Бүгін, Индер кентінің Нұрбек деген тұрғыны екі құлпытастың фотосын жіберді. Индердің орталығындағы "Маймақ би" деген қорымда екен. Құлпытастың біреуі Шеркеш руынікі болса екіншісі Тана руына тиесілі екен.
Бірінші құлпытаста: "Шеркеш руы Кедейбас бөлімі Дәулетұлы 60 жасында опат 1936 жылда қойды әйелі Шо.бан (мүмкін Шолпан)" делініпті. Құлпытаста бөлімін қате жазған болуы керек. Себебі, Шеркештерде мұндай бөлім атауы жоқ. Кедейбас деген Ысықтың бөлімі болуы ықтимал. Өйткені, тәжірибемізден көріп жүргендей ескі қорымдарда Шеркештер мен Ысықтардың құлпытастары бір қауымда кездесіп отырады. Сонымен қатар, Ысықтың құлпытасына Шеркештің таңбасын қашап қойғандары кездеседі. Сондықтан, бұл құлпытасқа Ысықтың бөлімін қателесіп жазып жіберген болар деп топшылаймыз. Өйткені, ескі құлпытастарда қателер жиі қайталанып отырады.
Екінші құлпытасты Оралдық өлкетанушы Қ.Құттымұратұлы оқығандығын Индерлік Жанай Амантурлин фейзбук әлеуметтік желісіне жариялаған екен. Онда: Жиенбет-Тана Досалы Кәбай 25 жасында опат болып, белгіні 1842 жылы ағасы Ақтан қойғандығын аударған. Ал, бұл құлпытастағы жазуға Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары құлпытас иесінің әкесінің есіміне өздерінің пікірлерін қосты. Яғни, Досалыдан кейінгі жазуды "Кәбай" деп емес, "Мінсізбайұлы" деп толықтырды.
Жалпы, қорымның "Маймақ би" аталуына қатысты Ж.Амантурлин мынадай мәлімет келтіреді: "Қарағай, Шүкірәлі, Маймағым-ай", деген Мұрат жырындағы Әлім-Төртқара Маймақ би Қазантайұлының зираты Индербордың ортасында жатыр. Қарауында 1000 үйі бар старшын Сырым Датұлы қозғалысына қатысқан тұста осы жерді жайлаған деп кезінде марқұм Кенжеғали Қайып сынды өлкетанушылар жазған. Қорым "Маймақ би бейіті" аталады. Бірақ бейіті қазір белгісіз. Оны қазір іздеп жатқан ешкім жоқ".
Әрине, бұл қорымда өзге де құлпытастар бар делінеді. Ол, ескі құлпытастар оқылып жатырса, көпшілік назарына ұсынылатын болады.
Ф.Байдәулетов