Жуырда «Ауған соғысындағы Атыраулық жауынгерлер шежіресі» деп аталатын жинақ жарық көрді. Бұл жинаққа Ауғанстанда интернационалдық борышын атқарған 500-ге жуық атыраулық жауынгерлердің өмірбаяны енгізіліпті. Жинақтың авторы-филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекова бүгінгі таңда Атырау мұнай және газ университетінде доцент болып қызмет атқарады. Автор бұл жинақпен шектеліп қалмайтынын, болашақта «Қара майор» деген атпен кеңінен танымал болған ауған соғысының батыры болған гвардия полковнигі Керімбаев Борис Төкенұлы жөнінде және т.б. батырлар туралы документалды фильмдер түсіру жоспарында бар екенін бізбен бөлісті. Айта кететін жайт, мұндай энциклопедиялық еңбек елімізде тек қана атыраулық жауынгерлер жөнінде жарық көрген екен. Жас ғалым әрі жазушы Айгүл Ермековаға шығармашылық табыс тілейік.