ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ

АТЫРАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНЕ-70 ЖЫЛ!

2020-жылы өлкеміздегі "альма-матер" -Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік Университетінің құрылғанына  70 жыл толады. Мерекелік шараға орай осы білім ордасында еңбек еткен, дәріс берген  және білім алған  жандардың естеліктерін жариялауды жөн көрдік.

бЕКЕТ КЕНЖЕГУЛОВ

   Жүйіткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай... Өмірі өзінікі болғанымен, өмірі өзгенікі болған ұлағатты ұстаз, ақылшы тәлімгер, танитындарына қадірлі де үлгі аларлық азамат бола білген Ғапурулла ағамыздың өмірден өткеніне де жыл толып қалыпты, әрине сағынышпен еске аламыз. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, 70 жыл тарихи жолы бар, Қазақстанның батыс өңірінің ғылымы мен біліміне, мәдениеті мен экономикалық дамуына зор үлесін қосып келе жатқан білім ордасы- Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік  университетінде өмірінің соңғы уақыттарына дейін жұмыс жасады.

Даиров Ғ.Д.   

Даиров Ғапурулла 1932 жылы 15 сәуірде Атырау облысы (бұрынғы Гурьев облысы), Исатай (бұрынғы Новобогат) ауданына қарасты Манаш аулында дүниеге келген. 1939 жылдан 1944 жылға дейін Манаш ауылындағы А.А. Андреев атындағы мектепте оқып, 1944-1948 жылдары Новобогат (қазіргі Исатай) ауданына қарасты Жамбыл ауылының К.Маркс атындағы мектептің 9-класын тамамдап, 1949 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектебінен 10 класты  бітірген.

1949 жылы орта білім алғаннан кейін, Новобогат ауданының Мыңтөбе аулындағы В.И.Ленин атындағы мектепте 5-7 – кластарының математика пәнінің оқытушысы болып  еңбек жолын бастайды. Сол мектепте 1951 жылға дейін еңбек етіп, сол жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік  педагогтар дайындайтын институтының физика – математика факультетіне  оқуға түседі. Институтты 1955 жылы бітіргеннен кейін, Қазақ ССР-ы оқу Министрінің жолдамасымен Гурьев (Атырау) педагогикалық институтының математика кафедрасында оқытушы болып, өзінің негізгі ғылыми - педагогикалық еңбек жолын бастайды. Осы институттың математика кафедрасының оқытушысы, аға оқытушы жұмысын атқара отырып,1958 жылы  физика-математика факультетінің деканы болып тағайындалды. Осы уақыттардағы нәтижелі еңбегінің арқасында СССР Жоғарғы кеңесінің 1961 жылдың 15 қыркүйегіндегі Указы бойынша "За трудовые отличие” медалімен марапатталады. Бұл жұмысты 1961 жылға дейін атқарып, өзінің  білімін көтеру және ғылыми жұмыспен жете айналысу  мақсатында Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтының  физика–математика  факультетінің “Дифференциалдық теңдеулер” кафедрасы бойынша аспирантураға түседі. Оның ғылыми жетекшісі болып, осы кафедраның доценті, физика–математика ғылымдарының кандидаты, өзінің студент кезіндегі ұстазы М. Ятаев тағайындалып, кандидаттық диссертациясының “Дифференциалдық теңдеулер жүйесінің ерекше жағдайдағы (төрт нөлдік түбірлері бар) шешуінің орнықтылығы” атты тақырыбы бекітіледі. Аспирантураны  1964 жылы аяқтап, 1965 жылы 15 қаңтар күні С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік Университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университет) ғылыми кеңесінде физика – математика  ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияны нәтижелі қорғап шығады.

Аспирантураны бітіргеннен кейін, өзінің бұрынғы еңбек еткен ұжымына қайта оралып, физика – математика факультетінде кафедра меңгерушісі, оған қоса физика – математика факультетінің деканы жұмыстарын жалғастырады. 1966 жылы СССР-дың жоғарғы аттестациялау комиссиясының шешімімен математика кафедрасының доценті деген ғылыми атаққа ие болады. Осы жылдардағы  елеулі еңбектері үшін 1967 жылы 3 қарашада Гурьев облыстық партия комитеті, облыстық атқару комитеті Құрмет грамотасымен, ал 1969 жылы 18 қазанда Қазақ ССР-ы Оқу Министрінің құрмет грамотасымен марапатталады. Факультеттің деканы жұмысында 1970 жылға дейін болып, Гурьев (Атырау) облыстық партия комитетінің ұсынысымен Гурьев педагогика институтының оқу ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалады. Ал 1972 жылы облыстық партия комитетінің ұсынысымен және Қазақстан Коммунистік партиясының орталық комитетінің келісімі бойынша Қазақ ССР-ы Жоғары Оқу министрінің бұйрығымен Гурьев педагогтер институтының ректоры болып тағайындалады. Осы жылдарда институттың материалдық базасын, оқу лабораториясына қажетті оқу құралдарымен жабдықтауға және оқытушы кадрлардың аспирантурада оқып, ғылыми дәрежесін көтеруге байланысты елеулі еңбектер атқарып, институттың жаңа оқу корпусын іске қосқан.

Профессор Ғапуролла Даиров жоғарыда көрсетілген жауапты жұмыстармен қатар бірнеше қоғамдық  жұмыстарды атқарып, жастарды тәрбиелеуге, ғылымның негізгі проблемаларын насихаттау үшін елеулі еңбектер атқарды.

1968-1970 жылдары институттың партия ұйымының хатшысы, Гурьев қалалық және облыстық партия комитетінің бірнеше дүркін мүшесі болды. Бірнеше рет қалалық кеңестің депутаты болып сайланады. Бірнеше дүркін қалалық, облыстық партия комитетінің конференцияларының делегаты болып сайланған. Республикалық “Білім” қоғамы съездерінің делегаты болды. Осы кездерде бірнеше дүркін облыс еңбекшілерінің, оқытушыларының алдында баяндамалар жасап, лекциялар оқыды. Осы кездердегі нәтижелі еңбектері үшін 1970 жылы 8 сәуірдегі СССР Жоғарғы Кеңесі Президумының Указы бойынша “За доблестный труд в ознаменование 100 летия со дня рождения В.И.Ленина” медалімен, 1972 жылы 25 қыркүйектегі Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесі Президумының Указы бойынша “Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен”, 1979 жылы 10 шілдедегі халық депутаттарының Гурьев облыстық Кеңесінің шешімі бойынша “Облыстық Кеңес грамотасымен” марапатталады.

Ғапуролла Даиров 1976-1986 жылдарда «Математикалық талдау» кафедрасының меңгерушісі болып, студенттердің математикадан сапалы білім алуына бар мүмкіншіліктерді жасап, елеулі еңбек сіңірді. Кафедра оқытушыларының оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарымен айналысуына, студенттерге оқылатын лекциялар мен практикалық сабақтардың сапасын жақсартуға зор көңіл бөліп отырды.

 Осы уақыттағы еңбектері еске алынып, Гурьев облыстық халық депутаттар Советінің атқару комитетінің 1980 жылы 17 тамыздағы шешімі бойынша Ғапуролла Даиров халық депутаттары облыстық кеңесінің грамотасымен, ал 1982 жылы 28 қыркүйектегі СССР  Жоғарғы оқу министрінің шешімі бойынша “CCCР –дың Жоғарғы Оқу ісінің үздігі” белгісімен марапатталады.

  1986-1993 жылдары Ғапуролла Даиров физика – математика факультетінің деканы болып жұмыс атқарды. 1992 жылы СССР-дың Жоғарғы аттестациялау комиссиясының шешімімен математика кафедрасының профессоры деген ғылыми атаққа ие болды. Профессор Ғ. Даиров орта және Жоғарғы мектептерде  жастарға  тәлім- тәрбие, білім беру саласында 68 жыл, оның 62 жылын Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік Университетінде үздіксіз еңбекке жұмсады. Осы 62 жыл ішінде бірнеше мыңдаған ұстаздарды дайындап, олар  Қазақстан Республикасының түпкір – түпкірінде  және  Республикадан тыс жерлерде сапалы еңбек етуде. Олардың ішінде Совет, партия жұмыстарының ардагерлерімен қоса, ғылым докторы, ғылым кандидаты және профессор, доцент ғылыми атағы барлар да жеткілікті.

ДАИРОВ

              Профессор Ғапуролла Даирұлының ел үшін жасаған қажырлы еңбегі елеусіз қалмады. 1986 жылдың 28 қаңтарында СССР жоғарғы Советтің атынан “Ветеран труда” медалімен, ал Қазақстан Республикасының Президентінің 2001 жылғы желтоқсанның 3-дегі жарлығы бойынша “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл” мерекелік медалімен марапатталды. ҚР-ы президентінің жарлығымен «Құрмет» орденімен (07.12.2007 ж.), «ҚР-ның тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (10.11.2011 ж.) марапатталды. Аталған жылдар ішінде профессор Ғ. Даировтың 90-нан аса ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалары Республиканың және шет елдердің ғылыми журналдарында жарияланды. Бірнеше дүркін ғылыми - практикалық конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады. Бұл баяндамалар осы конференциялардың жинақтарында жарық көрді.Профессор Ғ. Даиров Жоғарғы мектептердің математика мамандығы  студенттері үшін 10-нан астам оқулықтардың авторы.

Ғапуролла Даиров жұбайы Жамал Сағиқызымен төрт ұл-қыз (Нұрлыбек, Гүлмира, Жандарбек және Гүлбан) тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да жоғарғы оқу орнын бітіріп, алған мамандықтары бойынша  еңбек етеді және жарасымды жанұя иелері. Ғапуролла ағамыз 10-нан аса немере мен 9-дан аса шөберенің атасы.

Кім-кімнің болса да өз өмірінде замандастарының, дос-туыс, ағайындарының, ұстаздарының ішінде адамгершілігіне тәнті ететін, азаматтығына табындыратын, өзін де, өмір жолын да өнеге, құрмет тұтатын, жақсы көретін, оның алдында басын иетін адамдары болады. Ол – ұлағатты ұстаз бола білген Ғапуролла Даирұлы еді. Ағамыздың жарқын бейнесі адал да асыл азамат ретінде ол кісіні танитын адамдардың есінде сақталып, өнегелі өмірі мен ұстаздық еңбегі ұмытылмайтынына сенемін.

 

Бекет Кенжегулов

 физика-математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

бірге еңбек еткен сыйлас інісі.

 

Теги тайсойғансайты