Нарын құмы – Каспий маңы ойпатының солтүстік-батыс бөлігінде, Еділ мен Жайық өзендері аралығында орналасқан, әкімшілік тұрғыдан Атырау облысының Құрманғазы, Махамбет, Индер және Исатай аудандары және Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы, Жаңақала және Ақжайық ауданының оңтүстік бөлігін қамтиды. Орта есеппен теңіз деңгейінен 21 м төмен жатыр. Тұрақты ағатын өзен-жылғалары болмаса да жер астының тұщы су қоры мол, құдықтар мен шұрайлы жерлері көп қасиетті мекен. Сондықтан да, сан ғасырлар бұрын халықтардың көп шоғырланған жері болып есептеледі. Қазірдің өзінде Нарын құмы алқабы шөбі шүйгін мал шаруашылығын дамытуда ең қолайлы аймақ саналады.
Көлемі 40 мың км² болатын Нарын құмы аумағында және оның жиегінде орташа есеппен мыңға жуық тарихи-мәдени маңызы бар нысандар шоғырланған. Алайда, Нарынның тарихи-мәдени ескерткіштері күні-бүгінге дейін әлі де болса тыңғылықты зерттелінбеген аумақтардың бірі саналады. Бұған дейінгі жүргізілген зерттеулер қатарында 1975-1983 жылдар аралығында Орал-Еділ бойы экспедициясының жетекшісі Л.Л. Галкиннің Нарынның шығыс етегіндегі Жайық өзені бойындағы кургандарға жүргізген археологиялық барлау жұмыстары бар. Сонымен қатар, 1988-1989 жылдары А.Итенов жетекшілік еткен Казреставрация мекемесінің мамандары Нарынның оңтүстік жиегіндегі сәулеттік маңызы бар қорымдар зерттелінді. Және де Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы 2004 жылы археолог З.Самашевтың басшылығымен Нарынның батыс бөлігіне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде неолит және ерте темір дәуіріне жататын көптеген тұрақтар мен кургандар анықталды. Ал, 2005 жылы Батыс-Қазақстан этнографиялық (жетекшісі С.Әжіғали) экспедициясы кезінде аумақтың сәулет ескерткіштеріне жүргізілген кешенді зерттеулерінің ғылыми есебі күні-бүгінге дейін жарияланбай, аяқсыз қалған.
Тек 2019 жылы ғана Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырумен құралған зерттеушілер тобы Нарын құмы аумағына кешенді этно-археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде, бұрын есепке алынбаған жүздеген тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтады. Анықталған нысандардың негізгі бөлігін тас пен қола дәуірлерінің және ерте темір дәуірінде мекен еткен тайпалардың тұрақтанған мекендері (тұрақтары), ерте темір дәуірлік кургандар және ХІХ ғ – ХХ ғасырдың бас кезіне жататын сәулет ескерткіштері болып есептелетін құлпытастар шоғырланған қорымдарды құрайды. Бұл аймақта осындай тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің көп болуы аймақтың сонау тас ғасырынан халықтардың көп шоғырланғанының айғағы.
Тас ғасыры мен қола дәуіріне жататын тұрақтар мен қоныстар секілді археологиялық маңызы бар нысандар облыс территориясының тек құмды аумақтарында, яғни, Нарын мен Тайсойған құмдарынан және Каспий теңізінің Жылыой ауданы орналасқан жағалауындағы Қаратон, Сарықамыс ескі елді-мекендерінің аумағында жиі кездеседі. Әдетте, тұрақтар мен қоныстар құмды шағылдың жел үрлеп ашқан тақырында анықталады. Ол жерлерде тастан немесе қоладан өңделген қару жарақтар, әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар жиі табылады. Кей жағдайда бір ғана тұрақтың немесе қоныстың аумағынан тас ғасырының, қола мен ерте темір дәуірінің және де орта ғасырларға тән жәдігерлер кездеседі. Қазірдің өзінде ол жерлерде үлкен бір елді-мекен немесе қыстақтар орналасқан. Яғни, зерттеулер нәтижесінде Нарындағы төбе-төбе болып үйілген шағылдардың түгеліне жуығының аумағынан жоғарыда аталғандай көне заманның жәдігерлері табылатынын көрсетті.
