Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағын ұсынамыз.
Зейнолла, сенің тілің – бос белбеу емес, қол-аяғы жеңіл, ширақ...
Мұхтар Әуезов
Зейнолла Қабдолов әдебиет есігін сарт-сұрт еткізбей, онша сықырлатпай, үлкен әдеппен, ұяң мінезбен, жұмсақ лебізбен ашты.
Ілияс Омаров
Зейнолла-шәкірттің Әуезов-ұстаз творчествосын зерттеудегі жаңа қыры мен ойлы пікірі, толғанысы сүйсіндіреді.
Ғабит Мүсірепов
Сізді әрдайым сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың біріндей көріп жүруге іңкәрмін.
Нұртас Оңдасынов
Сені әрқашан да заңғар биіктен, қазақ аспанының шоғыр жұлдыздарының арасынан көргім келеді.
Әбу Сәрсенбаев
Мен үшін Сен біздің жаңалығы қанша зор болса, шырғалаңы сонша мол, қиын ғасырымыздың тарихта қалар таңбасысың.
Шыңғыс Айтматов
Сөзбен сурет салса да, сөзді сөйлетсе де, сөзді билетсе де, солар нағыз қапысыз хас шебер қалам иесі кестелеген қылаусыз саф дүние болып шығып жататын еді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Ағатайым, арқа сүйерім – Зекем!..
Мұқағали Мақатаев
ШЕБЕР
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД
Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі досым, інім Зейнолла!
Дос, аға көңілден тілейтінім – сенімен бірге жүру, өзара бірге еңбектену...
Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасынан.
«В начале было Слово, и Слово было с Богом, и Слово было бог», – деп басталады көктен түскен төрт кітаптың бірі Жоханнан жеткен «Ізгі хабар».
Ал осыны аударып көріңіз.
Оқығанда оп-оңай бір ғана сөйлем аударуға келгенде зілдей ауыр.
«Сөз» бен «Құдайға» ешкімнің таласы жоқ шығар. Ал «в началоны» «бастапқыда», «алғашқыда» деп тәржімаласаңыз онсыз да күрделі ойға құрылған қиын тіркес одан әрі ауырлай түседі. Сондықтан дәл осы араға түп-төркіні арабтан келсе де ана тілімізге әлдеқашан кірігіп кеткен «әуелі» сөзі сұранып-ақ тұрғандай.
«Былоны» «болды» немесе «келді» деп аудара салудың да еш қиындығы жоқ, бірақ ол қимылсыз, қозғалыссыз келте тіркес болып шығады. «Болды» мен «келдінің» екеуінен де көктен түскен құдіреттің күші тұрмақ лебі де сезілмейді, ал бізге алғашқы тіркестің өзінде-ақ киелі сәттің жақындап қалғанын сездіретін ишара керек.
Жадыңдағы сөздік қорды сілкіп-сілкіп, тағы бір талпыныс жасасаң «түсті» деген сөз келеді санаңа. Ежелден көк тәңірге сиынып қол жайған көк түріктің ұрпағы үшін осы сөздің орны бөлек. «Түстіге» тоқтар болсақ, сабақтаса байланысқан сөйлемнің алғашқы тіркесі «әуелі сөз түсті» болып шығады.
Екінші тіркесте: «Слово было с Богом» делінген. Мәсіх жолындағылардың мұндағы мегзеп отырғандары – өздері біресе Құдай әке, енді бірде Құдай ұл, тағы бірде Қасиетті рух деп қайта-қайта құбылтып жүрген Ғайса пайғамбарыңыз. Иә, «Қасиетті Құран» Ғайса пайғамбардың тура жолдан тайқып, адасқан пенделерін түзу жолға түсіру үшін Құдайдың құдіретімен дүниеге келгендігін қуаттайды. Ендеше, екінші тіркестегі «былоны» «Сөз Құдаймен келді» десек, біз көктен түскен Құдіретті адамзат баласына жақындата түсеміз.
Енді көктен түсіп, жердегі пенделердің қасына келген Құдіреттің кім екенін анықтауымыз керек. Ол өзі екеу ме, әлде жалқы ма? Санаңда сансыз көп сұрақ жамырайды. Оған жауапты «Сөз – Құдай еді» деген үшінші тіркестен табасыз. Осылайша «Інжілдің» төртінші кітабының бірінші сөйлемін тұтастай тәржімалар болсақ: «Әуелі Сөз түсті, Сөз Құдаймен келді, Сөз Құдай еді», – болып шығады.
Жер бетіндегі бір жарым миллиардтан астам мұсылман қауымының қасиетті кітабы «Құран» «Інжілді» Көктен түскен төрт кітаптың бірі ретінде мойындайды. «Інжіл» мәсіх жолын ұстанушылардың ұстанымы бойынша төрт «ізгі хабардан» тұрады. Жоханның жазғаны соның төртінші кітабы. «Жазғаны» деп жаңылысып тұрған жоқпын. Әрине, мұсылман қауымы төрт кітаптың төртеуі де Ұлы Жаратушының құдіретімен түскен деп санайды. Бірақ «Құрандағы» «Ғимран» сүресінің 187-аятында «Кезінде кітап иелерінен кітап сөздерін толық жеткізуге Алла уәде алды, бірақ олар серттерінде тұрмады да кітап сөздерін болымсыз беделге сатты», - деп ашық жазылған.
Дінтанушылар «Таурат», «Зәбүр», «Інжілдің» адамдар қолымен жазылып, сан мәрте өзгертіліп, толықтырылғанын әлдеқашан мойындаған.
Әуелгіден көктен түскен «Інжілдің» орнын сансыз көп «ізгі хабарлар» толтырған. Інжілтанушылардың зерттеуі бойынша мұндай танылмаған «ізгі хабарлардың» саны жетпістен асып жығылады екен. Ресми шіркеу «айқыштың төрт бағыты» дегенге сайып, солардың төртеуін ғана таныған. Ғайса пайғамбарды отыз күміс сөлкебайға сататын Иуданың да өз «ізгі хабары» бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын табылған Фоманың «ізгі хабары» да батысты дүр сілкіндірді. Христиан дінбасылары Мәсіх қауымын сергелдеңге түсірген әлгі «хабарларды» сұрыптап, төртеуінен «Інжілдің» канондық нұсқасын түзіп, өзге «хабарларды» түбі шикі – апокриф деп ысырып тастайды. Біз әңгіме қылып отырған Жоханның жазған кітабы – танылған төртеудің соңғысы.
Сонда қалай болғаны? Құдіреті күшті он сегіз мың ғаламды жаратпас бұрын әуелі Сөзді түсірген бе? «Інжіл» бойынша дәл солай болып шығады.
