Керуен-сарай Сағыз өзенінің сол жақ жағалауында, Мақат поселкесінен шығысқа 39 шақырым жерде, Қызылқоға ауданының Кенбай елді-мекенінен оңтүстік-батысқа 15,8 шақырым, Жамансор станциясынан оңтүстік-шығысқа қарай 18,5 шақырым, Құлсары қаласынан солтүстік-батысқа қарай 76,5 шақырым, Бекбике елді-мекенінен солтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым қашықтықта орналасқан. GPS координатасы N 47° 37 250; EO 53° 50 184.
Ескі Ноғай керуен жолы деп аталған Жібек жолының бір тармағы Сарайшық қаласы мен Көне Үргеніш қаласын жалғайтын жол болды. Осы жол бойында ондаған қалалар мен керуен сарайлары салынып өркендеді. Ол XI-ХҮІІІ ғасыр аралығында Европа мен Азияны байланыстырған жол еді. Батыс Қазақстан аймағында бұл жолдың екі тармағы қалыптасты.
Осы керуен жолымен жүрген керуендерге өзендерден кедергісіз өтіп, демалатын қонақ үйлер қызметін атқарған керуен сарайлар мен көпірлер салынған. Соның ішінде біз айтып отырған Сағыз өзеніне салынған Тас кешу көпірі мен керуен сарайы бар.
Тас кешу керуен сарайын алғаш зерттеген Әлкей Марғұлан 1950 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (БҚАЭ-1950ж) оның суретін, жобасын алды. Оны Сағыз өзенінің сол жағында, қыш кірпіштен салынған деп көрсетті. Ә Марғұланның Тас кешу керуен сарайы туралы ғылыми есебі сақталмаған. Керуен сарайы жобасының сызбасы бар.
2005 жылғы жобада құрлыс орны өте тегістеліп кеткен, айырмашылық бар. Керуен сарай Сағыз өзенінен солтүстікте
Бұл атаудың қайдан алынғаны белгісіз. Керуен сарай жобасы жағынан ұзын деген атауға сәйкес келмейді. «Ескі Ноғай жолындағы» Таскешу керуен сарайы мен «Ұзынтам» бір мекен болуы мүмкін .
1950 жылы Хорезмдік археология-этнографикалық экспедицияның Урал-Үстірт отряды. Таскешу керуен сарайы көлемінің құрылыс қалдығын зерттеді. Бірақ экспедиция “Ұзынтам” бекінісі туралы жазбаған .
1973 жылы Керуен сарай мен көпірді М.Меңдіқұлов зерттеп, ол да осы тоқтамға келген .
Ал, Таскешу көпірі туралы деректер жоқ, тек аңыздар ғана жеткен. Сағыз өзеніне салынған көпір тастан қаланған болса керек. Оның сәулеттік жобасы сақталмаған. Мұрат Мөңкеұлы ол туралы “Үш қиянды” айтады.
«Жайық пенен Еділден,
Сағыз бенен Жеміңнен.
Тастан көпір салдырып» – деп көпірлердің тастан салынғаны, тас көпірлердің бірнешеу болғанын көрсетеді .
Жайық өзеніндегі Таскешу көпірі туралы аңыздар айтылғаны мен оның қай жерде салынғаны туралы дерек жоқ. Бізге жеткені аңыз ғана. Жайық өзеніне 1328-1337 жж. ресейлік патша Иван Калитанның жарлығымен салдырған «Таскешу» көпірінен Асан Қайғы бабамыз өткен: “Жерұйықты іздеп сапар шеккен”– деген аңыз айтылады. Ол көпір қазіргі Индер ауданы жерінде болған .
Екінші аңыз: Асан Қайғы Жайық өзенінің “Тас кешу” көпірінен өткенде “ Суы татыған бал екен, жағасы тал екен”,- дейді.
Сонымен, Жайық өзенінің “Тас кешу “ көпірі Индер жеріндегі арнасына салынған. Осы маңда өзен арнасы тарылып жағалаулары қатты жынысты болып тұрақты, көпір салуға қолайлы болған.
Үшінші аңыз: «Тас кешуден Италияндық саяхатшы Марко Поло өткен»- деп айтылады .
Сағыздың Таскешу көпірі туралы Л.Мейер былай деп жазады: «Өткел қырланып тегістелген ақ тастардан төселіп, су оның бетіне шыққанымен тереңдігі төрт вершоктап (4,5см) жоғарламайтын, оны салдырған Шыңғыс ұлдарының бірі делінеді». Бұл жерде автор тек аңыз бен жеткен мәліметті айтуы мүмкін. Ол кезеңде көпір қирандысы ғана қалған.
Бұл жерде судың көпір үстінен ағып өтіп, оны кешіп өту туралы мәлімет- аңыз болуы керек. Сол кездегі көптеген тас көпірлер сияқты көпір тастан салынып, астындағы «аркалардан» су ағып өтіп жатқан. Бұндай көпірлер ортағасырлық кезеңдегі көпір жобаларына тән. Таскешу көпірінің жобасы Тараз қаласындағы Х-ХІІ ғғ “Тас көпір” жобасына ұқсас болған. Салынған уақыты да Х-ХІІ ғасыр аралығы болған болуы керек.
1973 жылы көпірді М.Меңдіқұлов жан-жақты зерттеген. Көпірдің «улу тақта» тастарынан қалған тастар батпақты өзен түбінде жатқанын, ал солтүстік жағасында квадрат қыш кірпіш пен тас тақта тастан жасалған тұғыр тірек қалдықтары жатқанын айтады .
Тас кешу көпірі деп аталуына келсек. Бұл сөзде «Тас» – сөзінің мағынасы түсінікті көпір құрлысына тас тақта тастар қолданған. Ал, «кешу» – сөзінің мағынасы «судан кешіп өту» деген мағынада айтылады, егер көпір болса суды кешіп өтудің қажеті не?
Л.Мейер айтқандай «... каменный брод Таскешу на р.Сагыз» –дейді. Сонда тас көпір үстіндегі суды кешіп өту деген мағынада айтылады.
«Кешу» – сөзі көне түрік сөзі. Махмуд Қашқаридің «Түркі тілінің сөздігінде: Кешіш/Кешиш: көпір. Дарияның не ағын сулардан өтетін көпір-деген».
Сонда Кешу-Кәчіш-кешу – түркі тілінде, өткел, көпір деген сөз болады. Сонымен: «Таскешу “ сөзі, Тас өткел» деген сөз болады. Ол сонау түркі кезінде ХІ ғасырларда салынған болса керек. Тастан көпір салу Х-ХІ ғғ аралығында - Ұлы Жібек Жолы өзінің өркендеу шегіне жеткенде, өзендерге жаппай салына бастаған. Талас өзеніне де «Тас көпір» осы кезеңде салынған .
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өтті деген. Сырдариядағы «Тас өткел», Шу өзенінде «Тас өткел» (Х-ХІІғғ) салынған белгілі .
Жем, Еділ, Жайық өзендеріне де тас көпірлер салынғаны туралы айтылады, бірақ олардың орны әлі белгісіз. Мұрат ақын «Үш қиян»жырында Жайық тас көпірі туралы айтады:
Адыра қылғыр көк Жайық,
Көпір салып өткен жер.
Асан Қайғы , Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Шораның шұбап кеткен жер – деп жырлайды.
Көпірдің тек өзеннен өту құрлысы ғана емес сол елдің, табыс көзі, әлеуметтік –саяси нысаны да болған. Жүздеген адам, мал, керуен мүлік өтетін көпір кімнің қолында болса, сол билік те жүргізді.
Мұрат ақын көпірдің қаншалықты маңызды болғанын жыр толғауында ашып көрсетеді.
Бұл сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан.
Заманға тураланғаннан, билік тыңдалмаған.
Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті.
Көпірдің қорлығына тұлданғаннан.
-деп баяндайды ұлы жыршы, сол кездің әлеуметтік жағдайын көрсетеді.
Көпірлер керуен сарайы сияқты табыс көзі болған. Сарайшықтағы “қалқымалы көпірден” өтетін жүздеген керуендер қала қазынасын толықтырып қаланың өркендеуіне әсер еткен. Тас көпірлер жағасы тұрақты су шаймайтын қатты жерлерге ғана салынған. Сарайшық қаласында тас көпірдің салынбауына осы себеп болған. “Кітаби қорқыт” жырында Сусыз өзенге көпір салып өткеннен 40 теңге, сулы өзенге көпір салып 30 теңге алатын Домрул (Доспамбет,Домбауыл) туралы аңыз бар.
«...Көпір аузына қонған бір көштің азаматы өліп шулап жылап жатқаны ...» айтылады . Көпірлерден керуендер ғана емес, көшіп қонып жүретін көшпенді ру-тайпалардың мыңдаған адамдары, мал-жаны да өтетін болған. Көпірлердің саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы өте зор болған. «Таскешу» көпірі де заманында маңызды нысан болған.
Қазіргі кезде Таскешу орнында қыш кірпіш сынықтары ғана қалған. Өзен арнасында диаметрі 1м., ұзындығы
2008 жылдан бері Таскешу керуен сарайында қазба жұмысы жүргізілуде. Бұл құрлыс қыштан қаланып, қамалға тақалып бөлмелер салынған, ортасы ашық алаң болып, бұрыштарында мұнаралары болған. Үйлер кан ошақтарымен жылытылған. Алтын Орда теңгелері мен қыш ыдыстары, құрлыстың ХІІІ ХҮ ғасырларда болғанын айғақтайды.
Таскешу керуен сарайы мен көпірін тарихи-мәдени ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алу қажет. Ұлы Жібек жолының бойындағы керуен сарайларды жүйелі зерттеу арқылы, өлке тарихын аша түсуге болады.
Жалпы тұжырымдай келсек керуен-сарайлар алғашында, алыс та ауыр, құм шағыл арасынан өтіп, жол азабын тартып келе жатырған керуеншілердің тек дем алуына, шөлін басуға қызмет еткен болса, кейін қуаттанып, ғимараттары әшекейленіп, үлкен тауар сақтайтын қоймалар, мазарлар, шағын мешіттер мен моншалар салынған. Сөйтіп, керуен-сарайлар біртіндеп саяхаттағылар үшін жайлы жабдықталған үлкен кешендерге айналған.
Таскешу керуен-сарайының құландысы төрт бұрышты квадрат пішінді, құландысымен қоса есептегендегі көлемі 55×55 м Құланды ортасы төрт бұрышты жазық алаң, көлемі 15×15 м шамасында. Құландының сыртынан ортадағы жазық алаңға дейінгі қалыңдығы
Таскешу керуен-сарайына жүргізілген қазба жұмысының нәтижесі, бізге қабырғалары стандартты, күйдірілген қыш кірпіштен өте мықты етіп соғылған, бұрыштары дөңгелене шығыңқы мұнара ретінде тұрғызылғанын анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей керуен-сарайдың батыс жағына қонақ бөлмелер (худж) орналасқан. Керуен-сарайдың қақпасы солтүстік бетінде орналасқан оның ені 4 метр. Табылған жәдігерлер керуен-сарайдың сырлы плиталармен әшекейленгенін көрсетеді.
Керуен-сарайдың айналасынан табылған тиын Алтын Орда мемлекетінде 1312-1341 жылдары билік құрған Өзбек ханның тұсында соғылған екендігі анықталды. Тарихи деректерде, Өзбек ханның кезінде мемлекет тұрақтылық пен гүлденудің ең жоғары деңгейіне жеткені белгілі. Археологиялық зерттеулер осы заманда жаңа көптеген қалалар, сауда жолдарын қосатын керуен-сарайлар бой көтергенін көрсетіп отыр.
Керуен-сарайдың құландылары үстінен табылған тағы бір тиын - Алтын Орда билеушісі Жәнібек ханның (Өзбек ханның ұлы) тұсында соғылғаны анықталды. Жәнібек хан 1359 жылы дүниеден өтті. Бұдан кейін Алтын Орда тарихында «ұлы кесапат» деп аталған кезең басталғаны белгілі. Қазба жұмыстары кезінде табылған тиындар бізге керуен-сарайдың қашан тұрғызылып, қай заманда қызмет атқарғанын анықтауға мүмкіндік туғызады. Бұл екі тиында алтынордалық Сарай әл-Жадидте соғылған.
Ұлы Жібек жолымен жүрген керуендер, Хорезм мен Еділ өзені аралығында осы өткелден өтіп, Сағыз өзенінің сол жағасында орналасқан осы керуен-сарайда аялдап, күш-қуатын толықтыратын болған. Керуеншілерге қызмет етіп отырған керуен-сарайдың орта ғасырда жолаушылар үшін, ал бүгінгі күні тарих үшін, соның ішінде археология саласындағы маңызы зор.
Қазіргі таңда археологиялық көне мұрағаттарды ұқыптылықпен жинап қарастыру алдымызда тұрған келелі міндеттердің бірі.
Алдағы уақыта керуен сарайды қазып қана қоймай сонымен бірге оны қалпына келтіріп туристік нысанаға айналдырыу қажет. Қазба жұмыстары келешекте құнды жәдігерлер мен сәулет өнерінің ерекше құрлысын беретініне сенеміз.
КАСЕНОВ М.С
археолог, тарих ғылымдарының кандидаты