Ембі мұнайын алғаш игеріп, Атырауда болған атақты кәсіпкер Стахеевтің немере інісіне қатысты бір қызықты әңгіме ғаламторда жүр екен.
«Ембі-Каспий» деп аталатын мұнай қоғамы мен «Стахеев және К» деп аталатын сауда-өнеркәсіптік серіктестігін ашқан Иван Иванович Стахеевтің немере інісі Николай Дмитриевич Стахеев революция басталған кезде шетелге кетіп қалған болатын. Көптеген өнер адамдарының туындыларына демеуші болған атақты меценат Кеңес үкіметіне қарсы ешқандай әрекет етпей, 1933 жылға дейін Парижде өмір сүріпті.
Әңгіме төркініне қарасақ,Николай Стахеев жалған құжатпен 1918 жылы Москваға келсе керек. Кезінде өзінің үйіне көп алтын жасырып қойған көрінеді. Енді ойы - сол сол алтындарын алып кету. Революциядан кейін үй Темір жол халық коммисариатына берілген болатын. Наркоматтың үйі тиянақты түрде күзетіледі екен. Жүріс-тұрысынан күдіктенген Стахеевті көшеде жүрген патруль ұстап алып, ЧК-ға алып барады. Күдіктінің өзі бір кезде танымал меценат Николай Стахеев болғанын естіген Феликс Дзержинский тергеу ісіне араласып, жауапты өзі алған дейді. Аман құтылмайтынын сезген меценат Дзержинскийге өзінің шартын қояды. Шартта Стахеев жасырып қойған алтынын үкіметке тапсырады. Ал Кеңес үкіметі оған өмірінің соңына дейін зейнет ақы төлеп тұруды және аман-есен шекарадан өткізіп жіберуді мойнына алуы керек болады. Бұл шарт екі жаққа да тиімді болады. Сөйтіп, Николай Дмитривич Стахеев аман-есен Францияға оралады. Кеңес үкіметі уәдесіне тұрып, оған өле-өлгенше зейнет ақы төлеп тұрды дейді. Ал Стахеевтің үкіметке өткізген қазынасының бір бөлігіне Теміржолшылардың Мәдениет Үйі салынған көрнеді.
Кейін бұл әңгіме «Гудок» газетінде тілші болып жүрген Ильф пен Петровтың құлағына жетіп 1928 жылы «Двенадцать стульев» деп аталатын әйгілі романы дүниеге келсе керек.
Тек романда Николай Дмитрович Стахеев Ипполит Матвеевич Воробьянинов болып, ал 1918 жыл кейінгі нэпмандар заманына өзгертіледі. Қазынасын өз ерікімен үкіметке тапсырмай, Остап Бендер сияқты комбинатор ертіп алып, өз бетінше іздегені суреттеледі.
Бұл шындақ па, әлде жалған әңгіме ме білмеймін. Тек Иван Стахеевтің немере інісі Николай Дмитриевичтің прототипі «Двенадцать стульев» деген романға арқау болғаны қызықты көрінді...
Мұстафа СӘДІР