Сену үшін сана сарсаңға, ой азапқа түседі. Ал егер басқа шапшыған ыстық қанды суық ақылға жеңдіріп, киелі сөздің түп-төркініне сабырмен үңілер болсаңыз, оның ақиқат екендігіне біртіндеп көз жеткізе бастайсыз.
Шыр етіп дүниеге келген сәбиге ат қойылатыны сияқты Ұлы Жаратушы жанды, жансызды дүниеге әкелер алдында ат қойып, айдар тағуға тиіс емес пе? Ал соны сөзбен сипаттамағанда немен белгілеуі керек?! Ендеше әуелі Сөз түспегенде, не түсуі тиіс?! Тіпті адамзат атаулыға жан берген, тіл берген Құдайдың құдай екендігін ұғындыратын құдіреттің өзі Сөз емес пе?!
Иә, дүние Сөзден тұрады, ал Сөз – Ұлы Жаратушының өзімен келген құдірет. Бізді қоршаған орта, жанды, жансыз табиғат бәрі Сөзден тұрады. Біз он сегіз мың ғаламды, оның барша сыры мен сипатын Сөзбен танып, Сөзбен таңбалаймыз. Тіпті адамзат әлі ашпаған құбылыстардың құпиясы да Сөзбен жасырылған. Бастағы ой, қолдағы қалам, алдыңдағы қағаз, дәл қазір сіз оқып отырған газет, кітап, тіпті қиялдың көк дөненіне мініп, сөз кезетін ғаламтордың да сөзбен бейнеленген өз атауы бар. Ол әр тілде түрліше таңбаланаса да түп төркіні бір.
Егер Сөз құдірет болса, ең құдіретті өнер «сөз өнері» болмағанда, не болуы мүмкін. «Шахнамедегі» қайсыбірі қиялдан, қайсыбірі өмірден алынған сансыз көп патшаларды еске түсіріңізші. Солардың атын бүгінде өзгені қойып, өз жұртындағылардың біреуі білсе, біреуі білмейді. Ал өлмес туындыны дүниеге әкелген Фирдоусидің даңқы әлдеқашан әлемді шарлап кеткен. Жаһандағы ең үлкен құдіреттің «байлық» та, «билік» те емес, «сөз», «сөз өнері» екендігіне бұдан артық мысал келтірудің қажеті жоқ болар.
Сөздің өнер екендігін адамзат дамуының әр кезеңінде батыс пен шығыстың Аристотель мен Абайға дейінгі талай данышпандары айтқан, бірақ «сөз өнері» деген саф алтындай сом атауды қазақ топырағында тудырған Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынов болатын. Ахаңның атын қойып, шығармасын да атауға тиым салған заманда бұл терминді қазақ әдебиетінде жаңа заманға сай жаңа мазмұн беріп түрлеткен шебер Зейнолла Қабдолов еді. Ендеше, бүгінгі әңгіме сөз өнерінің академигі, ардақты Зекең жайында болмақ.
Зекең туралы жазам дегелі қашан. Үйдегі, түздегі, жиындағы, тойдағы, сансыз көп кездесулердегі қойылған сауалдардан өзі туралы бірдеңе жазғым келетінін шебердің іші сезсе де ешқашан сыр білдірген емес. Мен де асыл ағаның көзі тірісінде-ақ үзік-үзік ойлар ретінде қағазға түсе бастаған жазбалардың шебердің өзі айтатын «бүтін бітімге» айналуын күтіп, оқиғаны асықтыруды жөн көрмедім.
Ширек ғасыр бойы нұрлы жүзін көріп, сәулелі сөзін естіп, шуағына жылынып өскендіктен бе, білмеймін, жазуға оқталсам болды шебердің мейірбан жүзі көз алдыма келіп, «ой, айналайын-ай» деген майдақоңыр даусы құлағыма жеткендей болады.
Біз университетке өткен ғасырдың 77 жылы түстік. Сан атаулының сансыз көп мағынасына шырмауықша шырмалатындардың қатарынан болмасам да, осы бір алшысынан түскен қос жетіде ерекше бір кие бар сияқты көрінеді де тұрады.
Бұл Өмірбек Арыстанұлы басқарған Қазақ университетінің дәуірлеп тұрған кезі еді. Қазақтың бас университетінің дәрісханалары мен дәліздерінде жиі ұшырасатын маңдайы кереқарыс небір данышпандардың арасынан Шебер дараланып тұратын. Өйткені ол Алаштың бас кітабын жазған, қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзіне «іні-дос» болған, «ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім өнер иесі» еді, егер бұған ұлы Мұхаңның шәкіртімен «бірге жүріп, өзара бірге еңбектенуді» шынайы тілегенін қосар болсаңыз, шебердің бейнесі көз алдыңызда әп-сәтте-ақ биіктеп, Алатаудың шырқау шыңдарынан бір-ақ шығады.
Зекең қазақ жерінің небір қатпарлы, қыртысты қиыры – Ойыл-Қиыл, Жем-Сағыз, Еділ-Жайық өңірінде, кешегі Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттен тартып, Махамбетке дейінгі қазақ поэзиясының құдіретін сол күйінде сақтаған өлкеде туып, өсті.
Әкесі Қабдол әдемі, қоңыр даусымен әуелетіп ән салған, күмбірлете күй төккен, таңды таңға қосып, қисса-дастандарды жатқа айтқан әсем өнер иесі болыпты. Тіпті Атырау атырабына есімі белгілі атақты Науша серінің жанына еріп, тағылым-тәлімін алыпты. Осының бәрі бала Зейнолланың жүрегіне өнердің шырағын жағып, қиялына қанат бітіреді.
Орайы келгенде айта кеткен жөн: ол әкесін ерекше жақсы көрген. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп, Қабекеңнің дүние салғанын естігенде есінен танып қалыпты. Кейін ол әкесіне деген бар махаббатын тұңғыш романының бас кейіпкері Тайманның әкесі Дәуренге төгіп, қазақ әдебиетінде ұрпағының жолында жанын құрбан етуге әзір мейірбан, қамқор әкенің тамаша образын сомдап шығады.
