ӨНЕР ӨРІНДЕГІ ЖАРТЫ ҒАСЫР

ӨНЕР ӨРІНДЕГІ ЖАРТЫ ҒАСЫР

   Айналасына классикалық өнерді насихаттап жүрген ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Мақыш Зәйітқызы Гайсина өз жанының қалауын, арманын, кәсібін ұштастыра білген аймағымыздағы майталман хор дирижері. Оның есімі еліміздегі және шетелдік кәсіби музыканттарға жақсы таныс. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ол өз мамандығына адал еңбек етіп келе жатқан ұстаздың тәжірибесі бай. Ниеті мен тілегі болса болды, қай жастағы адаммен де талғамай жұмыс жасап, таңдай қағарлық нәтижеге қол жеткізеді. Хормейстер бірнеше рет аймақтық, республикалық, халықаралық шараларда 200 және 500 кісілік хорды, биылғы жылы 1500 студенттің хорын дирижерлады.

   Мақыш Гайсина Индер ауданының Өрлік ауылында дүниеге келген. Музыкалық қабілет деген анықтама бізге таныс болса, онымен қатар табиғи дауыс мүмкіндігі ерекше адамдар да болады. Міне, осындай табиғат берген вокалдық қабілетімен қоса ерекше полифониялық есту мен жадысы бар жас бала ән айтуға құмартты.

Он жеті жасында облыстық әншілер конкурсының жүлдегері болады.

Гайсина 17 жаста

Жергілікті музыка мәдениетінің дамуына үлес қосқан Нұртас Оңдасынов қалаға концертімен келген Роза Жамановаға осы әнші қызды жетектеп апарып, тыңдатқызады. Әйгілі әнші «дауысың жақсы екен, бірақ жасың 18-ге толмапты. Келесі жылы консерваторияға келсең өзім көмектесемін» деген уәдесін береді.

   Осы жылы, (1959) танымал өнер қайраткері Сейілхан Құсайынов себепші болып, Мақыш Зәйітқызы қаладағы музыкалық училищенің хор дирижерлау класына түседі. Бұл кезде оқу орнында вокал класы әлі ашылмаған еді. Музыкалық училищеде ауыл баласы теориялық пәндерге ден қойды. Бәріне ұнай бермейтін музыка теориясы, гармония, сольфеджио, полифонияны сияқты күрделі сабақтарды жақсы меңгерді. Мамандықтан берген Л.И.Черная деген жібек мінезді, келбетті, сұлу ұстаздың бар болмысы Мақыштың хорды жақсы көруіне әсер етті. Жас қыз жазғы демалыстан осы бір сүйікті оқытушысын сағынып қайтатын... Кейін Евгений (Жеңіс) Михайлович Нұрашевтан дәріс алады. Ол сабақты нәзік юмормен, өзіне ғана тән өзгеше әдіспен түсіндіретін. «Ағайымыздың бізбен қызықты жұмыс жасайтыны сонша, небір күрделі шығармаларды қалай жеңіл игергенімізді байқамай қалатынбыз» деп еске алады Мақыш апай сол жылдарды. Сол кезеңде небары жиырмаға толмаған студент облыстық фестиваль, мерекелік іс-шараларға қатынасып, облыстық радиоға бірнеше әндерін жазып үлгереді. Оның дирижерлыққа бейімдігі, бойындағы ерекше қабілеті училищеде оқып жүргенде-ақ байқалды. Өмірдің өзі оның дирижер болуына жол көрсетті. Үшінші курста ол қаладағы Мәдениет үйінде жеке әншілер мен хорды дайындап, облыстық мәдени өміріне белсене араласа бастады. Ал бір жылдан соң 4-курстың студентінің осы хоры облыстық фестивальде бірінші орын алды!

