Бүгінгі жаңарған қоғамға өз бетінше дербес, сыни тұрғыда ойлайтын, өзекті мәселелерді көре алатын және шығармашылық тұрғыда педагогикалық шеберліктерді пайдалана отырып, кәсіби міндеттерді оңтайлы шеше алатын жаңа тұрпатты педагог қажет.
Тәуелсіз жаңа Қазақстанның заман талабына сай, жоғары оқу орынында музыкалық білім беруде, музыка мамандарын даярлауға салмақты үлес қосып жүрген білікті мамандардың бірі - Тамара Мұқанқызы Суингарина.
Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасында: «Болашақ мұғалім тек өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық үдеріске қатысушының әрқайсысының орнын көре біліп, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыра білуі, оның нәтижелеріне көз жеткізіп, реттей білуі тиіс. Мұндай нәтижеге жету үшін жоғары оқу орындарындағы мұғалім даярлау сатылы түрде, жеке тұлға ретінде қалыптастыру мақсатында жүргізілуі керек» - делінген. Осы айтылған тұжырымдамаға сәйкес респубикамыздың батыс аймағындағы іргелі оқу ордасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Музыка және өнер» кафедрасында музыка мұғалімін дайындауда отыз жылға жуық үлес қосып келе жатқан Т.М.Суингарина университеттің білікті, кәсіби деңгейі жоғары ұстаздарының бірі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Атырау облысын ғана емес, іргелес Маңғыстау облысын да музыка мамандарымен қамтамасыз етуде.
Ұлағатты ұстаз, университет доценті, ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамоталары мен тағы басқа көптеген марапаттардың иесі.
Тамара Мұқанқызы 1958 жылы Ақтөбе облысы, Октябрь ауданында дүниеге келді. Әкесі Алихан техниканы жетік меңгерген автомеханик, ауылдастары арасында беделді жан болатын. Бұдан үш жыл бұрын дүниеден озған әкесінің адами қасиеттері мен еңбекке адалдығын, жас мамандарға қамқорлығын ауылдастары әлі күнге дейін ыстық ықыласпен еске алады. Анасы Бақыт - көп жылдар бойы мемлекеттік сауда саласында еңбек етіп, жанұясындағы бес ұл мен үш қыздың тәрбиесін де өз құзырында ұстаған, еңбекқор, талапшыл жан. Бақыт апайдың іскерлігі, талғампаздығы, жоқтан бар жасайтын қолының берекелілігі қыздары мен келіндерінің де бойынан табылады.
Тамара жас кезінен сабаққа алғыр болып, мектеп белсендісі атанды. Жалпы жанұядағы балалардың барлығы дерлік мектепте үздік оқыды, апасы бауырларының әсіресе математика пәнінен мықты болғанын мақтанышпен еске алады. Бауырлары әрқайсысы бір-бір мамандық иесі атанып, бесеуі теміржол саласында, үшеуі педагогика саласында қызмет атқаруда. Мұқановтар әулеті аудандағы үлгілі отбасылардың бірі болып табылады.
Тамара Мұқанқызы жанұядағы балалардың үлкені ретінде іні-сіңлілерінің тәрбиешісі, қамқоры болғандықтан ба, педагог мамандығын таңдады.
1977 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға қабылданады. Кезінде Кеңестер Одағына танымал болған бұл оқу ордасы туралы Тамара Мұқанқызы аса құрметпен еске алады. М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде оқу үлгерімі, тәртіп мәселесі - білім алушылар үшін қатаң қағида болатын. Оқуда озат, қоғамдық жұмысқа белсене араласқан жас қыздың суреті осы оқу орынының Құрмет тақтасында 3 жыл бойы ілінді. 1980 жылы «Ән оқытушысы» мамандығы бойынша оқу бітірген жас маманды мемлекеттік жолдамамен Ақтөбе облысының Темір аудандық оқу бөліміне жібереді. Екі жыл аудандық музыка мектебінде баян класында сабақ беріп, кейін білікті маман ретінде қазақ орта мектебіне мұғалім болуға шақырылады.
1982 жылы жоғары білім алу мақсатында Гурьев педагогикалық институтының «Музыка және педагогика» факультетіне күндізгі оқу бөліміне оқуға түседі. Батыс өңірінде жаңадан ашылған бұл факультетке көршілес облыстардан ғана емес, басқа республикалардан да түлектер қабылданатын. Факультеттегі педагогтардың барлығы дерлік Ресей консерваторияларынан, Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан жолдамамен келген жас мамандар болатын. Сол кезеңдерде жылына 50 бітіруші түлек конкурспен қабылданатын бұл оқу орынын Қазақстанға белгілі күйші, дирижер Рыспай Хисметұлы Габдиев басқарды.
1986 жылы институтты аяқтағанда ізденгіш, жауапкершілігі жоғары студент ретінде танылған Тамара Мұқанқызына институт тарапынан осы оқу орынында оқытушы болып қызмет жасауға ұсыныс түседі. Бірақ ата-анасына, сол жылдары жоғары оқу орындарында оқып жүрген бауырларына көмектесу мақсатында Маңғыстау облысына сұранады. Ол кезде Маңғыстауда қызмет жасайтындарға табиғатының қолайсыздығына байланысты үкімет тарапынан 30-70 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық оқу бөлімі Тамара Мұқанқызын аудандық музыка мектебіне және аудан орталығындағы М.Калинин атындағы орыс мектебіне жолдамамен жібереді. Жас маман аталған мектептерде жұмыс жасаумен қатар кешкілік уақытта аудандық Мәдениет үйінде көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі ретінде концерттерге, аудан, облыс көлеміндегі мәдени шараларға белсене қатысады. Тамара Мұқанқызы маңғыстаулық әріптестерімен достық қарым-қатынасын осы уақытқа дейін үзбей келеді.
1987 жылы атыраулық Мухарам Кенжеғалиев есімді азаматпен бас қосып, беріш әулетіне келін болып түседі. Жолдасы да химия-биология саласының жоғары білімді маманы болатын. Екеуінің отыз жыл отасқан жұбайлық ғұмырында Айтолқын, Ақбота, Ақбөбек есімді үш перзент сүйіп, тәрбиелеп өсірді. Қыздары - әр саланың жоғары білімді мамандары.
1988 жылдың қаңтарында Гурьев педагогикалық институтының шақыртуымен «Музыка теориясы мен тарихы» кафедрасына оқытушы болып тағайындалып, орыс және қазақ топтарына «Сольфеджио», «Халық шығармашылығы», «Музыка тарихы» пәндерінен дәріс оқыды. Кафедра меңгерушісі Е.С.Канның ұйымдастыруымен өткізілген «Музыка апталықтарында» оқытушы Т.М.Суингаринаның жұмыстары әрдайым жоғары бағаланып, институттың телебағдарламасында «Музыка әлемі» атты айдармен тақырыптық дәрістері беріліп тұратын.
1991 жылдан бастап аға оқытушы ретінде «Музыкалық білім беру әдістемесі» пәнінен дәріс оқып, әр кезеңде өткізілген Республикалық пәндік Олимпиадаларға, байқауларға студенттер дайындады. 1993 жылы Талдықорған қаласында М.Төлебаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған Республикалық студенттер Олимпиадасында III курс студенті Махамбет Дауылбаев «Елім-ай» бағдарламасы бойынша панорамалық сабақ беруден жүлделі орын алды. Шәкірті М.Дауылбаевтың институт бітіргеннен кейінгі еңбектегі жетістіктерімен қатар, балалар әндерінің композиторы ретінде танылғанын ұстазы мақтанышпен айтып отырады.
2000 жылы университет көлемінде өткізілген «Болашақ мұғалім» сайысына екі студент дайындап, III курс студенттері И.Хасанова мен К.Сарқұлова «Атамұра» және «Елім-ай» бағдарламалары бойынша жаңаша сабақ беру тәсілдерін қолданып жүлделі орындарға ие болды. Бүгінде бұл түлектері «Жыл мұғалімі» марапатына ие болған облысқа танымал үздік ұстаздардың қатарында.
Тамара Мұқанқызының тәлім-тәрбиесі нәтижесінде талай шәкірттер биіктерден көріне білді. 2009 жылдың 25-27 наурызында Алматыда өткен І Республикалық олимпиадаға А.Бижанов, Н.Доскалиев, Г.Жұмашева секілді үздік студенттерін дайындап апарып, жүлделі орындарды иеленді. Бұл студенттер қазіргі таңда Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде еңбек етуде.
2011 жылдың наурызында Алматы қаласында «Музыкалық білім беру әдістемесі» пәнінен өткізілген ІІІ Республикалық олимпиадаға дайындаған шәкірттері (А.Бижанов, Ж.Унашева) жүлделі орынмен, сонымен бірге дипломмен марапатталды.
2014 жылдың наурызында Талдықорған қаласында «Музыкалық білім беру әдістемесі» пәнінен өткізілген VІ Республикалық олимпиадада А.Ижапқұлова мен С.Алқабай лауреат атанды. Ұстаз үшін бұдан артық қандай мәртебе болуы мүмкін!
Сонымен бірге, Т.М.Суингарина университет көлеміндегі түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, Тәуелсіз Қазақстанның жастарын тәрбиелеу бағытына атсалысып, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеттерімен танылуда.
2009 жылдан бері қалалық, аудандық мектептердің оқушылары мен музыка мұғалімдерінің ғылыми жұмыспен айналысуына ғылыми жетекшілік жасап келеді. Облыс мектептері оқушыларының музыка өнері саласына жазған ғылыми ізденістері халықаралық, республикалық конференцияларда жүлделі орындарға ие болғаны үшін доцент Т.М.Суингарина мен университет ректоры бірнеше рет аудандық оқу білімдері мен мектеп басшылығы тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Т.Мұқанқызының әдіскерлік іскерлігі туралы айтсақ, студенттері оқу орнын бітірмей тұрып-ақ мектептерде педагогикалық іс-тәжірибе кезіндегі сабақ жүргізу, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы қабілеттерімен көзге түсіп, мектептердің әкімшілігі тарапынан марапатталып келеді.
Доцент Т.М.Суингаринаның 40-тан аса ғылыми мақалалары республикалық басылымдарда, халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми конференциялар жинақтарында жарияланып келеді. «Музыкалық білім» мамандығы студенттеріне арналған «Музыка мұғалімі қызметіне қойылатын талаптар» (2009), «Сыныптан тыс музыкалық тәрбие жұмыстары» (2014) атты оқу-әдістемелік құралдары және «Музыкалық білім білім берудің өзекті мәселелері» (2017) атты ғылыми мақалалар жинағы баспадан шықты. Қазіргі таңда «Музыкалық білім» мамандығы пәндері бойынша жасалған «Тесттер жинағы» оқу-әдістемелік құралы, инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша «Әлем музыкасы тарихы» пәнінен аудио-дәрістер жинағы жарық көрді.
Сонымен қатар, биылғы жылы Т.М.Суингаринаның педагогика ғылымдарының докторы, профессор Р.Қ.Дүйсенбиновамен (Талдықорған) және педагогика ғылымдарының кандидаты Н.Е.Мукеевамен (Ақтөбе) авторлық бірлестікте жазылған «Музыка пәнін оқыту әдістемесі» атты оқулығының Республикалық Оқу-әдістемелік кеңесінің ұсынысымен баспадан шығуы жоспарлануда.
Тамара Мұқанқызы ұстаздық қызметпен қатар университет көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. 1998 жылдан бері топ кураторы, әрі Факультет кураторлары кеңесінің, Кафедра кураторлары кеңесінің төрайымы, эдвайзер, кафедра бойынша практикаға жауапты бас әдіскер т.б. қоғамдық қызметтер атқарып келеді.
Т.М.Суингарина 1997 жылдан бері Облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының тұрақты лекторы, облыстық, қалалық «Педагогикалық оқуларының» қазылар алқасының мүшесі болды.
2007 және 2012 жылдары Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының құрамында еліміздің оқу орындарына мемлекеттік аттестаттау жұмыстарын жүргізді. Бірнеше жыл Республикалық Ұлттық Бірыңғай тестілеу комиссиясының құрамында қызметін абыроймен атқарды.
Доцент Т.М.Суингарина маман даярлауда сіңірген еңбегі үшін университет және республикалық деңгейде бірнеше марапаттауларға ие болды.
Университетте еңбек еткен жылдары Т.М.Суингарина өз ұжымдастары арасында беделді, студенттер алдында сыйлы, білімді маман ретінде танылды. Биылғы 60 жас мерейтойы құтты болсын дей отырып, шығармашылық кемелденген кезеңде әлі де берері мол ұлағатты ұстазға мықты денсаулық, шығармашылық биіктерден көріне беруіне тілек білдіремін.
Б.Т. Барсай
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор