ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЖЫМДАСТЫРУ НАУҚАНЫ: АШТЫҚ БОСҚЫНДАРЫ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЖЫМДАСТЫРУ НАУҚАНЫ: АШТЫҚ БОСҚЫНДАРЫ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЖЫМДАСТЫРУ НАУҚАНЫ: АШТЫҚ БОСҚЫНДАРЫ

 

Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранты бойынша АР08856865-ОТ-20 «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» атты ғылыми жоба аясында дайындалды.

ХХ ғасырдың бас кезеңінде қазақ елі алуан түрлі, жан түршігерлік жағдайларды басынан кешірді. 1929 жылдары орын алған ашаршылықтың басы Қазақстандағы кеңестік ұжымдастыру кезеңі өз құпиялылығымен ерекшеленеді.

1929 жылдың аяғында Орталық Комитет бірінші бесжылдықтың ең маңызды шарасы – күштеп ұжымдастыру науқанын бастауға бұйрық берді. 1927-1928 жылдары мемлекеттік нарықтағы астықтың жетіспеушілігі режимнің экономикалық саясатындағы, яғни жекеменшік шаруашылықтардың өз астығын мемлекетке сатуына негізделген Жаңа экономикалық саясаттағы (ЖЭС) байырғы шиеленістерді анық көрсетіп берді. 1929 жылдың соңына қарай көптеген факторлар, атап айтқанда экономикалық және халықаралық жағдайдың даму барысы, ішкі саясат және кеңестік идеологиялық ұстанымдардың жиынтығы мәжбүрлі ұжымдастырудың пайдасына қарай шешіле бастады. Сталин ЖЭС-тен бас тартып, Кеңестер мемлекетін дамытудың ұзақ мерзімді мақсаттарын көздеген алғашқы бесжылдығын ұсынды. Өнеркәсіп ауыл шаруашылығының есебінен қаланатын болып шешілді. Ұжымдастыру арқылы Кеңес үкіметі азық-түлік қамсыздығын бақылауға алып, астық өнімін бірнеше есе ұлғайтуды көздеді: осылайша астық шетелдің тұрақты ақшасына сатылып, ол ақшаға социализмнің келбетін білдіретін ірі индустриялық жобаларды қаржыландыру жоспарланды. Қалалы жерлерде күннен күнге көбейіп келе жатқан аш жұмысшыларды асырау үшін астық пен ет ауылдан тасымалданатын болды.

Қазақстанға ұсынылған қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық мәдениетіне енгізілген өзгерістер ең шұғыл, әрі ең қасіретті өзгерістердің бірі болатын: сайып келгенде, Кеңес Одағы аумағындағы ең ірі көшпенді малшылар тобы әрі республиканың байырғы ұлты болып саналатын қазақтарды отырықшыландыруға көндіру еді. 1928 жылғы қазақтың жақсы-жайсаңдарын құртудан басталған дәстүрлі көшпенділік: жаз жайлауға, күзде күзеуде, қыста қыстауда отыратын малшылар қауымына қарсы күресті жалғастыра отырып, Мәскеу қазақ көшпенділерін қоныстандыру мен ұжымдастыруды бір мезетте жүзеге асыруды ұсынды, оны республиканың партия комитеті «жаппй ұжымдастыру негізіндегі отырықшыландыру (оседание на базе сплошеной коллективизации)», деп атады. Қазақстан Кеңес Одағы кеңістігіндегі көшпенді халықтар кең қоныстанған аймақты жаппай отырықшыландыру тәжірбиесінің алғашқы «қарлығашына» айналуы тиіс еді. Көшпенділердің қоныс тебуі республиканың бидай өсіретін егіс алқабын күрт кеңейтуге мүмкіндік беретін қосымша жер алаптарын «босатады» және Мәскеу Қазақстанға мыңдаған қосымша егіншілерді жібере бастайды, - деп жоспарланды.

  Жаһанның «нарық» үшін ет өндіруге деген беталысымен жарысып, Мәскеу қазақтардың төрт түлік малдарын түгел «ұжымдастырып» (яғни тәркілеп), қырық бес миллионға жуық гектар аумақты қамтитын үлкен кеңшарға (совхоз) айналдыруды ұсынды. Кеңшарларда өсірілген мал Қазақстанның теміржол бекеттеріне жақын орналасқан алып комбинаттарда өңделіп, ет, тері, жүн және сүт өнімдері сияқты тауарларды Кеңес Одағының басқа аймақтарына теміржол арқылы оңай жеткізуге мүмкіндік туады. Коммунистік партия сарапшыларының есебінше, Қазақстанды Чикагомен бәсекелесетін ірі ет комбинатына айналдыру болды.

Қазақстанда 1929-1930 жылдары басталған жаппай ұжымдастыру науқаны бай мен кулакты «жоюға» бағытталған қарқынды күреспен қатар, елде құрылған ұжымшарлардың шектеулі ғана желісіне сүйеніп жүргізілмек еді. 1929-1930 жылдардағы науқанға дейін республикадағы ұжымшарлардың ең көп таралған түрі ТОЗ (жерді бірлесіп өңдеу қауымдастығы) болды. Бір жағынан, Қазақстандағы 1929-1930 жылдардағы ұжымдастыру науқаны еуропалық Ресейдің біраз жеріне тән ұжымдастыру үлгісімен жүргізілді, өйткені көбінесе сан жағынан белгіленген межеден жоғары шаруалар легі 1929 жылдың қысында ұжымшарларға зорлықпен мәжбүрлеп кіргізіліп, 1930 жылдың көктемінде қайта шығып жатты. Кеңес Одағының басқа жерлеріндегі сияқты, Қазақстан белсенділеріне де ұжымдастыру жұмыстарының реті туралы еш нұсқаулар берілмегендіктен, науқан бей-берекетсіз жүргізілді. Кейбір шаруаларды ірі әрі тұрақсыз ұжымшарларға (колхоз-гиганттарға) кіруге итермелеп, ал басқаларын үй жануарлары мен құрал-жабдықтарын тәркілеп, өздерін «ұжымдық» түрде пайдаланатын ұжымшардың шағын түрлер артельдерге кіруге мәжбүрледі. Жаппай ұжымдастыру аймақтарындағы жиырма мыңға жуық кулак отбасыларын республиканың шалғай аудандарына жер аудару (депортациялау) көзделді. 1930 жылдың 7 наурызына қарай РСФСР ауыл шаруашылық комиссариатының (Наркомзем) шенеуніктері Қазақстандағы барлық үй қожалықтарының 40% ұжымдастырылғанын мәлімдеді, бұл республикадағы ұжымдастыру жоспары 150%, яғни асыра орындалды дегенді білдірді.

Дәл осы сәтте республиканың партия комитетінің «Қазақстандағы социализм құрылысының ең басты жобасы», деп атаған отырықшыландыру жобасы жылдам құлдырай бастады. Бұл жұмысқа жауапты негізгі комитет – 1930 жылдың қаңтарында құрылған Оседком – құрылымы жағынан күрделі мекеме болатын. Көшпенділерді қоныстандыру жұмыстары басталған кезде, ол аграрлық шекараны республиканың шалғай аймақтарына қарай жылжыту мәселесінің осал тұстарын дереу айқындап берді. Бұрындары көптеген көшпенділер көшкен кезде суды бұлақтардан немесе құдықтардан алатын. Бірақ отырықшы өмір суға жақын жерде болуды талап етті. Қазақтың көшпенді шаруаларын қоныстандыру үшін Мәскеуге республиканың шөлейт аймақтарында ұңғымалар мен құдықтар желісін салу қажет болды. Алайда, малды суғару жобаларына жеткілікті қаржы бөлінбеді: республиканың ауылшаруашылық ісі жөніндегі Комиссариатының басшысы Кәрім Тоқтабаев жаңа қоныстанғандарды сумен қамтамасыз ететін құдықтардың құрылысына 4,48 млн рубль керек деп есептегенмен, 1931 жылы Бүкілодақтық Наркомзем Қазақстандағы жалпы ирригациялық жобаларға 1,17 млн рубль ғана бөлді. Тағы бірде, Алматы тарапынан жасалып отырған жобаны жеделдету қажет деген қысымның әсерінен, аудандық отырықшыландыру комитеттері төрт түлік мал өсірумен айналысатын шаруалар қоныстандырылатын мекендерді алдын-ала зерттемегені анықталды. Бұл бассыздықты мемлекет қайраткері - Нығмет Сырғабеков «Құм бетіне социализм қалаларының сұлбасын сызу», - деп қатаң сынаған болатын. Көбінесе қазақтар өздерінің жаңа қоныстарының батпақты жерде, жыраның ішінде немесе өсімдік өсіруге жарамсыз сортаң топырақта орналасқанын біліп, сан соғып жатты.

«Айта кететін бір жайт, көшпелі аймақтарды ұжымдастыру жұмысына қатысты орындаушыларға еш нұсқаулар берілмеген. Ауданды қойып, тіпті аймақ деңгейіндегі орындаушылар мал шаруашылығымен айналысатын аудандардағы ұжымдастыру жұмыстарына іс жүзінде дайын емес. Ауылдарда жұмыс істейтін өкілетті уәкілдердің (айтпақшы, бәрі өте нашар әзірленген) бар білетіні көзге көрінгеннің бәрін ортаға салу керек, мал көрсе тартып алу керек, бірақ тағы не істеу керек, деген сұраққа ешкім жауап бере алмады».

Қазақ ұжымшарлары құрылған кезде, олардың біразы Мәскеудің елестеткеніндей емес, мүлдем өзгеше болды. Ресми тұлғалар «халықаралық» немесе көп ұлтты ұжымшарлар құруға үгіттеп, халықты еуропалық Ресейден келген жаңа қоныстанушылар қазақтардың отырықшы өмірге бейімделуіне, ал қазақтар жаңа келгендерді жергілікті тіл мен әдет-ғұрыпқа үйрете алады деп сендірді. Олар, сонымен қатар, ұжымшарлардың құрамын әр түрлі рулардан құруға үгіттеді, бұл қазақтардың өміріндегі туыстық қатынастардың әсерін азайтады деп мәлімдеді. Бірақ белсенділер бұл нұсқаулардың бәріне ат үсті қарады. Кейде ұжымшарлар бұл аудандағы басқа рулардың болған-болмағанына қарамастан, бір рудың негізінде ғана қаланған жағдайлар да кездескен. Осы «рулық ұжымшарлар» деп аталып кеткен (родовые колхозы) фермаларда ұжымшар мүшелері мемлекетке қайтарылуы тиіс астық пен басқа тауарларды өндіруге қолданудың орнына, мемлекет қаражатын, оның ішінде әртүрлі машиналар мен басқа да ауылшаруашылық техникасын өздеріне меншіктеп алды. Осы тұрғыдан алағанда, кейбір қазақ ұжымшарлары Мәскеудің жоймақ болған қазақ мәдениетіне тән кейбір ерекшеліктерін сақтап қалуға қызмет етті.

Партия ұжымшарларды қоғамдық жұмыс пен әлеуметтендіру алаңы, деп жарияласа да, көптеген қазақ ұжымшарлары өздерінің түпкілікті ұғымына кереғар сипат алды. Олардың кейбіреулері киіз үйлерде тұратын қазақтардың он-жиырма шақты үй шаруашылықтарынан құралды. Бұл үй шаруашылықтары бір-бірінен екі-үш шақырым қашықтықта болуы мүмкін еді, ал кейбір қазақ ұжымшарларының жалпы радиусы тоқсан шақырымға дейін баратын. Кейбір жағдайларда ұжымдастыру шаралары қазақтарды отырықшы өмірге мүлдем әкелген жоқ. Кейде тіпті «көшпелі ұжымшарлар» деп аталып кеткен шаруашылықтарда қазақтар өздерінің көшпелі өмір салтын ұстанып, бірақ құрылымы жағынан ұжымдық ферма түрінде тіршілік етіп жатты. Сарысу ауданында «аудан орталығы мен оның барлық партия-кеңес ұйымдары халықпен бірге қысы-жазы көшіп-қонып, киіз үйлерде тұрды». Республиканың ұжымшарлар одағының мүшелері партияны біртектес емес, аралас ұжымшарлар құруға шақырды және олар осы «жалған ұжымдық шаруашылықтардың» (лжеколхозы) пайда болуын қатаң сынға алды.

Ұжымдастыру жайлы режимнің ниеттерін топтап жіктеуге тырысқанда, ғалымдар әдетте ауа-райы жағдайын режимнің еркінен тыс тәуелсіз айнымалы ретінде қарастырады. Кеңес Одағының батыс бөлігіндегі ашаршылықтың алдындағы ұжымдастыруға назар аударған басқа да ғалымдар, бұл режимнің 1929-1932 жылдардағы сәтсіздіктерін кеңес өкіметінің табиғи ортаны түсіну, алдын ала болжау және оны елеп-ескеру қабілетсіздігінен орын алған апат деп түсіндіреді. Орталық Комитет қазақтардың одан орасан зардап шегу мүмкіндігін біле тұра, бұл шешімді қабылдауға бел буды. Дегенмен, ең алғашқы ұжымдастыру қозғалысының аса маңызды салдарына қазақтардың жоқшылыққа ұрынып, кедейленуі жатады. Қазақтардың мыңдаған төрт түлік малдарының қырылу себептерінің бірі малды ұжымшарларға айдап апаруға мәжүбүрлеуден туындаса, ал малдан айырылу себебі астық өткізу квоталарын орындау үшін малды мәжүбүрлі түрде сатуға тура келгендіктен туындаған. Негізінен көшпелі аймақтардағы табиғи-экологиялық жағдай астық өсіруге қолайсыз болғанына қарамастан, бұл аудандардағы ұжымшарлар үшін миға қонбайтын жоспар құрылды. Мәскеу ашаршылықтың болатынын алдын-ала білсе де, алайда, режим үшін бұл апаттың күтпеген тосын салдарлары да болды: республиканың жергілікті және аудандық әкімшілігінің дайындық деңгейі ұжымдастыру жұмыстарын бақылап жүзеге асыру үшін жеткіліксіз немесе мүлдем төмен болып шықты. Республиканың кейбір өңірлері кеңес өкіметіне тек сөз жүзінде ғана бағынышты болды. Режим көшпенді мал шаруашылығының орынын басатын жаңа мал шаруашылық жүйесін дамытамыз деп жанталасып күресе бастағанда, мал басының саны күрт төмендеп кетті.

Көшпенділердің ежелгі қарсылық көрсетудің тәжірибесі болып саналатын көшіп кету стратегиясын қолданып, көптеген қазақтар көрші Ресей және Орта Азия республикаларына көшіп кетті. 1931 жылдың аяғында ашаршылық апаты келесі кезеңіне өтіп, Мәскеудің бар күшін салып күресуге тура келетін зор аймақтық дағдарысқа айналды.

 

https://el.kz/upload/medialibrary/bd7/bd7f22bb375156b2f0b7fac5b0a1412c.jpg

 

Архив деректері бойынша, 1931 мен 1932 - ші жылдың басынан бастап ашыққан адамдар, ауылдардан қалаға қарай шұбырып маңайындағы қалаларға симай кеткен. Қазақстаннан тысқары жерге босып кеткендердің де жағдайы мәз болмады. 1932 жылы қазақ даласынан Еділ бойына 40 мың, Қырғызстанға 100 мың, Батыс Сібірге 50 мың, Қарақалпақстанға 20 мыңнан астам, Өзбекстан мен Тәжікстанға 45-50 мыңдай адам аштықтан босып барған. Мысалы, көршілес Қырғыз Республикасына ауа көшіп барған қазақтар жөніндегі деректе: "Олардың жалпы санын айту қиын, өйткені халық өз бетімен лек-легімен келуде", - деп жазылған. Қордай асуында Қырғыз еліне жете алмай жолда қаза болған көптеген адамдардың мүрдесі көктемде қар астынан шыққаны жайында деректер бар.  Еділ және Сібір жаққа кеткен қазақтардан да көп адамдар аштан өліп, қырғынға ұшыраған. Көшпелілердің (откочевниктердің) жағдайы өте қиын болған. Деректерге сүйенсек, 71 аймақ көшпелілер (дұрысы босқындар. – Ө.И.) ықпалынан зардап шексе, оның 50-і көшпелі және жартылай көшпелі, 21-і отырықшы егіншілік аймақтарынан болды. Мәжүбүрлі көші-қоннан әсіресе Оңтүстік өңірдің аудандары, Алматы облысы, Қарағандының оңтүстік бөлігі, Ақтөбе, Маңғыстау, Гурьев, Орал өңірінің бірнеше аудандары қатты зардап шеккен. Сонымен қатар, бұрынғы егіншілік аймақтарының ішінде ең көп зардап шеккендері, Әулие-Ата, Талдықорған, Меркен, Талас, Шу, Созақ, Іле өңірлері болды, Ақтөбе облысына қараған Қаратал, Жетіғара, Семиозерный, т.б. аудандарыда қатты зардап шеккен. Қазақстанның барлық аймақтарында аштыққа ұшыраған 90 000-нан астам үй шаруашылығы, жалпы халқы шамамен 300 000 адам тұрақты қоныстарын тастап, басқа аудандарға, облыс орталықтарына, темір жол бекеттерінің бөлімшелеріне босып ауа көшіп кеткен.

Қорытындылай келе айтпағымыз, Кеңестер билігінің қасақана жасаған ұжымдастыру саясаты негізінде қазақ халқы жаппай аштық қырғынына ұшырады. Ашаршылық зардаптары халықтың сағын сындырып, рухын түсірді. Кеңестік ұжымдастыру саясаты ашаршылықтың алғышарты болса, ашаршылық осы ұжымдастыру нәтижесінің айқын көрінісі болды.

Нәубет жылдарындағы ашаршылық құрбандары мен ашаршылық босқындарының тарихын зерттеулердің бүгінгі басты бағыты, ашаршылық босқындарының саны, көштің қозғалыс бағыттары, сонымен қатар жаппай ашаршылық кезінде көрші елдерге қазақ халқының қоныс аудару ерекшеліктерін ашу. Бұл-бір. Екіншіден, зерттеудің ғылыми бағытында - қазіргі Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан тірі куәгерлердің естеліктерін жариялау; Үшіншіден, архив және сирек кездесетін қолжазба материалдарын ғылыми айналымға енгізу; Төртіншіден, фольклорлық және дала материалдарын кең ауқымда, кешенді талдау арқылы зерттеулер жүргізу. Бесіншіден, Қазақ халқының өткен ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қасіретінің тарихын зерттеуде тарихи ақиқатын білсем деген жас ұрпаққа тарихи ақиқатын жеткізу болуға тиіс.

 

Өтеген Исенов, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай

өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты