Қазақтың ұлт аспаптар оркестітірін
баянсыз елестету қиын.
Жас ұрпақты музыка өнеріне баулып, оларды білімді маман етіп тәрбиелеуде ұстаздың алатын орны зор. Сондай ұстаздың бірі Сәтім Сухашұлы Әжікен.
Сәтім Сухашұлы, 1948-жылы Атырау облысы, балықшы ауылында дүниеге келген. 1963-жылы мектеп бітіргеннен кейін өнерлі жасөспірім армандаған баян мамандығы бойынша музыка училищесіне түсіп, 1967-жылы (А.Т.Ивакиннің класынан) бітіреді. Училищеде оқыған кезінде талантымен, тиянақтылығымен көзге түскен Сәтім Сухашұлы оқу орнын бітіргеннен кейін осы мекемеде оқытушылық жұмысқа қалдырылады. Ұстаздық еңбек жолын өзі білім алған музыка училищесінде бастаған Сәтім Сухашұлы адал еңбек етіп, талай жетістіктерге жетіп, биіктіктерден көріне білді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей алдына келген шәкірттерінің талап – талғамын дамытып, музыкаға қызығушылығын арттырып, жігерін шыңдап, рухани қазынасын молайтуға абыройлы ат салысты, жақсы мамандарды дайындауға мол үлес қосты. Педагогика ғылымдарының кандидаты О. Ф.Раисов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының директоры Ғ.З. Дюсенғалиев, балалар музыка мектебінің белді ұстазы Г.Р.Черняховская - Сәтім Сухашұлының шәкірттері (сөзіміздің дәлелі).
1980-жылы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын мамандығы бойынша бітіріп (Ж.Қойшыбаевтың класынан), жоғары білім алады.
Мәкәлім Қойшыбаев атындағы балалар музыка мектебінде директор қызметін атқарған, көп жылдар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Музыка және өнер» кафедрасында негізгі музыкалық аспап – баян мамандығынан ұстаз. Бойындағы сабырлылық, еңбекқорлық, ізденімпаздық, талап қойғыштық қасиеттері студенттердің білімге құштарлығын арттыруға, кәсіби деңгейін қалыптастыруға ықпалын тигізді. Көптеген студенттері Республикалық сайыстардың лауреаттары: Гинаятов Мейрамбек, Ғилажева Лариса, Бисембиев Жеткіншек, Бижанов Айболат, Аманжолова Ақсауле т.б.
Тәжірибелі ұстаз жоғары оқу орнында жаңа қырынан танылды. Өзінің маман дайындаудағы шеберлігінің нәтижесінде студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті, көптеген оқу әдістемелік құралдар дайындап шығарды. Сәтім Сухашұлының 20 шақты ғылыми еңбектері, оның ішінде «Сырнайға лайықталған күйлер», «Студенттердің шығармашылық ынталарын және өз бетімен әзірлену әдістерін арттыру» мақалалары, «Атырау - әнім», «Сырнай үні», «Баян аспабында ойнау әдістері», «Құрманғазы – даналардың өлкесі», «Баян аспабында орындаушылық өнер тарихы» атты т.б. көптеген оқу құралдары жарық көрді. Әдіскер –ұстаздың бұл еңбектері студенттердің баян аспабында ойнау дағдыларын дамыту жолындағы оқу әдістемелік міндеттерді жүзеге асыруға, репертуар қорын арттыруға арналған еді.
Сәтім Сухашұлы музыка пәнінің мұғаліміне аса қажетті сүйемелдеушілік (концертмейстерлік) дағдыларды дамытуға көңіл бөледі. Өзі есту қабілетімен сүйемелдеудің шебері. Яғни нотамен оқымай-ақ, музыкалық дыбыстардың биіктігін қабылдау, елестету және шығару арқылы әуенді сүйемелдеу қабілеттілігі бар. Бұл әрине Сәтім Сухашұлының табиғи талантының, зеректігінің, таңдаған мамандығына шын берілгендігінің көрсеткіші.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында бірнеше рет біліктілігін арттыру факультетін өткен Сәтім Сухашұлы, заман талабына сай компьютерлік техниканы меңгеріп, барлық нотамен терілетін ғылыми еңбектерін өзі дайындаған. Ол көп сөйлемейтін, жұмсақ мінезді, жауапкершілігі мол, еңбекқор істің адамы.
Жарты ғасырдай өмірін студент жастарды оқытуға арнаған ұстаздың еңбегі бағаланды. Сәтім Сухашұлының көп жылғы еңбегі «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Д.Нұрпейісова атындағы ұлт аспаптар оркестіріндегі баян аспабында орындаушылығы - 2-Бүкілодақтық байқаудың «Лауреаты» медалімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төс белгісімен, Министірліктің, музыка колледжі,университет әкімшілігінің «Құрмет грамотасымен», «Мақтау грамоталарымен», «Алғыс хаттармен» марапатталды. Университеттің академиялық доценті атағы берілді.
Сәтім Сухашұлы – білікті маман, ұлағатты ұстаз, әдіскер болуымен бірге, өмірлік жолдасы Раямен ұл, қыздарының үлгілі ата-анасы, немере, жиендерінің мейрімді де қамқор ата-әжесі. Ұл, қыздарының бәрі жоғары білімді маман иелері. Жолдасы Рая жоғары білімді ұстаз. Қыздары Гүлнар, Гаухар фортепиано класы мамандығын бітіріп әкелерінің өнер жолын жалғастыруда. Сәтім Сухашұлы бақытты от басының діңгегі.
Сәтім Сухашұлы жанының қалауымен таңдаған баян аспабының тарихы тереңде жатыр. Домбыра – қазақ халқының ертеден келе жатқан, дамыған музыкалық аспабы болса, баян – қазақ музыкасының даму жолында өзіндік орны бар аспап. Қазақтың ұлт аспаптар оркестітірін баянсыз елестету қиын.
Міне сол диапазоны кең, тембрі бай, көп дыбысты аспапты жете меңгерген ұлағатты ұстаз биыл 70 жасқа толып отыр. Мерейлі жасыңыз құтты болсын қадірлі Сәтім Сухашұлы! Деніңізге саулық, от басыңызға амандық, шығармашылық шабыт тілейміз.
Махш Гайсина,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің доценті, Қазақстан Республикасы
білім беру ісінің Құрметті қызыметкері.
Атырау қаласы.