СОҒЫС ТҰТҚЫНЫ

СОҒЫС ТҰТҚЫНЫ

Без имени-1

Бізде көптеген оқиғаларға, тіпті адам тағдырына да өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс барысында тұтқынға түскен жерлестерімізге көзқарастан айқын байқалады. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды. 1941 жылғы шілде айының орта кезінде Қызыл Армия бір миллионнан астам солдаттары мен офицерлерінен айырылды, олардың 724 мыңы тұтқынға түсті. Сол жылдың қараша айына қарай  неміс лагерлеріндегі қызыләскерлік тұтқындар саны 3,6 миллионға жетеді.

Кейбір тұтқындар соғыстан кейін өзін күтпеген, сенбеген Отанына оралды, оларды тексеріп, лагерьлерде ұстап, адалдығына көз жеткізгеннен кейін еркіндікке босатты. Дегенмен де бұрынғы әскери тұтқындар тұрақты түрде бақылауда болғаны жасырын емес. Енді біреулер Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды да, өз таңдаған тірліктің өкініш уын ішіп күн кешті. Мұндай адамдар Отан тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ. Ал Отанына оралғандар ше...

«Қазақ КСР мемлекеттік архивтері құпия қорлары бөлімдерінің 1951 жылғы жұмысына шолу» деген баяндама: «Қазақ КСР архивтерінің материалдарды арнайы зерттеу жұмыстарының қарқыны, 1950 жылмен салыстырғанда, екі есе өсті. Өткен жылы оперативтік-чекистік органдар үшін қызығушылық танытатын қыруар деректер табылды. Өткен өмірі күмәнді адамдар саны да екі есе өсті», - делінеді.

«Сенімсіз» элементтерге арнайы «анықтама-тізім» құрастыру жұмыстары тек 1956-1957 жылдары ғана ресми тоқтатылады. Оған айғақтардың бірі – бақсайлық, соғыс жылдары тұтқында болған Амандос Есеновтің тағдыры. 1957 жылдың қаңтарында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Гурьев облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының қорытындысы бойынша ол оперативтік-бақылау есебінен шығарылған. Бұл не деген сөз. А.Есеновтің «үндемес» мекемесі тарапынан бақылауда болғандығы. Архив қорында шаң басып, құпия грифі соғылып, ұзақ жылдар бой құлыпталып жатқан құжаттар сөйлесін.

Амандос Есенов 1916 жылдың 5 қыркүйек күні Гурьев облысы, Бақсай ауданына қарасты №5 ауылда шаруа отбасында дүниеге келген. 2-класттық білімі бар. Комсомол мүшесі. 1939 жылдың қазан айында Қызыл Армия қатарына алынып,  1940 жылдың ақпан айына дейін Бобруйск қаласындағы 297-зениті атқыштар полкінің қатардағы жауынгері, кейін 997-миномет полкінде әскери қызметте болады. Соғыс басталған 1941 жылы Польша аумағында неміс-фашисттеріне қарсы ұрыс қимылдарына қатысады, ауыр ұрыстардан кейін шегінген тұста, әскери басшылықтың қателігінен 22 шілде күні Минскі ауданы маңында жау қоршауында қалып, қызмет еткен әскери бөлімі жауынгерлерімен тұтқынға түсуге мәжбүр болды. Соғыстан кейін тергеушге берген жауабында қолға түсір алдында комсомол билетін көміп тастағанын, тұтқындау барысында қолындағы қаруымды немістер тартып алды, - деп жауап берген. Қолға түскен оны соғыс тұтқындары лагерінде 6-7 күн бойы ұрып-соғып, жауап алуы Кеңес үкіметінің қырағы органдарының назарын ерекше аударғанға ұқсайды. Бес айдай тұтқында болған уақытта оларды теміржол жөндеу жұмыстарына салады. Тұтқындарды кейін 1942 жылдың күзінде Дублин (Польша) лагерінен Германиядағы Баден-Бабен қаласындағы лагерге жібереді. Тінту барысында одан автоматты қаламсап тауып алады, мұндай қаламсапты тек командирлер ғана ұстайды деген желеу сезікпен Амандос Есеновтен неміс капитаны 3 күн бойы жауап алған. Басшылық кызметте болдың ба, комсомол мүшесісің бе, қанша неміс солдатын өлтірдің, біздерге қарсы ұрыс барысында қандай дәрежеде қарсылық көрсеттің дегендей сұрақтың астына алған. Сонымен бірге неміс офицері оның үстінен көрсеткен жауынгерлердің бар екендігін айтқанымен, тұтқынның ештеңені мойындамағанына ызаланған неміс офицері оны пистолеттің дүмбісмен желкесінен соққан. Комсомол қатарында болмағандығын, ұрыста немістерге қарсы аянбай соғысқанын, бірақ қанша неміс солдатын өлтіргендігін білмейтіндігін айтқан соң, жертөлеге қамап, ас-су бермей бірнеше күн қамауда ұстап, қинағанын тергеушіге берген жауабында жазады. Кейін босатып, лагерьдегі жұмысқа салған. Тергеушінің сенімен бірге басқа да қазақтар болды ма деген сұрағына, болған жоқ, бірақ әскери тұтқындар өте көп болатын деп жауап берген. Лагердегі тұтқындарды дәрігерлік тексеруден өткізу барысында А.Есеновтың өкпе ауруына шалдыққаны анықталып Страсбург, Найльберн лазареттерінде емделеді. Одан соң госпитальға емделуге жіберіледі.  Госпиталь 1943 жылы Нюренберг қаласына көшіріледі, дәрігерлік тексерістен соң еңбекке жарамды деп табылып, Айшгат қаласындағы әскери тұтқын лагеріне ағаш кесу жұмыстарына жіберіледі.  Осы лагерьден 1945 жылдың сәуірінде АҚШ әскерлері тұтқыннан босатады. Американдық әскери басшылықтың тарапынан кеңестік соғыс тұтқындарын екі айдай лагерде ұстап, ас-сумен қамтамасыз етіп, кейін Кеңес армиясы бөлімдері тұрған Германия аумағындағы әскери басшылыққа  тапсырылды. Сол жылдың күзінде басқа да әскери тұтқындармен  бірге Донбастағы «Ворошиловуголь» трестіне қарасты «Сталин» атындағы көмір шахтасына жұмысқа жіберілді. Төрт мәрте соғыс тұтқындарының арнайы лагерінде «тазалаудан» (фильтрация) өтеді. 1946 жылы маусым айы ішінде 7 жылдан кейін сұм соғыстың бар ауыртпалығын көтеріп, туған жердің топырағын аман-есен басады.

