды осымен менің шаруам бітті, мен басқа бір жаққа жол жүріп барамын - деп, еттен ауыз да тиместен аттанып кеткен.
«Қай жақтан келемін, қайда барамын білмеймін күн болса әлі қараңғы, торы атпен жорытып келемін. Бір кезде сол жағымнан күн қызарып, таң бозарып ата бастады. Осылайша тоқтамастан бесінге қарай кездескен мал бағып отырған адамдардан сұрап елге жеттім. Атты Егізбай көкеме тапсырдым. Ол кісі таңдана қарап атының жалынан сыйпап Құныскерейді сұрады. Мен бар көргенімді айттым. Көкеміз:
-Апырмай өте әділ адам емес пе? Мына Қаратөбе жағында бір үңгір бар деп естіп едім, Құнекең соны паналайтын. Енді ұрыларға мекен болған екен. Еттен ауыз тимей жүріп кетсе, ұрлық мал ас болмас деп ойлаған екен. Енді ол үңгірге жоламайтын болар. Жорытқанда жолы болсын батырдың деп, бетін сипады» - деп әкем беріректе айтып отыратын.
Кешірімшіл адам
Құныскерей ел ішінде Тайсойған мен Бүйрек шағылдарын паналап жүрген шағында бір ауылға келіп қонған, оны сыйлайтын бір үйдің адамдары ешкімге білдірмей қонағасы береді. Бірақ осыны осы ауылдағы комсомол мүшесі болғандықтан «қызылжағалыларға» Құныскерей банды бір үйде қонып жатыр деп айтып қояды, олар сол бойда сол үйге шабуылдап қоршап алады. Осы кезде үйдің ауласынан атымен атып шыққан Құныскерей шабуылшыларға қарсы бір оқ атқанда оларды бәрі аттарынан түсіп екпеттеп жата қалады. Сол сәтте атымен олардың үстінен секіріп өткен Құныскерей миллициялар естерін жиғанша жоқ болады. Естерін жиған миллиционерлер оны бәрібір таба алмасын біліп үй иесін ұрып, соғып қыспаққа алады. Ертеңіне сол белсенді баланың үйіне бір кісі келіп: «Құныскерей сәлем айтты, баласын алып бір жерге келсін, мені сатқан сол бала екен, көрейін» - деген Құныскерейдің сәлемін жеткізеді. Бармасқа амал жоқ, «Бостан босқа сенің кесіріңнен өлетін болдық. Жайыңа неге қарап жүрмейсің»-деп баласына ұрысып межелі жерге баласын ерітіп барса Құныскерей күтіп тұр екен. Мылтығын ердің үстіне көлденең ұстаған. Өлген жеріміз осы болды деп естерінен танып тұрған екеуіне қарап:
-Мына балаңның денесі де, келбеті де келісті екен, болашақта керемет азамат болатын бала тәрізді, мен адам танысам. Жас қой әлі біржағы балалық, біржағы белсенді болғасын шығар, заман да солай болып барады. Жарайды бір жолға кештім. Бірақ болашақта ауызыңа берік бол. Қайталайтын болсаң менен жақсылық күтпе, Қареке балдарыңды дұрыстап тәрбиеле, мен банды болып ешкімнің де малын ұрлап, ешбір адамның жазықсыз қанын төкенім жоқ. Қара халықтың қамын ойлап билік басында отырғандармен айтысқанымды өзің де білесің. Ұлдарыңа соны түсіндір. Ал енді малсыз емессің. Мен ертең алысқа мүлдем алысқа кетемін, бір қозыңды сойып ана төбенің арғы жағындағы сайға әкел. Маған да жолға азық керек, бермесең өзің біл, қиналма зорламаймын. Бірақ ешкім білмесін, бөрі азығы жолда деген осы, олар біліп қалса өзің де пәлеге қаласың. Мен ертең кешке осы уақытта, осы жерден күтемін. – деп жорытып жүре берді. Қарес амалсыздан даланың көк бөрісіне айналған азаматқа әрі риза болып, әрі аяп ұзақ ойланып тұрып қалды. Сол Құныскерей сынаған бала кейін ер жетіп, колхоз басқарды, аудан тарихында аты қалған адамдардың бірі болды.
Құныскерейді ел сыйлаған
Қызылқоғаға белгілі азаматтардың бірі, дәрігер Ақниет Сахиев: - Құмар сенің Құныскерей жөнінде әңгіме жинап жүргеніңді газеттен біліміз. Мен бір әңгіме айтайын мүмкін бір қадеңе жарар.
Бір кезде 1929-1930 жылдарда менің жақын ағайыным Кенбайдан 18 шақырым жердегі Қоңырсайда, мал бағып отырған. Бір күні кештіқұрым үйге, түсі сұрғылт тартқан, жолдан қатты шаршаған адамның кейіпі бар бір адам «Кеш жарық» - деп кіріп келеді. Үй иесі келген адамның келбеті мен тосын жүрісінен оның тегін адам екенін сезіп «Ешкің арық, құдайы қонақ екенсің жоғары шық, қонақ бол» - деп, мал сою қамымен сыртқа шығып кетеді. Мал сойып жатып кім болды екен деп ойлап жүр. Жақында Ойыл алқабынан бір үкімет адамы миллицияны атып бой тасалап қашып жүр, банды болып кеткен. Біреудің атын, болмаса малын тартып алып кетеді деген алып қашты әңгіме тарап кеткен. Енді бір адамдар, ол ешқандай да банды емес, ешкімге де қиянат жасамайды. Атын алса біраз күннен кейін өзі танитын таныс адамына тастап кетеді, ол иесіне әкеліп береді екен, елге қиянаты жоқ, үкімет адамдары нақақ жала жапқан, әкесін атып өлтірген, соларға қарсы шығып амалсыз, бой тасалап жүрген көрінеді деген әңгіме басым бола бастаған. Кешегі Сағыз бойына Үйшіктен шыққан жасақ осы адамды іздеп жүрмесін деген оймен малды сойып қазанға ас салып үйге беттеді.
-Ал қонағым шәй ішеміз аздан кейін ас келер. Әңгіме айта отырыңыз. Жолыңыз болсын, ұзақ сапар шегіп бара жатқандайсыз. Жүздің жүзін білгенше, бірдің атын біл деген есіміңіз кім? Қай елдің тумасысыз?
-Ия дұрыс айтасың ағайын. Мен Құныскереймін. Еліме сыймай, даланың кезіп жүрген бөрісіне айналдым. Нақақ жаламен банды атандым. Елім қаншама жасырып, ешкімге айтпай үкіметтен қорғағанымен ел ішінде талай адам бар екен, үкіметтің құрығы ұзын қоятын емес, ел арасында жансыздары көбейген. Қай үйге барсам да, олар біліп қойса бостан босқа адамдардың обалына қалатын болдым, сондықтан амалсыз басқа жаққа кетуге мәжібүр болып жорытып бара жатқан түрім бар.
-Ия естіп жатырмыз, қазіргі ел ішіндегі әңгіме өзің туралы. Кеше Үйшіктен Сағыз бойына жасақ келе жатыр деп естідім, солар Сізді іздеп жүрген болды-ау. Ал енді ас жейміз, жақсылап дем алып уақыт алмай жүріп кеткеніңіз дұрыс. Жорытқанда жолыңыз болсын батыр. Жылой жаққа Ақшелек арқылы шыққаныңыз дұрыс. Қуғыншылар ол жерге әлі екі-үш күнсіз жете алмайды.
Осы кезде көрші үйден шарылдаған шарананың дыбысы шықты. Үй иесі: -Әйелі қайда екен деп отырған шығарсыз, сол босанды, ұл болса атын Құныскерей деп қойсақ қайтеді? Менің аты жөнім, Күлбанов Аюп. Мынау келген сәби екінші балам. Сол кезде сырттан әйел адамның: - Ұлды болдың –деген дауысы шықты.
-Рахмет, замандас. Ұлыңның бауы берік болсын. Ең бастысы адал, елі мен жерін сүйетін халықтың баласы болсын. Құныскерей деп өзіңе пәле тілеп не қыласың, нағыз менің атымды бергіңіз келсе Құныс деп қойыңыз. Ас жеп болып рахметін айтып, дем алмастан шұғыл аттанып кетеді. Сол Құныс ағам күні кешеге дейін еңбек етті, алпыстан асқанда аурудан қайтыс болды.
Жігітке жеті өнер де аз.
Миялыда Ермұханов Құспан деген азамат, тарихи әңгімеледді көп білетін. Бірде ол мынандай әңгіме айтты. Мен жастық шағымда тарихи әңгімелерді жақсы көретінмін. Әсіресе Исатай-Махамбет, сол көтерілістің батырларының бірі Есенгелді туралы тағы да басқа көп әңгімелерді тыңдап өстім. Кейін бірте–бірте Құыныскерей туралы әңгімелер ашық айтыла бастаған шақта ол батыр туралы біраз әңгіме естідім. Сол әңгімені айтушылардың бәрі Құныскерейді жамандамаушы еді. Олар әрдайым оны құрметпен еске алатын. Осындай әңгімелердің бәрін бірдей кезінде жазып жүрмегендіктен көбін ұмытып қалдым. Дегенмен қазір бір топ ел азаматтарының бастамасына орай «Репрессия құрбандары және Құныскерей Қожахметов» деген атпен ауданнан сая бақ ашылғалы бастама көтеріп жатыр деген әңгімені естігеннен кейін қолыма осы бір әңгімелерді ортаға салғым келді. Сол азаматтардың игілікті ісін қолдаймын, ауылдастарымды сол игілікті істе бірге болуға шақырамын.
Менің айтайын дегенім Құныскерейдің өнері туралы. Ол атамыз, асқан мерген, алып күштің иесі аса қайратты, балуан, әнші, домбырашы, саятшы, заманына сай білімді, айлакер, ат бегілігінен басқа тіпті өзінің асыраған аты мен, тазысы да оның айтқаны мен ымдағанына түсінеді екен дегендерді, қарттардан естігенмен..
Ертеде Қосжан деген үлкен алып денелі, ұзын бойлы қарт болды, оның баласы Қосжанов Хамидолла беріректе қайтыс болды. Сол Қосжан атамыз: «Құныскерей үкімет айтқандай банды емес, кедей-кепшікке қамқорлық жасаған, жетімдерді демеген, ешбір адамға зиян келтірмеген, сол заманға сай ел басқарып халықтың құрметіне бөленген адам. Ең бастысы оның атын үйретуі ғажап еді. Аты қай жерде болса да, қай жерде тұрса да Құныскерей ысқырса жетіп келеді. Оның шетеннен биік етіп жасаған ауласы бар екен, сол ауладын аттың құлағы ғана көрініп тұрады екен, ат құлағын қайшыласа қауіп төне бастағанын сезіп, ол атқа қонады, осылайша жауларынан келе жатқан қауіпті ерте естіп құтылады, оның аты ешбір адамға ұстатпайтын, ол атын дем алдырып басқа атарды ауыстырып мінетін, аттарын алған адамдарына бірнеше күннен кейін не әкеліп тастайды, болмаса біреулерден біріп жібереді»-деп әңгіме айтатын. Ол кісі: «Талай рет сол замандардағы миллициялардың тапсырмасымен, Құыныскерей ана үйде, болмаса мына үйде деп ұстауға жиналса да кешке дейін айтысып-айтысып батылы бармай тарайды, олармен бірге де болдым көзім де көрді. Көпшілігі оның мергендігінен қорқып жиналғанымен іске бел шешіп кіріспейтін еді»-дейтін. Шындығында сол кездегі қарттардың талайы, Құныскерей қоршап алған отрядқа қарсы аспанға қарап бір оқ атса болды, бәрі етпеттеп жата қалатын, қашан ол қыр асып кеткеннен кейін барып ізге түсетін деп айтып отыратын.
Осы ауданға белгілі мәдени қызметкер, өлкетанушы Тілеужан Әбішов ағамыз былай дейтін: «Біздің қарт, Құныскерейді ол бір әулие адам, оқ қағары бар ғажап адам - деп отыратын. Қуғыншылар көп адам болып, оқты жаудырып жатса да оған оқ дарымайды. Тіпті оның тазысы болды, ол бір ғажап мақұлық. Құныскерей үйіне барғысы келсе сол тазыны жібереді. Егер ол жерде қауіп-қатер болмаса, аңдыушы жоқ болса, онда сол жерде қалады, ит кідіргеннен кейін Құныскерей барады екен. Тазы өзіне оралса болды ат басын тартып өз жөнін табады.
