ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ

ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ

Музыканы  рухымызға,  құмарлығымыз  бен

ынтымақтығымызға,  көңіл  күйімізге

қатыстыруымыз  керек.

 

Әбу Насыр әл-Фараби

   Құрманғазы атындағы Алматы Ұлттық консерваториясының түлегі Нариман Сиражев – Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің ірге тасын қалаған ұстаздардың бірі. Қазақтың ұмыт бола жаздаған киелі музыкалық аспабы – қобыз аспабының маманы бола тұра училищенің алғашқы ұйымдастыру жылдарындағы қиындықтарды бірге басынан кешірді.

   Нариман Сиражев Алматы Ұлттық консерваториясын бітіріп, 1960 жылы жолдамамен Гурьев музыка училищесіне жұмысқа орналасқаннан бастап жастарға Атырау жерінде қобыз аспабынан дәріс берген алғашқы ұстаздардың бірі. «ҚР білім беру ісінің үздігі», доцент Нариман Сиражев қобыз-прима аспабы бойынша 1978 жылы «ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер» Раушан Нұрпейісовамен бірлесіп жасақтаған ҚР жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігі бекіткен Типтік оқу бағдарламасының авторы. Бұл бағдарлама күні бүгінге дейін қолданыста. Соңғы білім беру стандартының талаптарына сай «Мамандық» және «Қобызда ойнауды оқыту әдістемесі» пәндеріне жұмыс оқу бағдарламасын жасақтап, толықтырулар енгізді.

Нариман Сиражев

   1969-1987 жылдары Атырау музыка колледжінде және Құрманғазы атындағы облыстық балалар музыка мектебінде директорлық қызметте болды. 1992-1997 жж. Гурьев педагогикалық институтында «Педагогика және музыка» факультетінің «Халық аспаптары» кафедрасының меңгеруші болып қызмет атқарды. Нариман Сиражев кафедрада өзінің талап қойғыштығымен, әділдігімен студенттердің үлгерімін, сабаққа қатынасын арттырды. Кафедра студенттері республикалық, облыстық байқауларға қатынасып, көбі лауреат атанды. Осы жылдары ол Ф.Шуберттің «Серенада», И.Брамстың «Вальс», Г.Григтің «Утро», Сейтектің «Заманай», Құрманғазының «Балқаймақ», Қазанғаптың «Көкіл», С.Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» сияқты шығармаларды қобыз бен фортепианоға лайықтап, қобызшылар репертуарын байытуға өз үлесін қосты.

   Осы жылдары Нариман Сиражевтың «Қобызға арналған гаммалар мен этюдтер», «Қобызшылар ансамбліне арналған шығармалар»  атты оқу құралдары университет баспаханасынан жарық көрді. Бұл оқулықтарға Қ.Ахмедьяровтың «Ақ қайың», Тәттімбеттің «Былқылдақ», А.Скрябиннің «Скерцо», Құрманғазының «Ақсақ киік», т.б. шығармалары кірістіріліп, жоғарғы, орта оқу орындары студенттері табыспен орындар жүр. Осындай бағыттағы еңбектері үшін 1993 жылы ҚР жоғарғы аттестаттау комиссиясының (ЖАК) шешімімен педагогика мамандығы бойынша «доцент» ғылыми атағы берілді.

   Ұстаздық өмір жолында Нариман Сиражевтың класынан елуге жақын жас маман тәрбиеленді. Олардың көбі консерваторияға, университеттің музыка факультеттеріне оқуға түсіп, жоғары білім алып, республикалық конкурстардың лауреаттары шығып, республикамыздың әр қалаларында еңбек етуде. Бітіргендердің ішінен ҚР-нің еңбек сіңірген әртісі, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты Р.Қойшиева, «ҚР білім беру ісінің үздігі», қобызшы-дирижер М.Сейтжанова, Республикалық Құрманғазы атындағы сайыстың лауреаты, Құрманғазы атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінің қобызшылар тобының концертмейстері Ж.Ермағанбетова, А.Жұбанов атындағы арнаулы музыка мектебінде оқытушы болып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген Г.Тажмағанбетова, К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің оқытушылары Н.Елеуғалиева, Н.Құбалиева, Ж.Зинуллиевалардың есімдері мәдениет пен өнер әлемінде мақтанышпен аталады.

   Нариман Сиражевтың көп жылғы ұстаздық еңбегі бағаланып ҚР білім беру министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, облыстың білім беру басқармасының, облыстық кәсіподақ ұйымының, өзі еңбек еткен колледж, университет әкімшіліктерінің «Құрмет» грамоталарымен бірнеше рет марапатталып, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «ҚР білім беру ісінің үздігі» атағы мен төсбелгісінің иегері атанды.

   Мен де, 1967 жылғы Гурьев музыка училищесінің түлегі, көп жылдар Гурьев музыка училищесінде баян мамандығының ұстазы, 1992-1997 жж. Гурьев педагогикалық институтында «Педагогика және музыка» факультетінің «Халық аспаптары» кафедрасында бірге еңбек еттім.

   Бұл күндері арамызда жоқ болса да Нариман Сиражев ұстазымыздың жарқын бейнесі, өз ісіне өте жауапкершілікпен қарап, өзгеден де осы қасиетті талап етушілігі, әділдігі, өте мәдениеттілігі біздерге, бізден кейінгі ұстаздарға үлгі болып қала береді.

 

 

 

 

«КСРО-ның Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,

«ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», доцент

Сәтім ӘЖІКЕН

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты