ҚУҒЫН-СҮРГІН САЯСАТЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН ҚҰНЫСКЕРЕЙ

ҚУҒЫН-СҮРГІН САЯСАТЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН ҚҰНЫСКЕРЕЙ

  

   1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдардың шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару» туралы декреті қабылданды. Бұл декрет бойынша байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздерін соттап, отбасын жер аударады. Бұрынғы Гурьев (Атырау) округінде байларды тәркелеу 1928 жылдың 6 қыркүйегінде басталыпты. Қызылқоға ауданы бойынша, қазіргі Қоныстану ауылы аумағынан тәркілеуге түскен байлардың бірі Жұмабаев Түзелбайды он жылға соттап, отбасын Петропавловскге (Қызылжарға) жер аударады. Сол азапты күндерді көзімен көріп, басынан кешірген Түзелбайдың кіші баласы алты жасар Жұмабаев Теңелдің (1923-2004) естелігін сол күйінде ұсынамын. Бұл қолжазбаны 1996 жылы Қызылқоға ауданы, Жасқайрат ауылында тұратын Түзелбайдың қызы Хамзақанымнан туған жиені, Сейталиев Ғалым (1942) ағаның үйінен көріп, ксерокөшірмесін түсіріп алып едім. Теңел ақсақалдың өз қолымен жазған «Құныскерей» және «Жезде» деректі әңгімелерін 2019 жылы жарық көрген: «Бәйтерек. Кіші жүз, Он екі ата Байұлы, Ысық руының шежіресі» кітабына енгізіп жарияладым. Енді осы әңгімені 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «TAISOIGAN.KZ» сайтының оқырмандарына ұсынғалы отырмын. 

 

                                                                    

 Жұмағұлов Марат Дәулетбайұлы,  

тарихшы, шежіретанушы.

 

 

 

Құныскерей

 

   ХХ ғасырдың 20 жылдарында бүкіл Атырау бойында, Қазақстанның батысында көзі тірісінде аты аңызға айналған бір адам Құныскерей болды. Құныскерей келе жатыр, – деп тентек балаларды қорқытатын. Оның ерлігі жөнінде ел аузында Қобыланды, Ер Тарғын сияқты батырларға теңерлік «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын», мұздай қаруланған қолмен жалғыз өзі шайқасып жеңіп шығатын, жауған оқтың өтпейтінін, қашса құтылып, қуса жететіні айтылатын. Құныскерейдің атын атау қауіпті болса да, оның аты жасырын, сыбырлап айтылса да құрметпен айтылатын. Ол жылдарда оған банды, ұры-қары деген құбыжық аттар тағылса да халықтың көпшілігінің жүрегі, ілтипаты Құныскерейдің жағында болатын.

Неге ресми орындар Құныскерейге ел қорқытарлық, адамдардың құттарын қашырарлық, жандарын бір уысқа тығарлық, оған қарсы қоярлық-банды, ұры, қанішер, қаныпезер деп жариялап, соңына 100 адамдық қуғыншыларды салып, жасырынатын, тығылатын жер қалдырмай, күндіз-түні ізін кесіп, түстенген, қонған үйлерінің бас көтерерлерін Қызылқоғаға, Үйшікке айдатып, абақтыға қаматып жатқанда халық Құныскерейді ұстап, қуғыншылардың қолына беріп, тыныш, қорқынышсыз, қауіпсіз отырмады ма?

   Мен осы сұрақты қызылқоғалық Хасан Жақыпқали баласына қойдым.

Хасан аға: біздер Ысықтың Тоғызбай руына жатамыз, Тоғызбайдың Назарымыз, ал Құныскерей Сағыны, ауылдаспыз, араласамыз. Құныскерей анау-мынау емес біздің 30 ауылдың старшинасы болды.  Қолында Кеңес өкіметінің тесе табақтай мөрі жүрді. Үлкен әкім-хәкім. Қызметін жақсы атқарды.

   Менің есімде қалғаны 1920-1921 жылдардағы аштық кезінде Тайсойғанда ел тыныштығын алған үш ұры болды: Жамал, Дәнеш, Ерім. Бұл қара қасқа кедейлерді осы жолға жоқтық, аштық түсірді, тамақ табудың өлместің жолы. Осы үш ұры оңаша отырған біздің үйімізге келді. Көкем үйде еді. Көкемді қорқытып, атып кетеміз деді. Көкем ретін тауып Қызылқоғаға хабаршы жіберді. Хабаршы кеткеннен кейін үйге қасында хатшысы бар Құныскерей келді. Құныскерей келгесін Жамал тобының үні өшті. Шәй ішіліп болғанда аттың тұяқтарының дүбірі естілді. Бандылар үйден шығып қаша бергенде қуғыншылар оқ атты. Атыс басталды. Құныскерей Жамал, Дәнеш, Ерімдерді ұстап берудің орнына оларды құтқарып жіберді. Ауыл старшинасының баукеспе ұрыларды құтқарып жібергені Кеңес орындарына жақпады, ол орнынан алынды.

df68fe46ead0ec5df14b2eceb2006d8a

   Құныскерей қасына Мысағалиды, Жәрдемді ертіп өзі атқа мінді. Банды, ұры, елді зорлаушы, тонаушы болды ма, өкіметке қарсы күресті ме, меніңше жоқ. Жоқ, Құныскерей бірнеше жыл қуғын-сүргінде жүргенде ешкімге зәбір, зорлық көрсеткен жоқ. Мен білетінде Құныскерей ауылдасы Әбудің қара қоңыр құнанын алды. Құнан 5-6-ға келгенде теңбіл көк, көрерге көз керек, жүйрік желісті, жүрісті ат болды. Адай тұқымы емес, басқадан ат алды дегенді білмеймін.

   Құныскерейдің бірінші жеңгемізден үш баласы болды. Ұлдары шофер, тракторист. Құныскерейді құтқару мақсатында жасырын, басқа атпен жүргенде алған жеңгеміз күйеуі өлгесін оның өсиетімен Қызылқоға, күйеуінің кіндік қаны тамған жері «Комсомол» совхозына келіп, балаларымен танысып кетіпті. Құныскерейдің бірінші әйелі күйеуінің Қарақалпақ жерінде жүргенін біліп, жасырын қатынасып тұрыпты деген сөз де айтылады. Анық-қанығын білмеймін. Құныскерей өте зерделі, көзі ашық, өз ақылы өзіне жететін адам екенін білемін. Ерлігі жұрт аузында.

   Мысағалиды мен оқып жүрген Ақ мектепке қамады. Атысты. Оғы таусылып мектептен шыға қашқанда оққа ұшты. Қашып жүргенде сақал-мұрты белуарына дейін өскен екен. Адам бейнесінен айырылған. Басын кесіп Қызылқоғаға алып кетті. Соғыста айыптылар батальонына команда берген, өлімнің неше түрін көрген, толарсақтан қан кешкен мен үшін Мысағалидың өлімін көз алдыма елестетсем күні бүгінге дейін төбе шашым шымырлайды, ұйқыдан беземін. Жоғарыда екі Жәрдем болды дедім, біреуі Жәрдем Мысағалидың балдызы, екінші Жәрдем Құныскерейдің інісі болатын. Бұлар қосақ арасында босқа жүргендер. Құныскерейді бөліп тастағанда Мысағали, Жәрдемдер сауатсыздықтың құрбаны, мақсаты жоқ бейшаралар.

   Құныскерейді Кеңес өкіметіне қарсы күрескен жоқ дейтінім сол жылдарда үлкенді-кішілі көтерілістер болды. Атақты Адай көтерілісі.  Құныскерей осы көтерілістің біріне де қатыспады. Өз жөнінде жүрді. Өзімен-өзі жүрді. Ал Құныскерей сияқты адамды көтерілісшілер құшақ жая қарсы алар еді ғой. Таптырмайтын жан емес пе, меніңше Құныскерей оған сенімсіздік көрсеткендерге қарсы шықты, өзінің намысы үшін күресті, қолына қару алды, атқа отырды. Ешкімнің қанын, өмірін мойнына арқаламады, еліне салмақ салмады. Құныскерей туралы білгенім де, айтарым да осы, – деп, Хасан аға сөзін аяқтады.

   Екінші, жерлес Абдолла Оспановты тындайықшы. Біз ысықтың Досайымыз, қыстайтынымыз Тайсойған, жаз жайлайтынымыз Қобда, Шыңғырлау, Тұз төбе, Ақ бұлақ. 1932-1939 жылдың арасында Орынбор айналасында жан сақтап қалдық, әкем еті тірі адам еді, бала-шағасын аштықтың жез тырнағынан аман алып қалды.

Құныскерей Қожахметұлы мал бағатын көрінеді. Жақсы еңбегі үшін Ленин орденін алыпты. Құныстың қолынан келмейтіні бар ма? Батыр-батыр, ер-ер дегенін талай естідім. Ленин орденін алды ма, алмады ма оны білмеймін, тірі өмір сүріп, жер бетін басып жүргеніне әкем көзімізді жеткізді.

   Ал, әкемнің Құныстың ерлігі туралы әнгімелерін жалықпай тыңдайтынбыз, дүниеде мынадайда батыр болады екен-ау деп таңдай қағатынбыз.

   Құныскерейдің жүрген жері өртенді, тып-типыл болды. Құныскерей қонған, түстенген тіпті есігін ашқан үйлердің еркек кіндіктілері ОГПУ қолына түсті. Із-түзсіз кетті. Талай жазықсыз бейкүнә жандар Құныскерей үшін құрбандыққа шалынды.

  Біз баламыз 7-8 жасармыз. Бірақ Құныскерей біреуді, жай адамдарды жәбірлепті, сабапты, атып кетіпті, асып кетіпті, малдарын тартып алыпты, зорлапты-зомбылапты деген алып-қашпа сөздерді естігеніміз жоқ. Менің байқауымша, сол ауыр жылдарда ел арасында Құныскерейді жау деушілерден гөрі, оған іш тартушылар, тіпті бастарын бәйгеге тігушілер де көп болған сияқты. Әйтпесе, Құныскерей қаншама батыр, батыл, жаужүрек болса да, бүкіл ел жабылса ол ұсталар, басы кесілер, бес атардың оғына, үкіметтің найзасына ілініп Үйшікке апарылар еді ғой. Бұған дау болмаса керек.

Менің ойымша Құныскерей талай жүз адамнан құрылған отрядтардың соңына түскеніне карамай, жер асып басқа елде өз ажалынан өліп, ақ жуылып, аруланып, құрметпен көмілсе, қасиетті Жер-ана өзінің құшағына алса, сол ауыр жылдарда оған «бандит», «ұры» деген атақтардың үстірт тағылғаны анық.

   Мен Құныскерейді періште, ақ жұмыртқа, сары уыз, күнәсіз, айыпсыз, қылмыссыз деуден аулақпын. Құныскерей өмір қайшылықтарын, таптар тартысын түсінген жоқ. Күресті. Ал кіммен күресті? Бірақ ол ақылсыздардың қатарына жатпайды. Кеңес құрылысын жеңе алмайтынына ақылы мол жетті. Ол жаңа құрылысты қостаушы болмауы мүмкін, бірақ 4 -5 адаммен оны өзгертемін, ескіні орнатамын деген жоқ. Ол меніңше ауыл ақсақалдары айтқандай, намыстың құлы болды. Намыстың, ардың жетегіне ерді, соның жетегінде кетті. Мен Құныскерейді тірідей көрдім, естігенім өз алдына, өз көзіммен көрдім, ол мені өзінің жылы алақанына алды, ерінің алдына отырғызды, маңдайымнан сипады.

   Құныскерей мені қайдан таниды, неге маңдайымнан сипады? Мен Сәбит Мұқанов айтқандай өзімнің кілтипанымды қысқаша баяндайын.  

   Құныскерей туған Тайсойғанға мен де туған болатын. Ол Сағын болса, біз Назармыз, тегіміз бір Тоғызбай ұрпағымыз. Менің әкем Дүзелбай, атам Жұмабай. Жұмабай 1916 жылы дүние салған. Меккеге барған, қажы атанған. Әкем малды болған. 1928 жылдың науқанына ілігіп, мал-мүлкі тәркіленді. Қызылжарға жер аударылды. Әкемнің аурулығына байланысты Елтай Ерназаров ақсақалдың рұқсатымен қазіргі Ойыл ауданының Құлшығай өзенінің бойындағы Орынбасар ауылына келіп орын тептік.

   1929 жылдың сәуірінде әкем Дүзелбай (1880-1967) мен ағам Оңғарды (1900-1991) ұстап Үйшікке алып кетті. Әкем он жылға сотталып, Қарағандыға жіберіледі, 1937 жылы босатылып, 1967 жылы 87-ге қараған шағында дүние салды. Өзімнен 20 жас үлкен жалғыз ағам Оңғар 1991 жылдың 23 наурызында 91 жасында о дүниеге аттанды.

   Мен болсам әкем жазықсыз еді, ақ еді деп мойныма бұршақ салып қара жамылмайын. Ешкімге, Кеңес өкіметіне де, Коммунистік партияға да, Сталингеде өкпем жоқ, қайта солардың жақтаушысымын.

   Әкем жеткілікті түрде әліпті таяқ деп білмеген, ағамның білімі бастауыш мектеп көлемінде болса, мен университеттен жоғары білім алдым. 40 жылдан артық аудандық дәрежеде жауапты қызмет атқардым. 48 жыл Коммунистік партияның мүшесімін. Бес балам жоғары дәрежелі білім алды, үлкенім ғалым, 12 немерем, 2 жиенім бар. Он бес адам Жұмабайдың атына кір келтірмей еңбек етіп, өмір сүріп келеміз.

   Әкемнің миы көп болса да, сауаты көп болмаған, өз қатарындағылардай сауатты саясат жасамаған, үй іші, ошақ басынан әрі кетпеген. Мен ол кісіден «біз кім едік?» – деп, сұрағанымда ол кісі: «біз мынандай едік» деп айтқан жоқ.

   1991 жылдың басында ағам Оңғар қатты ауырып, соңғы сөзін айтты. Көзінен жас төгіліп, әлсіз қолымен менің қолымды ұстап, ауыр дем алып, қарағым, арғы атаң да, әкең де, шешең де халық қамын ойлаған жандар. 1921 жылғы ашаршылықта елді аштықтан құтқарды. Олардың мойнында бірде-бір адамның көз жасы кеткен жоқ. Ешкімнің ақ адал еңбегі мен маңдай терін жеген жоқ. Ауылда өмір сүрді. Атаң, әкең, шешелерің о дүниеде. Алла тағала әділ болса, жұмаққа барар еді, – деді. Бұл ағамның «біз кімбіз?» деген сұраққа берген бірінші және соңғы жауабы еді.

   Мен әкемді жақсылаудан да, жамандаудан да аулықпын. Жасым 69-ға қараған шағымда сол кісінің үлкен саясатың да кіші саясаттың да адамы еместігін бар ұятыммен мәлімдей аламын.

   Саясатты түсінбеген адам қанау, қаналу деген ұғымдардан аулақ болса керек. Барлық болмысы бір тышқақ лақты екі етуден басқаны ойламаған кісі биікке де, ұзаққа да ұша алмас еді. Қызылқоға, Тайсойған орындарында, ел орнында. Менің тегімнің адамдары кім болды? Не істеді? Солар бағаларын берер, үкімін шығарар.

   Біз Құлшығайдың бойындағы төменгі ауыл деп аталатын Орынбасар ауылында орналастық. Дәлірек айтқанда, Орынбасар үйінің жартысын алдық.

   Орынбасар ауылына Құныскерейді куғындаушы Ойыл ГПУ-ның 100-ге тарта жауынгерлері бар атты әскер отряды орналасты. Отрядтың бастығы Александров, оның саясат жөніндегі орынбасары Шаров, тағы да басқа командирлер Орынбасартың үйінде бір бөлмеде жатты. Александров өте ұстамды, ал, Шаров керісінше қызбалау, көңілді, әңгімешіл, калжыңшыл, күлдіргіш, бүгінгі күннің сөзімен айтқанда отырыстың, мәжілістің жаны, гүлі еді. Екеуі де қазақ тілін түсінетін, бірақ сөйлемейтін еді.

   Кешкілік өте көңілді, қызықты әңгіме үстінде өтетін, ән де шырқалатын, домбыра да тартылатын, екібастан қазақшылық әдет-ғұрпын, салтын, дәстүрлерін, тағамдарын жақсы білетін, қонақ қойдан да жуас, май берсеңде жей беремін дейтіндердің нағыз өздері еді. Шаров біздермен хан талапайды ойнап қоятын, қарапайым, кішіпейіл, ақкөңіл адам. Отряд күндіз-түні жауынгерлік даярлықта тұратын. Жансыздардың хабарлары тисе дабыл қағып, жарау аттарына мініп шаба жөнелетін.

Ospanbatir

   1929 жылдың қаңтарының өте суық түндерінің бірінде таң алдында отряд атқа отырды. Барлық жауынгерлерінде бес атарлар, белдерінде салпылдаған қылыш, бір адамды ұстарлық қарулары бар.

   Күн шыға отряд айдалада, қарлы далада ұйықтап жатқан Құныскерейді көреді. Құныскерейдің шылбыры бір қолына байлаулы, аты көп аттың тұяқтарының дүбірін естігесін ойнақшып, жұлқыланып, аспанға секіреді. Құныскерей қаптап келе жатқан қолға бетін де бұрмайды. Асықпай, саспай киінеді. Атын ерттей бастайды, аттардың дүбіріне қызған аты қарғи бергесін қамшымен сауырына тартып жібереді. Аты селтиіп тұрып қалады. Еріттеп атына отырады. Аяңдап батысқа бет алып жүре береді, отряд оқ жаудырады. Құныскерей бес атарын алып, бірінші оқпен Александровтың, екінші оқпен Шаровтың атын жаралайды, өздерін көздемейді. Отрядтың үстінен үш оқты зуылдатады. Отряд аңырап тұрып қалады. Құныскерей атына қамшы басып, текірекке басып, қарлы далаға кіріп қарасын көрсетпей, көзден ғайып болады. Түске таман отряд ауылға оралды. Александров жұмған ауызын ашқан жоқ, көңілді Шаров та тұнжыраған, қабағы қатыңқы, жауынгерлерде үнсіз, көңілсіз. Аттарын жайғастырумен болды.

   Құлшығайдың ортаңғы ауылында кетелердің бас көтерер ер азаматы Сафы қылтамақпен ауырып жатады. Ауруы мендеген Сафымен қоштасып кетуге Құныскерей келеді. Шәй қайнатылып, дастарқан жайылады. Құныскерей Сафыға төменгі ауылда Александровтың отряды барын білесіз, естісе сауылдап келеді, менің келген жерім жауапқа тартылады. Бірақ ауырып жатқан сізді алып кетпес. Мен көңіліңізді сұрауға келдім, қашқын біреумін. Артымнан қуғыншылар көп, отыра алмаймын, – дей бергенде Сафының төменгі ауылдағы туысы белсенді Құлшығай кіріп келеді. Құлшығай Құныскерейді көре сала қашқын, «банды, қазір ауылға жетіп Александровқа хабарлаймын, ұстатамын, көзің жойылатын сағатың жетті, иманыңды айта бер» – дейді. Құныскерей Құлшығай сен хабарлама, өзім саған еріп барамын, – дейді. Құлшығай екілене түседі. Ағасының ұрысқанын елең етпейді. Аузынан көбігі ағып, ананы-мынаны бір шатады. Сафы теріс батасын береді. Жеңгесі көсеуді ала жүгіреді, Құныскерей ара түседі. Құныскерей Сафымен сүйісіп қоштасады, екеуі де көзіне жас алады, басқа сөз айтпайды.

   Құныскерей бес атарын асынады. Атына мінеді де, ал, Құлшығай: «Александровқа кеттік, атыңа мін» – дейді. Құлшығайды алдына салады. Наурызда көк соққы болып жатқан қалың қарман жүреді. 300 - 400 метр жүргесін Құлшығайдың арық тулағын бұзаубас дойырмен тартып жібереді. Ат омақаса құлайды.  Бір құлатып, бір тұрғызып төменгі ауылды екіге бөлетін терең сайдың шетіндегі Құлшығайдың үйіне келеді. Құныскерей Құлшығайдың әйеліне қарап, мына итіңді Сафекеннің құрмалдығына шалып кететін едім, құдайдан, сенің ана 10 балаңның көз жастарынан қорықтым. Сау бол деп атының басын бұрады. Құлшығайды әйелі жерден алып, жерге салып, қарғап сілейді.

   Отрядтың басшылары Александров, Шаровтар Құныскерейдің Құлшығайдың үйіне келгенін көріп тұрды. Отряд атқа мінеміз дегенше Құныскерей ауыздығымен алысып тұрған атына қамшыны бір басты да құстай ұшып, Кұлшығайдың ойына түсіп көрінбей кетті. Отряд Құныскерей ат басын бұрған жаққа бей-берекетсіз оқ атты. Артынан қуған да жоқ. Жете алмайтындарын, Құныскерейдің жеткізбейтінін білген болулары керек. Біздер ауыл балалары аулаға шығып бәрін де өз көздерімізбен көрдік.

   100-ге тарта карулы адамдардың жалғыз аттыны құртуға жарамағандықтарын, батылсыздықтарының жауабын арада 62 жыл өтсе де таба алмай келемін.

   1929 жылдың қыркүйегі келді. Ойыл өңірінің ең бір әдемі кезі. Салқын да емес, ыстық та емес, жан-жануарға жап-жайлы қоңыр күз. Біз төменгі ауылдың балалары ауылдан 3-4 шақырым жерде бұзау, қозы-лақтарды бағып ойынның қызығына түсудеміз. Жетекшіміз, басшымыз Шабазкерей-Қойшыман. Ол Құныскерей десе Құныскерей, құралайды көзінен ататын сұр мерген. Түрі сұп-сұр, көзінің астында қап-қара жүн. Ашуланғанда жүндері тіп-тік болады. Алған бетінен қайтпайтын қайсар. Ағалары ашуланып қамшы жұмсағанда сұп-сұр болып қатып қалады, сөйлемейді де, орнынан қозғалмайды да, көзінен от көрінеді, қалш-қалш етеді.

   Шабазкерей-Қойшыман Құныскерей болып түрленіп жатқанда қасымызға келіп, тоқтаған аттылы кісіні де аңғармай қалыппыз.

   "Балалар ойындарың қызсын!" – деген дауысты естігенде жалт қарасақ, қара, көк жарау аттың үстіндегі оқтаудай денелі отырған кісіні көрдік. Дөңкиген мұрынды, қысқалау мұртты, ажарсыз бетті, әйтеуір өзіміз күн сайын айтып жүретін қыран қарақшыны көрдік.

   Қыран қарақшы! Тұла бойымыз мұздап кетті, бірімізге-біріміз тығыламыз. Біздің Құныскерейіміз Шабазкерейде үндемейді.

   Атты кісі: "Қай ауылдың балаларысыңдар?" – деді. Шабазкерейге тіл бітті. "Орынбасар ауылынанбыз, Жолдасбай ауылы".

   Атты кісі Жолдасбайдың балаларын түгелдей сұрап шықты. Мырзагерейді анықтап сұрады, қайда екенін білді.

   Әрқайсымыздан кімнің баласы екенімізді сұрады, кезек маған келді. Мен ойланбастан Батиманың баласымын дедім. Беті ойын білдірмейтінін сұсты кісінің дауысы дірілдеп шықты.

   -Батиманың?

   -Батиманың.

   Жігіт болыпсың. Атты кісі мені қаңбақтай көтеріп, алдына отырғызды.

  Жайлап, естілер естілмес етіп құлағыма, бәріне қанықпын. Батимаға, Нұрышқа көп-көп сәлем, көреміз бе, көрмейміз бе? Кім білсін, менің қонарымды сай, ұшарымды жел біледі. Батима дені сау болса қиындыққа ұшыратпас. Ақылды жан. Сендерді жетім етпес, үмітсіз тек шайтан болсын.

   Мені жайлап жерге түсірді. Көзім көзіне түсіп кетіп еді, көзінен жасаурап тұр. Ал, балалар сау болыңыздар, – деді де атына қамшы басып желе жортып жүре берді.

   Естиярымыз Шабазкерей анау Құныскерей деді, біздер Құныскерей, Құныскерей дестік. Нанамыз ба, нанбаймыз ба білмедік. Сосын Құныскерей Иранға өтіп кетіпті деген хабар тарады. Ол кезде менің Иранның қайда екенін білмейтін кезім. Әйтеуір Құныскерейдің соңына түскен қаптаған қолдан құтылып кеткені анық. Ол қолға түсірілді, атылды дегеңді естігеніміз жоқ. Ал, Құныскерей Иранға да, басқа да елге өтіп кетпепті. Қарақалпақстаннан орын теуіпті. Атын, әкесінің атын өзгертіпті. Адал еңбек етіп, өз ажалынан дүние салыпты. Бірінші, екінші жеңгелерімізден балалар қалыпты. 8 жылдай бүкіл Батыс Қазақстанды дүрілдеткен, тірі кезінде аты аңызға айналған Құныскерей Қожахметов туралы менің өз көзіммен көргенім, естігенім осылар. Тұрарлық, айтарлық оқиғалар.

Теңел Дүзелбайұлы Жұмабаев

Қызылорда қаласы.  1992 жыл, қаңтар.

Теги құныскерей тайсойғансайты