Бірде бір топ миллиция Құныскерейдің әйелін жауаптап, оның қайда екенін сұрап, қинап отырса, тазы киіз үйдің есігінен қарайды, сол кезде оның әйелі:
–Міне Құныскерейдің өзі келді - деп итті көрсеткенде, барлығы безе қашып, осы үйге енді соқпастай болды -дейтін.
Аманжолдың әңгімесі
Алматыдағы балдарым қонаққа шақырып қыдырып бардым. Бірақ оларға барғаныммен, негізінен Аманжол досымның көңілін сұрау үшін барғанмын. Енді Аманжол деген кім, сен көңілін сұрап Алматыға баратындай деп сұрайтын боларсың. Аманжол Қабдолов Тәженұлы 1950 жылы туған. Әкесі Қабдолов Тәжен көп жылдар бойы Қызылқоға аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарған елге белгілі адам. Ал, Аманжол екеуіміз мектепті бірге бітірдік, жақсы дос болдық. Мектепте оқып жүргенде алғыр болған азамат, бітіргеннен кейін политехникалық иниституты тамамдап мұнайшылық жолға түсті. Талай жыл бірге жүрсем де ру сұрасып көрмеппіз. Тіпті ағайын екендігімізді де білмеген екенбіз. Қызылқоғағадан шыққан осы досымның, Атырау, Ақтөбе тіпті Республикаға сіңгерген еңбегі бар мұнайшы екенін білетінмін. Тіпті Америкаға да барып біраз жыл еңбек етіп тәжірибе жинақтап келген.
-Абеке талай рет ауданның азаматтаары елге танымал болып газет беттерінде жария болып жүр. Мен сен туралы «Қызылқоға» газетіне жазып әңгіме айтсам қалай болады? - дегенімде, Абекең:
- Оны әңгіме қылып не қыласың. Ел білер, білмесе қалар, басыңды қатырып қайтесің, Қызылқоға ауданы туралы көп хабар білемін кімдердің еңбегі сіңгенін елі біледі. Мен сол ауданнан мектеп бітіргенім болмаса облыста еңбек еткеніммен, тікелей ауданға еңбегім сіңді деп айта алмаймын.
-Жарайды Әбеке манадан бері сұрап жатырсың, өзің сұраған Қызылқоғадағы жаңалықтардың бәрі қазір Құныскерей Қожақметұлы туралы. Биыл ауданда осы атамаздың 125 жылдығын атап өту туралы шаралар өтіп жатыр. Сенің осы кісі туралы хабарың бар ма?
Әбекең біраз ойланып қалды. Біраздан кейін:
-Құмеке мен ауырып қалғаннан кейін көп ойланатыным рас, бірақ мен анамның айтқан бір әңгімесін айтып берейін, жаңа есіме түсті:
-Менің атам Қабдол аңшы саятшы аса бір мерген болған адам. Сол кезде Құныскерей екеуі қатар, талай рет қансонарда қасқыр, түлкі т.б. аңдарды бірге аулап шығатын, қолы бос кездерінде талай кездесіп құс атып, балық аулап, бірге жүріпті. Тазы ұстаған, астындағы тұлпарларын бірге жаратқан.
- Басына іс түсіп қызыл жағалылардан қашып жүргенде бір емес екі рет біздің үйге келіп қонақ болып кетті деп отыратын енем марқұм. Бәріміз де оның келгеніне қуанғаныен артынан сұрап келетіндерден қорқатындарымыз да рас, шалым екеуі бір қозының етін жеп ұзақ әңгіме айтып отырады дейтін енем. Ең бастысы біз қорыққанымызбен шалым өмірде саспайтын. Ертеңіне біреулер іздеп келсе де оның келгенін мойындамайтын.
Бір ғажабы дейтін енем, түске таман, не таң ата келсе де қонбай кететін, кетерде күн шұғыласы жаңа-жаңа қызарып батып жатқан батысқа жаққа, батқан күнге қарсы жүретін, сәлден кейін ештеңе көрінбей қалатын. Ешкім оның тіке кеткенін болмаса қай жаққа бұрылғанын білмейтін.
Екінші бір рет түнде келіп қонағасы жеп қонған, бірақ күн жаңа жаңа көтеріліп келе жатқан шақта шығысқа, күнге қарсы жүріп кетті. Біраздан соң дым көрінбей қалды, оның келгенін біліп артынан қарап тұрған адамдардың, керегеден сығалап тұрғандардың ешқайсысы оның қай жаққа кеткенін тап басып айта алмайтын. Ол бір шалымның досы, асылдың сынығы, ел қадірлеген азамат еді - дейтін енем. Менің анама енесінің айтқан әңгімесі осы- деп сөзін бітірген, Аманжол:
- Қайда барса да қай үйге қонса да неге күнді бағыт ұстап кетеді екен –деген сұраққа екеуімізде жауап бере алмадық.
Бірақ менің есіме соғыстан екі аяғынан айрылып елге оралған Кәдірбай көкемізбен менің әкем Хасанның әңгімелері осы кезде есіме оралды. Күнге қарсы жүру бірншіден жақсылық, жолдың амандығы, екіншіден күн ұясына кірген, шыққан күннің аясындағы адамды, қарап тұрғандар, сол жолаушының оңға ма, солға ма, тіпті тіке кетті ме, қай жаққа кеткенін ешкім айыра алмай қалады екен, бұл да Құныскерейдің ақылдылығы мен амалы. Қорғаныс, із жасыру тәсілдерінің бірі болса керек.
Сол адам кім болды екен ?
1959 жылы ескі «Миялы» деген жерден Жанкелдин ауылына көшіп келіп киіз үйде тұрдық. Отбасымызда Айтбай нағашым, оның әйелі Ағипа, әкем және анам, мен бармын, жалғыз апам Күнсұлу Миялы деген жерде оқып жатты.
Бір айдан кейін үй салды. Бүкіл ауыл жиналып 20-ның үстіндегі ер адамдар, бірнеше ондаған әйелдер жиналып үй салды. Мұны асар не болмаса үме екенінін күні кеше білдік. Тек қана төбесін жабу қалды.
Біздер сол кезде, салынып жатқан үйдің шығысындағы алаңқайында көп бала ойнап жүрдік. Олардың ішінде Айдынғали, Өтеген, Төремұрат деген бізден үлкен балалар мен менің құрдасым Төлеген, Жантөре менен кіші Ақабай, Мұхантөре, Асқар деген т.б. көптеген балалар болды. Бір кезде қасымызға басында ақ орамалы, оның сыртында телпегі, ақ шапаны, қолында аса таяғы, арқасында дорбасы әп-әдемі аппақ сақал мұрты бар бір адам пайда болды. Бұрын мынандай ерекше адамды көрмеген бәріміз үрпиісіп тұра қалдық. Мен қорықсам да, әкем айтқан үлкенге әрдайым сәлем бер дегенінін естен шығармай Айдынғали аға екеуіміз:
- Ассалаумағалайкум-деп қол бердік.
- Уағаликумассалам, кімнің балдарысыңдар, руларың кім? Айдынғали:
- Руым шеркеш Иғалидың баласымын.
Өтеген:
- Руым шеркеш, Бекенайдың баласымын. Маған кезек келгенде Мен:
- Руым Ысық, оның Тоғызбайымын, Хасанның баласымын-дедім, менің қолымнан ұстап, басымнан сипап:
- Ой айналайын үйің қай жерде? Әкең қайда?
- Мына көп адамдар салып жатқан біздің үй, әкем солардың ішінде.
- Жарайды мен сонда барайын, азамат болғалы тұр екенсің бақытты бол. - деп, сақалын сыйпап сол жаққа бет алды.
Біздер ойнап қала бердік, бірақ ойымнан манағы адам кетпей қойды. Күн бата бастаған шақта адамдар жұмысты тоқтатып, жуынып бағыланның жас етін жеуге кірісті. Мен де келіп:
- Папа манағы ата қайда, біздің үйге келіп еді ғой?
- Ой мына Қуаныш-қой, қайдан жүрген қаңғыбассың, мүмкін шпион шығарсың деп - қуып жіберді деп, күле жауап берді. Өзім біртүрлі жаңағы адамды қуып жібергені үшін, үйде отырған адамдардың бәрін жек көріп кеттім, әкеме:
- Папа, құдайы қонақты, құдайша күтеді дегенің қайда-дегенімде, үлкендердің әңгімесіне аралассам ұрсатын әкем, үндемей, болған іске өкінгендей ұзақ ойланып қалды.
Кейін ел ішінде түрлі әңгіме болды, өткендегі адам шпион екен, Дендерден ұсталыпты, біреу жоқ ол Қаракөлдің маңында қолға түсіпті деген әңгіме таралды. Бірнеше жылдардан кейін біз азамат болған шақта, бір үлкен адамдар сол дәуріш Құныскерей екен, қолға түсті деген әңгіменің бәрі бекер, тіпті бір емес бірнеше рет осы жаққа келіп балаларының қалай өмір сүріп жатқанынын көріп, еш адамға өзін танытпай, кім екенінін айтпастан, ұрпақтарының өмірін сырттан қарап бақылап, өзінің туып өскен жерін аралап кетеді екен деген әңгіме таралды. Мен осы соңғы әңгіменің шындығына сендім. 1973 жылы әкемнен осы жайды сұрағанымда, Ол:
- Саған, не қажеті бар, басыңа пәле болып жұғар, жөніңе жүр-дегенде, әкемнің де ол адам туралы ашық айтпаса менің басыма пәле болады деп қорқып жүргеніне түсіндім. Бірақ бәрін білетіндігін 1984 жылы, қайтыс болардан бір жыл бұрын Жұмағалиев Төлеп, Отаралиев Қазбек ағаларымызбен бірге отырғанымызда ғана айтып кетті.
Иманғалидың әңгімесі, Сәменнің айтуы бойынша.
1959 жылы Миялыға келіп үй салып тұрып жатқанбыз, күздің күні үйді қасына бір машина келіп тоқтады. Бір жігіт машинадан түсіп Иманғали көкемнің үйін сұрады. Көкемнің үйі біздің үйдің есігінің алдында екі үйдің есігі біріне – бірі қарама қарсы бір тас ауламен қоршалған еді. Мен ол жігітті сол үйге бастап алып бардым. Ол:
-Ассалаумағалайкум - деп амандасқаннан кейін, ал аға айып болмаса айтайын бір шаруамен жүрмін, мен Қаракөлде тұрамын, Сіздерді Қарақалпақстаннан келді деп естіп келіп отырмын. Білсеңіз айтыңыз, білмесеңіз шара жоқ көп отырмай кетемін. Мен атақты Құныскерейдің баласымын, ел ішінде әңгіме көп бірулері банды дейді, біреклері кінасыз қашқын болған дегенді айтады, бірақ әкенің аты әке мен әкемді тірі болса тапқым келеді, түрлі лақап әңгімелер менің әкемді үкіметтен қашқаннан кейін Қарақалпақстан жеріне кеткен дегенді айтады. Сізді мүмкін ол туралы естіген шығар деген үмітпен келіп отырмын, ол жақта біздің елден көп қазақтар, сол Бесқаланы паналады дегенді естігенмін.
Иманғали көкем біршама уақыт қатты ойланып қалды. Бірақ әңгімесін:
-Біз, Қарақалпақстан немесе «Бесқала» деген елге көшіп барғаннан кейін колхозға жұмысқа кірдік - деп бастады.
Ол колхозды басқарған адам да Қазақстаннан өзіміз сияқты осы жаққа пана іздеп келген адам екен, руының ысық екенінін оның Тоғызбайы екендігін білдік. Атадан қалған аманат па, әлде ежелден осылай ма, Ысық пен Шеркеш ағайын дегенді білетін біз, осынау жат елде ол адаммен ағайындай болып кеттік, оның тапсырмасын бұлжытпай орындаушы едік. Ол бір өте білімді, бір айтатын, қандайма жұмысты да ұйымдастыра алатын өте алғыр, адамдарды еріксіз өзіне тартып тұратын, кесек тұлғалы адам еді.
