Қазақ өртті, тасығын терең суды тілсіз жау дейді. Бұл апаттан сақтанса аман құтылуға болады. Қашып құтылмаса өзге ешбір лажы жоқ бір жау бар. Ол жаудың ең зұлымы, апаттың мейірімсіз ең күштісі, елге келген жаппай аштық.
Бір үй аш болса, бір ауыл ашығады деген екен бұрынғылар. Қазақстанда жүргізілген тоталитарлық режим саясаты ХХ ғасырдың 30-жылдарының басында күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыруға бағытталған апатты зардаптарға әкелді: халықтың кедейленуі, миграцияның өсуі, әлеуметтік-демографиялық зардаптар. Тоталитарлық режим жүргізген отырықшыландыру және ұжымдастыру саясатын жүзеге асыру қазақтардың дәстүрлі құрылымының жойылуына ықпал етті. Дәстүрлі шаруашылық құрылымның күйреуі халық арасында әртүрлі наразылық тудырды, оның бірі көші-қон болды. Бұл кезеңдегі көші-қонды қазақтардың дәстүрлі шаруашылығының ажырамас атрибуты болған көшпеліліктен ажырата білу керек. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы аясындағы көшпелілік экологиялық және экономикалық мақсатқа сай мотивтермен ұштасып жатса, 1930 жылдардың басындағы көші-қон басқа сипатта болды. Тұрар Рысқұлов жазғандай, «... бұл аш, шарасыз адамдардың тамақ іздеп қашуы еді».
Бұл мәселені зерделеудің өзектілігі қазіргі заманғы әлемдік шындыққа байланысты. Көптеген елдердің тарихи тәжірибесі куәландыратындай, елде аймақтың ерекшеліктерін ескермейтін, ойластырылмаған экономикалық реформаларды жүргізуге ұмтылу көбінесе күтпеген нәтижелерге әкеледі. В.Кондрашин., Д.Пеннер (Голод: 1932-1933 годы в советской деревне (на материалах Повольжя, Дона и Кубани). Пенза. 2002 272 с.) зерттеулері бойынша зорлық-зомбылық саясаты КСРО аумағында ұжымдастыруды сталиндік басшылық елді үдемелі индустрияландыру мәселесін шешу мақсатында жүргізді. В.Кондрашин мен Д.Пеннер ұжымдастыру ауыл шаруашылығы өндірісін жойып, соның салдарынан 1932-1933 жж. «ұйымдасқан ашаршылық» деп анықтауға болатын аштық болды, деп айтады. «Оны сталиндік режим күштеп ұжымдастыру нәтижесінде, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс есебінен ауылдан астықты мәжбүрлеп, күштеп әкету және шаруалардың қарсылығын басу арқылы ұйымдастырды. Бұл әрекеттердің барлығын сталиндік басшылық саналы түрде жасады», деп көрсетеді.
В.Кондрашин сонымен қатар бұл жағдайды шаруалардың өмір сүруінің дәстүрлі әдістерін шектеу және жою саясаты, халықаралық көмектен бас тарту саясаты қиындатты деп есептейді. Ашаршылықты тікелей ұйымдастыру, тарихшының пікірінше, Сталин-Молотовтың шаруаларды ауылдарға қамап, ашаршылыққа ұшыратқан стихиялық көші-қонымен күресу жөніндегі дөрекі нұсқаулары болды. В.Кондрашин сонымен қатар «1932-1933 жылдардағы ашаршылық бұл ұлттық емес, халықаралық, кеңестік ашаршылық, одан Кеңес Одағының бүкіл халқы зардап шекті және бұл азаптың дәрежесі ұлтына емес, тұрғылықты жеріне байланысты болды. Ең көп зардап шеккен аудандар 1930 жылдардың басында КСРО-ның ауылшаруашылық аудандары болды.
Келесі зерттеу, И.Огайон монографиясы (Седентаризация казахов СССР при Сталине Коллективизация и социальнные изменения. (1928-1945 гг.). Алматы, 2007. 362 с.) Қазақстан аумағындағы кеңестік отырықшыландыру саясатының тарихына арналған. Монографиялық еңбекте ашаршылық пен көші-қонда көрініс тапқан отырықшыландырудың әлеуметтік-экономикалық салдары қарастырылып, көші-қон ауқымын көрсете отырып, жекелеген аймақтар үшін нақты фактілер келтірілген.
Аграрлық секторда жүргізілген ұжымдастыру саясаты ауыл шаруашылығының құлдырауына және колхозшылардың өмір сүру деңгейінің апатты түрде төмендеуіне әкеліп соқтырғанын, бұл көші-қон процестеріне де әсер еткенін, халықтың ауылдар мен аудандардан қоныс аударуына әкелгенін айту керек. Ауылдардан қалаларға және өнеркәсіптік құрылыс аудандарына келіп олар кедейлер мен аз жалақы алатын жұмысшылар қатарына қосылды.
Американ тарихшысы Шейла Фицпатриктің материалдары негізінде КСРО-да 1928-1932 жж. жалпы саны 12 миллионға жуық адам ауылдан қалаға көшкен. 1929-1932 жылдары колхозшы болған әрбір 30 адамға шаққанда 10-ы шаруа еңбегін тастап, жалдамалы жұмысшы болған. Кейбір шаруалар, Ш.Фицпатриктің айтуы бойынша, «жерді иеліктен шығаруға байланысты ауылдарынан күштеп қуылып, олардың жартысына жуығы ақырында кәсіпорындарда жұмысшы болды. Басқалары иеліктен айырылып қалудан қорқып немесе колхоздарды жек көріп қашып кетті. Басқалары, бірінші бесжылдық жылдарындағы өнеркәсіптік өсу нәтижесінде қалаларда жаңа жұмыс орындары ашылғандықтан қалаға көшіп кетті».
1930 жылдардың басындағы ОГПУ ПП-ның (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың Өкілетті Өкілдігі) арнайы баяндамаларында миграциялар географиялық бағытына қарай үш түрге бөлінді:
1) Кеңес жерінен тыс көшу;
2) Қазақстаннан тысқары жерлерге, бірақ кеңестік мемлекеттің ішіне бағытталған «сыртқы» көші-қон;
3) «ішкі» көші-қон, яғни Қазақстан ішіндегі «аш жұртшылықтың ауданнан облысқа, өнеркәсіп орталықтарына, қалаларға стихиялық үздіксіз қозғалысы».
Көші-қонның бірінші түрі басым көпшілігінде, Қазақстанның шекаралас аймақтарында таралған. Сөйтіп, 1930 жылдың жазында бұрынғы Семей уезінің Тарбағатай, Зайсан аудандарынан Қытай жеріне шекара асып 60-қа жуық шаруашылық қоныс аударған.
1930 жылғы ОГПУ құжаттарына жүгінсек, Қазақстан аумағынан барлығы 10 мың 636 адам көшіп бара жатып, шекарадан өтер кезде ұсталған. 1933 жылдың 1 ақпаны мен 10 маусымы аралығында Қытай мен Алматы облысының шекарасында шекарашылар Қытай жеріне өтіп кетпек болған 5325 адамды ұстаған.
Көші-қонның екінші түрінің бағыты географиялық факторлармен де анықталды. Мысалы, 1933 жылдың маусымына дейін Қызылқұм облысынан Өзбекстанға 2200 шаруа қожалығы, оның ішінде ауылдық кеңес төрағасы басқарған 4 ауыл көшіп келді. Елге келген жаппай аштықтан аман қалудың амалын іздеген Ақтөбе облысының Табын (қазіргі Байғанин) ауданының тұрғындарының көпшілгі Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан жерлеріне шұбырып барды. Ақтөбе облысына қарасты Қостанай аймағының тұрғындары Ресейдің Магнитогорск, Уфа, Тюмень Курган қалаларына жұмыс іздеп қашып барды. Батыс Қазақстан облысы Маңғыстау ауданының тұрғындары көшу жері ретінде Түркіменстанды таңдады. 1931 жылдың қазанынан 1932 жылдың шілдесіне дейін, Маңғыстау облысынан Түркіменстанға 3 мыңға жуық шаруашылық қоныс аударды. Маңғыстаудан Астрахань облысына жұмыс іздеп, кеткен аш-арықтардың тізімі Маңғыстау облсытық архив қорларында тіркелген. Гурьев облысының аштыққа ұрынғын тұрғындары, Саратов, Орынбор облыстарына босып барды. Қызылорда облысынан шұбырған босқындар легі Өзбекстан, Тәжікстан Ауғанстан жерлеріне дейін барды. 1932-1934 жылдары ауа көшкен босқындардың азғантай тобы Тәжікстан, Өзбекстан асып Ауғанстанға жетті.
Орталық Қазақстан тұрғындарының көші-қоны аталған барлық нұсқалармен ұсынылды. Бұл ретте «ішкі» деп аталатын көші-қонның кең етек алғанын айта кеткен жөн. Сонымен, Орталық Қазақстанның географиялық жағдайының ерекшеліктері, шекаралас облыстардан аумақтық алыстығы бұл аймақ тұрғындарының мүмкіндіктерін шектеді.
Орталық Қазақстандағы 1930 жылдардың басындағы көші-қон жағдайын архив деректері нанымды түрде сипаттайды: «Колхоздардағы осындай қиын жағдайды ескере отырып, «көшпелілер» (откочевниктер) мен тұрақты колхозшылардың бір бөлігі облыстан облысқа көшуді жалғастырды. Шұбыра көшкен босқындар совхоздан совхозға, колхоздан өнеркәсіп қалаларына және кері көшіп нан мен баспана іздеуде». Сенімділік үшін жекелеген аймақтар үшін нақты фактілерді келтіру қажет. Мәселен, 1931 жылы Қарқаралы ауданынан 25 мың 421 адамнан тұратын 5 мың 432 шаруа қожалығы көшіп кетсе, ата қонысына тек 1 мың 820 шаруа қожалығы ғана кері оралды, яғни 5 мың 484 адам. 1932 жылы мамырда Қарқаралы өңірінен көші-қон қайта жанданып, 1932 жылға қарай Қарқаралы өңірінде 10 мың 800 шаруашылық болса, 1933 жылдың ақпанына қарай 4 мың 400 шаруа қожалығы ғана қалды.
Деректі мәліметтер бойынша, Қазақстаннан Өзбекстанға көшіп келген қазақтардың саны, 1932 жылдың соңғы бір жарым айында екі есеге жуық өскен (15 сәуірдегі 8 612 үй шаруашылығынан 1 маусымдағы жағдай бойынша 16 509 үй шаруашылығына дейін) және өсуде. Босқындар, негізінен астық және мал шаруашылығы аудандарына көшіп келіп, ірі совхоздардың айналасына қоныстанған. Алты мыңнан астам шаруа қожалықтары Ташкент пен Самарқанд төңірегінде шоғырланған. Өзбекстанның үш астық совхозының (Галляарал ауданы Жизақ облысы және Яккабаг ауданы Қашқандария облысы) айналасында «көшпелілердің» (откочевниктер) 2535 шаруашылығы болып қоныстанған.
Босқындардың барлығы дерлік малсыз көшіп, тек аз ғана бас көлік ретінде пайдаланылған түйелері болған. Босқындардың көпшілігі астық пен малға жайылым жер іздеп, тұтас ауыл, ру болып немесе жалғыз өздері өңір-өңірді аралап қоныстануға қолайлы аймақты іздеген. Олардың материалдық жағдайы қиын болған. Олардың арасында эпидемиялық аурулар кең тараған. Көшіп келгендердің едәуір бөлігі ауылшаруашылық, егіншілік жұмыстарымен айналысты. Олардың арасында тұрақты жұмысшылар саны мардымсыз болды. Жұмыс таппаған, жоқшылық қысқан босқындардың аз бөлігі аштан өлмес үшін, қайыршылықпен, мал ұрлаумен, колхоздар мен совхоздарды тонаумен айналысып күн көруге мәжбүр болды. Қылмыс айтарлықтай өсіп, қарулы тонау және босқын қазақтардың жергілікті халыққа шабуыл жасау фактілері де орын алған. Егін науқаны жақындауына байланысты совхоздарға қылмыстық мақсатта шұбырырған адамдардың ағылуы күшейген. Архив деректерге сүйенсек, аштық шұбырындарының совхоздардың егін жинау кезіндегі жұмыс күшін жалдау есебімен ғана емес, астықты талан-таражға салу жағдайы орын алған. 1932 жылы бір ғана «Яккабаг» совхозында астық жинау кезінде 1500 центнерге жуық астық ұрланған. Босқындардың мал мен астық ұрлауы сияқты келеңсіз жағдайлар совхоздарда жиі болып тұрған. Совхоздардағы егінді ұрлықтан қорғау шаралары жеткіліксіз болған. Көшпелі қазақтардың Өзбекстан аймақтарына келуі, ұрлық пен тонаудың күшеюі қазақтар мен өзбектер арасындағы ұлттық қарама-қайшылықтың күшеюіне себеп болды. Ұрлық жасады деген күдікке ілінген қазақтарды қырып-жоюмен, сотсыз жазалаумен аяқталатын жанжал жиі туындаған. Кейбір жағдайларда өзбектер қазақтарды тонап, малдарын тартып алатын болған.
Қорыта келе айтпағымыз, миграция (лат. migration – көші – қон, қоныс аудару адамдардың (мигранттардың) қандайда бір аумақтардың шекарасынан өтіп, ұзақ уақытқа немесе біржолата қоныс тебу процесі. Ішкі көші-қон ел халқының жалпы санын өзгертпейді. Халықаралық көші-қон әлем елдеріндегі халық санының өзгеруіне әкеледі, көп жағдайда азаматтықты өзгертуге себеп болады. 30-шы жылдардағы аш қазақ шұбырынды босқындарының көші-қоны мәжүбірлі миграция (елді жайлаған аштықтан қашқандар) және заңсыз көші-қон болып есептелді. Заңсыз деп танылған көші-қон қазақтардың жаңа жерлерге бейімделулеріне көп қиындық туғызды. Босқындардың ауыр жағдайын жергілікті ұлтшылдар антисоветтік шовинистік үгіт үшін пайдаланып, «Кеңес үкіметі жақын арада өзбектерді де қазақтар сияқты бірдей күйге ұшыратады» деп үгіттеді. Үкіметтің және БК(б) ОК Орта Азия бюросының босқындардың шаруашылықты ұйымдастыру туралы көптеген аудандардағы қаулылары қағаз жүзінде қалды, босқындарға жер бөлінбеді, науқастарға көмек көрсетілмеді, ал босқындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген.
Босқындардың Ресей мен Орта Азия қалаларының өндіріс орындарына жұмысқа тұрғандары аштықтың құрығынан аман қалды. 1 030 мың адам Қазақстаннан тыс аймақтарға көшіп кетті. Оның 616 мыңы елге оралмады. 414 мыңы кейін Қазақстанға қайтып келді. Мамандардың мәлімдеуі бойынша оралмай кеткен 200 мыңға жуық адам шет елге Қытайға, Монғолияға, Ауғанстанға, Иранға, және Түркияға тұрақтап қалды.
Өтеген Исенов,
тарих ғылымдарының кандидаты,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің
профессоры.
Мақала AP08856865-OT-20 «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» тақырыбына арналған гранттық ғылыми жоба зерттеуі бойынша даярланды.