Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы. Б.Бисенғалиев Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілері сияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы. Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.
Сүйкімділер
Бұл жағдай ертеректе Шағырлы-Шөмішті деген алаңда болған еді. Қазіргі кезде ол алаң өңіріміздегі газ өндіріліп жатырған ірі кенорындарының бірі.
Біздің мекеме 1979 жылы Шағырлы Шөмішті алаңында, Маңғыстауда алғаш рет, тереңдігі 5000 метрлік ұңғыны межелі тереңдікке жеткізіп қазып шыққан болатын. Осынау үлкен тереңдіктегі ұңғыны қазып шыққан атақты Қосмағамбетов Базарбай басшылық жасайтын бұрғылау бригадасы. Осы жерде жұмыс жасайын деп жатқан алаңның тарихына сәл тоқтала кетейін. Тоқталуымның себебі, осындай қызықты оқиғаларды жазумен байланыстырып өзіміз жұмыс жасаған заманның тарихын көрсету ғой негізгі мақсатым.
Біз қазатын ұңғының маңында, сол алаңда, 600 метр тереңдікке ертеректе қазылған бірнеш ұңғылар болды. Жобалауымша, оларды СолтүстікҮстірт мұнайгазбарлау экспедициясы(Үстірт поселкесінде орналасқан), не болмаса ОңтүстікЕмбімұнайгазбарлау экспедициясы(Құлсарыда орналасқан) қазған сияқты. Болашақта жұмыс жасайтын алаңды зерттеп, ертеректе қазылған ұңғыларды да тексеріп шыққанмын. Консервацияға қойылған бұл ұңғылардың басында темір қалақшаға сваркамен, әр ұңғыға қатысты қысқаша деректер жазылған «тақтайшалары» болды, сонда бұл ұңғыларды қай мекеме қазғанын оқығанмын, қазір есіме түсіре алмай отырмын. КЭ «МНГР» де, жоғары да жазған екі экспедиция да (СҮМНРЭ, ОЕМНРЭ) сол кездерде «Гурьевмұнайгазгеология» Бірлестігінің құрамында болғандықтан жұмыс жасайтын алаңдарымыз аралас-құралас бола беретін. Маңайымыздағы ертеректе қазылып болған әлгі ұңғылардың задвижкаларын ашсаң газ шығып, от тигізсең лаулап жанатын еді. Міне сол алаңнан біздер 5000 метр тереңдікке бұрғылауды қолға алдық. Негізгі ұңғы өткен қыста қазылып басталған болатын да, қыс әлемет қарлы, боранды болып бұрғылау қондырғысын іске қосу, қазуды бастау жұмыстары қатты қиыншылықтармен жүргізіліп, біраз машақатқа ұрынғанбыз. Бұрғылауға қажетті ерітінді дайындайтын техникалық суымыз тұщы болып, қатты аязда әлсін-әлі қатып қала беріп қазу жұмыстарына көп кедергі келтірді. Сондықтан сол қыста суға тұз қосып тұздап, аязға қатырмайтын әдіске көшуді жөн санадық. Өте көп мөлшердегі техникалық суды тұздауға қажетті тұзды 120 шақырым қашықтықта орналасқан Бейнеу кентіндегі базадан тасып әлек-шәлегіміз шыққаны тағы бар. Қар қалың болып, тұз таситын сүйретпе жалғаған қуатты К-700 көліктері, жүрдек Краз, Урал машиналары жүре алмай, оларға қолдан жасалған түрен сүйреткен тракторлармен қарды күреп жол салып, біраз қиындық көргеніміз әлі есімде. Тұщы сумен үлкен тереңдікке жобаланған күрделі конструкциялы ұңғыны межелі тереңдікке жеткізе алмайтынымызды осындай қиыншылықтар көрсетті. Сондықтан, күн жылына негізгі ұңғыны қазуды тоқтата тұрып, негізгі ұңғының жанынан, осы қондырғының күшімен 1200 метр тереңдікте болатын табиғи минералды суды шығаратын жеңіл ұңғы қазып алуды жоспарладық. Бұндай жұмыстармен айналысқан бұрғылау мамандары біледі, ол үшін бұрғылау қондырғысының артқы екі аяғының астына қисық «тумба»(мұнара құралдаушылар оларды «подушка» дейді) қойып, бұрғылау мұнарасын алға қарай сәл еңкейтеді. Роторды да сәйкесінше сәл алға қарай жылжытады ... осындай техникалық әртүрлі «құйтырқылары» көп шаруамен қатар әжептәуір технологиялық әдістері тағы бар бұндай ұңғыны қазудың.
Мен технолог-инженер ретінде осы жұмыстардың басы-қасында жүрмін. Мұнараны қисайттық, роторды да ығыстырдық, ендігі шаруа қисық «переводниктің» көмегімен жанамалап, негізгі ұңғыдан басқа бағытқа бағытталған, ұңғы қазу керек. Қазір көктемнің жайма шуақ мезгілі, тамаша уақыт. Бұрғылау шебері аяқ астынан ауырып қалды да, жұмыс енді бастала бергенде менің соның да орнына жұмыс жасауыма тура келді. Қондырғы басшысы Қосмағамбетов Базарбай ағамыз кезекті еңбек демалысында болатын. Мына жұмыстың барлық жауапкершілігі менің мойнымда, әрі бұрғылау шеберімін, әрі жауапты инженермін. Көрмеген құқайымыз емес, жұмысты бастап кеттік. Ұңғыны қисық «переводникпен» жоспар бойынша белгілеген тереңдікке жеткенше қисайту жұмыстары сәтті шықты. Су шығару үшін жаңа басталған ұңғы өзіміз дәлдеген бағытқа қарай дұрыс шыққанын каротаж арқылы көріп, негізгі ұңғыға әсері болмайтындай қашықтыққа кеткенімізді есептеп шығарып, көңіліміз орнына келгесін жұмыс бірқалыпты ырғаққа түсті. Ендігі қалған жұмыс бұрғышылардың күнделікті үйреншікті жұмысы болғандықтан менің жұмысым жеңілдеді. Көптен бері демалмастан жүргендіктен, ендігі кезде мен өзіміз жұмыс жасап жатқан Шағырлы-Шөмішті деген алаңмен, оның айналасындағы ойлы-қырлы даламен, табиғатпен танысуды бастап кеттім. Ұңғыны қазу үшін техникалық суды жақын маңдағы еріген қар, жауған жаңбырдан қатқақ жерге жиналған көлшіктерден аламыз. Ондай көлшіктер қондырғыдан біраз қашықтықта, шамамен 7-8 шақырым жерде. Су таситын, суды көлшіктерден өзі соратын, су жаңа КАМАЗ көлігімен Бекбосын деген шофер жігіт бар. Күніне бірнеше рейс су тасылады. Бұрғылау жұмыстарына көз салып қарап қоямын да, арасында Бекбосынның қасына отырып табиғатқа шығып, даланы аралап келемін. Сондай бір шыққанымда су алатын жерімізге жетпестен, өзіме ұнаған бір қырдың басына келгенде машинадан түсіп қалдым. Бекбосын суын алып келгенше айналаға қарап, көкмайса шөптер қалың шыққан даланы аралап, ауасын жұтып біраз қыдырғым келді. Дала дегенің сол шақта өте бір керемет күйге енген еді, күн жарқырап тұр, айнала көз жетер жерге дейін қалың, әртүрлі қыр гүлдері аралас шыққан көк шөп, бидайық, мортық дегенің қалы кілемдей ұйысып тұр ... , суреттеуге тілім жетпейді. Қыстағы қалың қардың суы қойсын ба шөп шығармай, әрі бірер күн бұрын көктемнің ақ жаңбыры селдетіп жауып өткен болатын. Оның үстіне бұл жердің өзі құмақтау екен. Жаңа шыққан жусанның иісі мұрныңды жарады, ауа қандай таза, кеудеңді керіп, сіміріп жұта бергің келеді. Біршама жүргеннен соң, бір төбешіктің үстіне отырып тыныстадым, балалығым есіме түсіп кетіп жерге бірнеше рет аунап, шалқамнан түсіп көк аспанға қарап біраз жаттым. Рахат қой. Айнала тып-тыныш, тіпті құстардың да дыбысы естілмейді. Бір шөкім де бұлт жоқ, тап-таза көк аспанда артына ақ тұман із қалдырып, күміс қанаттары күнге шағылысып, өте биікте реактивті самолет ұшып бара жатты. Самолетке қарап жатып: «Самолеттің ішіндегі ұшып бара жатырған жолаушылар біле ме екен, солар ұшсын деп біздердің ұшарға қарға болмайтын иен далада мұнай іздеп ұңғы қазып жатқанымызды, қыстай әртүрлі қиындықтардан соншама азап шеккенімізді. Әй, қайдам ... .» деп қиялға беріліп жатқан едім. Бір мезгілде құлағыма әлдебір шиқылдағанға ұқсайтын дыбыстар келе бастады. Жақын маңнан шығатын тәрізді. Оқыс дыбыс шығармауға тырысып, жатқан күйімде басымды сәл бұрып, көзімнің қиығымен дыбыс шыққан жаққа көз салдым. Мәссаған, көзіме белгісіз аңның кішкене күшіктерінің күншуақта асыр салып ойнап жүргені түспесі бар ма. Іні сол маңда сияқты көрінді. Олар мені көрмеген, сезбеген тәрізді. Олардың ойындарына қарап біраз жаттым. Асыр салып, бірімен бірі жұлқыласып, секіріп, домалап ... ойнағандары-ақ керемет. Бұлар қандай аңның балалары екенін айыра алмай әлекпін. Арамыз біршама қашық, шамамен 100 метрдің айналасы. Көзім үйренгесін, басымды дұрыстап бұрып қарағасын байқадым, бұл түлкінің күшіктері екен. Аналары күнге қыздырынып ұйқылы-ояу, олардан сәл бөлектеу жерде жатырғанын байқадым. Түлкінің өзін көрмей тұрғанда, бұлар қарсақтың, не болмаса әлдебір ірі тышқанның балалары ма деп ойлап жатқанмын. Себебі, ойнап жүрген балалар өте кішкентай еді. Ойындары қызық, тура ауылдағы қозы-лақтардың тәлтіректеп жүріп ойнағандарына ұқсайды. Олардың осындай тамаша ойындарын Бекбосынның Камазының дауысы бұзды да жіберді. Олар сол бойда індеріне кіріп жоқ болды. Мен ен даланы қыдырып жүріп су таситын жолдан едәуір қашықтап кеткен екенмін. Төбенің басында тұрып Бекбосынға қолдарыммен ымдап, машинаңды тастап, өзің жаяу маған кел дедім. Айқайлаған жоқпын, машинаның гүрілінен мені естімейтін шығар деп, бір жағынан мынандай мүлгіген табиғаттың тыныштығын да бұзғым келмеді, түлкілерді де шошытпайын дедім. Бекбосын мені түсінді, көлігін жолға тастап өзі жаяулатып мен тұрған жерге келді. Оған не көргенімді айттым, екеулеп жүріп түлкінің інін таптық. Іздеудің қажеті болмады, оңай табылды. Сол бойда түлкілерге тимеуге келістік те, қондырғы басына келгесін, шай ішіп отырып түлкінің балаларын ініне су құйып шығарайық, қондырғы басына алып келіп бағайық деп шештік.
Келесі күні екеуміз дайындалып келіп, түлкінің інінің айналасын түгел қарап шықтық, алысырақта көрінген бірер іннің ауыздарын құммен жақсылап көмдік, ойымыз біз көрген іннің ауызынан басқа да далаға шығатын тесіктері бар болар деген қауіп қой. Содан соң Камаздың су соратын шлангісін іннің ауызына тығып қойып, інге біртіндеп су жібере бастадық. Әлсін-әлі су жібереміз, ін суға толғандай болғанда шлангіні іннен алып түлкілердің шығуын күтеміз. Түлкілер суға тұншығып інінде өліп қалмасын, ағып жатқан суға қарсы жүре алмай қалмасын деп жасаған әдістеріміз ғой. Су інге сіңіп кетіп жатты. Осылайша бірнеше мәрте қайталағасын барып іннің ауызынан бірінші күшік көрінді. Суға тұншығып, сүмірейіп, су-су болып бірінен соң бірі далаға шыққан кішкене ғана күшіктерге қараудың өзі аянышты еді. Қанша жерден аяғанмен оларды бір бірлеп желкесінен қысып алып, қолымыздағы қапқа салып қондырғы басына алып келдік. Түрлеріне қарап, туғандарына көп болмаған-ау деп шамаладық. Алғанымыз 4-5 күшік сияқты, енелері болмады. Сірә, балаларына тамақ әкелуге, тышқан қағуға, аң аулауға кеткен тәрізді. Түлкінің өзі сол бойда, біз кеткенше маңайдан көрінбеді. Суға малшынып іннен шыққан түлкінің балаларының сықпыттары жоқ, судан шыққан суырдай дегендей, жүндері жабысып, көздерін аша алмай, дұрыстап демалуға ауа жетпей ... өте аянышты, сықпытсыз күйде қапшыққа салып алғанбыз, ал қоштасарда ... .
Қондырғы мен түлкінің інінің арасы біраз қашық болатын, 7-8 шақырымнан асатын қашықтық. Күшіктерге бұрғылау шебері тұратын тұрғын вагонның (культбудка деп аталады) қасынан үлкендеу тор шарбақ жасап соның ішіне жібердік. Су болған жүндері жабысып ұсқындары кетіп, өздері қайда тап болғандарын білмей «жүндері жығылып», тамақ, су татпай біраз жатты. Тәбеттері тартпады. Стресс. Бұрғышы жігіттер асханадан алдырып тамақтың түрін қойды тордың ішіне, сүттің де түр-түрін берді, сгущенка керек пе, қаймағы бар, қою, сұйық дегендей. Тірі тышқандарды да қашып кетпесін деп жіппен байлап тордың ішіне жіберді. Сол күні ештеңеге қарамай жатып алды, барлығы да, зауықтары болмады. Бір күн өткесін күнге кептіріліп, жүндері жылтырап шыға келді. Құлпырып кетті. Күн өткен сайын әдемілене түсті. Өте сүйкімді, өте әдемі күшіктер өсіп келе жатты. Алып келген күннен бастап түні бойы аналары біздің вагонның айналасынан шықпайтын болды, жақындауға қорқады, күшіктеріне дыбыс береді, күндіз көрінбейді. Алғашқы кезде күшіктер адамдарды көрсе тыпыр етпей жата қалып, қозғалмауға тырысатын. Тамаққа да жоламайды, даладан жұмысшылардың ұстап әкелген тышқандары үстеріне мініп асыр салып ойнайды, олар бәріне шыдап жата береді. Адамдарды көргілері келмейтінін байқағасын, біз оларды алыстан, вагонның ішінде тұрып, терезесінен бақылайтын, олардың бір бірімен, тышқандармен ойнағанын тамашалайтын әдіс тауып алдық. Тамаша көрініс. Адам жоқ кезін байқаса болды жатқан жерлерінен атып тұрып ойнай бастайды, тамаққа да тәбеттері керемет, ал тышқан байғұстардың күндері күн болмай қалады. Байғұстарды қақпақылдап, волейбол ойнағандай, ойнайды, ойындары қанған бойда жәукемдеп тастайды. Жанды мақұлықтардың( адам да, аң да, мал да) барлығының да төлдері сәби шағында сүйкімді болатыны сияқты бұл күшіктер де өте сүйкімді, тым әдемі болып өсіп келе жатты. Бүйірлері бұлтиып, жүндері жылтырап жұнтиып, қарауға көз керек мақұлықтар бола қалды аз уақыттың ішінде. Бүкіл бригада болып бауыр басып қалдық әлгілерге. Бастапқы кезде барлығы да бірдей болып көрінгенімен, көзіміз үйрене келе олардың әрбіреуінің ерекшеліктерін байқай бастадық. Бұрғышы жігіттер, аспаз, лаборант, үй сыпырушы қыздар олардың өз ерекшеліктеріне байланысты әрқайсысына ат та қойып үлгерді. Әр күшікке аттар дәл қойылғанын байқау тіпті де қиын емес, оларды сырттай бақылап отырсаң болғаны, қойылған атына сәйкес келетін іс-қимылдарын бірден көресің. Бұл бригада мүшелері үшін тамаша зоопарк болды. Жігіттер кешке қарай тамақтарын ішіп алғасын кейбіреулері теннис, волейбол, нарды ойнайды, ал көпшілігі «зоопаркке» келеді. Тамашалайды. Зоопаркке келу тегін емес, қолыңда тәтті тамағың, болмаса тірі тышқаның болуы керек. Тордың ішіндегі бірер күн өмір әдемі күшіктерді адамдардың қолынан тамақ алуға үйретті. Ендігі кезде олар торға жақындаған адамдардан қашпайтын, керісінше олардан тәтті тамақ дәмететін, оларға еркелейтін, әртүрлі ойындар көрсететін дәрежеге жетті. Бұл бригададағы «зоопарк» жайындағы хабар, қондырғы басына күнделікті бірнеше АН-2, МИ-8 ұшақтарымен жүк, тамақ, адамдар келіп жататындықтан айналаға тез тарады. Әсіресе ұшқыштар сүйкімді күшіктерге қарауға құмар болды. Қондырғы басына жүк алып келген ұшқыштар, жүктерін түсіріп болғасын, асханадан тамақтарын ішіп алып, үйлерінен әдейі күшіктер үшін ала келген тәттілерін тордағы түлкішіктерге беріп, олардың ойындарын қызықтап біраз уақыт отыратын тордың жанында. Самолет, вертолеттердің ұшқыштары соншама қиылып сұраса да мен біреуін де оларға бермедім.
Осылайша жүргенде менің ауылға, демалысқа кететін мезгілім де келді. Зуылдап жиырма шақты күн де өтіп кетіпті, соңғы оншақты күні сүйкімді күшіктерді тамашалаумен өткендіктен, қалайша зуу ете түскенін байқамай қалыппын. Осы оншақты күнде күшіктер әбден оңалды, өңдері кірді, адамдарға үйренді, тіпті әр күшіктің бауыр басқан дос адамдары да пайда болды. Олардың әдемілігінде, сүйкімділігінде, қылықтарының, ойындарының тәттілігінде сөз жоқ еді. Бұрғышылардың ауылда тұратын кейбіреулері үйлеріне алып кетуге сұраса да бермедім, бір бірінен айырғым келмеді. Ертең ауылға ұшамын деген күні Бекбосын екеуміз күшіктерді баяғы өздері туған індерінің қасына апарып, еркін далаға жібердік. Қаптан шығарып қоя бергенде олар қайда барарларын білмей аңырып тұрып қалды. Сәлден соң шөптерді иіскелеп індеріне қарай, ойнаған төбелеріне қарай жорта жөнелді. Табиғаттың заңы керемет қой, осы оншақты күннің ішінде олар баяғы мүсәпір халдерін ұмытып, кәдімгідей есейіп, жүндері жылтырап, көрерге көз керек сұлуларға айналған еді. Бұрғышылар да, Бекбосын екеуміз де оларды қимай-қимай қоштастық. Әбден бауыр басып қалыппыз. Біз оларды індерінен сәл қашықтау жерден босатқанбыз. Енелерін тапты ма, таппады ма ... белгісіз. Олардың табиғатпен танысуына кедергі болмайық деп біз қондырғы басына кетіп қалдық. Ертеңіне ауылға ұштым.
Бұрғышылардың жүрегін жаулаған сүйкімді күшіктердің одан кейінгі тағдырының не болғанын білмеймін. Күшіктердің өздері де маған «хабар бермеді», мен де бұл қондырғыға содан соң ұзақ уақыт келе алмадым. Қасқырларға, аңшыларға тап болмаса, жем болмаса, қазіргі кезде олардың нешінші ұрпақтары жер басып жүргенін кім білсін. Мүмкін, олар Бекбосын екеумізге өкпелі де шығар, қанша дегенмен туған аналарынан айырдық, еркін өмір сүретін үйреншікті табиғи ортасынан, дағдысынан аз уақытқа болса да айырдық емес пе. Қаншама жерден тамағын тоқ қылдық, кең торға орналастырып(алтын торға) бақтық, алдына не бір тәтті, дәмді тағамдарды үйіп қойдық дегенмен, түз тағысына қажетті бостандығы болмады ғой біз қамаған «алтын торда». Жақсы жасаған бір жеріміз, оларды сұрағандарға таратып жібермедік, аздаған күндерден соң аңсаған бостандығын сыйладық. Аздаған өкпесі болса ... .
Бәкөн әл-Сағыз.