Жилая Коса – Жем өзенінің Қараөзек аталатын тармағының бойында 1874 ж. пайда болды. Оның атауы елді мекен орналасқан жерге байланысты шыққан, аудармасы «тұратын мүйіс» мағынасын береді. Кент тұрғындары негізінен балықшылықпен айналысты. 1896 ж. жүргізілген халық санағы бойынша кентте 167 үй болып, тұрғындарының 304 ер, 293 әйел барлығы 597 адамды құраған. Кетте басқару әкімшілігі (сельский староста), шіркеу мен мектеп, 12 балық өндірісі, 30 сауда орыны және 2 ұстахана жұмыс жасаған.
Кенттің балықшылыққа қолайлы жерде орналасуы ХХ ғ. басында тұрғындар санының өсуіне әсер етті. 1900 ж. статистикалық деректе кенттегі 260 шаруашылықтағы (отбасындағы) 963 тұрғынға (563 ер, 400 әйел) талдау жасалған. Нәтижесінде олардың 129 мещан, 706 шаруа, 1 көпес, 7 дін өкілі құраған. Кент тұрғындарын ұлтқа бөлгенде 666 орыс, 1 поляк 1 еврей, 3 армян, 232 татар, 56 қазақ, 5 лезгин, 3 башқұрт тұрған. Тұрғындардың 193 сауатты, 46 жартылай сауатты және 78 татарша сауатты болған. Кентте 50 ағаштан, 87 қамыстан, 58 шикі кірпіштен тұрғызылған барлығы 195 тұрғын үй есепке алынған.
1906 ж. кент тұрғындарының 902 ер, 946 әйел, барлығы 1844 адам болады. Кентте 2 мектеп (1 шіркеу жанындағы, 1 орыс-қазақ), 110 сауда орыны, 12 ұстахана және 31 өзге де өндірістік орындары жұмыс жасады. 1910 ж. кент Каспий теңізінің шығыс жағалауын есептемегенде, Гурьев уезіндегі халық саны жағынан алғанда ең үлкен елді мекеннің бірі болып, тұрғындары 2257 адамға жетеді.
Қазан төңкерісі қарсаңында кентте әртүрлі тауарлар сататын 60 сауда орыны мен 20 жуық өндірістік-қолөнер орындары: ұстаханалар, күбі жасаушылар, наубайханалар, шаштараздар және бір сағат жөндеуші жұмыс жасады. Сонымен қатар, болыстық басқару және Гурьев уезінің 2-учаскесінің Шаруалар бастығының кеңселері, 10 орындық аурухана, полиция, шіркеу жанындағы және орыс-қазақ мектептері, 2 шіркеу мен 1 мешіт, гидрометеорологиялық станса қызмет атқарды.
Қазақтар кентпен қатар, оның жанында қыстаулар салып қоныстанды. Елді мекеннің тұрғындары балықшылықпен қатар, қазақтардан мал, жүн, тері алып басқа жерлерге сатумен де айналысты. Мұндай сауда қазақтардың қыстауға көшіп келген уақытында жүргізілді. Дегенмен, кейінгі кезеңде кент тұрғындарының негізгі кәсібі балықшылық емес, көшпелілермен арадағы саудаға айналады. Мысалы, кентте 1910 ж. 80 жуық ірі балық өндірісі болса, 1915 ж. олардан 24 қалады. Осыған орай, тұрғындар арасында Еділ жағалуы мен өзге өңірлерге көшу үрдісі басталады. Қазан төңкерісі қарсаңындағы соңғы 1915 ж. статистикалық дерек бойынша кенттегі 499 үйде 1173 ер, 1094 әйел барлығы 2267 адам тұрды, яғни 5 жылдағы өсім 10 адамды құрады.
Қазіргі уақытта Жилая Коса кентінің құландысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан.