Соңғы оқылған екі құлпытас

Соңғы оқылған екі құлпытас

       Жақын күндері ХІХ ғасырға жататын, араб әріптерімен қашалған екі құлпытас оқылды. Оның бірі Шеркеш руының Бопылдық деген адамына, екіншісі Шонық деген Ысық руының марқұмына қойылыпты. Бопылдықтың құлпытасы Доссор кентінен солтүстік-батысқа 50 км жерде болса, Шонықтың құлпытасы Махамбет ауданы Ақжайық ауылынан солтүстік-шығысырақ бағытта 60 км шамасында орналасқан.

       Жоғарыдағы алғашқы аталған құлпытас Шеркеш руының Бопылдық Еділұлына арналған. Бопылдыққа қатысты Хамза Есенжановтың Ақжайық трилогиясында Бақытжан Қаратаевтың Оралда ақ казактар тұтқынында болып сот алдында сөйлеген сөзінен үзінді келтіріледі: "В Калмыковском уезде служил помощником начальника уезда Жаркинай Есниязов. Это был просвещенный человек, получивший и русское и казахское образование. В доме Есниязова я увидел старика по имени Тулебай, мне было тогда пятнадцать лет, старику – семьдесят пять. Будучи подростками, Тулебай и Еснияз попали в плен к батыру Бопылдаку из воинственного казахского рода Серкеш во время его набега на туркмен. Бопылдак подарил Еснияза своему другу, а Тулебая оставил скотником у себя. Тулебай оказался услужливым работником. Позже он нашел себе невесту, очень красивую дочь казаха-бедняка, но богач и батыр Бопылдак оскопил раба Тулебая и сделал его красивую невесту своей токал. Когда Тулебаю было уже семьдесят пять лет, его выкупил за шестьсот рублей у сыновей Бопылдака образованный сын Еснияза Жаркинбай". Бұл келтірілген ақпараттан Бопылдықтың бай әрі беделді адам болғанын көруге болады.

Құлпытастың оқылуы: Байұлы руы Шеркеш тайпасы Сақау ішінде Шолпан бөлімі Еділ баласы Бопылдық бай опат 61 жасында 1861 жылда қалдырды баласы Боранқұл мырза рухына фатиха. Бұл қорымда балаларының құлпытастары да бар.

Бопылдық

      Екінші құлпытас жергілікті белгілі мұнайшы, кезінде 1997-1999 жылдар аралығында еліміздің премьер-министрі болған Нұрлан Балғымбаевтың атасы екен. Құлпытаста Кішембай баласы Қошмұхамедтің есімі қашалған. Алайда, шежіреде құлпытастың иесін «Шонық» деп көрсеткен екен. Яғни, Қошмұхамед пен Шонық екеуі бір адам болуы керек, кезінде, есімін қысқартып айтқандай. Қасына қойылған белгінің жоқтығынан күні-бүгінге дейін ұрпақтары білмейтінге ұқсайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша қорым орналасқан жердің де аты "Шонық".

Құлпыдағы жазу: "Ысық руы Сарыысық тайпасы Айтымбет бөлімі Кішембай баласы Қошмұхамед опат 65 жасында қалдырды баласы Айтболат 1855"

Балғымбаев құлпытасы

Атырау облысы тарихи-мәдени

мұраны зерттеу орталығынан Ф.Байдәулетов