Соғыстың басталып жатқан шағы, елдің бәрі жұмыста, бірақ Құныскерейдің әйелі жұмыс істемейтін, бұл жақта Қазақ елінен көшіп келген көп адамдар болды, солардың арасынан бірде Құныскерейдің әйеліне ашуланған бір әйел:
-Сен неге жұмысқа шықпайсың, бізден жаның артық па? Мен сенің күйеуңнің кім екенінін білемін, ол банды Гуревтен қашып келген, ертең НКВД-ға барып айтамын, үкіметтен қашып жүрген банды Құныскерей-осында жүр-деп, сен бұлай талтаңдама-деді.
Құныскерейдің әйелі шошып кетіп үйіне асты. Ертеңіне төраға жоқ, төраға сол кеткеннен мол кетті. «Біреулер еркімен соғысқа кеткен десе», біреулер «соғысқа кетсе әйелін не қылады, армияға алады деп, соғыстан қашып шет елге асып кеткен» деп, түрлі саққа жорытты. Бірақ оны ешкім іздеген де жоқ, сірә ана бір әйел ешкімге де айтпаған тәрізді. Бірақ мен елде жүрген де-ақ Құныскерейдің кім екенінін естігенмін, оның Құныскерей екеніне шүбә келтірмедім. Бәрімізді соғысқа қатысу үшін әскерге шақыра бастады. Мені, осында бригадир болғандықтан бронмен қалдырды да, мына отырған інім Жақыпты майданға алып кетті.
Соғыстың ауыр күндерінде шаруашылық техникаларына қажетті жабдықтарды іздеп Түркіменстанға бардым, елден көп қашық емес, ат лаумен екі–үш күнде барып келетін жер. Сол жерде колхоз төрағасымен кездестім, тап баспай танадым Құныскерей. Ол үн-түнсіз мені оңашаға алып шығып:
- Иманғалимысың қайдан жүрсің, не шаруамен жүрсің, Бесқаладағы мен білетіндер аман ба, мені танып қалатын әйел бар ма? Мен кеткеннен кейін мені іздегендер болды ма? - деп сұрақтың астына алды. Мен қатты састым, бірақ бар сұрақтарына толық жауап бердім.
- Мені, ана бір әйел танып қалғаннан кейін әйелім кешке жұмыстан келген бойда болған әңгімені айтып береді. Ол қандай әйел, аты–жөні кім екенінін әйелімнен асықпай сұрап алған мен оның кім екенін жобалап білдім, жұмысқа қабылдағанда өзім танығанмен ол танымас, алмасам әңгіме қылар деп амалсыз алғанмын, оның күйеуі де мені танымағандай болған. Енді өзімнің мұнда қалуға болмайтынына, сөз тарап кететініне түсініп, әйеліме: «Жинал көп дүние ал ма! Біз кетеміз»-деп, аттанып кетік. Осы жаққа келдім, жасым келіп қалған мені Армияға алмайды, менің аты жөнім қазір басқа, сен оны білмей-ақ қой. Қазір осы колхозды басқарып жүрмін. Керек заттарыңды тауып беремін. Бірақ ауызыңа берік бол інім, мен саған сенемін, ешбір адамға мен туралы айтушы бол ма! Жолың түссе келіп тұр-деді. Бұл әңгімені мен ешбір адамға тіс жарып айтқаным жоқ. Оны мына соғыстан оралған бауырым Жақыпта білмейді, бүгін саған амалсыздан айтып отырмын, мүмкін ол адам қазір тірі болар, себебі ол менен көп үлкен емес еді, соғысқа неге алынбағанын мен білмедім, оның жасы келіп отырған ештемесі жоқ, мүмкін бронмен қалған шығар, тіпті қайтыс болуы да мүмкін...
Осыдан кейін мен оны қайта көргенім жоқ. Оның Құныскерей екені, сенің әкең екендігі шындық, бірақ қандай атпен жүргенін білмедім. Бұл 1945 жылы болған еді-деп көкем әңгімесін аяқтады. Ал бұл туралы ішің ғана білсін, мен саған айтқаным жоқ, сен мені білмейсің, інім. Әңгіме осымен аяқталып келген адам бір шынаяқ шай ішіп, жүріп кетті. Осы келген адамның Айтмұқан екендігін мен көп уақыттардан кейін ғана білдім.
Құмар Хасанов, Қызылқоға ауданының «Құрметті азаматы».