ҚАСЫМ ХАН

ҚАСЫМ ХАН

Қасым хан

      Екі жарым ғасырдан астам уақыт Еуразия даласында  салтанат құрған қазақ халқының ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығы тарихында өсіп өркендеу дәуірі де, құлдырап күйреу кезеңі де болды. Қазақ мемлекеттігінің бір шарықтау кезеңі XVI ғасырдың басына тұс келіп, Жәнібекұлы Қасым ханның есімімен тығыз байланыста болды.

Коммунистік идеология адамдардың тұрмысы мен рухани өміріне тығыз араласып тұрған кеңес өкіметі дәуірінде, біз «халықтың емес, билеушілердің тарихын жазатын» шетел тарихшыларын айыптан, тарихта жеке адамдардың орнын өз деңгейінде ашып көрсете алмадық.

Бүгінгі күні аласапыран заманда қазақ мемлекетін сақтап қалған, қазақтың жерін жиып, атағын асқақтатқан қазақтың хандары мен сұлтандарына, билері мен батырларына тиісті тарихи бағасын беріп жатқанда, қазақ мемлекеті мен қазақ халқының тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі – Қасым ханға өзіне тиісті адал баға беру біздің ұрпақтық парызымыз. Бұл тұлғаның тарихи қызметіне ешкім шек қоймайды, алайда біз оның тарихи қызметін толығымен бағалап, ел жадында мәңгі сақтанарлық еңбек еттік деп айту ерте. Мысалы, осы уақытқа дейін Қасым ханның есімі кең байтақ Қазақстанның бірде бір елді мекеніне, оқу орнына, көшесіне берілген жоқ, еліміздің қалалары мен ауылдарында бірде бір ескерткіш орнатылған жоқ.  

Осындай оймен осы жұмыста біз тарихи деректердегі мәліметтерді жинақтап, Қасым ханның өмірі мен тарихи қызметіне шолу жасауға бел буып отырмыз. Ең алдымен атап өтетін жай – Қасым хан туралы мәліметтердің аздығы. Белгілі мәліметтердің өзі әр түрлі тарихи деректерде қысқаша ғана беріледі. Бұл жұмысымыз болашақта Қасым хан туралы үлкен зерттеулер жазылуға себепші болады деп үміттенеміз.

Отбасылық жағдайы.

Қасым әкесі Жәнібек хан, анасы Жаған бегім. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ұрпағы Жәнібектің есімі тарихта жақсы белгілі. Оның арғы атасы Жошының тұңғышы Орда-Ежен, өз атасы Ақ Орда мемлекетінің атақты билеушісі Орыс хан. Әкесі Жәнібек Керей ханмен Қазақ хандығының негізін қалаған ұлы тұлға.