... Алайда 1948 жылдың  8 қаңтарында Бақсай аудандық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің лейтенанты Хусайновқа А.Есеновтың үстінен сөз тасыған құпия хабар түседі. Түскен хабарлама бойынша оның Таңдай ауылында тұратындығы және совхозда жұмыс жасайтындығы, шамамен 30 жаста,  сауатты деп көрсетеді. Соғыста Түркістан легионында қызмет еткендігі жөнінде мәлімет берілген.  Онда А.Есеновпен 1939 жылдан әскерде бірге қызмет еткендігін, кейін оны Минскіге ауыстырғандығын, екінші рет Варшава маңында басқа мұсылман тұтқындармен бірге Түркістан легионынан көргендігін айтқан, кейін оларды басқа жаққа алып кетті дей келіп, тек соғыстан кейін ғана 1947 жылдың қазан айында кездесіп, дұрыс сөйлесе алмағандығын, өзі машинамен Жаманқалаға кетіп бара жатқандығын, ал А.Есеновтың қала базарына қой айдап бара жатқанда машина тоқтағанда ғана кездесіп сөйлескенін, А.Есенов Таңдайда тұратындығын, жұмыс жасайтындығын айтқан. Одан кейін мүлдем кездеспегіндігін, ол туралы басқа ештеңе білмейтіндігін мәлімдеген. Бірақ оның  Түркістан легионында қызмет еткендігі жөнінде растай алатын адамдардың есімдерін атау қиынға соғатындығын айтады. Осыдан кейін күдікті «сатқын» ретінде құзырлы органдар тарапынан А.Есеновты бақылауға алу ісі қолға алынады.

А.Есеновке берілген анықтама бойынша оның «Бақсай» совхозының № 1 фермасында жұмыс жасайтындығы, жазғы мезгілде «Масалы» мекенінде тұратындығы, аталған фермада А.Есеновтің анасы, қарындасы шопан болып жұмыс жасайтындығы жазылған.  Ал, А.Есеновпен бірге жұмыс жасайтын ферма есепшісі Қабек Исмағамбетов (1910 ж.т.) соғысқа қатынасқан, 1933 жылы Қызылқоғадан келген, ферма меңгерушісі, бақсайлық Қойбақ Иманғазиев, зоотехник 40-45 жас шамасындағы Қуан Қарабалиев, ветьфельдшер совхоз директоры З.Сауықовтың туған інісі Орынғали Сауықов (бұл жерде қате кеткен Орекең З. Сауықовтың баласы), оның армияға бармағандығы туралы мәліметтерде жинақталған.

1948 жылдың 12 наурыз күні облыстық қауіпсіздік комитеті тарапына жолданған қатынас қағазда А.Есеновтың үстінен мәлімет жинау мақсатында оны бірнеше күнге Гурьев қаласына іс-сапарға жіберу  мүмкіншілігі де қарастырылған. Гурьев қаласындағы «Ембімұнай» мекемесінде жұмысшы болып жасайтын, әкесінің ағасы Әбу Есмағамбетовтың мекен-жайы да анықталып, бақылауда жүрген А.Есенов қалаға барған жағдайда жансыздың мүмкіндігінше ағасын танитындығына көңіл бөлу қажеттілігі де қарастырылғандығы туралы айтылады. Кеңестік кезеңде әкімшілдік-әміршілдік жүйеде қалыптасқан қағида бойынша Амандос Есенұлы да «сенімсіз элемент» қатарына жатқызылып, ұзақ жылдар бақылауда болғаны анық. Оның нақты дерегі жоғары да атап өткеніміздей, мақаламыздың кейіпкері 1957 жылы ғана  оперативтік-бақылау есебінен шығарылған.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде ағамыз 1947-1949 жылдары «Бақсай», 1949-1959 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы «Тайпақ», кейінгі 1959-1979 жылдары «Бақсай» қаракүл совхоздарында совхоз аға шопан болып, жемісті еңбек еттіп, зейнеткерлікке шықты. Ұзақ жылдардағы еңбегі еленіп Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Екінші дүниежүзілік соғыстың сарбазы Амандос Есенұлы 1988 жылы туған топырағында 72 жасында қайтыс болды.

Бұрынғы соғыс тұтқыны А.Есенов уақытында өзінің соңынан құзырлы органдар тарапынан бақылаудың барын білді ме, білмеді ме ол жағы белгісіз, «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешіп өткен шығар-ау. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен Кеңес жауынгерлері өмірі мен ерен ерліктерін, мұңы мен қайғы-қасіреттерін, жан күйзелістері мен үміт-армандарын өздерімен бақиға ала кетті. Қасіретті соғыстың куәгері, соғыс тұтқыны  Амандос Есеновте солардың қатарында...

 

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

«Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор