«Адамның бір бақыты достарынан» дейді ғой... Досымның марапаты өнертану саласында, ішінара, отандық музыкатану ғылымын бір марқайтып тастады.
«Туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөзді ұстанған музыкатанушы әріптесім Бақыт Жолдыбайқызы Тұрмағамбетова, Алматыдан туған жеріне қоныс аударып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметімен қатар, ғылым саласына елеулі үлес қосып келеді. Былтыр «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында басылып шыққан «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының 1 томына «Батыс Қазақстан әндері» тарауын құрастырушы ретінде атсалысқан болса, жуырда Атырау облысының Жылыой ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арнап, аудан әкімшілігінің қолдауымен «Ән қайнары – Кең Жылыой. Songs of Zhylyoi» атты қазақ-ағылшын тілдерінде еңбегі жарық көрді.
«Жылыойға барсаң ән салма» деп тарихта қалған Атырау облысының осы өлкесінде өзіне тән өрнегі бар ән дәстүрі болған.
Кітапта алғаш рет жиырма жылдан астам уақытта жиналған мәліметтер, жеке тұлғалар туралы деректер, жан-жақты ізденіс нәтижесінде (Бораштың «Дауылпаз», Сақыптың «Жылыой», Достанның «Достан сал», халықтық «Бағылы», «Інжу-маржан», «Ауылым жайлап қайтады Қайқы сайын» әндері және жаңа қара өлеңдер, кейбір ғұрыптық үлгілермен) алғаш рет жарияланып отыр.
Осы өлкеде өмір сүрген Қыздарбай Досқанаұлы, Сақып Медетбайұлы, Достан сал, Ораз Өтебайұлы, Теңізбай сал, Артықбай Құдайбергенұлы (1815-1900), Бораш Қыдырбайұлы (1870-1938) сияқты ірі өнер өкілдерінің есімдері жарыққа шықты. Олардың мұралары республикаға танымал әншілердің репертуарынан орын алды. Әндері жиналып, жүйеленді, халықтық кәсіби дәстүрдің жарқын өкілдері ретінде туындылары талданды.
Жылыойдан жеткен «Көбеннің әні», Сақыптың «Қар жауар Қарашада...», Бораштың «Дауылпаз», Артықбайдың «Жем бойлап», халықтық «Жылыой» әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына», 2010 жылы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» Антологиясына, 2016 жылы «Қазақтың дәстүрлі әндері - Батыс өлкесі әндерінің Антологиясында» жарық көрді. Сонымен бірге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дәстүрлі әншілерінің оқу бағдарламасына кірді.
Кітаптың ән-альбомы оқырман қызығушылығын арттыра түсті, жарық көргеннен-ақ еңбек сұранысқа ие болды. Мұнда (CD) тұңғыш рет Жылыой әндері Қазақстанға белгілі әншілердің орындауында арнайы ұсынылып отыр. Олардың арасында бұрын-соңды орындалмаған әндер бар. Оларды республикаға белгілі дәстүрлі әншілер орындайды. «Құрмет» орденінің иегері, қоңыр дауысты әнші, режиссер, актриса Зәуреш Есбергенова (1940-2015), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, көрнекті әншілер Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова.
З.Есбергенова орындаған «Жылыой» әнін фортепианода Л.М.Иванова-Сокольская сүйемелдеген. Осы әнді С.Шектібаевтың домбырамен салғаны да алғаш рет ұсынылып отыр (осылайша домбыра қағыстарының дәстүрлі әншіліктегі маңыздылығы ескерілді).
Альбомдағы әншілер батыс аймағының төрт облысынан таңдалды.
Оралдан - танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері, Қайрат Кәкімов;
Ақтөбе өңірінен – танымал әнші, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы Ырысты Сүлейменова; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория түлегі Нұрпейіс Әбілхасан, консерватория студенті Серік Бисенқұлұлы.
Маңғыстау өңірінен – танымал әнші, «Өнер» колледжінің оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова; көпшіліктің сүйікті әншісіне айналған, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әншілері Сәбит Шектібаев, Әзімхан Баймағанбет, Нұрым Асқанов.
Атырау өңірінен – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория оқытушысы, өнер магистрі Эльза Карабалина; Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы Ақкенже Шаужанова; бүгінде домбыра және баян аспаптарымен ән салып жүрген республикалық конкурстардың лауреаттары Жанқожа Аяпов пен аймақтық додалар жеңімпазы Берік Амантаев; жылыойлық Жолдыбай Тұрмағанбетовтың 1998 жылы үнтаспаға түскен әні алынды.
Бұл оқу-әдістемелік құралында тарихта өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасқан Жылыой жерінің лирикалық әндері жүйелі түрде алғаш рет ұсынылды. Еңбекте жазылған ғылыми тұжырымдар, ноталар мен құнды деректерді арнайы музыкалық білім беретін орта және жоғары оқу орындарында, музыкалық-педагогикалық оқу бағытында пайдалануға болады.
Авторды туған жер, туған өлкең үшін тер төгіп, әндерін насихаттап, ғылыми айналымға енгізу мақсатында жасаған еңбегің елене берсін деп, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Музыкатану» бөлімінің атынан шын жүректен құттықтаймыз!
Биылғы жылы Жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесіңді ескеріп, белсенді ғылыми жетістіктерің мен ерен еңбегің үшін «Үздік ғылым қызметкері» төсбелгісіне ие болған қуанышың құтты болсын!!!
Әрқашан мәртебең үстем болып, еңбегіңнің жемісі мен жеңісін көр!
Айнұр Қазтуғанова,
ҚР БҒМ Ғылым комитеті М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
«Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі,
өнертану кандидаты