ЖантуринСайтТайсойганТайсойғансайты

ЖАНТӨРИНМЕН ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

 

   Туған ауылым - Таңдайдан поезд жолымен есептегенде 7 мың шақырым қашықтағы Моңғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батор қаласында Отан алдындағы әскери борышымды өтеп жүргенмін. Алдымен батальон, 31-бригада штабтарынан өтіп, 1971-жылдың наурызында 39-жалпыәскерлік армия штабының ерекше бөліміне (особый отдел) қабылданғанмын. Совет Одағы құрып кеткендіктен, мына әскери құпияны айта аламын.

ЖАНТӨРИНМЕН ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

   Басқаға қалай екенін білмеймін, өзіме, жүрегіме ауыр тиетін бұл мақаланы алғаш рет осыдан 10 жыл бұрын, одан кейін де бірнеше рет жазбақшы болғанымда – қолым жүрмей, кейін қала берген. «Мүлде жазбайтын шығармын» деген ой да келген...        

   Бірақ, 2011-жылдан бері туған ауылым - Таңдай, совхозым - «Бақсай» туралы энциклопедиялық қомақты кітапты дайындау барысында - әлемге әйгілі жерлесім туралы дербес жазба қажеттігін сезіндім. Сезіндім де, оны туғанының 85 жылдығына арнамақшы болдым. О, ғажап, үш сөзден тұратын тақырыбын қойдым да, тарыдай шашылып, тырақайланған ойымды жинай, мақсатыма бейімдей алмастан тағы қиналдым. Шынымды айтар болсам – бұл шығармамен көкірегімде, көз алдымда әлі тірі жүрген асыл адамымды бір жола өзім жерлегендей күй кешетінімді түсінетінмін де, содан тайсақтай беретінмін. Мамыр айынан бері Атырауда тұратын Құбайдолла ШОЛАҚ құрдасым: «Давай, басқа шаруаңды жасамасаң да, Нұрмұхан ағамыз жөнінде жаз! Осыдан тағы қалдырсаң – тіптен жазбайтыныңды сеземін!» деумен мені көрген сайын қажап-қамшылаған.