Қасымның шешесі Жаған бегімнің шығу тегі белгісіз болып отыр. XVI ғасырдың басында жазылған Молла Шадидың «Фатх-наме», Камал ад-Дин Бинаидың «Шайбани-наме» және авторы белгісіз «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» (бұл шығарманы жазуға өзбек билеушісі Мухаммед Шейбани тікелей қатысқан) шығармаларында Қасымның шешесі Жаған бегім мен Шибан ұрпағы Махмұд сұлтанның анасы Ақкөзі бегім апалы-сіңлілі болды деп көрсетіледі [МИКХ, 1969, с. 17, 82-83, 117]. Камал ад-Дин Бинаи Ақкөзі бегім «Алтан хан ұрпағы» - деп жазады [МИКХ, 1969, с. 97]. В.П. Юдин пікірінше, Алтан хан (Алтын хан) атауымен әртүрлі әулеттердің, соның ішінде Қытай билеушілері аталып жүрді [МИКХ, 1969, с. 507. Ескертпе №6]. Басқа ортағасырлық тарихшы Ходжамқұлы Балхы өзінің «Тарих-и Кипчак-хани» атты шығармасында Ақкөзі бегім «Қыта(й) билеушісінің қызы» деп анық көрсетеді [МИКХ, 1969, с. 393]. Алайда, Жаған бегім осы кезеңде Қытайда билік құрған Мин әулетімен туыстық байланыста болды деп сеніммен айтуға қосымша деректер қажет. Бізге белгілі деректерде, ең алдымен қытай жылнамаларында, ондай мәліметтер жоқ. Сонымен қатар осы кезеңде қазақтар Қытаймен байланыста болмады деп үзілді-кесілді айтуға да болмайды. Қазақтармен тығыз байланыста болған моғұл билеушілерінің Мин әулетімен қарым-қатынас ұстағаны деректерде анық айтылады. Мысалы, қытайлармен Жүніс ханның (қытай деректерінде – Аэр [Али] сұлтан), Сұлтан Ахмад ханның (Ахаматэ, Ахэйма), Сұлтан Махмұд ханның (Муханьмо) және Мансұр ханның (Мансуэр) байланыста болғаны белгілі [Китайские, с. 13-15, 24, 29, 30. Ескертпе, 213-215]. Сонымен қатар, зерттеушілер осы кезеңде Мин әулеті сонау алыстағы Мысыр елімен және Араб халифатымен дипломатиялық байланыс ұстанғанын туралы жазатынын ұмытпау керек [Китайские, с. 24, 25. Ескертпе, 215, 216].

XVI ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы Мырза Мұхаммад Хайдар Дуғлат (Дулат) өзінің «Тарих-и Рашиди» атты шығармасында 1513 жылы Қасымның жасы жетпіске тақағанын жазады [МИКХ, 1969, с. 225]. Осы мәліметке сүйене отырып зерттеушілер Қасым Жәнібекұлының дүниеге келген уақытын 1445 жылдар шамасымен белгілейді [История, 1997, с. 363; Султанов, 1982, с. 115; Султанов, 2001, с. 164].  Зерттеушілер Барақ хан өлгеннен кейін оның ұрпақтары билігінде тек Сырдария мен Қаратау аумағында сақтап қалады [История, 1997, с. 152; Ускенбай, 2013, с. 252]. Осыны ескерек, Қасым Сырдария аумағында дүниеге келген деген жорамал жасауға болады.   

Жәнібек ханның Қасымнан өзге бірнеше ұлдары болған. XVI ғасырдың басында жазылған «Таварихи гузида-йи нусрат-наме» атты тарихи шығармада Жәнібек-ханның тоғыз ұлы болғаны айтылады. Олар: Иренші (Жиренші), Махмұд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қанбар, Тыныш, Ұснақ, Жәдік [МИКХ, 1969, 42]. Хиуа билеушісі және Шибан ұрпағынан тараған белгілі тарихшы Әбілғазы ханда Жәнібектің тоғыз баласының есімдерін келтіреді: Ирандчий, Махмуд, Касым, Итик, Джаниш, Канбар, Тениш, Усюк, Джаук [Абу-л-Гази Бахадур-хан, 1906. с. 157; Histoire, 1874. p. 188]

XVII ғасырдың басында жазылған «Жылнамалар жинағының» авторы Қадырғали Қосымұлы Жалайырдың хабарлауынша, Қасым мен Қанбар сұлтанның анасы Жаған-бегім болып табылады [Қадырғали, 1997, 121]. Қанбар сұлтан Қасым хан билеген заманда қазақ әскерінің басшысы болған [Кадыргали-бек, 1854, 163, 165; Қадырғали, 1997, 122-123].

Жоғарыда көрсеткендей, деректерде Жәнібек-ханның балалары тізімінде Қасымның алдында Жиренші сұлтан мен Махмұд сұлтан есімдері аталады, сол себепті зерттеушілердің көбі Қасымды Жәнібектің үшінші ұлы деп санайды. Алайда, аштархан әулетінің тарихшысы Махмұд бен Уәли өзінің «Бахр ал ал-асрар» кітабында Әдік сұлтанның жасы Қасымнан үлкен болды деп көрсететінін атап өту керек  [МИКХ, 1969, с. 353].

Шибанидтік деректердің хабарлауынша, Қасым-ханның ағасы Жиренші сұлтан XV ғасырдың 80-ші жылдарында Сауран қаласының билеушісі болды [МИКХ, 1969, с. 102]. Одан кейінгі уақыттардағы оқиғаларда оның есімі аталмайды, осыған қарағанда Жиренші сол жылдары қаза болған тәрізді.

Деректерде Қасымның тағы бір ағасы Махмұд сұлтан қазақтар мен өзбектердің XV ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы Түркістан қалалары үшін болған шайқастарға байланысты аталады. Шибанидтік тарихшы Камал ад-Дин Бинаидың айтуынша, Созақ қаласын билеген Махмұд сұлтан үлкен әскер жинап алып Түркістанды (Сырдария аймағын – Н.А.) жаулап алмақшы болды. Алайда, Сығанақ пен Созақтың арасындағы Соғындық асуында болған соғыста қазақтар жеңіліс табады. Осы шайқаста қазақтың Махмұд сұлтаны және өзбек билеушісі Мұхаммед Шибанидің кіші інісі Махмұд сұлтан арасындағы жекпе-жекте қазақ сұлтаны қаза табады [МИКХ, 1969, 105-107].

Қасымның тағы бір ағасы Әдік сұлтан. Ортағасырлық тарихшылардың айтуынша Әдік өз уақытында өте беделді сұлтан болған. «Тарихи-и Рашиди» атты шығармасында Мырза Хайдар қазақтар арасында Қасымның ықпалы осы Әдік-сұлтан қаза болғаннан кейін күшейгені айтылады. Мырза Хайдар Әдік сұлтан өзінің өмірінің соңғы жылында біраз уақыт Ташкент қаласында тұрғанын хабарлайды. 1503 жылы Ташкентті өзбектер жаулап алғанда Әдік қазақ ұлысына көшеді. Осында ол көп ұзамай өмірден озады [МИКХ, 1969, 222]. 

«Тарих-и Рашиди» кітабының авторы Әдік сұлтанның қазасынан кейін, оның жұбайы Сұлтан Нигар ханымды (моғолдың билеушісі Жүніс ханның қызы) Қасым хан әйелдікке алды деп хабарлайды [МИКХ, 1969, 222]. Бұл Махмұд бен Уәлидің Әдік Қасымның ағасы деген сөздерін дәлелдейді. Қазақ арасында кеңінен тараған әмеңгерлік салты (ғылыми атауы – левират) бойынша ағасы өлсе іні жесірді өзіне әйелдікке алатын. Сол себепті қазақта «Ағасы өлсе жеңге мұра» деген қария сөз сақталған.

XVI ғасырдың бірінші жартысында Әдік сұлтанның Тахир, Бауыш, Бұйдаш атты ұлдары Қазақ мемлекетінде билік құрды [Атыгаев, 2007].

Қасымның інілері Жаныш пен Таныш сұлтандардың иеліктері XVI ғасырдың басында Сырдария аумағында болғаны белгілі [Рузбихан, 1976, 222, 137].

Қасымның басқа інілерінен Жәдік пен Ұснақ (Үсек) сұлтандарды атап кету керек. Шығай ханнан бастап Қазақ хандығында жоғарғы билікте толығымен Жәдік сұлтан ұрпақтары болды. Ал Кіші жүздің билеушілері, А.И. Левшиннің мәліметтеріне қарағанда, Үсек сұлтаннан тарады [Левшин, 1996, с. 161].

