Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығындағы «Әкенің жақсылығы-қырық жыл азық» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні-әке жолымен жүру. Мен саналы өмірін жастарды оқытып, тәрбиелеу жолына арнаған, ардақты ұстаз-аяулы әкем жайлы айтқым келіп отыр.
Менің әкем-Есқалиев Оңай – 1935 жылдың 1 қаңтарында Новобогат ауданы, (қазіргі Исатай), Қамысқала ауылдық округіне қарасты Кетешағыл колхозында колхозшы жанұясында дүниеге келген. Әкесі Жақыпбергенов Есқали Ұлы Отан соғысына аттанып, елі мен жері үшін болған қан майданнан оралмады. Хабар-ошарсыз кеткендердің тізімінде, «Боздақтар» кітабына енгізілген. Анасы-Жақыпбергенова Таткей көп жылдар бойы колхоздың малын баққан. Өздері отбасында – алты ағайынды болатын, төрт ұл, екі қыз. Менің әкем отбасының үшінші перзенті еді, алдында ағасы – Төлеу мен апасы-Ақүміт, соңынан ерген інілері-Марал, Амантай және қарындасы-Апақай.
Әкем 1942 жылы ауылдағы «Қоңырқұдық» мектебінің бірінші сыныбына барып, одан кейін білімін аудан орталығындағы Аманкелді орта мектебінің қабырғасында жалғастырады. Денсаулығына байланысты, мектепте толықтай оқи алмай қалады. 1952 жылы Гурьев қаласындағы Орджоникидзе атындағы мектептің тоғызыншы сыныбына қабылданып, 1954 жылы орта мектепті бітіреді.
Батыс Қазақстан облысы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих-қазақ тілі мамандығына оқуға түседі. Оны ойдағыдай аяқтап, мұғалімдік еңбек жолын Балықшы ауданындағы Ә. Жанкелдин атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды. Келесі жылы жас маман болып келген әкем ұжым ортасында өзін білікті, білімді маман ретінде көрсетіп, сол мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады.
Қалалық партия комитеті әкемді облыстық мұрағаттар басқармасына директорлық қызметке ұсынады. Бұл ортада да өзін жоғары деңгейдегі маман ретінде көрсетеді. Архив жұмысын өзінің ғылыми жұмысымен байланыстыра жүріп, 1973 жылы Алматы қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді С.М.Киров атындағы университетіне сырттай аспирантураға оқуға түседі. Ғылыми жұмысын ойдағыдай аяқтап, тарих ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақты иеленеді.
1971 жылдан Гурьев педагогикалық институтының студенттеріне КПСС тарихы пәнінен дәріс беріп, өмірінің соңына дейін осы оқу орнында толассыз еңбек етті. Институтта «Политэкономия және КПСС» кафедрасының меңгерушісі, сырттай оқу бөлімі деканының орынбасары, «Музыка және өнер» факультетінің бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметтерін де абыроймен атқарды. Тәтемнің бірнеше ғылыми жұмыстары баспасөз беттерінде жарық көрді.
Асқар таудай әкеміз егер тірі болса, үстіміздегі жылдың қаңтарында сексеннің бесеуіне шығар еді. Амал нешік, 1986 жылдың мамыр айында бұл дүниеден өтті. Соңынан ағасы-Төлеу папамыз да бақилық болды. Бүгінгі күні апасы мен қарындасы және екі інісі – немере-жиен-шөбере сүйіп, бақытқа бөленіп отырған жандар.
Аяулы әкемнің басқалардан дараланып тұратын қасиеттері-еңбекқорлығы, қарапайымдылығы және ешкімді бөліп-жармайтын адамгершілігі мол жан болғандығы. Мен есімді біліп, оң-солымды тани бастағанымнан көргенім-тәтемнің (әкемнің) үстел басында отырып, қағаздан бас көтермей, жазу жазып отырған кейпі көз алдымда мәңгі жазылып қалды.
«Адам ұрпағымен мың жасайды», – дейді халқымыз. Ұрпақ жалғасытығымен адамзат баласы мың емес, миллиондаған жылдар жасайды. Аяулы әкемнің бар арманы мен мақсаты халыққа қалтқысыз қызмет етумен қатар, өзінің көзі болып табылатын ұрпақтарын жеткізу болған. Өзінің кіндігінен жаралған - тұңғышы мен және інім-Өмірсерік. Досқа сыйлы, елге құрметті болған аяулы әкемнің ұстаздық жолын ұрпағы жалғастыруда. Інім екеуміз де Гурьев педагогикалық институтын бітірдік. Мен–әкем сияқты, тарих факультетін, ал інім-физика-математика факультетін тамамдаған болатынбыз. Ұлы Өмірсерік те оқу орнын бітіргеннен кейін білім саласынан гөрі Ішкі істер саласын таңдаған болатын. Тәтемнің немересі-Оңаев Ерболат та осы оқу орнының дене шынықтыру факультетін бітіріп, бүгінгі күні спорт пен еңбекті ұштастырып жүрген жайы бар.
Бүгінде өзім бір ұл мен екі қыздың анасымын және 6 немеренің әжесімін. Бір өкінерлігі, Тәтемнің сол немере-жиендерінің қызықтарын көрмей кеткендігі. Тек 1984 жылы туылған ұлым-Асланды ғана көріп, маңдайынан иіскеп кетті... Аллаға шүкір, тәтемнің көрмеген қызықтарын анам көруде, әлі де өмірі ұзақ болсын,-деп тілеймін.
Негізі, шыны керек, педагог мамандығы бойынша жігіттердің еңбекке араласулары сирек жағдай ғой. Бүгінгі таңда әкемнің ең кіші інісі Амантай ағамның қызы, менің сіңлім – Есқалиева Жанаргүл Атырау Педагогикалық Университетінде «Көптілді білім беру факультеті», «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасында 1993 жылдан бері еңбек етіп, студенттерге дәріс беруде. Әкемнің ЖОО-дағы еңбек жолының жалғасы іспеттес.
Есқалиев Амантай ағам мен жеңгеміз-Жақаева Нағима да саналы өмірінің жартысынан астам уақытын білім мен тәрбие беру ісіне арнаған жандар. Амантай ағам облыс, республика тарапынан алған марапаттарынан басқа, «Білім үздігі» төс белгісінің иегері. Үлкен ағасы –Төлеу папам мен інісі Марал ағамның да ұл-қыздарының арасында – білім саласында жемісті еңбек етіп, марапаттарға ие болып жүрген апа-сіңлілерім бар. Әкемнің осындай бауырларын біз мақтан тұтамыз.
Ал мен, сол жоғары оқу орнын 1982 жылы бітіргеннен күні бүгінге дейін – Білім саласында еңбек етіп келемін. Маңдай термен, өз мамандығыңды сүйіп атқарсаң-алынбайтын асулардың болмайтындығын, еңбегіңнің еленетіндігін де дәлелдеген-менің тәтем! Сол еңбегімнің арқасында бірнеше жыл мектеп директоры, «Қазақстан геологі»-емдеу пансионатының директоры лауазымдарында болдым, әлі де еңбек сапындамын, осы Кәсіпорын директорының орынбасары міндетін атқарудамын. Тек бұның бәрін тәтемнің көрмей кеткендігі-өкінішті, жеткен жетістіктерімізге қуанарлығы сөзсіз еді...
Есқалиева Шолпан Оңайқызы, «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты КҚМК-ны директорының орынбасары.