Музыка адам жанын
жақындатып, жалындатуға тиіс
Л.Бетховен
Жалпы, өнер дегеніміз – адамзатты жарқын болашаққа шақырған арман, өмір құбылыстарын шынайы түсінуге жетелейтін ой-толғаныстардың қайнар бұлағы. Өмірдің гүлі де, заманның шежіресін шертетін тілі де – өнер. Оразбай Фазылұлының өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде Атырау облысы ұстаздарына кеңінен таныс еді. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттер Оразбай Фазылұлының қатардағы ұстаздан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқытушы, музыка факультеті деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі, «Музыка және өнер» кафедрасының доценті деңгейіне көтерді.
Гурьев музыка училищесінде 1973-1979 жылдары менің класымнан білім алған шәкіртім Оразбай Фазылұлының алды кең, жаны жомарт, қамқор да талапшыл ұстаз ретіндегі абзал қасиеттері шәкірттерін тәнті етпей қоймады, атына заты сай ұлағатты ұстаз, оларға өнеге бола білді. 1986-1991 жж. Атырау қаласында мектеп мұғалімі және облыстық Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінің әртісі. 1982-1986 жж. Гурьев педагогикалық институтының «Музыка-педагогикалық» факультетінде оқып, сол оқу орнында ұстаздық жұмысқа қалдырылды.
Ол білікті маман, талантты ұстаз ретінде қалыптасып, Атырау өңірінде баян класын одан әрі дамытуға өз үлесін қосты. Ұстаздық жолында ол Халықаралық, республикалық конкурстар мен олимпиадаларға көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Оның шәкірттері: 1996 жылы Қызылорда қаласында өткен Республикалық сайыстарда Сахипов Болатбек, Темірболатова Шынарлар – Республикалық педагогикалық Жоғарғы оқу орындары студенттері арасында өткен «Педагогикалық шеберлік» конкурсының ІІІ дәрежелі лауреаттары атақтарына ие болды.
Әр таңның артында түн бар екенін ұмытпа, мына қысқа ғұмырды бостан бос өткізіп алма дегендей ол педагогикалық қызметімен қоса, өз мамандығы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп Мәскеу қаласындағы Ресей Білім Академиясының «Эстетикалық тәрбиені зерттеу орталығында» ғылыми ізденуші бола жүріп, 1997 ж. «Синтез музыки и поэзии как фактор развития музыкальной культуры подростков в иноязычных школах Казахстана» атты тақырыбында ғылыми диссертациясын қорғады. Атырау өңірінде алғаш рет музыка мамандарының арасынан музыка саласында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атаққа ие болды. Оразбай Фазылұлы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің Алтын медалінің иегері, Халықаралық Ғалымдар Одағының мүшесі.
Халқымыздың тамаша әншілік, күйшілік дәстүрін жемісті жалғастыра біліп, оны жаңа заманға тән жарқын бояуларымен байытқан, ауыл, аудан мәдениетінің бүгінгі толымды табыстарының іргетасын қалап, жан-жақты нығайтып, дамуына үлкен еңбек сіңірген Оразбай Фазылұлы «Доссормұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасының Мұнайшылар мәдениет сарайының директоры қызметін абыроймен атқарып, көптеген марапаттарға ие болып, Мақат ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды.
Оразбай мен жолдасы Зәуре таланттылар тобынан деп толық айта аламыз. «Талант деген қыран секілді қанатты нәрсе» - деген болатын ұлы ғалым, сөз өнерінің аса білгірі, зергері Зейнолла Қабдолов. Сол атқандай, Доссор мәдениет сарайы жұмысы те қана Атырау облысына емес, бүкіл республика көлеміне танылды. Сол кезеңдердегі ерен еңбегі Оразбай Фазылұлының 2011 жылы шыққан «Доссор өнерлі өлке» атты кітабында кеңінен баяндалады.
2000-жылдары Оразбай Фазылұлы екеуіміз «Атырау-әнім», «Сырнай сазы» атты оқу құралын шығардық. Оразбай Фазылұлы жергілікті композиторлардың әндері мен партитураларының онға жуық жинағын және бірнеше балалар әндер жинағын құрастырды. Ол «Доссорым мұнайлы мекенім», «Мұнайшы аруы», «Сағыныш назы». «Сәлем саған, мектебім» секілді әндердің авторы. Ол 30-дан астам әндер мен сырнай аспабына арналған 20-дан астам этюдтар мен бірнеше өңдеулердің авторы.
Парсы ақыны Омар Хайям: «Жас та өтер, бірте-бірте кәрі де өтер,
Баянсыз бұл жалғанның бәрі бекер.
Жаһанда мәңгі жасар жан жоқ, сірә,
Кетеміз, кетті, келер, тағы кетер»-дегендей шәкіртім, жарық жұлдыздай арамыздан ағып өткен Оразбай Фазылұлының жарқын бейнесі, ерен еңбегі шәкірттерінің, жолдастарының, ұстаздарының есінде сақтала береді.
Қ.Р. білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
«КСРО-ның Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің доценті Сәтім ӘЖІКЕН