Доңызтау және Қайнар

Доңызтау және Қайнар

Тұнған тарихи өлке ретінде шексіз де байтақ, қасиетті Атырау жерін алсақ жаңылмаспыз сірә. Соңғы уақыттарда бұл аймақтан баға жетпес көне жәдігерлер көптеп табылуда. Күні бүгін осыған дейін анықталған бірқатар ескерткіштердің барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Жыл сайын арнайы зерттеулер нәтижесінде өлкеміздің түкпір-түкпірінен осыған дейін беймәлім болып келген тарихи-мәдени ескерткіштер есепке алынуда. Солардың ішінде аса ірі және күрделі болып саналатын Жылыой ауданының аумағында орналасқан – ХІХ ғ. сәулет өнерінің айшықты көрінісі болып табылатын Қайнар діни-тұрмыстық кешені. Ғажайып та шұрайлы табиғатымен ерекшеленетін Доңызтау тауында орын теуіп, солтүстік-шығысында Ақтөбе, оңтүстігінде Маңғыстау облыстарымен шекараласқан. Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 196 шақырым жерде бой көтерген бұл кешенде – 2 мазар, 1 мешіт-медресе, 35 сағанатам, 75 қойтас, 350 құлпытас, 80 қоршау және 300-ден астам қабір үйінділері бар. Кешеннің тұрған орны – көлемі үлкен әрі кең ойыс. Осының нәтижесінде қорымды биік жерден, яғни айналасын қоршай орналасқан төбелердің үстіне шығу арқылы толықтай тамашалауға болады.

Кайнар кешени    Зерттеулерге сүйенсек, мешіт-медресені өз заманының белігілі тұлғасы, 1815-1890 жылдар аралығында өмір сүрген діни ағартушы, ұстаз, қоғам қайраткері Досжан Ишан Қашақұлы салдырған. Табын руының Шөмішті тармағынан шыққан. Мешітті салуда қашалып кірпіш формасы берілген тау тастары пайдаланылған. Биіктігі шамамен  күмбезімен қоса есептегенде 4 метр, қабырғаларының қалыңдығы жарты метрге жуық. Алайда уақыт әсерімен күмбездері опырылған. Мешіттің ішіне кірген уақытта қақ ортада орналасқан бағананы байқайсыз. Қалыңдығы 1 метрге шамалас бағанадан төрт жаққа аркалар таралған және ол мешіттің төбесіне тіреу қызметін атқарады. Сонымен қатар, мешітке жалғасып салынған медреселерде бала оқытылып, діни дәріс берілген.

Мешит     Қайнардағы мешіт-медресеге реставрациялау жұмыстарын жасауды талап етеді. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық болғанымен маңызы өте зор бұл ескерткішті қайта жаңғырту  маңызды болып табылады. Жалпы алғанда Қайнар діни-тұрмыстық кешені туристер үшін ұмытылмас әсер қалдыратын тарихи-мәдени нысан.

Мешит ишки кориниси     Сонымен қатар, Доңызтауда көшпелілер мәдениетін түкпірінде жасырып жатқан мұртты қорғандардың да бар екенін айта кеткен жөн. Мұртты қорғандарды  алғаш анықтап зерттеген белгілі ғалым, археолог Зейнолла Самашев болатын. 

Ежелден бермен Доңызтаудың төсінде үйір-үйір киік, торайларын ерткен қабандар еркін жайылады. Табиғаттың мұндай сыйын ата-бабаларымыз қуанышпен қабылдағаны сөзсіз. Осының дәлелі ретінде киік аулау үшін пайдаланылған, бастапқы биіктігі шамамен 1 метрге жуық, тау тастарынан қаланып ұзыннан-шұбалған қоршаулар сол қалпында сақталған. Қоршаулар тасасында тұрып өздеріне қарсы айдалған киіктерді атып алып отырған садақшылардың орындары да бастапқы кейпін жоғалтпаған.

Кең байтақ өлкеміз баға жетпес құндылықтарға толы қасиетті мекен. Туризмді дамыту үшін тарихи-мәдени мұраларымызға барынша назар аударуымыз қажет. Өйткені облысымыздың ауқымында туристік бағытта пайдалануға тұрарлық орындардың көп екені сөзсіз.

Аманбек Кенжалин