Қазіргі уақытта 1930 жылы басталған жаппай ашаршылық кезеңінде Қазақстан халқының мәжбүрлі көші-қонының тұтас бейнесін қалпына келтіру және олардың Орта Азия мен Ресей республикаларының аумағына ата қоныстарын тастап ауа көшуі мен жат жерде өмір сүруіне биімделуінің тарихын зерттеу Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болып отыр. Кеңестік билік тұсында Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын зерттеуге мүлдем тыиым салынған болатын.
Кеңестік дәуірде, байларға қарсы күрес, большевиктер партиясының жасанды отырықшыландыру және күштеп ұжымдастыру саясаты, республикадағы қазақтардың қолындағы малдарының бірін қалдырмай тартып алып, ұжымшардың меншігі етіп біріктіру науқаны, сондай-ақ нан және ет дайындау шаралары бұрын-соңды болмаған мал басының жойылуына алып келді. Солақай саясаттың салдары адам қырғынына ұшыратқан ашаршылыққа әкеліп соқты. Сол уақытта Қырғызстан басшылығы астық пен ет беруден үзілді-кесілді бас тартты, сол арқылы республика азаматтарының өмірі құтқарылды. Қазақстанда болған аштық 1932-1933 жылдардағы Украинадағы аштықпен салыстырылып отырды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында болған аштыққа қазақ халқымен қатар украиналық шаруашылықтар да ұшыраған болатын. Бұл аштық көлемі жағынан Қазақстандағы 1918-1919 және 1921-1922 жылдары орын алған аштықтан асып түсті. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кем дегенде 4 миллионға жуық адамның өмірін қиды, оның көпшілік бөлігі республика аумағында қазаға ұшырады. Олар киіз үйлер мен қысқы тұрғын үйлерде аштықтан тұруға шамалары келмей ажал құрсауында қалды. Аман қалудың амалдарын іздеп босқандардың сүйектері далада қалды. Аштыққа ұшыраған адамдар қала көшелерінде, шаруа ауылдарының маңында, кеніштер мен зауыттарда соңғы демдері таусылғанша дәрменсіз күйде жатты.
1925 жылы 13 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына Мәскеудегі орталық билік Филипп Исаевич (Шая Ицкович) Голощекинді жіберді. 1933 жылдың 21 қаңтарына дейін осы қызметте отырған Голощекин тұсында қазақ халқы өз тарихындағы ең ауыр кезеңді бастан өткізді.
Оның қылмысы – ашыққан халықты құтқару үшін уақытылы шешім қабылдап, шаралар қабылдамағаны. Малы барлар «көшіп кетіп» қана қарабастарын аман алып қалуға мәжбүр болды. Үйдің дүние мүлкі тартып алынды, малдары «пышаққа түсті». Сондықтан, 1931 жылдың күзінен бастап Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан жеріне қарай беталған, аштыққа ұшыраған қазақ халқының ағыны тоқтамаған. Бір жағынан жаппай көшіп кету ұжымшарлар құру саясатына ұжымдық наразылық пен қазақтың қарсылық түрінің бірі болса, екінші жағынан аштықтан өліп қалмаудың жалғыз жолы болды. Зерттеушілердің соны деректері бойынша, республиканы осы жылдары 1 миллион отандасымыз тастап кетуге мәжүбір болған.
Біздің отандастарымызға барған жерінде бірден жаңа тілдік және мәдени ортаға бейімделу қиын болды. 30-шы жылдары шекаралас республикалар аумағындағы босқындардың беймәлім климаттың салдарынан ауруға ұшыраулары, аштық, белгісіз жағдайларда жоғалулары көп болды. Мысалы, қазақтың кейбір бөлігі көрші Ресей жеріне, Қазақстанмен шекаралас облыстарына барды. Жергілікті халықтың біраз бөлігі келген қазақтарға теріс көзқараста болды. Ресейге Қазақстаннан адамжегіш адамдар келеді деген қауесет таралған. Бірақ, Батыс Сібірдің басшылығы тарапынан бұл келеңсіз қауесетке қатысты белгілі бір шаралар қабылданған.
Мәселен, Ресей жерінде 1932 жылдың қорытындысы бойынша аймақта ұлы автократтық шовинизм үшін 273 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Дегенмен жергілікті билік, құқық қорғау органдары, аймақтық сот жергілікті халық тарапынан аш қоныстанушыларға жаппай жағымсыз көзқарас көріністерін жасырып отырған жағдайларда орын алған.
Аштықтың зардабын тартқан қазақтың көпшілігі аман қалу мақсатында, теміржолмен, жаяу, сондай-ақ аман қалған малды пайдалана отырып өзге көрші елдерге барып жансақтау үшін ауа көшті. Олардың бір бөлігі жолда, соның ішінде көрші республикалар аумағында көз жұмды. Аман қалғандары Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан жерлеріне дейін жетті.
1991 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі осы трагедиялық жағдайды геноцид деп атаған 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық құрбандарын зерттеу туралы тұжырымдаманы әзірлеу және ұсыныс жасау үшін мемлекеттік комиссия құрды.
Бұл комиссия 1991-1992 жылдары жұмыс істеді және бұрын қол жетімді емес МҚК (КГБ) архивтері мен республиканың басқа мұрағаттары негізінде баяндама жасады. Комиссия 1931-1933 жылдары аштықтан қайтыс болған республика азаматтарының саны 2 миллион 200 мың адамды құрады деген қорытынды жасады. Сонымен қатар, бірқатар шетелдік ғалымдар тарапынан аштықтан қайтыс болған қазақтың санын 1,5 миллион адамға дейін бұрмалауының тенденциясы байқалады. Сонымен қатар көшпелі халықтың санын азайтуға тырысқан ақтаңдақтар орын алған. Бұл мәселелер ақиқатын ашатын, шынайы бағасын беретін зерттеулерді қажет етеді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы - оның саны, ата қонысын тастап кетуге мәжүбір болғандардың қозғалыс бағыттары, сонымен қатар жаппай ашаршылық кезінде көрші елдерге қазақтың қоныс аудару ерекшеліктері ашылатындығында. Қазақ халқының қасіретті жылдарының тарихы туралы толығырақ ақпарат алу үшін Қырғызстанның, Түркіменстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның және Ресейдің архив қорларының деректерін сөйлету қажеттігі туындап отыр.
Жаппай өлім мен көші-қонның салдарынан республикадағы қазақтар саны ең төменгі деңгейге өзгеріп, 30% - дан аз болды (1959 ж.). Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша республика қазақтарының нақты саны 2 миллион адамға дейін азайған. Айта кетуге тиіспіз, кейбір қазақтардың республикадан тыс жерлерге уақытында көшуі жүздеген мың адамдардың өмірін аштықтан өлуден құтқарып қалды. Тарихтың бұл парақтары әліде мұқият зерттеуді қажет етеді. Бұл проблема ұзақ уақыт бойы зерттелмеген күйінде қалды. Мәселенің зерттелуі соңғы уақытта да кешенді түрде толыққанды қарастырылмаған. Әрине, зерттеудің тағы бір ғылыми жаңалығы - қазіргі Қазақстаннан тыс жерде тұратын тірі куәгерлердің деректі дәлелдерін пайдалану. Мысалы, 100 мыңға жуық қазақ көрші Қырғызстанды паналап аман қалған. Бұл туралы зерттеулерде өз кезегін күтуде.
Көрші республикаларға барған қазақтың мәселесі бойынша, негізінен, баяндау сипатында немесе шолу ретіндегі бірқатар еңбектер жарық көрді. Ашаршылықтың трагедиясын түсінуге тырысқан жеке конференцияларды өткізуге талпыныс болды. Бұл проблемаларды бірқатар отандық және шетелдік зерттеушілер көтерген болатын. Олар; М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев, Ж.Абылхожин, Қ.Алдажұманов, М.Татимов, Г.Сапарғалиев, В.Григорьев, Б.Аяған, З.Кабулдинов, Ж.Қыдыралина, К.Ысқақова, В.Михайлов, В.Сергечук, П.Токар, С.Уиткрофт, М.Б. Олкотт, Роберт Конкест, Изабель Огён, Дэвис Р. В. және Стефан Уиткрофт, Н.Н. Аблажей, Т.Байқұлов және басқалар.
Неміс тарихшысы Р.Киндлер «Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане» атты еңбегінде қазақтардың, оның ішінде көршілес кеңестік республикаларға қоныс аудару мәселелерін қарастырды. Автор дереккөзінің кең базасын пайдалана отырып, республикадағы Кеңес өкіметінің саясатын, 1931-1933 жылдардағы көшпенділерді отырықшы өмір салтына, ұжымдастыруға және жаппай ашаршылыққа ауыстыру саясатын талдады. 30-жылдардың басындағы жаппай қоныс аудару дәуіріндегі әйелдердің жағдайы Ж.Құндақбаеваның еңбектерінде баяндалды. Орта Азия республикаларында қазақ популяциясының қалыптасу мәселелері «Казахская диаспора и репартриация (1991-2012 жж.)» ұжымдық монографиясында зерделенген.
ХХ ғ. 30-шы жж. басындағы жаппай аштыққа арналған бірқатар зерттеу жұмыстарына қарамастан, әлеуметтік-экономикалық және саяси мәртебесі, Орта Азия мен Ресей Республикаларына қоныс аударған қазақтардың бейімделу ерекшеліктері күні бүгінге дейін жеке зерттеу тақырыбына айналмады. Кейбір қорытынды пайымдаулар бір ізді емес. Сонымен қатар архив және сирек кездесетін қолжазба материалдары ғылыми айналымға толық енгізілмеген. Осы орайда фольклорлық және дала материалдарын кең ауқымда, кешенді талдаулар қажет.
Қорыта келе айтпағымыз, біріншіден, Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесі 1931 жылы наурызда «Қазақстан жерінен ауа көшумен күрес туралы» қаулы қабылдап, көршілес республикалардың үкімет басшыларына жедел хаттар жолдады. Екіншіден, 1931 жылдың жеті ай ішінде Қаржы комиссариатының мәліметінде Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Орал, Сібір, Қытайға және Еділ бойына 213 мың қазақтардың жер ауа көшкендігін бігінгі зерттеушілердің деректері растайды. Үшіншіден, Кеңестік коммунистік партия билігі тұсында 1937 жылы халық санағының қорытындысын жариялауға тыйым салып, оған қатынасқан адамдар саяси тұрғыдан қудалауға ұшыраған болатын. Осы тұрғыдан қарастырғанда, бүгінгі таңда 1930 жылы басталған жаппай ашаршылық кезеңінде қазақ халқының атақоныс мекендерін тастап, Орта Азия мен Ресей жерлеріне ауа көшулерінің тарихы өзекті зерттеу тақырыптарының бірі болып отыр.
Мақала «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» тақырыбына арналған гранттық ғылыми жоба зерттеуі бойынша даярланды.
Өтеген ИСЕНОВ, тарих ғылымдарының
кандидаты, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
өңірлік университетінің профессоры.