Құлақта қалған ән, көкейде жатталған күй бала Зейнолланы өлең өлкесіне алып келді. Оның тырнақалды туындысы 7-сыныпта оқып жүргенде-ақ аудандық газетке шығып, шәкірт күнінде-ақ бала ақын атанады. Көпшіліктің назарына ілінген ол жергілікті ақындар айтысына да қатысып, үлкен поэтикалық жанрды игеруге де батыл қадам басады. Көкқанат талаптың алғашқы поэмаларының фрагменттері ол мектепте оқып жүргенде аудандық газетке басылады. Бір қызығы, қазақтың арқалы ақыны Хамит Ерғалиев Жамбылға бата берген Сүйінбайдай оқушы Зейноллаға бір қыс ұстаздық етіп, оның балаң талантын ұштайды. Кейін университетке түскенде, өлеңдері дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың өзінен мақтауға ие болып, «Пионер Мұрат» атты поэмасы арнайы жүлде алады. Көп ұзамай таңдаулы өлеңдері топтама жинаққа кіріп, тіпті Әбілахат Еспаевтың музыкасына жазған «Жайық қызы» әні республикалық радионың эфирінен түспей, бүкіл қазақ даласын шарлап, сол заман жастарының сүйікті әніне айналады. Осылайша ғалымдығымен қатар ақын ретінде республикалық дәрежеде таныла бастаған жас Зейноллаға «Сен енді өлең жазуды қой»,- деп қатал үкім айтқан да сол Хамаң болыпты. Дәл сол оқиғадан кейін ол өлең жазуды біржолата доғарса да, нәзік лиризм мен поэтикалық ағыл-тегіл талант оның прозасы мен ғылыми шығармаларының ажырамас алтын тініне айналды.
Қырқыншы, елуінші жылдардағы қазақ жастарында дала кезіп, кен қазып, халқын қисапсыз мол қазынаға кенелтсем деген романтика басым болды. Оған 1946 жылы Ұлттық Ғылым академиясының ашылуы және өз қолымен оның іргесін қалап, Одақ мойындаған әйгілі ғылым ордасына айналдырған қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың таңғажайып еңбегі себепкер болды десек, шындықтың ауылынан шығандай қоймаспыз. Қазақ жастары бұрын өздеріне таңсықтау болып келген кенші, инженер мамандықтарын игере бастайды. Солардың алғашқы лебінде қазақ жерінің қос қиырынан келген екі дос, кейін ел таныған қос академик Евней Бөкетов пен Зейнолла Қабдоловтар болды. Зекең бірінші семестрден соң ұлттық университетке ауысып, біржолата ұлы Мұхаңның шеберханасына өтеді.
Зекеңнің университетке ауысуы «Менің Әуезовімде» өте әдемі бейнеленген. Автордың өзі өмір бойы «атамның атынан кейінгі ыстық атау» деп ерекше құрметтеп өткен университет – академиктің өзі және оның көптеген кейіпкерлерінің басынан өткен бар оқиғалар тоғысатын басты арена. Егер шебердің өмір бойы жазып өткен басты шығармасының бас кейіпкері Әуезов болса, қосалқы кейіпкері – университет.
Оның шығармаларында университет – төрт қабырғадан тұратын кәдімгі ғимарат емес, үнемі қимыл-қозғалыс, қақтығыс-серпіліс үстіндегі, тіпті адамдардың қуаныш-реніш, қайғы-мұңына ортақтасып, үнемі қолдап, қорғап отыратын шебердің өз тілімен айтар болсақ «жер бетіндегі ең қастерлі орын».
«Адамдар зердесінде ұшқын атып, жалын шашып, мәңгі-бақи маздап тұрған» университет Зекең үшін әуелгіде есею мектебі болса, кейін бүкіл өмірінің мән-мағынасына айналады.
Университет шеберді әдебиет әлеміне әкелді. Алғашқы өлең, поэмалары, тіпті «Серт» атты әңгімесіне дейін республикалық басылымдарда жарияланып үлгерген жас қаламгер небәрі 20 жасында Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Бұл сол кезең үшін аса үлкен жетістік, ерекше мәртебе болатын. Араға сегіз жыл салып, әуелі «Өмір ұшқыны» повесі, кейін «Жалын» романы жарық көрді. Арада азғана уақыт өткенде «Біз жанбасақ» атты қос романнан тұратын дилогияға айналған осы туынды жазушы З.Қабдоловтың суреткерлік талантын әдеби ортаға сөзсіз мойындатқан кесек туынды болды.
Ұлы Мұхаңның тәлім-тәрбиесін көріп қана қоймай оны сұлу мінез, сұлу өнерімен тәнті етіп үлгерген жас жазушы қазақтың аса биік талғамды зиялы азаматы Ілияс Омаровтың сөзімен айтқанда: «әдебиет есігін үлкен әдеппен, ұяң мінезбен, жұмсақ лебізбен ашты».
Бұл қос роман әлденеше рет басылып, орыс, тіпті шетел тілдеріне аударылып, әдебиетсүйер қауым мен әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан өз бағасын, бағасын ғана емес, тіпті Одақтың сол кездегі мәртебелі сыйлығын да алып үлгергендіктен, оны талдау біздің мақсатымызға жатпайды. Дегенмен шебердің неге осы тақырыпты таңдағанына тоқтала кеткен жөн сияқты.
Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде Зекеңнің әкесі дүние салады. Өзі өмір бойы мұнайшылықты кәсіп етіп қана қоймай, ұлының да осы кәсіпті таңдауына ықпал еткен аяулы әкесінің бейнесі жас жазушының күндіз-түні есінен шықпайды. Әу баста өзі таңдаған кәсіпті мансұқ еткені бар, ұлының мұнайшы болғанын көрсем деп армандаған әке аманатын аттағаны тағы бар – жазушының жан-дүниесі алай-түлей күйге түседі. Осы екіұдай хәл нәзік жаратылысты жазушыны сырттай романтикасы басым көрінсе де илеуі де, игеруі де қиын мұнайшылар тақырыбына алып келеді.
Өзі мұнайшы отбасында туып, еңбек жолын мұнайшылықтан бастаған, тіпті мұнайшылар дайындайтын жоғары оқу орнында бір қыс оқыған Зейнолла бұл тақырыпты аттап өте алмады. Оның үстіне қазақ прозасында Қабдоловқа дейін мұнайшылар өміріне қалам тартқан жазушы болған емес. Содан болар, ол әуелі «Өмір ұшқыны» атты шағын повеспен тақырыпқа барлау жасап, алғашқы қадамы сәтті болған соң оны «Ұшқын» атты күрделі романға айналдырады. Жоталы романды әдеби қауым жамырай мақтап, автордан оның жалғасын күткен кезде жазушы «Жалынды» дүниеге әкеледі.
Мұның дәлелі – «Ұшқындағы» жазушының бар қаламгерлік қуатын төгіп, ерекше шабыт, шын пейіл, мол мейірмен суреттелген қамқор әке – Дәуреннің прототипі шебердің өз әкесі Қабдол екендігі. Жазушы өмірінен хабардар оқырманға бұл бірден аңғарылып тұрады.
Әдетте жілікті шығармаларын былай қойғанда қарапайым мақаласының өзі арнасынан асып-тасып, шалқып-төгіліп жататын жазушының талантқа да, танылуға да тарлық ететін жұмысшы тақырыбына келуінің бір сыры кезінде өзін мұнайшы кәсібіне баулып, өз ісін алға апарар деп үміт еткен әкесіне сөзбен ескерткіш соғудан туындауы әбден мүмкін деп білемін.
Қос роман әдебиетте жақсы бағаланып, зиялы қайраткер І.Омаров, талғампаз талант иесі Ғ.Мүсірепов, білімпаз сыншы М.Қаратаев бастаған уәлі ауыздар оң бағасын берді.
Зекең Ұлы Мұхаң үлгісімен жұрт мақтаған романды драматургия тіліне көшіріп, алғашында «Қабеннің құбылыстары» (атының өзі Мұхаңның «Қасеннің құбылыстарын» еске түсіріп тұрған жоқ па) деген атпен кітаби нұсқасын жазып, ол сахнаға қойылар кезде артық сөз, әрекетсіз кейіпкерлерден арылтып «Сөнбейтін от» атты тегеурінді драмалық шығармасын дүниеге әкелді.
1967 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында С.Қожамқұлов, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, М.Сүртібаев, Ш.Мусин, К.Қармысов, З.Шәріпова, Е.Жайсаңбаев сияқты қазақ театр өнері тарландарының қатысуымен зор табыспен сахналанған бұл драма Зекеңнің драматургия жанрындағы бәсі де ерекше екендігін танытты.
«Біз жанбасақ» бірнеше тілге аударылып, алды тіпті алыс шет елдерде басылып, «Сөнбейтін от» академиялық театр сахнасында маздап жанғаннан кейін Зекең өзін жылымдай тартып бара жатқан мұнайшылар тақырыбынан, тіпті көркем проза мен драматургиядан алшақтап, басы бүтін ғылымға ден қояды.
Университет бітірген соң бес жыл бойы қанатының астына алып келген ұстазы Зейнолланы өзі дәріс беретін кафедраға оқытушылыққа алдырып, өзі әрдайым «ұлы нәрсе» деп бағалайтын ұстаздыққа баули бастайды. Өзі қолтығынан демеп, шәкіртіне «әдебиет теориясы», «әдебиеттану» пәндеріне түрен түсіртеді.
Ұстазбен бірге еңбектену бақыты тым ұзаққа бармады. 1953 жылдың сәуір айында ұлы Мұхаңның басына екінші мәрте қамауға алыну қаупі төніп, ол жасырын түрде Мәскеуге аттануға мәжбүр болады. Әуезовті әке тұтып, өзі айтқандай «өлердей» жақсы көрген Зейноллаға университет қаңырап қалғандай әсер етеді. Осы кезде талантты жасты қазақ зиялылары комсомолдық қызметке, қызмет болғанда республикалық дәрежедегі жауапты қызметке тартады.
Ары қарай адам айтса нанғысыз бұл оқиға былайша өрбиді.
Республика жастарының сол кездегі басшысы Сағындық Кенжебаев Зейнолланың кандидатурасын алдын ала Қазақстан компартиясы орталық партия комитетімен келісіп, оны жауапты қызметке ұсынған кепілдеме-ұсынысты Зекеңнің өз қолына ұстатып, Мәскеуге аттандырады. Көтеріңкі көңілмен вокзалға келген ашық ауыз жас әлдебір «ардагердің»: «мына бір хатты Одақтық комсомол хатшысы Степановқа тапсыра салшы» деген ұсынысын жерге тастамай, оны өзі әңгімелесуге келген адамның қолына тапсырады. Конвертте кезінде М.Әуезовтің соңына шам алып түскен Нұршин деген сұмырайдың Зейнолланы «Кеңестердің қашанғы қас дұшпаны, ұлтшыл, алашордашыл М. Әуезовтің құйыршығы. Мұндайды комсомолдағы жауапты қызметке қою большевизмнің болашағына балта шабумен бірдей» деген сыңайдағы сандырағы жазылған болып шығады.
Аңқау Зекең өзін осылай «жерден алып, жерге салған» қаралау хатты Одақтық комсомол хатшысының қолына осылайша тапсырады.
Комсомолға ұсынған кандидатурасы оңбай сүрінген, аңғал жасқа елдегі ағалары тағы да қамқор көңілмен қол созып, оған «Әдебиет және искусство» журналының бас редакторлығын ұсынады.
Зекең келе сала шалажансар журналдың тамырына қан жүгіртіп, жан бітіреді. Ақынжанды бас редактор журналдың атын «Жұлдыз» деп жайнатып қана қоймай, мазмұнын да жарқырата өзгертіп, оны жылымық кезеңнің шуағына сенген жас таланттардың батыл ойлы әдеби трибунасына айналдырады. Көп ұзамай басына төнген пәле-жаланың бәрінен арылып, ұлы Мұхаң да бүкіл атақ-даңқымен елге оралады. Ұстаз үшін ең бір жемісті де жеңісті күндер басталады.
Мұхаң жас буынның талантты, талапты өкілі ретінде Зекеңді ерекше жақсы көрді. Өмірінің әр кезеңінде бауырына басып, қанатының астына алып, ағалық, ұстаздық қамқорлығын аямады. Аса зор даңқпен елге оралған ұлы Мұхаңның демеуімен 30-ға толар-толмас жастағы Зейнолла Орталық партия комитетінің сектор меңгерушісі қызметіне жоғарылатылады. Билік атаулы партияның қолында болған сол заман үшін бұл аса үлкен лауазым еді.
Қатаң қағидаға негізделген қасаң ортада екі жылға жетер-жетпес қызмет атқарған Зекең бұдан кейін тағы бір жарым жылдай «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған соң туған университетіне қайтып оралады. Оның бұдан кейінгі бүкіл өмірі осы бір киелі шаңырақта өтті және бұл шебер үшін өмірінің ең бір бақытты жылдары болды. Ендігі жерде университет тақырыбы оның мәңгілік мақтан-жырына айналды және ол кезеңдегі ғажап өмірі жайлы Зекең «Менің Әуезовімде» мөлдірете жазды.
Егер мұнайшылар тақырыбы қаламгер Қабдоловтың алуан жанрда жеріне жеткізе жазып, кейін мүлде қайтып оралмаған тақырыбы болса, «Әуезовті» ол өмір бойы жазып өтті.
Зекеңнің бұл тақырыпқа келуінің өз қызық.
Мұхаңның дүние салғанына екі жыл өткенде Зекең Шыңғыс Айтматовпен Алматының іргесіндегі шипажайлардың бірінде демалады. Бір-бірін бұрыннан білетін екі дос үнемі әңгіме-дүкен, сыр-сұхбат құрып өзара пікірлесіп жүреді. Осындай кештердің бірінде Шыңғыс оған институтта оқыған досының басынан өткен әсерлі әңгімені айтып береді. Жақсылық жасауға келгенде жанып түсетін Зекең оған «сен мұны жазуың керек» деп соңынан қалмайды. Тіпті дастарханға отырған сайын «қызыл алма қайда?» деп мазасын ала бастайды. Ақыры Шықаң сол демалыс үйінде «Қызыл алманы» жарқырата жазып және оны досы Зейнолла Қабдоловқа арнайды. Орысша жазылған бал шырынды әңгімені Зекең табан астында мөлдірете қазақшаға аударып, «Жұлдызда» жариялайды.
Дәл осы жолы Зекеңнің ұлы ұстазы туралы қанша айтса да сүйіспеншілікке, інілік ізетке, шәкірттік адал пейілге толы үлбіреген әңгімелеріне тәнті болған қырғыз классигі оған Әуезов туралы міндетті түрде жазу керектігін қиыла өтінеді.
Шықаңмен болған осы бір шын көңілді сырласудан кейін Әуезов әлемі Қабдолов шығармашылығының өзегіне айналып шыға келеді.
Әрине, шебер өзіне өмір бойы азық болар тақырыпқа Мұхаңның көзі тірі кезінде-ақ келген. Әуелі ұлы жазушы қаламынан орыс тілінде туған үлкенді-кішілі мақала, баяндамаларды тігісін жатқыза қазақшалаған және оның бұл еңбегіне Мұхаң өте жоғары баға берген. Мұхаңның жетекшілігімен Абайдың лирикасын зерттеу объектісі етіп алған. Тіпті Әуезовтің көзі тірісінде 1957 жылы «Абай» эпопеясы туралы терең мазмұнды баяндама да жасаған (оның кітаби нұсқасы «Менің Әуезовімнің» соңында «Тасқа тіл бітірген» деген шағын мақала күйінде берілген). Сондықтан Зекеңді Мұхтар Әуезов тақырыбына жетектеп әкелген Шыңғыс Айтматов еді деген ұшқары ұйғарым жасаудан аулақпыз. Дегенмен Әуезов тақырыбын ғылыми жағынан зерделеп қоймай, әдеби-көркем әдіспен зерлеуді ұсынған Айтматов екені анық. Соның алғашқы қарлығашы ретінде Зекеңнің «Ғұлама» атты естелік тұрпатты алғашқы эссесі 1967 жылы жарық көрді. Кейін «Менің Әуезовімнің» өзегіне өрілген өзге туындылары дәл осындай тілдік, стильдік сипатта әр жылдары жарық көре бастады.
Сонымен «Менің Әуезовім» қандай кітап?
Өзі әдебиет теориясының академигі саналатын автор кітап жанрын роман-эссе деп айқындаған. Болашақта жанрға байланысты пікірталас туындайтынын алдын ала бажайлаған автор оған эпиграф ретінде Бальзак, Байрон, Гюго, Жорж Санд, Тургенев және әкелі-балалы Дюмалар туралы тамаша өмірбаяндар, тұтас романдар сериясын туғызған әйгілі француз жазушысы Андре Моруаның «Этот жанр – гибрид. В этом романе нет ни строгости, ни… Впрочем он и не претендует на это, его характерная черта – интеллектуальная игра ума»,– деген сөздерін алған. Осы эпиграфтың өзінде көп ишара бар.
«Менің Әуезовім» – көркем ойдың жемісінен туған көп романдардың бірі емес, өмірдің өзінен, тіпті өзегінен алынған келісті туынды.
«Менің Әуезовім» – романға қойылатын қатаң талаппен шектеуге болмайтын шығарма. Мұнда Моруа айтқандай естелік, эссе, әңгіме, очерк, рецензия, мақалаға дейін мидай араласып кеткен. Дәл осындай жанрлық жігін анықтау қиынға соғатын «Стамбул: естеліктер мен шаһар» атты шығармасы үшін түрік жазушысы Орхан Памук Нобель сыйлығын алды.
Кітаптың жанры туралы ой жүгірткенде оның авторы маған боз далада жер танабын қуыра шапқан теңбілкөктің үстіндегі кәнігі көкпаршыны елестетеді. Оған оңы мен солы бірдей. Оңайлықпен ешкімге жеткізбейді, ал жете қалған жан болса көк серкені бұлт еткізіп біресе оң жағына, біресе сол жағына ойнатып, ойына келгенін істейді. Анталаған әлеуметтің дегбірін алып, қуып жеткеннің дедігін басу үшін шыққан құдды бір құйын дерсіз. «Маған қылар қандай дәрменің бар?» дегендей ойға түссең, ойран салып, қырға салсаң, қырқаға шығып, төмендегі тобырға тәкаппарлана қарайды да тұрады. Бар жанрды теориялық тұрғыдан да, творчестволық жағынан да терең меңгерген Қабдоловтай кемел талант иесі роман-эсседе ғылыми ой-санамен ұштасатын көркем прозаның үлкенді-кішілі бар жанрының мүмкіндігін шебер пайдаланып, қиыннан қиыстырып жол тапқан.
Сан жүлгеден басталып, алуан жылғадан жиналған «Менің Әуезовім» шебердің өзі ғана тапқан, қай оқырманға болмасын ерекше шуақ сыйлайтын жылы ағыста тоғысып, ортақ тақырыпта табысады. Ол қандай тақырып? Енді осыған келейік.
Ол – махаббат тақырыбы. Иә, еш таңданбай-ақ қойыңыз. «Менің Әуезовімнің» басты тақырыбы – махаббат. Махаббат болғанда әдебиеттегі екі шығарманың бірі арналған әшейін «күйдім-жандымға» құрылған махаббат емес, шәкірттің ұстазға деген ең ізгі, ең іңкәр көңілден туған тұмадай тұнық махаббаты.
Ашылып, сырласқан күндердің бірінде: «Мұхаңды ерекше жақсы көресің-ау, сен», – дейді Шыңғыс. «Өлердей», – деп жауап қатады шебер. Осы бір жалғыз ауыз сөзде қаншама терең, таза махаббат жатыр. Бұл ұстазын бүкіл жан-дүниесімен шын беріле, үздіге жақсы көрген шәкірттің шынайы махаббаты.
Иә, ұстаз туралы шығарма да қазақ әдебиетінде аз емес. Бірақ соның қай-қайсысында болмасын ұстаз бен шәкірттің, автор мен кейіпкердің арасында көзге де көңілге де бірден түсетін арақашықтық бар. Шебердің қолынан шыққан туындыда осы екеуі бірігіп, тұтастанып кеткен. Арақашықтығын былай қойғанда ара жігі де білінбейді. Оны «Менің Әуезовім» деген кітаптың аты ұстап тұр. «Құлыным менің» деп бөбегін бауырына басқан ананың құшағынан нәрестесін ала алмайтының сияқты, «менің» деп үздіккен шәкіртті кемеңгердің кең құшағынан алу да мүмкін емес. Демек, «Менің Әуезовім» – махаббатқа тұндырылған туынды.
Байқайсыз ба, кітапта ұштасқан үш ұғым: ұстаз, университет, шәкірт шебердің өзі тудырған «бүтін бітімге» айналып кеткен.
Әрине, романдағы басты кейіпкер – Әуезов. Шебердің қолынан шыққан кемеңгер образының монументальдығы соншалық, оның бейнесі құдды бір тау тасынан қашалған алып ескерткіш сияқты болып шыққан. Өмірінің әр кезеңінде балағынан алған, етектен тартқан, балтырын қапқан, шаужайына жармасқан, тіпті жағасынан алған сәмсүгір, қарабұжыр, шикілсарылардың жердегі тышқан-тірліктеріне данышпанның аспанмен таласқан алып бейнесі кешіріммен қарайтын сияқты.
«Менің Әуезовім» – алуан түрлі адамдардың ғажайып портреттер галереясы. Ойдан шығарылған біреуі жоқ. Өмірде болған, кейбірі әлі күнге дейін ортамызда жүрген кейіпкерлер.
Мен Зекеңмен талай мәрте ұстаз бен шәкірт, аға мен інідей ақтарыла әңгімелесу бақытына ие болған жанмын. «Менің Әуезовімді» де қолжазбасынан оқыдым. Шеберден суыртпақтап сыр тартқан көп сұхбаттардан ұққаным: автор солардың бірсыпырасының аты-жөнін әдейі өзгерткен. Қашанда сыпайы Зекең кейбірін әдеп сақтау үшін, ендібірін даралау, мінездеу, мүсіндеу, жинақтау, типтеу үшін, бір сөзбен айтқанда көркем проза критерийіне жақындату үшін жасаған. Көзі тірісінде талай басылымдарға сан сұхбат берген Шебер солардың бірде-бірінің нақты түрде атын атап, түсін түстеген емес. Айтпаса сөздің де атасы өлетіндіктен, сол шындықтың бетін ашуға талпыныс жасап көрейік: Бекет Бекетов – Евней Бөкетов, Мерген – Сафуан Шаймерденов, Есенбек – Тұрсынбек Кәкішев, Белгілі Бекей – Белгібай Шалабаев, Дүйсен Байкенжин – Бейсенбай Кенжебаев, Шой Ғалиев – Ханғали Сүйінішәлиев, Дос Тәкімов – Ысқақ Дүйсенбаев, Мәкен Айсина – Мәскен Сармурзина, Қарабұжыр – Нұрымбек Жанділдин, Сәмсүгір Сұршин – Нұршин.
Бұған қарап романда Әуезов замандастарының бәрінің аты-жөні өзгеріп түскен екен ұғым қалыптаспауы керек. Ұлы жазушының өскен, өнген ортасы, жақын-жуығы түгелдей өз жөнімен, өз атымен шығарма төрінен орын алған. Даралауды да, қаралауды қажет етпейтін С.Мұқанов, М.Ғабдуллин сияқты кейіпкерлер де өз атымен аталады.
Шебер салған портреттер қандай десеңші.
Көрейік. Сіз де назар салыңыз.
«Маған бұрылған сәтте байқап қалам, ат жақты, ашаң бетінің бар көзге түсер жерін мұрын басып қалған: шоқыбел ұзын мұрын қабақтан төмен оқтаудай салбырай бере қақ ортасынан күрт сынған да жебедей сүйір ұшымен үстіңгі ерінді үстінен орап барып ауызға шөккен. Сонда шынында да бетінің бәрі мұрын секілденіп кетеді. Мұның есесіне беттен көзге тиген орын тым тапшы: пышақ сыртындай ғана жыртықтан сығырая жылтыраған кішкене көз ісінген үлкен мұрынға жараспайды, беттің шырқын быт-шыт бұзып тұр. Бірақ осы көздің «сұлуынан жылуы» көп, ұяң, бұйығы, момын; жанарынан нұры да жұмсақ, жұбау; кірпігін жабырқау мұңмен кіреукелеп, кісіге біртүрлі елбіреп, есіркей қарайды».
Бұл – қазақтың ардақты жазушысы Сафуан Шаймерденовтің студент күнгі суреті.
«Қарасұр жігіт бір көрмеге әп-әдемі, қыр мұрын, атжақты, ашаң. Көзінің шарасында ақыл мен ашу оты аралас жанады. «Ашусыз – ақыл тұл» деген бар, асылы, ақыл оты маздаған жерде ашу шоғы қосыла қоздаса, сол – абзал! Жалғыз-ақ, осы жігіттің осынау әп-әсем кескін-кейпінде «осы қалай» бір жер бар: неге екенін, неден екенін кім білген, көзінің асты көне сырнайдай жиырылып жатқан қыртыс-қыртыс әжім. Әжімнің қалыңдығы сондай, күзгі таң атып, күн шыққанда шөп басын шиырлай шырмай жүзіп жүретін шұбалаң мизам секілді көз маңын түгел айғыздағанмен тұрмай үстіне шығып, кірпікке ілініп, көздің қарашығын шырасымен қоса жасырып, жым-жылас қымтап тастайды екен».
Бұл – бүгінгі академик Тұрсынбек Кәкішевтің жігіт күнгі келбеті.
«Шатын айыра төмен салбыраған бір құшақ қанар-қарнын айтпағанда, тіпті бүйір-бүйірдің өзі піл сауырланып беларқаға қарай аунай айналып кеткен. «Бетте де кем дегенде бір-бір килодан ет бар-ау» деп ойладым. Шықшытты, салпы ерін; иек дегеніңіз жақпен жіксіз жалғасқан бұғаққа кіріп жоқ болған; ал мұрын қос жұдырықтай түйілген екі беттің ортасына қыстырылып қалған да, семіздіктен жұмылып кеткен көз орнында көзілдіріктің қос шынысы ғана жылтырап тұр. Көзілдіріктің сабы самайды жүлгелей жаншып барып сол арада қылтиған бір шеміршекке әрең ілінген. Сол шеміршек, сірә, құлақтың шеті болуға тиіс».
Бұл – белгілі әдебиет зерттеушісі, академик Ысқақ Дүйсенбаевтың шын шебердің қолынан шыққан қайталанбас келбеті.
Егер сіз осының бәріне бас кейіпкердің көкала бұлт секілді көк мамық шашы, сызатсыз, қылаусыз, шылаусыз даңғайыр маңдайы, қарасынан гөрі ағы басым көзі, жылт-жылт ұшқын шашқан қиығы, кермиық, кербез пішіні, кең иық, көтеріңкі кеудесі, толық денесін ауыр қозғаған, ырғала басқан жүрісі, тіпті орындыққа отырып, тізе бүгісіне дейін бар болмысымен өзінше айтқанда «кеудесіндегі күллі дірілінің түйсінісімен» жазылған Қабдолов қаламынан Ұлы Ұстаздың ешкімге ұқсамайтын ғажайып портретін қосар болсаңыз, «Менің Әуезовім» романы сөзбен сомдалған «қайталанбас портреттер галереясы» болып шығады.
«Менің Әуезовім» – әрине, заман туралы роман. Қиялдан туған қайдағы бір коммунистік мұрат үшін әке балаға жауығып, бала бабасынан безінген, ақиқатты айтуды былай қойып, іздеуге тиым салынған бірінің бірі аяғынан шалып, жағасынан алған сұр заманның сұрғылт бейнесі де асқан суреткерлікпен бейнеленген роман.
Зекең «Менің Әуезовімді» ұзақ жазды. Өзіне тән ұқыптылықпен сан рет түзеп, күзеп, әрлеп, әдемілеп жазды. Арагідік республикалық баспасөзде үзінділері жарияланып, оның жазылып жатқанынан хабардар қауым іздеп жүріп оқыды. Әдеби, ғылыми жұртшылық өте жоғары бағалап, роман-эссе Қазақ елінің ең мәртебелі марапаты – Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Мұның бәрі шебердің мерейін өсіріп, ол романның екінші кітабын жазуға отырды. Тағдыр оған бұл кітапты аяқтауды бұйырмапты. Соның өзінде «Менің Әуезовім» Мұхтар Әуезов туралы терең тебіреніспен жазылған үздік туынды ретінде ұлт әдебиетінің төрінен ойып тұрып орын алды.
Егер «Менің Әуезовім» қаламгер Қабдоловтың бірегей кітабы болса, «Сөз өнері» ұстаз Қабдоловтың өмір бойы қырлап, сырлап, өңдеп, толықтырып жазған басты кітабы болды.
Жас ұстаз Зейнолла Қабдолов 1961 жылы алғаш рет студенттер мен аспиранттарға арналған «әдебиеттану» бағдарламасын жасайды. Арада тоғыз жыл өткенде ол осы бағдарлама бойынша оқылған лекциялар циклы негізінде «Әдебиет теориясының негіздері» деген атпен жаңа әдебиеттану оқулығын шығарады. Ал 1976 жылы бұл оқулық түбірімен өңделіп, толықтырылып «Сөз өнері» деген атпен жарық көрді және ол ұстаздың көзі тірісінде әлденеше рет қайта басылып, қазақ филологтарының бірнеше буынын тәрбиелеген әдебиет теориясының бас оқулығына айналды.
Әрине, әдебиет туралы оқулық қазақ әдебиетінде Қабдоловқа дейін де болған. Оның жол басында Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» тұр. Бұдан кейін Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938) мен Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының негіздері» (1940) кітаптары да жарық көрген. Зекең кітабының Кеңес дәуіріндегі алғашқы басылымында Ахаң туралы бір ауыз сөз жоқ. Кезінде осыны сан-саққа жүгіртушілер болды. Оның ақиқатын Зекеңнің өзі-ақ айтты.
Ол 1995 жылы Аристотель тұжырымына сүйене отырып, әдебиеттану ғылымының басы, ортасы, және аяғы болатыны туралы пікірді алға тартады да: «Басы – жиырмасыншы жылдары жазылған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы», ортасы қырқыншы жылдарға таяу басылып шыққан Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» мен Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері», аяғы алпысыншы жылдардың басында жазылып бітіп, жарық көрген Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» («Сөз өнері»). Ахаң жоқта біздегі әдебиет басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік». Академиктің ағынан жарылып айтқан осы сөздері шығар күндей шындық.
Әдебиеттің үздіксіз өсіп, өркендеп, дамып отыруымен бірге әдебиеттану ғылымы да үнемі жаңарып, жаңғырып отырады. Тіпті бірыңғай партияның басшылық үстемдік еткен Кенес Одағы кезінде ресми оқулықтар ретінде ұсынылған Абрамович, Тимофеевтердің кітаптарындағы теориялық ой-тұжырымдарға мүлде кереғар М.Бахтин, Ю.Лотман, В.Шкловскийлердің кітаптары да жарық көрген болатын. Әдебиет сияқты әдебиеттану ғылымына да әркімнің өз көзқарасы, өз ұстанымы болуы әбден заңды.
«Сөз өнерінде» Ахаң туындатқан терминдер молынан пайдаланылған. Әйтсе де Қабдолов біржолата Ахаңның жетегінде кетпейді. «Ахаң терминдерін жапатармағай жіпке тізе бермей таңдау керек, талғау керек, сөйтіп барып таңдау керек» дей келіп, «Әуезе-эпостың, толғау-лириканың, айтыс-драманың бүгінгі теориялық деңгейіндегі баламдары болады деу қиын», – деген тұжырым жасайды. Академиктің де пікірімен келіспеу қиын-ақ.
Бүгінгі әдебиеттану ғылымы, әдебиет теориясы бүкіл адамзаттық ғылым-білімнің дамуына сәйкес өлшеусіз өсіп, өркендеді. Жаңа оқулықтарды былай қойғанда әдебиеттану ғылымының мүлде жаңа салалары пайда болып, әлемдік әдеби пейзаждағы әдебиет теориясының жаңа терминологиясы қалыптасты. Ағыл-тегіл ақпаратқа құрылған бүгінгі заманның биік талаптарына сай жаңа оқулықтар жазылғанынан және әлі де жазылатынынан хабардармыз, бірақ Ахаң түрлетіп, Қабдолов қисындаған «Сөз өнерінің» қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны ерекше және солай болып қала бермек.
«Сөз өнері» – ерекше кітап. Жай кітап емес, поэзия тілімен жазылған оқулық. Жай оқулық емес, оқулық-монография. Келісті оқулық, келелі монография.
Алғашқы сөйлемдерінде-ақ «осы әдебиет дегеннің өзі не нәрсе?» деген сұрақтан бастайды да, оқушысын әдебиет әлемінің таңғажайып әлеміне жетелеп, сөз өнерінің сан алуан құпиясын ашады. Кітаптың «Сөз өнері туралы сөз», «Сөз өнері жайлы ғылым», «Сөзбен сомдалған тұлға», «Сөзбен шыңдалған шындық», «Сөз сыры», «Сөз сарасы», «Сөз өнеріндегі тек пен түр», «Сөз өнеріндегі бет пен бағыт» атты сегіз тарауы сегіз өрім қамшыдай жымдасып кеткен.
«Сөз өнері» – қазақ әдебиетінің бар құпиясын ашып, қастерлі табиғатын тануға талпынған жанға арналған алтын кілт. «Сөз өнері» – мен үшін ерекше ыстық кітап. Мен онымен мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенде таныстым. Бұл біздің орта мектеп бағдарламасында әдебиет теориясынан әжептәуір мағлұмат алып әдебиеттің тегі мен түрін ажырататын дәрежеге жеткен кезіміз болатын. Сол жылы аудандық радионың жауапты хатшысы Бейсехан Көбесов деген азамат Алматыға білім жетілдіру курсына аттанып, одан қайтып оралғанда «Сөз өнерінің» қоңыр мұқабалы кітабын маған сыйға тартып:
– Бауырым, бұл – Алматының бүкіл филологтары мен журналистері жастанып оқып жүрген кітап. Өзі жақында ғана жарық көрді. Түптің түбінде сені әдебиет әлеміне осы кітап әкелетін болады, – дегені әлі есімде.
Мен «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» кітапты бірнеше қайыра тамсана, таңдана оқыдым. Менің ұлттық университетке түсуіме бірден-бір шапағатын тигізген осы кітап десем артық айтқандық бола қоймас. Тіпті әдебиет әлеміне біржолата кірігіп кетпесем де, одан әлі күнге дейін алыстамай жүруімнің үлкен бір сыры да жас күнімнен санама сіңген осы кітаптың арқасы.
Зекең шығармашылығының тағы бір үлкен парасы – аудармашылығы. Ол аударған Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ері» алпысыншы жылдары зор табыспен М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында сахналанып жүрді. Орысша «Всеми забытый» деп аталатын бұл пьесаны Зекең «Елеусіз қалған есіл ер» деп құлпырта ат қойып, қазақ авторының төл туындысындай сөйлетеді. Н.Жантөрин, Х.Бөкеева, Ф.Шәріпова, А.Әшімов сияқты қазақтың ұлы актерлері ойнаған бұл шығарма ондаған жылдар бойы көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Дәл осы пьеса арқылы сол кезде есімін ешкім білмейтін режиссер Виктор Пұсырмановтың аты театр қауымдастығына кеңінен мәлім болды.
Шебердің аудармасымен Гаррнет Бигер Стоудың шығармасы бойынша жазылған А.Брунштейннің «Том ағайдың лашығы» республикалық Жастар театрының сахнасына шықты. Атырау облыстық театры Зекең аударған орыс классигі А.Островскийдің «Ұшынған ақша» комедиясын қойды.
Аударма әлеміне ұстазы Мұхтар Әуезов мақалаларын аударумен келген Зейнолла Қабдолов қазақ аударма өнерінің дамуына ерекше үлес қосты.
Зекеңнің қаламынан туған бірінен-бірі асып түсетін әдеби зерттеулер, очерктер мен эсселердің өз бір төбе. Қай жанрда жазылса да олардың қай-қайсысы болмасын тайтұяқтай кесек құйылып түскен дара дүниелер.
Қабдолов публицистикасы – қазақ көсемсөзінің керемет үлгісі. Оның тақырып қоюы, оқиға өрбітуі, өмірбаян деректерін ойнатуы, сөзден ой туындатып, образ сомдауы қаламгерлік шеберліктің қайталанбас мектебі деуге әбден тұрарлық.
Кейіпкерлері қалай десеңші, бірінен-бірі өтеді. «Феномен» (Х.Досмұхамбетов), «Селен мен өлең» (Е.Букетов), «Тұлға» (С.Зиманов), «Ойшыл туралы ой» (Ж.Әбділдин), «Мықшеге» (Т.Қожакеев) атты етек-жеңі жинақы болса да, көтерер жүгі салмақты портреттері оның ғұлама ғалым, қабырғалы қаламгер ғана емес, керемет көсемсөз шебері екендігін айқын аңғартса керек.
...Өмірінің соңғы кезінде Зекең төсек тартып жатып қалды. Қызмет соңында жүріп, келуімді сиректетіп алдым. Ағаммен жолығудың сәті жаңа жылдың қарсаңында ғана түсті. Себетке салып Аяз Атаның сыйлығын ала келген мен Сәуле апаммен амандасқаннан соң көңілін сергіте:
– Жатудың бәрі ескі жылда қалсын. Жаңа жылда секіріп Алатаудың сеңгіріне шығыңыз. Аяз Атаға жасаған жаңа жылдық тартуыңыз сол болсын, – дедім екпіндете сөйлеп.
Зекең асықпай төсектен басын көтерді. Мен лезде жастығын биіктетіп, кеудесін тіктедім. Ұстаз маңдайымнан иіскеп: «Ой, айналайын, келдің бе?» деді ерекше мейірленіп.
Бұл кезде Зекең әлі тың болатын. Сөзі анық, жады мықты. Төсек тартып жатса да ел тұрмысынан, баспасөз арқылы әдеби, мәдени жаңалықтардан хабардар екен. Менің кейбір жазғандарымды оқыпты.
– «Менің ағаларымның» ең басты кейіпкерінің бірі – Сізсіз, Зеке. Сырқаттан құтылған соң әлі талай асықпай сұхбаттасармыз. Дегенмен кейбір жайларды анықтап алғым келеді, – деп ағаны ақырындап әңгімеге тарттым.
Зекеңнің жүзіне қан жүгіріп, баяу дауыспен біраз әңгіме айтты. Әсіресе, Әуезов туралы ерекше ықыластана сөйледі.
Әңгіменің соңына қарай себетке қарай ишара жасап:
– Құй, - деді.
Мен Сәуле апайға көз қиығын салып едім, апамыз үнсіз басын изеді.
Әп-сәтте шампан ашылып, үй-іші жадырап сала берді. Зекең суық шарапты сіміре жұтып:
– «Тас бұлақтың суындай сылдырап өңкей келісім», шіркін, Абай қалай келістіріп айтқан, – деді.
Мен «апырай, сарбаз жанның сырқаты да ерекше болады екен ғой деп таң-тамаша қалдым.
Бұл шебердің соңғы жаңа жылы еді. Осы оқиғадан соң шебермен тағы екі рет жүздессем де сол бір кездесу жадымда мәңгі жатталып қалыпты.
Зекең бақытты өмір сүрді. Ұлы Әуезов айтқандай өзі «сұлу мінез, сұлу білім иесі» сұлу өмір сүрді. Сұлу ұрпақ өсіріп, сұлу мұра қалдырды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін баласындай мәпелеп күтіп, қаламынан шыққан әр шығармасын аялап сақтаған, өзі тірісінде жариялай алмаған шығармаларын шашау шығармай жарыққа шығарып, ұлы шебердің кейінгі алты жылын кестелеген керемет күнделік жазған Сәуле апайдай сұлу жар сүйді.
Шебер бүгін арамызда жоқ. Бірақ оның сөз өнерінде салған ізі сайрап жатыр.
Жалғасы бар, осында