Шолан тұзды көлі – Атырау облысы Индер ауданы Өрлік ауылынан батысқа қарай 70 км жерде, Нарын құмының шығыс бөлігінде орналасқан. 2020 жылы Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы мамандары қасиетті орын ретінде есепке алды.
Нарынның етегіндегі ел руға бөлініп қоныстанғанда Cебектер Туманы, Қаратоқайлар Мәмбетті, Құлкештер Қаңбақтыны, Жайықтар осы Шолан тауы мен Толыбай маңын қыс қыстап, жаз жайлаған деседі. Осы Шолан тауының етегінде аумағы 1 шаршы км. құрайтын үлкен сор бар. Оның тұзымен сол жердің тұрғындары ас тұздаса, қара тұзымен қой ауруымен ауырған балаларды шомылдырып, емдік мақсатта пайдаланған. Асқа қосылған Шоланның тұзы тамақтың дәмін ерекше қылады дейді. Тұзды көлдің аумағы 3000 х 700 м.
Бұл көлдің «Шолан» аталуының да өзіндік сыры бар. Мысалы, қыр қазақтарында «шолан тұзы» деген сөз қалыптасқан. Яғни кәдімгі шоланға сақтайтын қара тұз. Оны осы көлден алатындықтан бұл жерді «Шолантұз», қасындағы жоталарды «Шолантау» атап кетсе керек. Сондай-ақ, бұған байланысты кейбір деректерде Сырымның атасы атақты Шолан батырдың есімі де кездеседі. 1748-1749 жылдардың қатты қысынан бастап Орынбор губернаторы И.Неплюевтің рұқсатымен тек Нұралы, кейіннен 1755-1758 жылдардан бастап оның күллі тұқымдарының Жайықтың оң бетіне қоныстануына мүмкіндік берді. Жалпы бұл өңірге ең бірінші Байбақтының Сатай бөлімінің старшыны Сырым батыр қарамағындағы елді бастап көшкен. Кейін 1754 жылы арнайы рұқсат алып, Сырымның атасы Шолан батыр сол өңірде қоныстанған. «Шолан» атауының себебі де осы болуы да әбден мүмкін деген деректерде бар.