Жәңгір ханның төрт әйелі болған.Үлкен әйелі Қазима руы арғын. Онан 1819 жылы Ескендір, 1822 жылы Зұлқарнайн деген ұлдары дүние есігін ашады («Астраханский листок»-газеті 1898ж.) Ескендір ерте қайтыс болған сияқты, тіпті екеуі бір адам болуы да мүмкін. Тарихтағы атақты қолбасшы Ескендір Зұлқарнайн бір адам ғой. Зұлқарнайн Орынбордағы Неплюев кадет корпусын 1851 жылы бітіріп, Беріш руының сұлтаны болған. Ордада тосын кеселден қайтыс болған (Халық кеңесі газеті 89 номері). Ұлы Сәлімгерей Зұлқарнай ұлы Нұралиханов 1909 жылы Томск университетінің заң факултетін бітірген. 1929 жылдары Орда аудандық прокуратурасында қызмет істеген.
Екінші әйелі Жүзім – Жақау-Ақсирақ Шеркеш Мүсіреп би Айдаболовтың бауыры Әсирептің қызы. Онан туған балалары – Сейткерей мен Исмайыл. Исмаил Орынбордағы Неплюев кадет корпусында білім алып жүргенде 1850 жылдың 19 тамызында белгісіз себепте қайтыс болды. Сейткерейден қалған ұрпақтары ақын Шәңгерей мен Мұхамедкерей. Сейткерей 1852 жылы 2 мамырда ұзаққа созылған демікпе ауруынан Ордада қайтыс болған. Онан екі жыл бұрын әйелі Ермекжан Шыңғалиқызы қайтқанына оның басына қойылған құлпытасы дәлел бола алады. Әкеден де шешеден де айрылған тұл жетім Шәңгерей мен Мұхамедкерей ағайындарының тәрбиесінде болған.
Үшінші әйелі Фатимадан – ұлдары Сахыпкерей - 1832 жылы, Ибраһим -1834 жылы, Ахмедкерей-1837 жылы, Ғұбайдулла 1840 жылдары дүние есігін ашқан деген деректер бар. Қыздары – Зуһре 1828 жылы, Айша -1833 жылы, Хадиша -1835 жылы дүниеге келген. Айша 1846 жылы қайтыс болған. Сахыпкерей 1825 жылы дүниеге келген деп те жазып жатады. Ол да мүмкін, өйткені хан тағынан үміткер болуы және Бөкей ордасында ноғай-қазақ руына сұлтан болуы осыған дәлел. Сол кезде ноғай руында Сахыпкерей сұлтан, Шомбал Ниязовтың би болып, Сахыпкереймен бірге қызмет атқаруы Сахыпкерейдің есейіп қалғанына дәлел. 1840 жылы орыс императорының өкімімен әке тағының бірден-бір мұрагері болып танылған Сахыпкерейге оқуын бітірмей тұрып, камер-паж атағын берген.
Енді бір деректе хан ұлдарының ішінде князь атағын тұңғыш алған да Сахыпкерей,1849 жылы оқуын аяқтап келе жатырғанда белгісіз жағдайда қайтыс болған дейді. Орынборда оқыды деп басқа балаларымен шатыстыруы да мүмкін ғой. Хан ұлдарының төртеуі Петербургте паж корпусында оқыған. Солардың ең үлкені Сахыпкерей болған. 1849 жылы Орынбордан қайтып келе жатырғанда, оқудан емес хан тағына отыру үшін барып келе жатырған болуы мүмкін, орыстар созбалап-созбалап хан болайын деген ойын жүзеге асырмаған ғой. Ал қайтыс болған кезде Жәңгірханға жоқтау жазған бәйсеу-алаша-Байтоқ ақын: Орынборға кеткен Сақыпжан, Сырасын ішіп, сау қайтса - деп жырлауында көзі ашық қазақтардың хандықтың жойылмауын қолдағандығын көреміз. Және бір іштеріндегі шер мен мұң, әлсіздік пен мәжбүрлік, «орыстың қылғаны зорлық, қазақтың көргені қорлық»-дегендей қолынан ештеңе келмей тұрған мойынұсынушылықты көруге болады.
