ӨРТ

ӨРТ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН –Геолог-барлаушымын»  кітаптарының авторы.

 

ӨРТ

  Ащытайпақ 2 ұңғысын қазу барысында тағы бір (бұл ұңғы қырсық шалған ұңғы болды) келеңсіздік орын алды. 1977-78 жылдың қысы әлі жалғасуда, қар қалың, аяз сәл бәсеңсігенімен, әлі де күшінен қайта қоймаған. Бірақ ауа жақсы, шыңылтыр аяз, жел жоқ, айнала көз жетер жерге дейін аппақ болып көз қарықтырады. Бір күннен асты ұңғыда каротаж жұмыстары жүріп жатыр. БКЗ. Ақырғы емес, аралық БКЗ. Каротаж приборлары забойға дейін кідіріссіз барып, геофизиктердің жұмысы бірқалыпты жүруде. Каротаж отрядының құрамында Қошқарда  мектепте бірге оқыған(бір класс төмен) Сәтқали Құлжығаров деген жерлесім де бар екен, олардың жұмысының жағдайын білу үшін (приборлардың жүрісі қалай, қандай приборды жазды, ұңғының жағдайы қалай...) каротаж лебедкасына жиі барып тұрамын. Геофизик инженер Сәтқалимен де әңгімелесемін. Білімді, өз жұмысын тым-тәуір меңгерген геофизик екені сөздерінен көрініп тұр. Мектепте жүргенде де жақсы оқыған, Қошқардағы кітапты көп оқитын оқушылардың бірі болатын. Ал біздің РИТС-1 мекемесінің атынан осы геологиялық (геофизикалық та ғой) жұмысты бақылауға басшымыздың геология саласы бойынша орынбасары Сыдих Диханов ағамыз арнайы келген. Түнге қарай геофизиктер өз жұмыстарын толықтай аяқтап, приборларын жинастырып ауылдарына шығып кетті. Мен түнгі вахтаға, каротаж жасалатын мезгілге әдейі сәйкестендіріп жоспарланған, механизмдерге жасалатын әртүрлі профилактикалық, күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтаған бойда, инструментті қазуға түсіруге тапсырма беріп вагоныма келдім. Сәкең екеуміз шай ішіп алып, жайланып отырып каротаж материалдарын талдауға, зерделеуге, оқуға кірістік. Сәкең ағамыз бұл жөнінен өте мұқият адам, қолына әртүрлі түсті карандаштарын алып алып графиктерге шұқшияды дейсің. Өз ісінің білгірі еді біздің Сәкең. Оның қолында геофизиктердің приборлары жазған графиктер сайрап, сөйлеп қоя беретін. Ұңғының забойындағы температура қандай, ствол түзу қазылып бара жатыр ма, қисық кеткен жері қанша градусқа қисық, қандай тереңдіктерде қандай тау жыныстары орналасқан, қай тереңдікте ұңғы қанша мм-ге тарылған, немесе кеңіген, қай тереңдікте апан үңгірлер бар, алдыңғы түсірілген колоннаның «башмағы» орнында тұр ма..., ой несін айтасың, Сәкең соларды қызық, шым-шытырық оқиғалы роман оқығандай қылып талдайтын. Оның қасында жүріп біз де ондай графиктерді біршама оқи алатын болып қалғанбыз. Осылайша отырғанда, түннің бір уағы болғанын сезбей де қалыппыз. Ұйықтар алдында қондырғыны бір шолып шығатын әдетім бойынша енді киінейін деп жинала бергенімде, вагонға көмекші бұрғышы жүгіріп келе «қондырғыда өрт» деп айқайлады да кері шауып ала жөнелді.

Тездетіп қолыма ілінген киімді кие салып, Сәкеңе: «Тездетіп поселокке бар, күндізгі вахтаны оятып буровойға алып кел»,-дей сала буровойға қарай жанталаса шаптым. Көріп келе жатырмын, насосный сарайдың выхлоп жақ қапталын оттың сумаңдаған жалындары жалмап жатыр. Сарай биік, әрі осы қапталы ұзын болатын. Сарайды қаптаған «прорезиненное бурукрытие» (қазақтар брезент дейді) қалың болатын, енді солар отқа лапылдап жанып жатыр. Сарайдың каркасы НКТ құбырларынан тұрғызылғанымен, олардың арасын жиі-жиі жалпақ қайың тақтайлармен обрешетка жасап, оларға брезентті жіңішке рейкалармен қаққан ғой. Осы материалдардың барлығы да тез жанатын дүниелер, оның үстіне бұларға ұңғы қазыла бастағаннан бері май да шашыраған, сіңген, факелдердің, әртүрлі себеппен жағылған оттардың күйелері де қалың жұққан, қысқаша айтқанда өртенуге әбден дайын тұрғандар. Түнгі вахтаның бұрғышысы Титов Александр деген тәжірибелі, жақсы маман еді, моторшысы Ильясов Сәбит деген білікті маман, бұрғышының бірінші көмекшісі Харченко Инокентий (барлығымыз Кеша дейміз) деген пысық, алғыр, тығыншықтай шағын денелі спортшы жігіт. Вахтаның адамдарының біреулері шелектеп су шашуда, кейбіреулері қолдары жеткен жерлердің брезенттерін, ағаштарын багорлармен, балталармен, сүйменмен, пышақтарымен жыртып, жұлып, кесіп алып тастауда. Бұрғылау насосы арқылы техникалық су шашып (тіпті бұрғылау ертіндісін болса да шашып) өртпен күресуге болмай тұр. Дизельдері қызып, дайын тұрған №1 насостың втулкаларын, клапандарын, поршень-штоктарын ауыстырып бастап, әлі толықтай жинастырылып бола қоймаған, ал №2 насостың дизельдері әлі қызбаған. Бұрғышылар №1 насосты жинастырып болып, инструментті түсіріп жатқанда №2 насостың дизелін қыздырамын деген жоспармен моторшы Сәбит жұмыстанып жатқан ғой. Өрттің шығу себебі де осында жатқанын артынан Сәбиттен, №1 насосты жинастырып жатқан жігіттерден, тексеру барысында естігенмін. Осылайша насостардан қайыр жоқ болғасын, тілсіз жаумен тек қана адам күшімен күресу ғана қалғаны белгілі болды. Әзірге, өрттің жағдайына қайта оралайын. Сарайға жеткенше жүгірген күйімде, басымда әлденеше варианттар қайнап, пісіп, бұл өртке қай жағынан тиісерімді ойлап келген болатынмын. Өртке жеткен бойда жолыма жақын тұрған Кеша мен тағы бір жігітке менімен бірге сарайдың төбесіне шығуды айқайлап жеткізіп, өзім бірден сарайдың чандар тұрған жағындағы аласалау жерден жоғарыға өрмелей жөнелдім. Сәбитке тез электр тоғын рубильниктен айыруды, электростанцияны әзірге өшірмеуді тапсырдым, әйтпесе сарайдың қабырғасының жоғарғы жағымен жүріп жатқан кабельдер өртенуде, оларға су шашып жүрген, кабельдерді ұстап алған адамдар тоққа түсуі мүмкін ғой. Ойым, жоғары қарай лаулап шапшыған оттың жолындағы, төбеге жабылған брезенттер мен ағаштарды жоғалту, өрттің кеңге жайылып кетпеуіне, жолындағы жанатын материалдарды жою арқылы тосқауыл қою, сонда от тек қабырғаны ғана жалмай алады. Әйтпесе сарайдың төбесіне от жетсе болғаны, жанған брезент пен ағаштар сарайдағы дизельдерге, насостарға, олардың ременьдеріне..., барлығына түседі де өрт үлкен аумақты жалмай бастайды. Сарайдың арғы жағында, іргесіне тиіп тұрған бірнеше мұнай, әртүрлі сұйық химреагенттер жинастырылған 50 кубтық қазандар да жатыр, олардың сараймен екі ортасында задвижкаларынан аққан мұнай араласқан сулар, ертінділер де бар, бұл маңға от жеткендей болса болғаны, лаулай жөнелуге дайын. Сарайдың еденінің асты да мұнай, дизельдерден аққан май араласқан суларға кілкіп жататын жаз кезінде, қазір олар қатып жатқан болар. Оларға от тигендей болса, ештеңені құтқарып үлгере алмаймыз. Қазіргі басты қауіп төбеде, бетін аулақ қылсын, егер төбеге от шығатындай болса құрығанымыз деген ой миымды тесіп бара жатты. Сонда бүкіл қондырғыдан айырыламыз деген сөз.

Осындай жаман ой денемді де, санамды да қалтыратып жіберді. Қарап тұрып өлуге болмайды, күресіп, жанталасып өлу керек. Жанұшырып, маймылша өрмелеп төбеге де шықтық, менің қолымда үлкен, өткір селебе пышағым бар, буровойда болғанда үнемі жанымнан тастамаймын, жұмыс шалбарымның белдігінде, қынында жүреді. Жігіттер балта ала шығыпты. Біз шыққанша оттың тілі де жалмаңдап төбені жалай бастады, төбені жапқан ағаштардың кейбіреулері сытырлап жануда, көпшілік брезенттер ысып, буланып қыза бастаған. Төменнен, қабырғаны жалмап келе жатқан оттың жалыны жоғарыда жүрген біздерді жақындатар емес, бет қаратпайды. Барынша лаулап жанған отқа жақындауға тырысып, жалма-жан жыртуға, айыруға, кесуге, балталауға кірісіп кеттік. «От тілсіз жау» деген өте дәл айтылған теңеу екенін сонда ғана анық сездім. Үнсіз жалмап жеп жатыр, жоғары өрмелеп ұмтылуда. Лаулаған оттан шегіне, шегіне біз сарайдың орта тұсына да жақындап қалғандай болып көрінді маған. Бірақ ештеңеге мән беріп қарауға, мойын бұруға уақыт жоқ еді. Қанша алысқанымызды білмеймін, төменге, сарайдың ішіндегі механизмдерге түскен жанған тақтайлар мен брезенттерді, біздің лақтырып жатқан шала жанғандарымен қоса төмендегі күндізгі вахтаның жігіттері сүйреп алып кетіп жатырды. Төбеде жүрген біздердің аяғымыз басып жүрген тақтайлар шала күйген, кез келген уақытта сынып кетуге әзір еді де, біздер солармен бірге төмен құлауымыз әбден мүмкін еді. Қабырғадағы тақтайлар мен брезенттердің нобайы өртеніп кетті, жігіттердің жыртып, жұлып алып үлгергендері шамалы. Сарайдың төбесінің үштен біріндегі тақтайлар мен брезенттер жұлынған, өрт шалған, жартылай күйген... Осылайша тілсіз жауды тоқтатқан болдық. Әупірімдеп жерге түстік. Сарайға қарау қорқынышты. Ал сарайдың төбесіне, біз жүрген жерлерге қарау одан да қорқынышты. Қалай ғана сол төбеде жүргенбіз, жай жүрмей, арпалысып отпен алысып, күшке салып қалың брезенттерді жыртып, жұлып, ағаштарды сындырып... жұмыс жасадық-ау. Аяғымыздың астында, төменде самсаған темірлер, механизмдер (дизельдер, компрессор, насостар, жұмыстарын тастай сала өрт сөндіруге кірісіп кеткен бұрғышылардың әртүрлі шашылып жатқан саймандары). Аяғымыз басып жүрген шала жанған ағаштар сынып кеткендей болса біздер төмен қарай ұшамыз ғой. Төмендегі жайраған темірлердің үстіне осындай биіктен құлап түссең аман қалмасың белгілі, оның жолы әрмен, ия өлесің, ия қатты мертігіп мүгедек болатының айдан анық. Солығымызды басып, өртті тоқтаттық па, жоқ па деп, көзімізге сене алмай, темекіні сорғылап, тыныс алып тұрмыз. Қасымда тұрған Кешадан: «Как мы не провалились с такой высоты?»,-десем, ол: «Я тоже об этом думаю, сейчась только мне страшно смотреть на крышу сарая»,-деп жауап берді. Күндізгі, түнгі вахта түгел осында. Тіпті әйелдер де асханадағы бар ыдыстарды (кастрөлдер, шелектер, тіпті үлкен ожаулар) алып келіп шелектеп, кастрөлдеп жігіттерге су тасып көмектесіпті. Жігіттер су шашып, кейбіреулері қар аралас топырақ шашып, әйтеуір барлығы жандарын салып арпалысыпты тілсіз жаумен. Айнала соғыстан кейінгі алаң сияқты, шашылған шала күйген ағаштар, өрт шалған, түгел өртенген брезенттердің қалдықтары. Құдай қарасқанда, лүп еткен жел болмады ғой. Қалайша, осындай баға жетпес қолдау көрсеткен Құдайға шүкіршілік айтпассың!!! Сәлден соң жігіттермен бірге айналаны жинастырдық, бірнеше жерде үлкен-үлкен өрттен шыққан үйінділер пайда болды. Осылайша арпалыспен жүргенде қысқы таң да ағараңдай бастапты. Айналадағы аппақ қардың көпшілігін күйе басыпты. Ендігі мәселе, сарайдың өртенген жеріне ағаш, брезент қайдан табамыз, өртеніп кеткен кабельдердің, светильниктердің орнын қалай жетістіреміз? Мынандай ашық күйінде дизельдерді қыздыруға, жұмыс жасатуға болмайды. Дизельдердің жұмыс жасайтын температурасын көтере алмаймыз, күн аяз, қазір жел жоқ болғанымен, ертең не болатыны белгісіз. Үстірттің азынаған ызғырық желі аяқ астынан жын сияқты көтеріле қалмасына кім кепіл. Ашық, ызғырық жерде жұмыс жасау жігіттерге де қиын,  салқын күйінде күш түсіріп жұмыс жасатып дизельдерді де істен шығаруымыз мүмкін. Сондықтан қалайда сарайдың ашық қалған жерін жабуымыз керек, қазуды тоқтатпауымыз керек. «Отан бізден метр проходка сұрап жатыр, мұнай табуымыз керек» деген жалған, пафосты сөздер айтпағанмен, жұмыс жасауымыз керектігі айқын. Біреу бізге қашан сарайымызды бүтіндеп, жұмыс жасайтын жағдай жасап береді деп күтуді ойламасақ та болады. Оған уақыт та жоқ, бұлайша соза берсек, чандардағы ертінділер де қата бастайды, ал бұл дегеніңіз өте ауыр жағдайға әкелері сөзсіз. Өзіміз бүлдірген екенбіз, енді өзіміз осы жағдайды қалпына келтіруіміз керек. Мүмкіндігінше орталық сезбейтіндей қылып, жымын білдірмей жіберуге тырысуымыз керек. Қондырғы басында басы артық ағаш та, брезент те, керек десең, шеге де жоқ қой. Ойластырып отырып, қондырғыны айналып шығып тапқаным, химреагент жинайтын сарайдан біраз материал алуға болады екен, мұнараның 25 м биіктікте тұрған, екінші верховой жұмыс жасайтын люлька орналасқан палатадан да біраз материал түсіруге болатыны көрінді. Қондырғы басына келетін цемент, бентонит сазы сияқтыларды жауып қоямыз деп пайдаланып жүрген біршама брезенттеріміз де бар, осыларды дұрыстап жинастырсақ сарай жабылып та қалатындай. Таң әлдеқашан атқан еді, күндізге жұмысқа шығатын вахтаны жуынып-шайынып, ыстық тамақ ішіп, сәл де болса демалып алып, вахтаға асықпай, түске таман шығарсыңдар деп поселокке жібердім. Олар түні бойы көз ілместен өртпен арпалысты, әрі өткен күні вахтада болып, тәулік бойы демалмаған болатын. Диханов Сыдиық ағама: «Сіз орталықпен байланысқа шығыңыз, таңғы берілетін ақпаратты беріңіз. Каротаж жұмыстары созылып жатыр, геофизиктердің бірер приборлары істен шығып, оңдап, қайтадан жазуда. Ұңғының жағдайы жақсы, приборлар забойға дейін жақсы барып тұр дерсіз. Мені қондырғыда шаруаларымен жүр дей салыңыз. Ал мен сарайды тездетіп қалпына келтіру жұмыстарына басшылық жасайын, жігіттерге көмектесейін. Кешке дейін инструментті ұңғыға түсіруге жағдай жасауымыз керек»,-деп культбудкаға жібердім. Кірісіп кеттік. Оңай болған жоқ, бірақ екпінді еңбектенгеннің, жігіттердің жұмыла қимылдағанының арқасында кешкі вахтамен инструментті түсіруді бастап та кеттік. Сарай жабылды. Қалған жұмыстар өз реттерімен жүре береді ғой. Шаршағанымыз, тоңғанымыз өзімізге олжа. Төменгі верховой палатасын көп жалаңаштамауға тырыстық, тек керегін ғана алдық. Көпшілік жерлерді, әсіресе химреагент сарайын бөшкелердің қаңылтырларымен де жаптық. Ол кезде қондырғыға польшалық дизельдерге құюға арналған арнайы М10Г; М8Г деген жағар майларды көк, әдемі импортный бөшкелермен әкелетін еді. Майдан босаған бөшкелерін кері тапсыруымыз керек қой, бірақ дәл есебін есептеп отырған жан болмағандықтан босаған бөшкелер қондырғы басында, тапсырылмай жиналып қалатын. Бірер күннен соң автогенмен сол бөшкелерді жарып, қаңылтырларын балғамен төске салып тегістеп жіберіп тым жақсы химреагент сарайын жасап алдық. Әртүрлі текстропный ременьдерді рейка ретінде пайдаланып брезенттерді сарайдың қабырғасына, төбесіне жаптық. Қолда бар осындай материалдарды пайдаланып аяқ астынан орын алған қиындықтан шыққанбыз.

  Енді осы өрт қалай шыққанын тексеру барысында анықталған жайды жазайын. Бұрғышылар №1 насосты жинастырып жатырғанда, моторшы Сәбит №2 насостың дизельдерін қыздыруға дайындауға кіріседі. Сарайдың қабырғасына жақын тұрған шеткі дизельдің картеріндегі майды қыздыру үшін астына факель (неге әдеттегідей астауша қоймады?) қояды да, радиаторға ыстық су құю үшін екі шелегін алып даладағы водомаслогрейкаға жүгіріп кетеді. Ол асығып жүріп, бұрыла бергенде аяғымен факельді қағып қалып, ол факельдің сарайдың қабырғасына қарай құлап кеткенін көрмейді де, сезбейді де. Май сіңіп, өртенуге дайын тұрған брезент пен ағаштар сол бойда гулей жөнеледі. Ал Сәбит болса шелектерін водомаслогрейканың қасына тастай салып, ГСМ қазандары мен қондырғы арасындағы дизтопливо жүретін құбырлардың бойына екі жерде үлкен қылып жағылған от алаулардың біреуінің сөнуге қалғанын көреді де, соларға отын тамызуға жүгіреді. От алауларға отын тамызып жүргенінде сарайдың қабырғасындағы алаулаған өртті көріп кері жүгіреді. Насосты оңдап жатырған жігіттер де өртті Сәбитпен бір мезгілде байқайды. Бұл кезде өрт әбден күшіне енген болатын. Қалғаны белгілі ғой, жоғарыда жазғанымдай әрекеттің арқасында аман қалдық. Осы жерде айта кетуім керек, мен осы өрт үшін Сәбитті ешқашан жазғырған емеспін. Сәбит Астраханьдағы мореходный училищені судовой моторист мамандығы бойынша жақсы бағамен аяқтаған, біраз жыл Волгада жүзетін шағын кемелерде моторист болып жұмыс жасаған. Өте сауатты, білікті, көзі ашық жігіт. Қателік кімде болмайды, бәріміз де бірдейміз ғой. Бұл жерде де кінәнің бір ұшы жазғы дизтопливомен қақаған қыста жұмыс жасауға мәжбүр қылған орталық басшылықта да сияқты.

  Осы жерде келесі жазда  Сәбит осы қондырғының басында польшалық дизельдің вентиляторына бір қолын алақанымен бірге туратып алды. Мүгедек болып қалды. Сәбит сол күні күндізгі вахтада жұмыста болатын, мен де сол кезде буровойды аралап, қазу жұмысын қадағалап жүргенмін. Сәбит польшалық дизельге профилактикалық күтім жасап жатқан еді. Жоғарыда жазғанымдай, Сәбит білікті маман. Қалай екенін қайдан білейін, жазым болайын десе аяқ астынан ғой, сол сәтте оның біліктілігі пайдаға аспады. Польшалық дизельердің бір ерекшелігі, олардың вентиляторлары ауаны дизель беттен (ішкі беттен), радиаторға қарай (сыртқа қарай) айдайды. Қысты күндері жұмыс жасап тұрған польшалық дизельдің радиаторының алдына тұра қалсаң әжептәуір жылынып алуға болады, дизельден шыққан ыссы ауаны, радиатордың ыстығымен қосып алдына қарай айдап, радиатордың алдын ыссы қылып қояды. Қысты күндері тоңған жігіттер осылай қарай жүгіретіні бар. Ал отандық дизельдерде керісінше, вентиляторлары сырттан ішке қарай айдайды. Бұларды әккі, тәжірибелі моторшы Сәбит түгіл, қондырғыда аз уақыт та болса жұмыс жасаған моторшының көмекшісі де біледі. Тағы бір анықтап көрсете кететін польшалық дизельдің ерекшелігі, оның қуатында, польшалық дизельдерде 700 аттың күші бар, ал отандық дизельдерде 450-500 аттың күші болады. Демек, польшалық дизельдің вентиляторы да қаттырақ айналады, соған сәйкесінше ауаны сору күші де қуаттырақ болады деген сөз ғой. Сәбит польшалық дизельдің вентиляторының қорғаныс торын алып тастап, сол маңға жақын жердегі әлдебір тетіктерін (сірә, май жүретін шләнгісін) ауыстырған. Қорғаныс торы жұмыс жасауға кедергі болған. Қорғаныс торды салмай тұрып, әлгіде ауыстырған тетігін жұмыс кезінде қарап көру үшін (май жібере ме, жібермей ме деп) дизельді қысқа уақытқа ғана жұмысқа қосады. Қырсыққанда әлгі тетік май жібере бастайды. Дизельді тоқтатуға ерінген Сәбит (шайтан түртіп тұр ғой), дизель жұмыс жасап тұрған кезде әлгі тетікті қатайтайын деп сол маңға қолын сұғады, қолына ұстаған кілті де бар. Вентилятордың қорғаныш торы жоқ.  Ал бұл дизельдің вентиляторы болса өте қатты күшпен ауаны сыртқа қарай айдайды ғой, Сәбиттің әлгі тетікке қарай ыңғайлап соза берген кілт ұстаған қолын қатты жылдамдықпен айналып тұрған вентилятор орасан күшпен сорып ала жөнеледі де, вентилятормен турап тастайды. Қолына ұстаған кілті радиаторды бүлдіреді. Сәбиттің шыңғырған даусына сол маңда жүрген біршама адам жиналдық. Мен де бармын солардың арасында. Сол жерде не көргенімді жазбаймын. Аға моторшы Ильясов Сәбит өз ісінің шебері, әрі таза жұмыс жасайтын маман болатын. Бұлай болады деп кім ойлаған. Техника қауіпсіздігін сәл сәтке болса да естен шығарудың қандай қайғылы жағдайға алып келетінін көрдің бе? Тағдыры ғой.      

  Бірақ, бұл өрттің жағдайы орталыққа жетпей қалған жоқ. Өрттен кейін барлығы өз орындарына келгеннен соң, КЭ «МНГР»-дің бір инженері әлдебір шаруалармен біздің қондырғы басына келген, қондырғыны аралап жүріп химреагент сарайының басқаша түрге айналғанын (көк қаңылтырлармен қапталғанын), шлам амбарларының ішіне жасырылған өртенген ағаштар мен брезенттердің қиқымдарын көреді, насос сарайының да төбелерінің, сарайдағы механизмдердің от шарпыған, күйелеш-күйелеш болған, ыстан баттасып (қанша жусақ та жуық арада кетпеген) тұрғанын байқайды, жұмысшылармен әңгімелесе жүріп бірдеңелерді біледі. Ауылға келгесін РИТС-1 басшылығына бәрін хабарлайды. Бұл да маған плюс емес еді. Қондырғыны өрттен құтқарып қалдың деп ешкім басымнан сипай қоймағанын, ағаштан жасалған болса да ордень бере қоймағанын сезіп отырған боларсыңдар.      

Талай қиын күндер өтті ғой басымыздан.

...

PS.  Суреттер интернеттен алынды.

...

Бәкөн әл-Сағыз.

(Б.Бисенғалиевтың «МЕН – Геолог-барлаушымын» кітабынан үзінді)

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты