Майдан құла

   Заманында "Майдан-құла" өзінің жүйріктігімен аты аңызға айналған болатын. Осы жүйріктің Майдан бөліміне (Ысық руының бір тармағы Майдан бөлімі болатын) қатысы туралы айтып көрейік.

   Қашанда, бала күнінен ат жалын тартып мінген халқымыз үшін шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік жылқылардың жөні бөлек. Олай дейтініміз, бабалар өмірінде алдына ат салмаған жалғыз ғана жүйрік жылқы бүкіл бір елдің абыройын асқақтатып, мерейін өсіргені тарихтан мәлім. Сондай бір елдің беделін биіктетіп, жұлдыздай аққан жүйріктігімен бәйге алдын бермеген жылқылардың бірі – Майдан құла. Бұл Қызылқоға өңірінің (Атырау облысына қарасты) «Құлагері» атанып, аты аңызға айналған арғымақ деседі көпті көрген қариялар. Ендеше, оның «Майдан құла» атануының сыры неде? Халықтың ауызынан түспей айтылып жүрерліктей қандай қасиеттері болған?

Майдан-құла

   Шежіреші қарттардың әңгімелеріне сүйенсек, «Майдан құла» бойынан қуат кеткенше алдына ат салмаған өрен жүйрік болыпты. Оның «Майдан құла» атануы Ысық руының «Майдан» бөлімінен өрбіген азаматтарының атынан бәйгеге түсіп, сол тайпаның даңқын аспандатуынан болса керек. Ұлағатты ұстаз, өлкетанушы Орақ Күнжарықовтың Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылының тұрғыны, марқұм Атшыбай Зейнетұлы Махановтан көзі тірісінде жазып алған деректеріне көз жүгіртсек, бірде Адай руының Тіней бөлімі, Есенбай тармағынан тарайтын Балапан деген азамат (Ол әлгінде айтқан Ысық руының Майдан бөлімінен тарайтын Сәрсенбайға күйеубала болып келеді – Б.С.) барымталап жүріп, түрікпеннің текежәуміт жирен қасқа дөнен арғымағын қолға түсіреді. Әйтсе де, Қайнар өзенінен өткенде әлгі арғымақ жүре алмай, күз мезгілінде жоғарыда айтқан қайынатасы Сәрсенбайдың ауылына тастап, орнына басқа ат алып кетеді. Кетерінде қайынағаларына:
«Мына жирен қасқа түрікпеннің текежәуміт тұқымынан, жүре алмағасын амалсыз тастап отырмын. 9-10 жасқа келгенде бәйгеге қосылады, оған дейін қос жабумен жылы ұстап, көк шөппен азықтап ұстаңдар. Келесі жылы үйірге салып тұқым алыңдар!» — деп аманаттайды. Кейін жирен қасқаны Ысық руының Майдан бөлімінен өрбіген ат сыншы Жұмағазы Есмырзаұлына көрсетеді. Ол Балапанның айтқанын қостап «Бұл атты бағуларың дұрыс болған. Жаратуы қиын. Біздің жеріміздегі ұзақ қашықтыққа шабу үшін будандастырып, екінші ұрпағын тәрбиелесеңдер одан алысқа талмай шабатын тұқым аласыңдар», — деп кеңес береді.
Осы жерде айта кетейік, кейінгі ұрпаққа «Майдан құланың» шығу тарихынан дерек қалдырып кеткен Атшыбай Махановтың руы Ысық, оның Майдан бөлімінен тарайды. Аталары Махан, Зейнет, Сүйін, Оразбай, Жұмағазы, Қайролла, Дүйсенғали, бәрі де жылқы десе ішкен асын жерге қоятын жандар болған. Өзі де өмірден өткенше, төрт түлікті түлетіп, ат баптаған атбегі. Ол жаратқан жылқылардың талай рет бәйге төрінен көрінгенін көз көргендер әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Демек, оның аталарының абыройын асқақтатқан «Майдан құла» туралы сыр шертуі тегін емес. Енді Майдан құланың тарихына қайта оралайық.
   Жоғарыда айтқан, Ысық руының Майдан бөлімінен тарайтын азаматтар 7-8 биені іріктеп, түрікпеннің текежәуміт жирен қасқа дөнен айғырды үйірге салады. Соның нәтижесінде, Оразбайдың нысаналы көк қасқа биесінен торы еркек құлын, Маханның биесінен ақсары ұрғашы құлын туады. Сол құлындардың ішінен 5-6 жасында бәйгеге қосылып, үлкен аста алдына ат салмаған торы болыпты. Содан оны баптап, сұрыпталған он шақты биемен будандастырады. Осыдан келіп Бегенияз байдың (Ол да Ысық руының Майдан бөлімінің ұрпағы – Б.С.) баласы Қайролланың бір биесінен құлан тектес еркек құла құлын туады. Құла құлынның жауырынан, жалынан төмен қарай қара жолақтары болған. Құланың атасы торыны болашығынан зор үміт күтіп, Адай руы, Тіней бөлімінің ұрпағы Талпақ бай қояр да қоймай алып кетеді.
   1928 жылы байларды кәмпескілеген уақытта, Ысық руының Майдан бөліміндегі ұрпақтар екі жүйрік құланы сақтап қалу үшін Адай руының Шоңай бөлімінен тарайтын Қаженге тұрмысқа шыққан Айман атты қызына еншіге беріп жібереді. Қажен «Ақшелек-Буракөл» колхозында еңбек еткендіктен сол колхоздың жылқысына, кейін уақ колхоздар іріленгенде – 1958-1959 жылдары Ақкиіз-Шоқат колхозының жылқысына қосылады. Бертін келе малды асылдандыру ұмыт болып, Құланың тұқымдарының бірте-бірте жойылып кеткені белгілі болып отыр.

 

 

                                                                                                                                    Қабибек Мұхитов.