Ахмедкерей туралы жастай қайтты деген дерек бар. Ибраһим оқу бітіріп келіп, Орынбор генерал-губернаторына шенеунік болып жұмыс атқарады. Князь атағын алған Ибраһимге айналасындағылар «Чингиз хан» - деп ат қойған. Ол да көкірек ауруынан қайтыс болған.
Хан балаларының ішінде Ғұбайдолла көпшілікке танымал адам болған. Ол патшалық Ресей армиясының «кавалерия генералы» (қазіргіше армия генералы) дәрежесіне жеткен алғашқы қазақ төресі. Оқуды үздік бітіргені үшін оның аты корпустың алтын кітабына жазылған. 1857 жылы оқуын бітіргесін Орынборға қызметке жіберіледі. Орынборда ол көшпелі қазақ, қалмақ, башқұрт ұлттарын басқару ісімен шұғылданады. 1866 жылы ротмистер шенін алып, Дон казактарының атаманының қарамағына қызметке жіберіледі. 1868 жылы полковник шені беріліп, Ресейдің солтүстік-батыс өлкесіне жұмысқа ауыстырылады. 1874 жылы оған Александр II бұйрығымен телеграф департаменттігін басқару жүктеледі. 1877-78 жылдарда орыс-түрік соғысына қатысып, генерал-майор атағын алған. Соғыстан кейін ішкі істер министрлігі жанындағы қазақтарды басқару бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Оған 1888 жылы генерал-лейтенант, 1894 жылы кавалерия генералы атағы берілген. Петербургте қызмет еткен кезінде Ғұбайдолла – қазақ балаларының жоғары оқу орындарына қабылдануына көмектеседі. Сондай-ақ, жазықсыз түрмеге жабылған Ақмолда ақынның босатылуына көмек жасайды. Ақмолданың шын аты – Мүфтахаддин Мұхамедиярұлы болатын. Ғұбайдолла Петербургте тұрған кезінде актриса Марина Савинаға үйленген. Ол өкпесінің ауруына байланысты Қырымға көшіп, өмірінің соңғы кезеңдерін сонда өткізген. 1909 жылы қайтыс болып, Ялтаға жақын жердегі Деркой деген татар ауылының маңындағы мұсылман зиратына жерленген. Жәңгірдің Зылиха деген қызы 1859 Башқұрт елінің Бөлебай уезінде тұратын татар алпауыты полковник Тевкелевке тұрмысқа шығады. Күйеуі думада мұсылмандар фракциясының жетекшісі болған.
Хадиша Қостанайдың төресі Сейітжан Жантөринге тұрмысқа шығады. Жәңгір хан Уфа маңындағы жерін осы қызына бергендіктен, сол жаққа қоныс аударған.
Уфа губерниясынан думаға депутат болып сайланған Сәлімгерей Жантөрин Хадишадан туған Жәңгірханның жиені.
Берқайыр Аманшин «Махамбеттің тағдыры» -деген кітабында Жәңгірхан мен Фатима екі айдың аралығында өлгесін Әміржан Хусаинов деген балдызы, яғни Фатиманың інісі кішкентай жиендерін Орынборға алып кетті деп жазған.
Зылиха Жәңгір хан қызының құлпытасы
Зылиха Жәңгір хан қызы (1832-1866). ... бизикриhил-ағлә: Күллу нәфсин зәәиқатул-мәут. (Алланың ұлы зікірімен бастаймын: "Күллі жан иесі ажал дәмін татады" деген Құранда үш жерде айтылған аят) Тарих румиа 1866 санат ауғустнің 2 күнінде макраматун Зулейха бике Жиhангир хан қызы мырза Шейдкерей заужесі (Сейдкерей мырзаның әйелі) 34 иашнде шаhaр Уфеде дар дуниадан ... (Тевкелевке 1851 жылы тұрмысқа шыққан Жәңгір ханымыздың Зылиха деген қызының құлпытасы болуы мүмкін. 1828 жылы туған Зухра мен 1827 жылғы Ханзададан кіші 1833 жылғы Айша мен 1835 жылғы Хадишадан үлкен қызы болған боп тұр.) Құлпытас Башқұртстанда, Бөлебай жерінде.
Өлкетанушы,
Батыс Қазақстан облысы,
Асан ауылдық мешітінің бас имамы
Мұратбек Жахатов