1962  3-курс студенти

   Осындай жетістігі бар студент Гурьев музыка училищесіне мұғалім боп жұмысқа қалдырған кезеңде (1963-1998) өзі сүйетін мамандық бойынша адал еңбек етіп талай биіктерден көріне білді. 25 жыл бөлім меңгерушісі болған еңбек ардагері кең ауқымдағы талай мамандарды дайындауда орасан үлес қосты, халықаралық конкурстардың жүлдегерлерін шығарды. Республикаға танымал музыкамен әрлеуші, композитор, көптеген музыкалық жобалардың продюсері Ринат Гайсин мен республикалық және халықаралық «Жахан дала», «Жас қанат» конкурстарының жеңімпазы Хамиль Сүйекбаев – М.З.Гайсинаның шәкірттері. Хормейстердің «ЖасSTAR» дуэті Ақтоты Асқар мен Аслан Ертілеуов халықаралық «Многоголосье народов мира» атты Санкт-Петербургтегі фестивальде (жүзге жуық музыкант қатысты!) Бас жүлдеге ие боп, кейін Ялтада «Қара теңіз жағалауында» деген 14-халықаралық конкурсында үш күрделі әнді орындап Бас жүлдегер атанды.

   Сонымен бірге басқа да шәкірттері елімізде және одан тыс Бостон (АҚШ) Музыка Академиясын, Мәскеу, Санкт-Петербург, Саратов консерваторияларын бітіріп дүниенің түкпір-түкпірінде дирижер, вокалист әнші, композитор, мұғалім болып қызмет етіп жүр.

   ...Сексенінші жылдары Гурьевке келген білім сапасын тексеру комиссиясы құрамында болған Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушылары Р.С.Базанова мен Қ.Ү.Үсеновалар Мақыш Зәйітқызының сабақтарына қатысып, консерваторияға шақырды. «Сен оқымағанда, кімді оқытамыз» деп қолқа салған мамандар сөзі Мақыш Зәйітқызының ойынан кетпей, ақыры, 1985 жылы консерваторияның хор дирижерлау мамандығына қабылданды. Әрине, бұл кезеңде М.З.Гайсина қалыптасып қалған тәжірибелі маман болатын. Ол қабылдау емтиханында В.А.Моцарттың «Dies Irae» реквиемінің бөлімдерін орындағанда білікті профессорлар оның зор мүмкіндігін бірден байқап, кәсіби болашағына сенім артады.

   М.З.Гайсина шығармашылығында өзінің музыкалық өңдеулерінің орны айтарлықтай табысты. Ол Естайдың «Қорланы», Р.Елебаевтың «Жас қазақ», Н.Тілендиевтің «Өз елім» секілді көптеген әндерді төрт дауысты хорға лайықтап түсірді. Бұл туындылар алыс, жақын шет елдерде орындалып, жоғары бағасын алып жүр. Ол облыстағы алғашқы хор фестивалін өткізген бірінші дирижер-хормейстер. Күрделі хор шығармаларын дирижерлаған сирек дарынды  маман.

   Жарты ғасыр өмірін балалар хорына арнаған ұлағатты ұстаз биыл 75 жасқа толып отыр. Оның өнерде салған өшпес ізіне назар аударып, он жылға ғана лирикалық шегініс жасап, шығармашылығын шолып көрейікші.

   М.З.Гайсина ұйымдастырған Атырау Кіші өнер академиясының балалар хоры еліміздің қалаларында және шет елдерде өнер көрсетті. Олар қазақ, орыс, латын, итальян тілдерінде а капелламен де орындады.

   Хорды тыңдаған кәсіби мамандар әр кезде жоғары деңгейдегі шеберлікке тәнті болып, тамсанған. Балалардың пианиссимосына, дыбыс тазалығына, дыбыс алудың жоғары мәдениетіне қайран қалып бас шайқап, елжіреген. Бұл ұжым туралы сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланаған арнайы тілшілердің алған сұхбатынан «тыңдай отырып тамаша ләззатқа бөлендік» деген небір жылы лебіздерді оқимыз.   

   ҚР халық артисі, танымал консерватория маманы, профессор Б.А.Жаманбаев «Ғажайып дыбыс тазалығы, репертуар алуандығы, барлық туындының керемет орындалуы ғажап! Хорыңызды тыңдап, көкірегім Сіз үшін және консерватория үшін қуаныш пен мақтанышқа толды! Биігіңізден түспеңіз! Сізде бәрі бар!» депті. Ал осы балалар хоры Павлодарда өткен халықаралық хор фестивалін ашқанда КСРО халық әртісі, майталман хор дирижері, профессор А.В.Молодов «Биік өнерге жасөспірімдерді тәрбиелеп жүргеніңізге рахмет. Сезімтал талғам, ән айтудың жұмсақ мәнері, репертуарды ұтымды таңдау, хордың нәзік түсінікпен басқаруы! Бала дауысына деген қандай жауапты қатынас, қандай ұқыпты жұмыс! Бұл хорды Батыс Еуропаның кез-келген сахнасында ұялмай көрсетуге болады» деп жоғары баға берді.

   Осы балалар ұжымы 2008 жылы Австрияға, Италияға арнайы шақыртулар алды. 2012 жылы АҚШ-та өтетін бүкіләлемдік хор олимпиадасына да жолдама алды. Мұндағы 26 номинация бойынша міндетті бағдарламаға сай дайындалған балалар хоры қаражат мәселесінің біраз қиындықтар тудыруына байланысты бара алмауы өкінішті-ақ. Ресейдің еңбегі сіңген қайраткері С.М.Казначеев 2007 жылы балалар хорын Болгарияда тыңдағанда: «қалайша сіздер классикалық, рухани, эстрадалық, халықтық әндерді бірдей түсінікті, әділетті, стильдерін  сақтап орындай аласыздар» деп таңдай қаққан еді. Мақыш Зәйітқызы өмірде өзін таба білген бақытты жан.

   Иә, мамандардан бұндай баға алу әр өнер адамының арманы емес пе?!   Осындай пікірлерді оқи отырып, өз ісінің майталман шеберімен әріптес болып жатқаныма шүкіршілік еттім. Бұл мен үшін де мақтаныш. Мұндай ізгі ұстаз мерейтойында қалай үнсіз қаларсың?!  

 

Жаныңда  жүр жақсы адам

 

   Адалдықты, еңбекқорлық пен шыншылдықты бағалайтын Мақыш Зәйітқызының өмірлік ұстанымы – «Өмірдің мәні - айналаңа қамқорлық жасап, жүрек жылуыңмен бөлісуде». Туыстарды айтпағанда, дирижердың үйін жататын жер таппаған талай студент паналады. Олардың арасында шалғай ауылдардан келген қаракөздерден басқа ресейлік әріптестері де бар. Олардың бірі, училище түлегі орыс қызы жұмысқа орналасқанша жарты жылға дейін апайдың үйінде тұрып, әрі кәсібилігін шыңдап, әрі сирек кітаптар қорын еркін пайдаланып, өзіне біраз пайдалы білім жинаған екен. Әңгіме барысында Мақыш апай қазір Орынборда, Мәскеуде қызмет ететін шәкірттерінен келген ыстық лебізге толы хаттармен таныстырды. Олардың біразында қазіргі әріптестер ұстазының кезінде айтқан «еңбек етпеген адам тез қартаяды», «алдымен адам бол, сонан соң маман бол» деген ақылын өздеріне күні бүгінге дейін ұстаным етіп келе жатқанын үлкен сезіммен баяндапты.

   Осындай алғысы үлкен шәкіртінің бірі – қаладағы филармония әншісі

Хамиль Сүйекбаев еді. Хамиль 1996 жылы облыстық Кіші Өнер  академиясына оқуға қабылданған дарынды жас болды. Ол вокалдан, сольфеджио, хордан М.Гайсинадан сабақ алды. 1996 жылы КСРО халық әртісі Е.Серкебаев ер балалардың дауысы бойынша сайыс өткізгенде Хамиль 1-орын алды. КӨА-дағы тұңғыш шәкіртінің бірі. «Сол баланың дауысы бұзылмасын, сахнадағы жалғандыққа бойы үйренбесін деп, плюсовканы пайдаланбау үшін алыс, жақын жердегі бүкіл концерттеріне еріп барып жүрдім» дейді Мақыш Зәйітқызы. 2003 жылы оқу орнын бітіргенде оның ата-анасының да, туыстарының да Астанаға жоғары оқу орнына тапсыртуына мүмкіндіктері болмаған. Жас түлекті ұстазының апаруына тура келеді. Түлектің өнер жолының жалғастығы үшін М.Гайсина шәкіртін ертіп, өз қаражатына Астанада жол тартады. Алпыстан асқан ақ шашты ұстаз мақсатқа жету жолында ешқандай кедергіге көңіл бөлмеді. Құжат қабылдамай тұрып берілмейтін студенттер жатақханасының қоймасына шәкіртімен үш күн түнеді...

   Сөйтіп, астаналық мамандар кеңесімен камералық тенорды эстрадалық джаз бөліміне ғана емтихансыз алуға мүмкіндік болды. Бірақ ауыл баласының құлағына жат естілетін жанр - джаз әншісі болғысы келмеді. Содан ол Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің музыка факультетіне грантқа оқуға түсті. Хамиль 1-курста-ақ республикалық «Жас қанат» конкурстында «АЛТЫН ҚАНАТТЫ» жеңіп алды!

 

Егер музыкант болмасам кім болар едім?

 

   «Мен ешбір мамандықты музыкадай сүймеймін» дейді Мақыш апай. Егер мәжбүрлеп жібергендей болса, онда – тігінші болар ма еді. Бұл оның ермегі. 7-сыныпта оқушы кезінде әкесі іс машинасып әпереді. Ол маталарды қиып, құрастырып тіге беретін. Ал 10 сыныпта мектеп бітіруші 20 құрбысына гүлді матадан көйлек тігеді. Көйлектердің жеңін сол кездің сән үлгісі фонарик етіп, ал етегін кең клеш үлгісіне салып екі тәулік тынбастан күні-түні еңбектенді. Сол кезде әуес болған тігіншілік өнері өзіне әлі күнге дейін көмектесіп келеді. Өйткені, талғамы нәзік өнер иесіне бір матаның өзі ұнайды, бір матаның түсі ұнайды. Сонан соң оларды өзінің көңіліне жаққан сән үлгісіне салып қалауынша тігеді. Бұл ісмерлік Мақыш апайға әжесі Жұмагүлден келсе керек. Ол айналасына теріні илеп тұлып тіккен шеберлігімен танымал адам болыпты. Кейін «Бурда моден» журналы шыққанда, сондағы үлгілерді таңдап алып, жиендеріне тігіп берген киімдері туралы бүгінде біраз жасқа келсе де олар ыстық ықыласпен, сүйіспеншілік сезіммен еске алып отырады.

   Тігу мен бірге жүретін өнер тоқыма болса, оған бала кезінде тоқуды анасы Әлима үйреткен еді. Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңде әрбір анаға қызына тоқыма үйрету міндет саналды. Әлиманың қолынан шыққан киімдер елден жиналған тоқымалармен бірге майдан шебіне жіберіліп отырған...

   Қабілетті қыз өсе келе «Бурда моденге» шыққан үлгілер бойынша әртүрлі көйлектерді тоқып киді. Өзіне жарасатын жылы түстерден кардиган, сан алуан үлгідегі костюмдерді тоқып кигенде айналасындағы әріптестер қайдан алғанын сұрап тоқыдым дегеніне сеніңкіремей, таң қалып жататын. Ол туыстарға да, жолдасы Мұса мен ұлы Әлібекке де жапон жібінен әртүрлі киімдер тоқитын.   

   Болашақ жары Мұса музыка училищесінде өзінен бір курс жоғары оқыды. «Жастық шақ ештеңе ойлатпайды ғой. Менімен бірге бітіру үшін, ешқандай себепсіз бір жылға академиялық демалыс алып, келесі жылы оқуын жалғастырды. Сөйтіп, екеуміз 3-курс студенттері боп жүргенде бас қостық. Ойын-тойда бірге шырқайтынбыз». Мақыш апайдың өмірлік серігі Мұса Қисымов өте қабілетті баяншы болды. Бас қосып тату-тәтті жиырма жылдай бақытты өмір сүрді.

1963 жолдасы Муса Кисимовпен Дарынды баяншы Мұсаның «Қайныма» (сөзі: С.Желдірбаева), «Сағынамын» (сөзі: Ф.Әбдірахманова), балаларға арналған «Бектембек» (сөзі О.Әубәкіров), «Байқасаңшы» (сөзі: Ж.Карбузин) әндері бар. Ол М.Өтемісов атындағы облыстық музыкалық драма театрында музыка жетекшісі боп қызмет еткен жылдары «Қобланды», «Ақбөбек», «Шұға», «Қарагөз», «Исатай» драмасына және «Көңілдестер» комедияларына музыка жазған. Мұса Қисымов Бүкілодақтық Авторлық құқық қорғау басқармасының ҚазКСР-дегі мүшесі. Кейін М.Қойшыбаев атындағы Балықшы балалар музыка мектебінде 15 жылдай директор лауазымында болды. Өмірлік жолдасын М.Зәйітқызы «өзі де, жан дүниесі де сұлу адам болып еді» деп еске алады. Оның шебер салған суреттері әлі күнге дейін сақтаулы... Ұлы Әлібек музыка колледжін фортепиано аспабы бойынша бітірсе де, кейін таңдауы құқық тарихы мамандығына түседі. Ата-әжесінің өнер жолын немересі Мұсаева Әлима жалғастыруда. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Монументалды майлы бояу» мамандығы бойынша оқуда.

 

«Берген шайы – етпен тең»

 

   Ақ Жайықтың жағасындағы көгалға аунап өскен дала еркесі су мен желдің, құстар мен дала үнін тыңдап өсті. Табиғатпен етене жақын болды, бала кезінде ауыл шетіне жайылып жүрген қозы, лақтармен ойнайтын,  аулада қозысын құшақтап ұйықтап та қалатын...

   Мақыш Зәйітқызы өнерге жақын отбасында тәрбиеленді. Жас дарынға өнер нағашы жағынан келген. Анасы Әлиманың інісі Жәрдемғали Халмурзин облыстың мәдениетін өркендетуге еңбек сіңірген дәстүрлі әнші болды (1926-2009). Ол өз жанынан суырып салып өлең шығаратын қабілетті адам болған. Мұхит әндерін шебер орындайтын кең диапазонды өнер иесінің көркем дауысы (халықтық тенор) күні кешеге дейін көз көргендерінің жадында сақталды.

анши Жардемгали Халмурзин Әкесі Зәйіттің домбырада шертіп ылғи айтатын «Шилі өзені» әлі күнге дейін құлағында тұр. Ән мен күйден ләззат ала білетін әке балаларының домбыра шертіп, ән шырқағандарына қарсы болмады. Бұл отбасындағы балалардың музыкаға қабілеті жоғары болды. Ағасы Бақытжан домбыраны еркін меңгерген күйші болса, сіңлісі әсем дауысты әнші, ал бауыры Мұрат  «сегіз қырлы», ортаның азаматы болды – ол әнші, күйші, көркемөнерпаздар оркестрін ұйымдастырушы белсенді, әрі велоспорт бойынша КСРО жерін аралаған жанкешті спортсмен.

   Музыкант қазақтың ұлттық тағамдарын жақсы көреді, ол қуырдақ пен бауырсақ, қаймақ пен қолдың сары майы, айран мен шұбат, жент пен ірімшік секілді табиғи өнімдеріне ештеңені тең көрмейді. «Бұлардың орнын ешбір тағам алмастыра алмайды» дейді Мақыш Зәйітқызы. Ол қаймақ қатып, қою шайды тарымен баптап нағыз қазақтарша ішеді. Оның қолдан қайнатқан сары секерімен әріптестері талай рет шай ішті. Осы сары секерді әр әйел адам өзінше даярлайды. Мақыш апай алдымен секерді ерітіп, сумен қайнатып, біраз сүт қосып, бір қасық шыжғырылған тоң май мен грек жаңғағын уатып салып даярлағанда сары секер борпылдап, қатпай тұрады. Оның баптап, тәттілеп берген шайын туыстары «Мақыштың шай бергені – ет асқанмен тең» деп ризашылықпен бағалайды. «Жас кезімде торт, тәтті тағамдарды дәмді пісіріп, туыстардың балаларының бәрінің туған күніне ұмыт қалдырмай апаратынмын. Сіңлімнің 7 баласы, қайнымның 10 баласының бірде бірінің туған күні менің тортымсыз өтпейтін» деп сағынышпен еске алады сол күндерді Мақыш Зәйітқызы.

 

 

Бақыт Тұрмағамбетова,

өнертану ғылымдарының кандидаты,

музыкатанушы

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты