1997 жылдың наурыз айы болатын. Атыраудың бір топ спортшыларымен бірге Алматыға жарысқа келе жатқанбыз. Ұшақта бізге орын әр жерден тиді. Түскен соң бәріміз аэропортқа тарттық. Бірге келе жатқан спортшылардың бапкері Сүндеткерей: «Мына кісі кикбокстан республикалық федерацияның тұңғыш президенті болған екен. Мында оның фамилиясы бар» - деп екі бүктелген қағазды қолыма ұстата салды. Ашып көріп едім, өз көзіме өзім сенбедім. «Сәтімжан Санбаев» деп жазылып тұр.
Сәтімжан ағаймен көптен бері танысқым келіп жүретінмін. Жұртқа «ағайынымыз болады» деп айтып та жүрдім. Олай дейтін себебім бар. Бұл әулетпен біз алыстан қосылатын ағайын боламыз. Менің анамның нағашылары Қаракемпір (дұрысы Дербіс) Шеркеш. Жаңылмасам, Санбай деген атасы менің кәрі нағашым Нұрпейіспен немере ағайын болып келеді. Алпыс бірінші жылы Қарабауда тұрғанда Сәтімжан аға біздің үйге қонаққа келген көрнеді. Ол жылдары сол Қарабауда кеңшардың бас инженері болып қызмет етіпті.
«Бұл кісі қайда?»-деп сұрадым, Сүндеткерейден. «Әне, ана адам» деп, алдымда кетіп бара жатқан бір кісіні көрсетті. Жедел жүріп қасына бардым да, «Ассалаумағалейкум, Сәтімжан аға!» - дедім. «Әлейкумәссәләм!» - деді. Бірден «Аға, мен Қарабаудағы Сәдір Мұхитовтың баласымын. Мен де осы жігіттермен бірге Алматыға келе жатырмын», - дедім. Сәтімжан аға сәл ойланып тұрды да, «ондай кісі есімде жоқ» дей салды. Мен біраз абдырап қалдым. Тіпті аузыма сөз де түспей қалды. Бізді жақсы танитын сияқты еді ғой, неге «ондай кісі есімде жоқ» деп жауап берді екен. Тарс-тұрс етіп жетіп барғанымды ұнатпай қалды ма екен? Сол жерде әңгімеміз бітті. Жолаушылар легіне еріп Сәтімжан аға алға қарай жүре берді. Мен жүрісімді баяулатып артта қала бердім.
... Мектепте оқып жүргенде Жұмазия апам «Ақ аруана» кітабының мазмұнын айтып берген. Әліби Жангелдин болып ойнаған киносын да көрдім. Бес аспапты адам болған екен. Кейін Алматыда оқып жүрген кезде ол кісінің абыройының қаншалықты жоғары екенін тағы да естіп білдім. Небір мықты жазушылардың өздері Сәтімжан ағаны «Талғампаз жазушы, өте білімді адам» деп жоғары бағалап жүрді. Әрине, әлем классиктерінің деңгейіне көтерілген жазушыны неге бағаламасқа? ...
Бірақ ол кісімен енді кездесуге беттемедім. Тоқсаныншы жылдардың соңында, «Рахат» телеарнасында, саяси-әлеуметтік тақырыпта жеке бағдарлама жүргізуші едім. Сол кезде «Қазақ-Түрік мұнайының» бесжылдығы тойланып жатты. Оператор екеуміз камерамызды алып «Рахат-Палас» қонақүйіне келдік. Мақсатымыз - сол шараны видеоға түсіріп, екі-үш адамнан сұхбат алу. Телевидениеден келгенімізді білгесін бәрі де жылы қабылдап жатыр. Бірақ өзіміз ешкімді танымаймыз. Сол жерде сұрастыра келіп, Қамит ағамен таныстым. Қамит Қамзаұлы Сәтімжан ағаның кіші інісі болатын. Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблін құрғандардың бірі. Қамит аға жылы кісі екен. Қасына ертіп жүріп, бірнеше адамдармен таныстырды. Сол жерде сұхбатқа екі адам таңдап алдым. Біреуі экология мен табиғи ортаны қорғау министрі Серікбек Дәукеев болатын. Ол кісі кейін Атырау облысының әкімі болды. Сөйтіп, қажетті сюжетімізді түсіріп алған соң телевидениеге қайттық.
Бірде «Алтын Орда» газетіне сұхбат алайын деп Асанәлі Әшімовпен кездестім. «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуіне 40 жыл толған екен. Асекең сол киноның түсірілуі тарихын айтып беретін болды. Келісілген уақытта «Шәкен жұлдыздары» атты продюсерлік орталыққа келдім. Асанәлі ағаға өзімді таныстырдым. Шеркештің жиені екенімді білді. Жақсы сұхбат болды. Біраз нәрсені жазып алдым. Кейін ол сұхбат 2008 жылдың қараша айында «Алтын Орда» газетінің бір санында, «Қыз Жібек-40 жаста» деген айдармен жарық көрді. Шамамен екі сағаттай сұхбат алдым білемін, бір кезде Асекең Сәтімжан ағаға телефон соқты. Халін сұрап болған соң, «... қалаға шығып тұрсайшы. Серігесің, ауруыңа ем болар еді. Қазір қасымда Атыраудың бір жігіті отыр. Өзі шеркештің жиені көрнеді. Сол жақтағы бір газетке менен сұхбат алуда. Сен де қатысаң жақсы болар еді» деді. Әңгімелерінен аңғарғаным - Асанәлі ағаның үлкендігі бар сияқты. Сөздерінен қамқорлық лебі сезіліп тұр. Келер ме екен деп елеңдеп едім, бірақ Сәтімжан аға келмеді. Сірә, ауырып жүрген сияқты.
2010 жылы болуы керек, Атырауға Сәтімжан аға келіпті дегенді естідім. «Атырау» шипажәйына тоқтаған екен. Үйге келген бойда бірден анама айттым. Анам ол кісімен телефонмен сөйлескісі келді. Сөйтіп, Сәтімжан аға тоқтаған бөлмеге телефон шалдым. Өзі көтерді. Мен телефонның тұтқасын анама бердім. Екеуі ұзақ сөйлесті. Біраз нәрселерді естеріне алып жатыр. Бірін-бірі жақсы танитын адамдар екеніне көзім жетті. Анам тіпті жылап та алды. Сол кезде мен Сәтімжан ағамен алғашқы кездескенімді есіме алдым. Түйгенім - бірден анамның атын айтқанда дұрыс болатын еді. Шығармашылықтың адамы ғой, көптеген адаммен кездесіп жүреді. Әкемді айтқанда есіне түспеген де шығар. Жалпы табиғатынан томаға-тұйық адам болған сияқты. Ортаға көп жұғысып кетпейтін кінәмшіл, кісікиік мінезі болған болуы керек. Ондай адамдар қасына көп ешкімді жолатпайды ғой. Ал дос болған адамдарына мәңгі адал болатын сияқты. Әлде жетіп барғанымды ерсі көріп қалды ма екен? Әйтеуір бірден өзін алшақ ұстады. Ондай текті мінезі болмаса мұндай терең туындылар жазар ма еді?
Арада көп уақыт өтпей Сәтімжан ағаның дүниеден озғанын естідім. Соңғы демі біткенше шығармашылықпен айналысқан кісі болған екен. Тіпті, сол жолы да Атырауға Мақаш әкім туралы жазып жүрген кітабын аяқтау үшін келген екен. Өкінішке орай сол кітабы аяқталмай қалды деп естідім. Тірі болып, дені аман-сау болғанда әлі қанша құнды шығармасын ұсынар еді оқырмандарына.
Уақыт өткен сайын арамыздан өткен ірі тұлғалар биіктей береді емес пе? Сондай тұлғалардың бірі Сәтімжан Санбаев болды десем артық айтпаған болармын.
Жуырда, Нұрберген Өтепұлынан (Нұрберген аға Балғымбаев) хабарлама келді. Нұрекең, Сәтімжан ағаймен дос болып, көзінің тірісінде араласқан адам екен. Биыл күзде, Сәтімжан Санбаевтың 80 жылдығын атап өткелі жатқанын сол Нұрекеңнен естідім. Жұбайы Светлана Санбаева өзінің әлеметтік желідегі парақшасында көптеген естелігін жариялап жүр екен. Сол естеліктерді жинақтап сайтқа шығарғанымды жөн көрді. Осы өңірден түлеп ұшқан азамат қой, елі ұмытпасын деген шығар. Өте дұрыс ұсыныс болды Нұрекеңнің айтқаны. Сәтімжан ағаның шығармаларын, өзінің берген сұхбаттарын, ол туралы шыққан басқа да естеліктердің бірқатарын оқып шықтым. Светлана жеңгейдің жазған естеліктеріменде таныстым. Екі-үш киносын қайта қарап шықтым. Ұққаным, мен бұл кісі туралы көп білмейді екенмін. Атырау топырағынан шыққан классик ағамыздың еңбектерін енді оқитын боламын. Шығармашылығымен әбден таныс болған соң ол кісі туралы ой - толғамымды тағы да жазамын деген шешімге келдім.
Бір-ақ рет жүздесу бұйыртса да жазушы ағаммен кездесіп - сөйлескенімді айтып жүретін боламын енді...
Қабибек Мұхитов