Қасым ханның өз ұрпақтарына келсек, оның Қазақ хандығын билеген Мамаш және Хақназар (Ақназар) атты ұлдары болғаны белгілі. Алайда Қасымның  басқа балалары болуы мүмкін. Мысалы, авторы белгісіз парсы тілінде жазылған «Алам ара-йи Сефеви» (Әлемді көріктендіруші Сефевидтер [өулеті тарихы]) шығармасында Қасымның Әбілқайыр атты ұлы туралы айтылады. Ол хижраның 919, яғни 1513/14 жж. қазақ-өзбек әскерін бастап, Иран билеушісі, Сефевид (Қызылбас) мемлекетінің негізін қалаушы Исмаил шах әскерімен соғысып, шайқаста қаза табады [Атығай, 2005, 3-10]. Сонымен қатар ресейлік ғалым В. Трепавловтың мұрағат деректерінде 1522 жылы қазақтарда Бұйдаш Қасымұлы («Буйдаш Касымович») деген ханның болғанын көрсетеді [Трепавлов, 2013, 56]. Бұл өте қызықты дерек әлі зерттеуді қажет етеді.

Қасым ханның бірнеше қыздары болғаны тәрізді. Алайда, олардың есімдері тарихи шығармаларда сақталмаған. Кеңестік тарихшы В.Л. Вяткин Тимурид Захир ад-Дин Бабур мен Иран әскерін жеңгеннен соң өзбек билеушісі Убайдаллах сұлтан Қасым ханға өз елшілерін жіберіп, оның қыздарының біреуіне құда түскенін жазады. Қасым хан келісімін беріп, бір қызын өзбек билеушісіне ұзатып, Бұхараға жібереді [Вяткин, 1927, 6-7]. Зерттеуші ұзатылған қыздың есімін атамайды. Ортағасырлық тарихшы Хафиз Таныштың «Шараф-наме-йи-шахи» шығармасында Ұбайдаллахтың ұлы Абд ал-Азиз ханның анасының тегі қазақ екені айтылады, алайда оның есімі де шығармада аталмайды [Хафиз Таныш, 1983, 79]. XVII ғасырдың басында жазылған Мухаммадйар ибн Араб қатағанның «Мусахир ал-билад» шығармасында Абд ал-Азиз ханның анасы Қазақ ханым қазақ сұлтанының қызы деп көрсетіледі [Юдин, 1988, 203]. Қазақ ханым деп оны шыққан тегіне қарай айтылуы мүмкін, оның есімі белгісіз.

XVIII ғасыр ортасында П.И. Рычков башқұрт старшинасы К.Мұлақаевтан жазып алған аңыз бойынша, Акиазар сұлтанның қарындасы Ноғай Ордасының белгілі билеушілерінің бірі Шейх Мамайға тұрмысқа шығады [Рычков, 1896, с. 69]. Зерттеушілердің басым бөлігінің пікірінше, осындағы Акиазар сұлтан дегеніміз Қасым ханның ұлы Хақназар (Ақназар). Ресей зерттеушісі В.В. Трепавловтың жорамалы бойынша, Қасым ханның қызы деректерде Шейх-Мамайдың бәйбішесі ретінде аталып жүрген Бұлдұр ханым [Трепавлов, 2002, 199] болып табылады. Бұл пікірге қосылуға болады.

Қасым ханның өзге балалары туралы мәліметтер жоқ.

Тарих сахнасына шығуы.

Қасым әкесі Жәнібек хан және басқа Орда-Ежен ұрпақтары қазіргі Қазақстанның далалық аймақтарында өз билігін сақтап қалу үшін Шибан ұрпағы Әбілқайырмен табан тірескен күрес жүргізіп жатқан аласапыран заманда дүниеге келді. Сөйтіп оның балалық және жастық шағы жан алысып, жан берісіп жатқан қан майданда өтті. Ол 20 жас шамасында болғанда әкесі Жәнібек пен оның жақын туысы Керей хан қазақ халқының тәуелсіз мемлекеті – Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Сол кезеңде Қасым мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған тәрізді.

Қасымның аты алғаш XV ғасырдың 70-80 жылдары Қазақ хандығының жоғарғы билеушісі Бұрындық ханмен бірге ата-баба жерінде, Шығыс Дәшті Қыпшақ пен Түркістанда билік жүргізу үшін Шибан ұрпақтарымен күресте шықты. Ортағасырлық шығыс тарихшысы Камал ад-Дин Бинаи осы кезеңде Қасым Бұрындық ханның әскеріндегі ең белгілі сұлтан және даңқы шыққан батыр болып, Қазақ хандығының атты әскерін басқарды деп жазады [МИКХ, 1969, 104]. Ол үлкенді-кішілі шайқастардың көбіне қатысып, қолбасшылық шеберлігін шыңдады.

Сонымен қатар 90-шы жылдары Қазақ хандығының дипломатиялық қызметінде де Қасым белсенді роль атқарды. Белгілі парсы тарихшысы Гияс ад Дин Хондамир 1496 жылы Әмір Темірдің ұрпағы, Хорасан билеушісі Хусейн мырзаға Қыпшақ даласынан Қасым сұлтанның келгенін хабарлайды [Вельяминов-Зернов, 1864, 262-264].

Бұл қазақтардың Түркістан қалалары үшін Әбілқайыр хан ұрпақтарымен қиян-кескі соғысы бір сәтке тоқтатылған кез еді. Қазақтардың Әмір Темір ұрпақтарымен байланыс орнатуға әрекет жасалуы кездейсоқ нәрсе деп қарауға болмайды. Біздің пайымдауымызша, Қасымның бұл сапардағы мақсаты Хусейн мырзамен ортақ жауы Мұхаммед Шейбаниға қарсы саяси-әскери одақ құру болды.

XV ғасырдың соңында Қасым Қазақ хандығының саяси даму бағытын белгілейтін үш басшылардың біреуіне айналды. Сол заманның тарихи шығармаларда оның есімі әрқашанда мемлекеттің жоғарғы билеушісі Бұрындық хан және өзінің ағасы, құдіретті сұлтан Әдікпен бірге аталып жүреді [МИКХ, 1969, 28-29, 32, 112, 120].

XVI ғасырдың басында (1503 жылдар шамасында) Ташкенттен туған даласына оралған Әдік сұлтан дүниеден озады. Осы кезеңнен бастап Қасымның жеке құдіреті одан бетер өседі [Дулати, 1999, 323; МИКХ, 1969, 222]. М. Тынышбаев Қасым ханның билікке келу уақытын осы уақытпен анықтайды [Тынышпаев, 1993, 132], Алайда, осы кезеңде Қасымға бүкіл хандықтағы билік емес, оның бір бөлшегіндегі билік өтті деу орынды.

Жәнібек хан дүниеден озғаннан кейін оның ең үлкен ұрпағы ретінде Әдік Қазақ хандығының шығыс ұлыстарының (сол қанаттың) билеушісі болған тәрізді. Әдіктен соң оның орнына Қасым келуі мүмкін. 1504 жылғы оқиғаларды айта келе Махмұд бен Уәли осы кезеңде Қасым «маңғыттардың көмегі мен қолдауы арқасында Қыпшақ даласында билігін орнатып, Ташкент пен Түркістан шекараларына жорық жасауға мүмкіншілік алды» деп жазады [Кляшторный, 1992, 272; Султанов, 2001,167].

Осы кезеңнен бастап Қасым мемлекет басындағы Бұрындықтан кейінгі екінші адам болады. Бұдан бері оның есімі Бұрындық ханмен бірге атала басталады. Мысалы, Мырза Хайдар моғұл билеушісі Сұлтан Махмұд ханның ұлы Сұлтан Мұхаммед 1509 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін «Моғұлстанда қала алмады, сол себепті амалсыз Дәшті Қыпшаққа Бұрындық хан мен Қасым ханға аттанды» деп жазады [Дулати, 1999, 193]. Сонымен қатар Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Мұхаммад Шейбани ханның 1509 жылғы жорығын айта келе, «Бұрындық хан мен Қасым сұлтан – қазақ елінің көзі мен жанары, Қыпшақ даласының атақты хандары мен әскер басы» деп жазады [Рузбихан, 1976, 133].

Қасым ханның қасқа жолы

«Қасым ханның қасқа жолы» – қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» – хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған көрінеді. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйенген. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтайды. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Бұл заңның шығуының бірнеше себептері бар: Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді. Екіншіден, қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді. Үшіншіден, хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты. Төртіншіден, Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.

Міне, осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша мәтіні болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталды.

«Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз. Бұл заңға енген ережелерге тоқталар болсақ:

- мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы)

- қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу)

- әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат) елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық)

- жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері)

«Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598 – 1645 ж.ж.) «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болған. Тәуке ханның тұсында (1680 – 1708 ж.ж.) бұл заң әлі де шариғат қағидасымен боялмай, ежелгі билер жасаған қалпын жақсы сақтаған көрінеді.

 

Қасым ханның қайтыс болуы.

Шығыс жазба деректеріндегі мәліметтер әртүрлі жылдарды айтады. Дулати мен Хайдар Рази 1518-19 жыл десе, Гафари және басқалар 1523-24 жылды көрсетеді. Қазіргі кездегі оқулықтар мен кейбір зерттеу еңбектерінде ұлы тұлғаның қайтыс болған жылын 1518-23 жылдар аралығындағы кез келген жылды көрсетуде. Оның қайтыс болған жылын анықтауда орыс деректерін зерттеген тарихшы А.Исиннің материалдары жәрдемдеседі.
     Жоғарыда 1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астраханмен шектеседі дедік.
1520-21 жылдың қыс айларында Астраханда Занко Зудов деген рязаньдық 3-4 ай тұтқында болады. Қазақ хандығында болып жатқан оқиғалардың бірталайын ол тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның Москваның ұлы князі ІІІ Василийге жіберген хабарламасында «Осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды» деп жазады. Бұдан басқа көздер арқылы да Москваға Қасым ханның қайтыс болғандығы туралы хабарлар жетсе керек. 1521 жылы маусым айында Түркияға бара жатқан бояр ұлы Василий Михайлович Третьяк-Губинге ІІІ Василий «Қазақ Ордасы туралы анықтау, қазіргі кездегі қазақтардың патшасы кім және олар қай жерде көшіп-қонып жүргенін анықта» деп тапсырма береді. Бұдан көріп отырғанымыздай, Қасым хан 1518 жылы не 1523 жылы емес, 1521 жылдың қысында қайтыс болған. Қадырғали Жалайыри Қасым хан Сарайшықта жерленген деп жазады. Ол түсінікті де, өйткені Қасым ханның соңғы 3-4 жыл өмірі Еділ-Жайық бойында өтеді. Қайтыс болғанда Ұлы хан 75-76 жастар шамасында болады.
       Қорыта айтқанда, XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. Қасым ханның қазақ билеушілерінің болашақ өкілдеріне қалдырған өнеге жолы – елдің саяси бірлігін сақтауы мен мемлекеттіліктің ең басты көрсеткіші хандық билікті нығайтуы, оны мойындатуы еді. Қасым ханның өмірі мен қазақ тарихында алатын орны, міне, осындай.

 

(Хронология)

  • 1445 ж – сұлтан Қасым Жәнібекұлы дүниеге келген.
  • XV ғасырдың 70-жылдары соңы – Қасым сұлтанның алғашқы келбеті Бұрындық ханның ең қуатты қолбасшысы, Бұрындық хан кавлериясы жетекшісі ретінде көзге түсті.
  • 1496 жыл – Қасым сұлтан Хорасандағы темури сұлтан Хусейн Мырзаға елші жібереді.
  • XVғасырдың соңы – Қасым сұлтан Қазақ хандығының саясатын анықтайтын үш адамның (Бұрындық хан, Жәнібек ханның баласы Әдік сұлтан және Қасым) бірі болды.
  • 1503 жыл – Қасым сұлтан ағасы Әдік сұлтан өлімінен кейін Жәнібек ұлысының билеушісіне  (шартты түрде Қазақ хандығының шығыс бөлігінің тірегі) және мемлекеттегі Бұрындық ханнан кейінгі екінші адам болды.
  • 1507-1508 жыл – Орта Азиядағы Шайбанидтердің негізін қалаушы Мұхаммед Шайбанидің Қазақ хандығына қарсы алғашқы шабуылы. Бұрындық ханның соғыстағы сәтсіздіктері және оның Қазақ хандығындағы саяси рөлінің әлсіреуі. Қасым ханның Қазақ хандығындағы саяси орнының нығайуы.
  • 1509 жылдың соңы – Қасым хан Қазақ хандығының іс жүзінде билеушісі болды.
  • 1510-жыл – Қасым хан Мұхаммед Шайбани ханның қазақ жеріне жасаған соңғы шабуылын тоқтатты.
  • 1512-жылдың соңы – биліктен және абыройынан айырылған Бұрындық хан Сарайшықтан Самарқантқа қызы Михр Сұлтан ханым жанына кетуі. Қазақ хандығындағы жоғары билік Қасым ханның қолына өтті.
  • 1512-жылдан кейін – Қасым ханның Шығыс Дешті Қыпшақ жерінен бір топ Шайбанилерді – Бөрке ханның ұрпақтары Илбарыс және Билбарыстарды ығыстырып шығаруы. Олардың Хорезм территориясына кетуі. Қазақ және Хорезм мемлекеттері арасындағы шекаралық аймақ Ангрен өзені бойынан өткен.
  • 1513-жылдың көктемі – Қасым хан Сырдария бойы қалалары және оның оңтүстігіндегі Сайрам қаласына дейін өз үстемдігін орнатты. Қасым хан Ташкентті бағындыру үшін жасаған әрекеті сәтсіздікке ұшырайды.
  • 1513-жылдың жазы – Қасым хан Қараталда Шығыс Түркістандағы жаңа Моғол мемлекетінің негізін салушы Тұғлық-Темір Сұлтан Саидты қабылдайды.
  • 1514-жылдың басы – Қазақ хандығы мен Шайбани мемлекетінің ортасында келісімге қол қойылды, оған себеп Мәуереуннахрге сефеви әскерлерінен төнген қауіп. Бұл келісім Қасым ханның билік еткен дәуірі бойы сақталды. Қасым ханның әскері ұлы Әбілхайырдың басшылығымен, Шайбанилердің Сефевиттерге қарсы күресіне қатысты.
  • 1514-1519 жылдар - Қасым ханның батыста Ноғай Ордасы билеушілерімен күресі. Батыс елдерімен, атап айтқанда Мәскеу мемлекетімен Қазақ хандығының алғашқы дипломатиялық байланыстарын орнатуы.
  • 1517-жыл – поляк М.Меховскийдің «Екі сармат туралы трактат» атты еңбегінде «Қазақ Ордасы» жайлы айтылады.
  • 1519-1520 жылдар – Қасым хан Еділ және Жайық бойларын хандықтың құрамына қосып алды. Ноғай мырзалары қолында болған Сарайшық қаласы қайтадан Қазақ хандығының құрамына қосылды және хандықтың астанасы болды. Қазақ хандығында заңдық реформа жүрді, ол тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі.
  • 1521 жыл қаңтар-ақпан – Қасым хан 75-76 жаста дүниеден өтті. Ол Сарайшық қаласында қаза тапты және сол жерге жерленді.
  • 1580-1581 жыл – орыс казактары Сарайшық қаласын өртеп, мазарларды тонады.  1581 жылы Мәскеуде ноғай елшісі Байкеш Теміровтің айтқаны: «Приходили деи государевы козаки сего лета и Сарачик воевали и сожгли. Не токмо что людеи живых секлиб и мертвых из земли выимали, и гробы их разоряли».

 

Тарих ғылымдарының кандидаты,доцент Атығаев Нұрлан Әділбекұлы