Осы жерде «неге тұрақтар мен қоныстар орналасқан жерде құмшағылдар міндетті түрде болады немесе құмшағылдар қалай пайда болады?!» деген сұрақ туындайды. Ұзақ уақыт адамдар мекен еткен жерде тегіс тақырлар пайда болатыны белгілі. Байқасаңыздар елді-мекендер орналасқан жазық жерлерде тегістей шөп шықпайды. Ал, жалпы шөп немесе бұталар құмның көшуіне тосқауыл болатын бірден-бір себеп. Сондықтан, елді-мекен болған тақыр жерлерге желмен үрленген құмдар жинақталып, нәтижесінде шағылдар пайда болады. Бұдан көретініміз әрбір шағылдың аумағында міндетті түрде ескі елді-мекендердің орны болады. Осындай құмды шағылдардан анықталған тұрақ-қоныстардың көп шоғырланған жерлері Нарынның Индер ауданы бөлігін, Исатай ауданының Қызылүй, Жасқайрат, Мыңтөбе, Айбас елді-мекендерінің және Құрманғазы ауданының Үштаған, Асан, Балқұдық елді-мекендерінің аумағын атап өтуге болады.
Қола дәуірінің жерлеу орындары да осы Нарында табылғанын айта кеткен жөн. Ол 2006 жылы Индер ауданына қарасты Мұханәлі (Сыралы) қыстағына жақын жердегі шағылдан табылған болатын. Осы алаңқайдан жел ашқан, жақсы сақталған қабір табылды. Оның басы солтүстікке қаратылып, қолы кеудесіне қойылып, аяқтары бүгіліп жерленген. Желке тұсында қара түсті ауызы кең болып келген қыш көзе қойылған. Мұндай жерлеу дәстүрі қола дәуіріне тән. Өйткені, қола дәуірі адамдарының құрсақтағы сәби кейпінде жерленуі керек деген түсінігі болған.
Қола дәуірін алмастырған ерте темір дәуірінің ескерткіштеріне келетін болсақ, бұл кезеңге тән кургандар Нарын құмының шығыс, оңтүстік-шығыс және батыс аумақтарында көптеп кездеседі. Олардың биіктіктері 5 метр, диаметрі 100 метрге дейін жетеді. Құмның етегінен Жайық өзені аралығында кемінде 500 ден асатын кургандар бар. Құмның етегінде орналасқандықтан олардың басым бөлігі құм топырақпен көмілуі себепті дәл үстінен түспесе байқау қиын. Ал Құрманғазы ауданы бөлігіндегі кургандар өте жақсы сақталған. Олардың саны бұл аумақта жүздеп артылады. Ішінде ерекше атап өтетіні Асан ауылынан оңтүстік-шығыс бағытта 23 км жерде орын тепкен «Қырықоба» кургандар тобы. Аты айтып тұрғандай шығыстан батысқа созылған төбеде сармат кургандарының үлкен қорымының тізбектеліп жатқанын көруге болады. Ол жерде ірілі-ұсақты 80-ге жуық оба шоғырланған. Осындай көлемдегі кургандардың тобын еліміздің өзге өңірлерін кездестірмейсіз. Ортаңғы бөлігінде ғибадатханасы орналасқан. Әрине, өңіріміздегі кургандардың түгелге жуығы тоналғанын ескерсек, бұлардың да тонау белгілері анық байқалады. Нарынның Исатай ауданы бөлігінде ерте темірлік кургандар сирек кездескенімен, олар өзіндік ерекшелігіне ие. Мысалы: Қызылүйге жақын жердегі биіктігі 5 метр болатын «Бесікті» курганы өзінің құрылысымен ерекшеленеді. Төбесі шошақ болып келген обаның топырақ үйіндісі табиғи тастар араласқан құммен үйілген. 2019 жылғы барлау барысында Мыңтөбеден табылған осындай «Тасүйген» атты курганның табылуы «құмды аймақта кургандар болуы мүмкін емес» деген күмәнді сейілтті.
Ал енді, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіне жататын қашалған құлпытастар Нарын аумағында сирек кездеседі. Осындай араб әріпімен жазылған қабіртастар шоғырланған қорымдардың бірі – Қашқын қорымы. Қаңбақты елді-мекеніне жақын жерде орналасқан. Қорым Беріш-Бегіс руының Шабанқара тармағынан тарайтын Қашқын деген адамның атымен аталған. Қашқын ата дәл осы қорымда жерленген. Бірнеше ескі құлпытастары сақталған. Солардың бірі Қашқын атаның құлпытасы. Онда араб әріпімен «Беріш руғы Бегіс тайфасының Қашқын Әйтмәмбет ұғлы уфат 79 йашында 1844 сәнәда, бу тасыны қылдырып қойды ұғлы Омар мырза» делінген. Араб жазуы сақталған келесі құлпытаста «Беріш руы Бегіс тайфасы Шабат... Дайрабайұлы опат ...9 жасында 1886 жылы бұл тасты қойған баласы Сауайық мырза» делінген.
Келесі қорым Көктоғай ауылынан батысқа қарай 60 км шамасындағы Нүрет қорымы. Қорымда екі құлпытас бар. Құлпытастардың бірінде төте араб жазуы «Адай руы Түрікбен Нүрет Тоқайұлы опат 90 жасында, белгі қойды баласы Баймұқан 1918» және «Ынта Нүрет әйелі опат 85 жасында 1929» деп аударылды. Екінші құлпытаста «Адай руы Түрікбен тайпасы Қари Мағзумұлы опат 21 жасында» сөздері жазылған.
Есбол ауылынан солтүстік-батысқа 39 км жерде орналасқан Бектен қорымы әулие Бектен атаның атымен аталған. Арабша жазылған құлпытастың бірі 1910 жылы 72 жасында қайтыс болған Шеркеш-Жауғашты руының адамына арналған. Екінші құлпытас 1911 жылы қойылған. Өзге жазулары оқуға жарамсыз. Осы аумақтағы Досбол қорымында шикі кірпіштен қаланған мазар мен арабша мәтіндегі бір құлпытас бар. Құлпытас 1894 жылы дайындалған. 22 жасында қайтыс болған Шеркеш-Жауғашты руының адамына қойылған.
Жасқайрат ауылының солтүстік-батысында 20 км жерде құмның ортасында қасиетті орындардың бірі Дос атаның жерленген жері бар. Айналасындағы қауымда Жаппас руының өкілдері жерленген. Жаппас руының Қаракөз бөлімінен тарайтын белгілі әулие Дос ата осы жерде жерленген. Басына түнек үйі салынған. Дос ата 1866 жылы 45 жасында қайтыс болғандығы туралы құлпытасында көрсетілген. Араб эпиграфикасымен қашалған құлпытасынан Дос атаның толық есімі Досмұхамед Отарұлы екенін белгілді болды.
Қызылүй ауылынан солтүстікке 20 км жерде Бегайдар ескі елді-мекенінде белгілі Есентемір руынан шыққан ахун-хазірет Қабылұлы Ахмет атаның мәңгілік мекені бар. Басына түнек үйі салынған. Сонымен бірге, бұл аумақта ата салдырған мешіттің де орны сақталған. Ескерткіш қасиетті жер ретінде маңызы зор. Осы жерде 1917 жылы қазіргі Тұщықұдық ауылындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептің негізі қаланған.
Айбас жерінде орналасқан Жайық руынан шыққан Құттығай Қосанұлы Сәт әули ата жерленген жер де халық жиі барып тәу ететін қасиетті орын саналады. Басына түнек үйі салынып, келушілерге жағдайлар жасалған. Жолдың қиындығы мен қашықтығына қарамастан онда еліміздің түкпір-түкпүрінен келушілер зиярат етеді.
Айбастан әрірек тереңірек жүргенде Бесқасқа руының қауымы Демеу қорымы орналасқан. Онда араб эпиграфикасымен жазылған бірнеше құлпытас бар. Олардың бірінде «Беріш руғы Бешқашқа тайфалік, Нұрмұхамед Айтілес ұғлы офат 42 йашында, 1897 санада бұны қойды ұғлы Мырзағали» деп көрсетілген. Өзге екі құлпытаста «Әл-мәут кәәс күлли нәс шарибаһу (Ажал – кесе, күллі адам одан ішеді), Әл-қабр бааб күлли нәс дәхиләһу (Қабір – есік, күллі адам оған енеді)», «Беріш руғылик Бесқасқа тайфалик Хафи Жанбай-ұғлы офат, «Инә лиллаһи уә иннә иләйһи раджиғун – Құран Кәрім, Бақара сүресі, 156 аят, Бұ тасны йаздырды жамағат... (әйелі деген мағынада)», «Бесқасқа руғы, Барлыбай тайфасы, Сырға Тоқмырза қызы офат 10 (60) йашында» сөздері қашалған.
Осы айтылған ақпараттар Нарынның аумағында шоғырланған тарихи нысандардың бір бөлігі ғана деп қарау керек. Өйткені, бәрін бірдей бір мақала төңірегінде жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, ескі мешіттердің орындары, жасырын әскери базалар және қорымдар мен ескі елді-мекендер секілді өзге де мәліметтер алдағы уақыттарда жарыққа шығарылады деген ойдамын.
Бұл аумақ едәуір үлкен көлемді алып жатқанын ескерсек, бір ғана балау экспедицияның жеткіліксіз екенін және әлі де болса зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
ФАРХАД БАЙДӘУЛЕТОВ
Атырау облысы тарихи-мәдени
мұраны зерттеу орталығы