Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
Алысқан дұшпанынан асқан әлі,
Кеше де ел болғанбыз астаналы.
Қазақта елдік, бірлік өнегесі,
Осынау Сарайшықтан басталады.
Нұралы Әжіғалиев
Бастау
Қашаннан қазақ жұрты ұшы-қиырсыз ұлы даласының табиғи-жағрафиялық жағдайына байланысты орналасып, көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы ғұмыр кешті. Экономикалық жайы, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениетін дамытты. Оны осы ықылым заманнан бері табан тіреген қасиетті жерінен табылған және сақталған археологиялық және архитектуралық, фольклорлық, кейбір жазба деректері мен жәдігерлері айқын дәлелдейді. Сайып келгенде, әлгі айтқан археологиялық мұралар жазу-сызуы аз, жылнамасы жоққа тән халқымыздың сыр-сипатын бүкпесіз ашып беретін бірегей құжаты. Ондай ескерткіштер ұзыны Атыраудан Алтайға, көлденеңі Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан кең байтақ өлкемізде жетерлік. Олар әрдайым өзге ел ғалымдарымен қатар өз қандастарымызды да қызықтырып отырған. Ал әділіне бақсақ, бұл үрдіс әлемдік ілім-ғылыммен терең қаруланған қазіргі кезеңде тіптен өсті. Өткені бар, осы күнгісі тағы жетерлік – солардың азды-көпті зерттеулерін түйіндеу арқылы қазіргі туған халқымыз мәдениетінің қалыптасу кезеңдерін айқындауға, тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
Халқымыздың өткен кезеңінде Қазақстанда отырықшы мәдениеттің орталығына айналған ірілі-ұсақты қалалар аз емес. Бір сәт тарихи құжаттарға үңілсек, оныншы ғасырдағы арабтың белгілі жағрафтарының бірі әл Макдиси «Ахсан ат-такасим фи-Ма рифат ал-акалим” деген еңбегінде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік шығыс жағында 200-ден астам қала болғандығын жаза келе, олардың ішінде дүние жүзіне әйгілі мемлекет астаналары да кездесетіндігін айтады. Байқап отырғаныңыздай, осыншама қала тек күнгей бетте, ал осыларға арқа мен батыстағы тұрғындар көп шоғырланған тіршілік орталықтарын қоссаңыз қанша болар еді?! Тек батыстағы Алтын Орда дәуіріндегі қалаларды ойға оралтсақ, италияның ағайынды саудагерлері Пициганилер 1367 жылы “Еділ өзенінен шығыста Каспий теңізінің жағасында сегіз қала бар, оның өзі Хорезм төңірегінен тым қашықта” деп жазса, біздің заманымызда Алтын Орданың тарихи-жағрафиялық орнын түбегейлі зерттеген ғалым Б.Л.Егоров аталған өңірдің бірсыпырасы деп 110 қала мен елді мекенге сипаттама бермейтін бе еді?! Өкінішке орай солардың бәрі бірдей біздің заманымызға жеткен жоқ. Өйткені халық басынан өткен түрлі кезең, қоғамдағы өзгерістер әлгі ғажайып жетістіктерімізді тарих беттерінен бірте-бірте жойып, сызып кетті. Мүмкін осы жайларды бажайлап барып айтқан шығар, біздің ұлы бабамыз, орта ғасырлық ғалым Жүсіп Баласағұн өзінің “Құтты білік” дастанында былай дейді:
Болған талай қалалар да, халық та,
Уақыт көмеді бәрін бірдей табытқа.
Болған талай ауылым
Енді соның ізін тауып, байқаңыз...
Біз бүгінде сол жер табытына құрсанған кейбір қалаларымыздың ізін тауып, олардың өмір сүрген дәуірі, сәулеті мен мәдениеті, экономикалық кескін-келбетін анықтау, кешегі тарихты бүгінгі таным-санамен бағамдау жолында жұмыс істеп келеміз. Сондай қалаларымыздың бірі – Сарайшық.
Тарих десек, Сарайшық аты аталса, елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Астана қаласының қоныс тойында сөйлеген сөзіндегі “Біздің далалық мемлекетіміздің бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын тарихы бар. Оның әрқилы кезеңінде, әрқилы өлкемізге орда қонып, ту тігілген. Біреулердің саяси дәурендеуі әлденеше ғасырға созылса, біреулерінікі бірнеше айлармен шектелген. Соған қарамастан, оның қай-қайсысы да біздің ұлттық тағдырымыздың ең талма кезеңдерін иеленді. Сондықтан да батыс бетіміздегі Сарайшық, Астана, Байтақ, күнгейіміздегі Суяб, Баласағұн, Тараз, Сайрам, Созақ, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Жаңакент, Қозыбасы, Ақмешіт, Сарарқадағы Ұлытау мен Ордатау, Көкшетау мен Алаштың аттары аталғанда ет жүрегіміз еріксіз елжіреп қоя береді” деген жолдары оралады.
Ол рас, Сарайшық талай туды төбесіне қадап, тағдыр мен тарихты ішке бүккен шежірелі қала. Бірақ ол жайлы сыр мен жыр әлі де ақтарылып толық айтыла қойған жоқ. Айтылса да жаңа ғана тиегі ағытылып, көбесі сөгілді.
Ендеше аталмыш қала қай уақытта салынды, өмір сүрген дәуірі, тұрғын халқы мен олардың негізгі кәсібі және шаһардың дүниеден жойылып кетуінің басты себептері қандай?!
Сөз жоқ, кез келген оқырман қазірде арамызда жоқ, бірақ санамызда сақтаулы, тарихта ізі бар қала атауын естігенде алдымен осындай сұрақтар төңірегінде ойланатыны да сөзсіз. Шындығында, Сарайшық қаласы қашан, қалай салынды?
Бұл турасында әлі дәл жауап жоқ, бірақ түрлі жорамалдар бар. Соның бірі – ауыздағы аңыз да, екіншісі ғылыми негіздегі болжам. Бірақ екеуі де шындыққа жақындайды. Олай болса соларды еске ала отырып, оқырманның өзіне ой түйгізейік. Әуелі...
Аңыз
... Мүмкін бұл әр халықтың басында кездесетін жай болар, ол заңды да. Қалай дегенде де XII ғасырдың аяғы, XIII ғасырдың басында монғолдар өз ішінен қырқысып, таласқан көшпенді тайпалар елі болатын. Мұның өзі олардың бара-бара тұтастық қалпын жойып, ыдырау сәтіне жеткізді. Соның бір дәлелі – елдегі Есухей (Есүхэй) деп аталатын батырға қарсылас тайпаларының адамдары есебін тауып у беріп өлтіреді де, жесір қалған жары (Өэлүн) мен жетім қалған тоғыз жасар баласы Темірчинді (Тэмужин) құлдыққа алады. Бұл шамамен 1164 жылдары болса керек. Өйткені тарихтан белгілі Темірчин-Шыңғыс хан 1155 жылы туған.
Ғаламның жартысын жаулаған әйгілі Шыңғысханның әу бастағы Темірчин (Тэмужин) есімі… Есухей батыр татардың Тэмужин-үгэ, Хорибуха деген адамдарын ұстап әкелгенде екі қабат Оэлун Үжиннен Ононның Дэлүүн болдог деген жеріндегі қият тайпасында (одан әрі таймуыт, тайжуыт деген ел) Чингис хаган туады. Чингис хаган дүниеге келгенде оң қолымен асықтай қан уыстап туыпты. Татардың Тэмужин-үгесін ұстап әкелген кезде туды деп, атын Тэмужин қойыпты.
Жас бала дұшпандар қолында қорлықты көп көреді. Бірақ бойында батырлық пен қайсарлық, жігер оты бар ол көп кешікпей құлдық құрсауынан құтылады, яғни өзгеге алаңдаудан қол үзген (қашып шыққан) ол айналасына өңкей жалаңтөс нойандар мен қарашығына қан құйылған қарақшыларды жинайды да, ел тонауға шығады. Әрине аяушылығы жоқ адамның аярлығы мол. Міне, осы бағыттағы жас жігіттің даңқы аз уақытта көпке танылып, қатары толыға түседі.
Осы шақта Темірчинді өзге бір ой мазалайтын. Ол - әкесін өлтіріп, жесір ана мен жетім баланы құлдыққа алған тайпа басшысын құрту, сөйтіп кек қайтару, керек болса сол тайпа адамдарын түгелімен қан қақсатып, құртып жіберу еді. Ақыры ол бұл мақсатына да жетеді. Егер қытай жылнамаларындағы ескі жазуларға сенер болсақ, ол арба доңғалағының мұрындығына бойы жетпейтін жас сәбилер мен жүкті аналардың құрсақтарына дейін найза тығып өлтірген көрінеді.
Темірчин даңқы күн өткен сайын арта береді. Енді ол жол торып, түн жамылған қарақшылар басы емес, бүкіл аймақты қол астына қаратқан елбасы деңгейіне дейін көтеріледі. Бұдан әрі ол бетімен кеткен алтыбақан, алауыз халқының басын қосып, ішмерез араздықты жоюға күш салады. Бұл жолда небір қатал жаза, екі етілмейтін шараға дейін барады. Ақыры бір кездегі түлкінің қиындай басы бірікпейтін бытыраңқы Монғолия енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ұлы Монғолияға айналды.
1206 жылы ол жаңа – “Шыңғыс” (түрікше аса қатал “тақ иесі” деген ұғымды береді) деген атпен монғол ханы (қаған) боп шыға келеді де, қатал тәртіпті бетке ұстаған қаһары мол, қайсар армия ұйымдастырады. Армия құрамында “он басы”, “жүз басы”, “мың басы” деген құрамалары мен әрбіріне жеке-дара басшы-жетекшілері бар бес “мың басынан” бір “түмен” құрылады. Оның 20 пайыздайын ғана таза моңғолдар ұстайтын.
Күндіз-түні темірдей тәртіп, үлкен дайындықтан өткен әскер қандай жорық-қырғынға да әзір еді. Ақыры олар көршілес қытайларға да көз алартып, мақсаттарына жетті. Терістік-батысындағы ежелгі қоңсылары үйсін, наймандарға да шабуылға шықты. Бұрынғы жеке мемлекеттер – Керей, Найман, Татар, Қоңырат, Меркіт, Жалайырларды өзіне қосып алды. Азғана уақытта Жетісу бойын түгел жаулаған олар 1219 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасына орналасқан ортағасырлық Отырар қаласын шабуға ниеттенді. Бірақ жуық маңда бас иіп, етек жияр қала болмады. Қайыр хан басшылығымен қаймықпай табан тіреген Отырар тұрғындары алты ай бойы күресті. Шыңғыс хан әскері шағын ғана қала халқының шар болаттай шарғасына таң қала отырып, талай-талай іс-қимылға барды. Амал не, бәрі де пәпуасыз. Керек десеңіз, пәлен пұттық зілмәуір кесек тастар лақтыратын қытайлық ауыр машиналар да қала қамалының кетік тасын ұшыра алмады. Айла-шарғысы таусылған монғолдықтар ақырында қулыққа көшті. Ол қала ішінен қамал қақпасын ашып берер сатқындар табу еді. Оған негіз де бар болатын.
Сыртпен байланысы жоқ Отырар қаласының тұрғындары арасында бес айдан соң аштық байқалып, түрлі аурулар өрши бастады, оба етек алды. Байтал түгіл бас қайғы боп, сырттан жау, іштен індет қысқан қалада туған халқынан гөрі қара бастың қамын күйттеген қаныпезер жансыздар шықты. Ақыры Караджа деген біреуі түн жамылып, тауық шақырмаған таңғы тыныштықта қас жауларына қамал қақпасын ашып берді. Бірақ бір сатқын сөйтті екен деп қаланың бар халқының салы суға кеткен жоқ. Керек десе абыржып, ала көңіл де болмады. Ең соңғы адамы қалғанша табан тіреп, күресті. Қан төгілді, қала алынды. Қайыр хан қолға түсіп, тұтқындалды.
Бұл Шыңғыс ханның өз жорығы ішінде ең көп аялдаған, амал-айласының азайған тұсы еді. Осындай сәтте қара бет Караджа жеке басының амандығы, керек десе байлық үшін туған қала, халқын сатып, ата жауынан аса мол сыйлық тіледі. Ол бұл тілегін хан алдында да жасырмады. Әйтсе де албырттықтан гөрі айласы, бүгінгісінен гөрі болашағын көбірек ойлайтын Шыңғыс хан “Туған халқын сатып, тайтұяқ дәметкен бұл сұмырай өзгені жарылқап, өзегі өртенбейді. Көмейі “күміс”, көзі “алтын” деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген өлексенің көмейі мен көзіне балқытылған күміс құйыңдар” деп жарлық береді. Осылайша пәрмен де орындалады.
Бұдан әрі қаған әскері қанша қарсылық көрсетсе де Сайрам мен Сығанақ қалаларын күл-талқан қып күйретіп, жермен-жексен етеді. Осылайша қанша ғасыр, қанша жыл бойы өсіп-өркендеп, гүлденіп, жетілген қазақ (қыпшақ даласы) жері әп сәтте ойран-асыр жоқ болады. Шыңғыс хан шапқыншылығы одан әрі жалғасып, Орта Азия жеріне баса-көктеп кіреді. Бір ғажабы монғолдықтар үшін қазақ жері мен Орта Азия қалаларын алу тіптен қиынға түсті.
Көне Үргеніш те күшін жиып, айлар бойы қарсыласып бақты. Шыңғыс хан әскербасылары бұл жолы да аңдуды қойып, айлаға көшті. Тасқыны қатты, тасуы бөлек Әмударияның арнасын бөгеп, қаланы суға батыру арқылы қолға түсірді, бағындырды. Сөйтіп Бұхар мен Самарханд алынды. Хорезм шахы Мұхаммед Алладин басқарған ежелгі мекен еншіленіп, парсы даласы арқылы жорық Қап тауына да жетті.
Алды қан, арты шаң мен лаң Шыңғыс хан әскерлері басқан жерінің бәрін күл қылып қиратып, құм етіп үгіп, орыс жерінің оңтүстік пұшпағына да тұяқ тірейді. XIII ғасырдың алғашқы ширегінде (1223, қой жылы, сәуір айының 31 жаңасында) Азау теңізіне құятын Қалқа өзенінің бойында орыс кінәздары мен қыпшақтардың біріккен әскерін ойсырата жеңген олар, осы арада қарсы жақтың жаралы жауынгерлерін қатар-қатар жатқызып, үстеріне тақтай төсейді де жеңіс құрметіне той жасайды. Арақ-шарап ішіп, би билейді.
Жорық сайын қанжығасы қандалып, қоржындары інжу-маржан, алтын, күміске толған Шыңғыс хан әскерлері екі бағытта, бірі Орта Азия, Каспий теңізінің түстігі мен Қап тауына бет бұрса, екіншісі Сыр бойы, Хорезм, Үстірт, Жем бойымен Жайыққа өтіп, одан әрі Еділді ендей көтеріліп, бытыраңқы орыс кінәздіктерін қаншама қайсарлық көрсетсе де, шашқан тарыдай шүлдіретіп, басып алды. Бұл шамамен 1237-1240 жылдар аралығы еді. Бұдан әрі осынау ұлан-байтақ кең алқапқа кереге жайып, орын тепкен Бату (ол Жошының ұлы, лақап аты Сайын хан, әкесі өлгеннен соң Үгедейдің бұйрығымен хан болды) өз алдына мемлекет құрды, оны Алтын Орда деп атады. Шығыс деректерінде Көкорда деп аталатын (Ақ Орда мен Көк Орда Алтын Орданың құрамдас бөліктері. Ө.Ә.) бұл мемлекетке қазіргі Жетісу өңірінен басқа аймақтың бәрі еніп, оған Жошы, оның ұрпақтары еркін билік жүргізді. Бұны кеңірек ашып көрсек, ұлы қаған осы күнгі Қытай аймағындағы мемлекеттерге қоса Сібір халықтарын, Жетісуды, Хорезмді өзіне қаратқаннан кейін хандықты Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Аталған шара 1223 жылы Құланбасыда болған құрылтайда өтеді. Ол бойынша Жошыға осы күнгі Қазақстан аумағы түгел қараса, шығысында Алтай, Ертіс, батысында Еділ, түстігінде Жайық, өзбек жерінен Сібірге дейінгі Дешті Қыпшақ даласы еніп, «Жошы ұлысы» деп аталып, ол біраз уақыт орталық моңғол мемлекетіне қарады.
Алдында айтқанымыздай Еділ бойына иек сүйеген Бату жаңа мемлекет астанасының іргесін көтеріп, уығын қадады, жиырма жылдан артық билік басында болды. Осы кезде бұған дейін басы бірігіп, ынтымағы жараспаған алтыбақан алауыз орыс княздіктері Батуға бас иіп, алым-салық төлеп тұрды. Жаңа қала аты – Бату Сарай деп аталды. Бұдан соң екінші қала Берке Сарай бой көтерді. Сайып келгенде Сарайшық бұлардың қай-қайсысынан да бұрын дүниеге келсе керек. Өйткені моңғолдар Каспий теңізінің шығыс, терістік бетін 1237 жылға дейін, яғни 1219-1221 жылдары-ақ жаулап алып, Үстірт пен Жем, Сағыз бен Қайнар жазығында талай рет аң қағып, құлан қуғанды. Жорық жалғасты, жаугершілік үдеді. Осы кезде ұлы қаған әскерлері жер төсеніп, тас жастанған ештеңесі жоқ. Белгілі баспана, адамдар шоғырланған орындарда өмір сүрді.
Оған қоса жаугершіліктен түскен қарайған олжа қасиетті туған жер – Қарақорымға қарай бағыт алды. Осы сапарында хан әскері суы мол әрі ағысы қатты, терең өзен – Жайықтың ең бір шұрайлы, аққу-қазы қалқыған, қамыс-қоға, тал-терегі майысып, айдыны шалқар шалқыған жағалауына ат суытып, тізе бүгеді, бел шешеді. Қосын орнатып, түтін түтетеді. Бір қарағанда оның да жөні бар еді. Егер тарихи деректерге жүгінсек Батудың өзі, інісі Берке де Сарайшықта тұрған, біраз уақыт ғұмыр кешкен.
Жылдар бойы жаһан кезіп, жаугершілікте жүрген қалың түменнің бір сәт мамыражай күй кешіп, маң далада тынығуы, аз-мұз аялдап, қанға бөккен қолдың ес жиюы заңды құбылыс. Қанша сар желдіріп, салып-ұрып келе жатсаң да жаңағыдай арнасы үлкен, ағысы қатты Жайықтан (“Жайық” сөзінің этимологиясының өзі алтай түркі тіліндегі “сұрапыл, тасқынды жойқын өзен” деген ұғымды береді) әкір-түкірсіз көктей өту мүмкін емес. Ол үшін арнайы соғыс құралдары мен ауыр қол, жаугершіліктен түскен қыруар олжа, байлықты көтерер үлкен сал, жүзбелі көпір салу керек. Солай болып, бұл қажеттілік те орындалады.
Аталған көпір жайлы 1334 жылы Берке сарайдан Хорезмге кетіп бара жатқан арап көпесі Ибн Баттута өз күнделігінде “Біз Сарайдан он күн жүріп Сарайджук қаласына жеттік... Онда Бағдаттағыдай кемелер тоқтайтын үлкен жүзбелі көпір бар екен” деп жазса, республика тарихының 2-томында “Үргеніш-Бұхара және Үргеніш-Отырар-Алмалық керуен жолындағы Жайық өзенінен өтетін өткел арқасында қала өлкенің шегінен алыс жатқан жерлерге де мәлім болды” деп келтірілген.
Дегенмен бұл жұмыстың, яғни әлгі айтқан көпір салу ісінің өзі біраз уақытқа созылғанға ұқсайды. Ол кезде ханның тынығып, демалуы үшін арнайы орын дайындалып, қалашық тұрғызылады. Оны “Сарайджук” – Кіші Сарай деп атайды. Ал үлкен Сарай кейбір зерттеушілердің айтуынша Темірчиннің өз елінде, Монғолияда қалды деп есептейді.
Бұл бірінші нұсқа немесе жартылай аңыз. Сондықтан бұл айтылғандарға шындық деп қарап, көз жұма беруге болмайды. Әңгімеге орай осы дүниені тұтас оқып шыққан оқырман да мұндағы кейбір пікірлердің артық-кемдігін де айқын байқайды. Мәселен, батыс өңірге жасаған жорық, шабуылдарының басы-қасында Шыңғыс ханның өзі емес, оның Сүбітай баһадүр мен Жебе ноян болып, басқарды. Ал ханның өзі көбіне-көп Ордада болды.
Ғылымға назар аударсақ
Татар-монғол (татарлар саны жағынан ең көп монғол тайпаларының бірі еді. Олар Шыңғыс хан әскерінің құрамында мол болды. Сол себепті монғолдарды Еуропада татарлар деп атайды) шапқыншылары орыс жерін жаулап алғаннан кейін Алтын Орда астанасы Бату Сарайы болды. Ол Еділ өзенінің төменгі сағасындағы Ахтуба тармағында Астрахан қаласынан біраз жоғары, 120 шақырымда, қазіргі Селитрен кенті маңында әлі күнге орны бар.
Ілгеріде әңгімелегеніміздей Орта Азияны басып алған монғолдар баса-көктеп орыс жерінің оңтүстік жағы, Кавказ бен Қырым, Еділдің төменгі сағасына қол салды. Сөйтіп олар 1219-1221 жылдары қазіргі Атырау аймағы немесе Каспий теңізінің терістік бөлігіндегі қыпшақ даласы тұрғындарын да тізе бүктірді. Оған хан тағы Сарарқа жазығында қалған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы билік құрды. Осы арада айта кетер бір нәрсе – Шыңғыс хан қолының Орта Азия, Дешті Қыпшақ даласына шабуылы, Алтын Орданың құрылуы туралы әңгіме бола қалса, алдымен ауызға оралатын үш тұлға бар. Олар – ұлы қағанның үлкен ұлы – Жошы (1187-1227), оның ортаншы және үшінші балалары Бату (Батый хан, 1208-1255) мен Берке (Береке, Беркай, 1209-1266). Сайып келгенде бұлар тарихта қандай істерімен ат қалдырды?
Алдымен Жошыға тоқталайық. Ол Дешті Қыпшақтағы феодалдық мемлекет – Жошы ұлысының негізін салушы, аса ірі әскери басшы, монғолдардың барлық басқыншылық жорықтарына қатысып, оңтүстік Сібір, Алтай, Жоңғар даласын, Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырды. Шыңғыс тұңғыш баласының осындай ерлігіне бола Қаялық пен Хорезмнен Еділ бойындағы Саксин мен Бұлғарға дейінгі немесе Ертістен Орал таулары, одан да арғы кең алқапқа билік жүргізуге мүмкіндік берді. Бірақ ол осындай қамқорлықты ала тұрса да, өзінің қыпшақтарға, оның жері мен еліне деген шынайы махаббаты, сүйіспеншілігіне бола әкесінің әмірімен опат болған асыл тұлға.
Ал Бату болса, Русьті жаулап алушы, Алтын Орданы құрушы. Жошы өлгеннен кейін ол Хорезм, Қара теңіздің солтүстігі мен солтүстік шығысындағы күллі Дешті Қыпшақ даласын (1227) иеленді. Арада тоғыз жыл өткенде монғол армиясы батысқа жорық жасағында оған бас қолбасшылықты Батудың өзі жасады. Бұлғарды алды, орыс даласындағы түркі қыпшақтарға қарсы соғыс қимылдарын жүргізді. 1237 жылдың қарашасында Еділден өтіп, орыс кінәздіктеріне шабуыл бастады. Рязань, Мәскеу, Владимир, Козельск тұрғындары өз қалаларын аса жанқиярлық ерлікпен қорғады. Бірақ 1238 жылдың наурызында орыс княздіктерінің дені жеңілде де, монғолдықтардың Новгородқа дейін тізгін тартпай жүре беруіне мүмкіндік туды. 1240 жылы Киев қаласы алынды, сөйтіп Русьқа қарсы соғыс аяқталып, Венгрия, Польша, Долмацияға жорық, Дунайдан өту, Жерорта теңізіне жету, міне, осының бәрін Бату хан ұйымдастырды. 1242 жылдан бастап ол барлық орыс князьдары мен бүкіл Русьтің әмірі болып бекітілді. 1243 жылы Еділдің төменгі сағасында феодалдық Алтын Орда мемлекетін құрды. Ол сонау қара Ертістен Дунайға дейінгі кең алқапты алып жатты. Мемлекет астанасы Бату Сарай еді.
Рубруктың жазуына қарағанда Батудың 26 әйелі болыпты. Ал Рашиад-Динниің жазуында Батудан 4 ұл өскен. Бату хан 1255 жылы Сарай қаласында өліп, сол араға жерленген.
Орыс жылнамашылары мен Еуропаның кеңес дәуіріндегі тарихшылары Батуды Русь пен Еуропаның сол кезгі өндіргіш күштеріне орны толмас зиян келтірген феодалдық реакцияшыл билеуші деп бағаласа, шығыс халықтарының тарихшылыры мен мұсылман дінінің өкілдері Батуды Алтын Орданы ұйымдастырып, Қазақстан жерінде түркі тайпаларының бірігіп, нығаюына ерен еңбек сіңірген мемлекет қайраткері деп таниды.
1255-1266 жылдары, яғни Батудан соң Алтын Орда ханы атанған Берке әкесі Жошының көзі тірісінде-ақ Дешті Қыпшақ пен Түркістанның әміршісі болып тағайындалған еді. Бұхарадан ислам дінін қабылдап, біраз білім алған ол Сарайшықта тұрған жылдарында сол бағытты одан әрі бекітті. Алтын Орда тағына хан болып отыруы мұң екен, исламды ресми дін деп жариялап, күллі Дешті Қыпшақта имандылық жолын белгіледі, ғылым, әдебиетке ықыласы ауды. Сауда мен қол өнерге ерекше мән берді. Еділ бойында қала құрылысының дамуына көңіл бөлді. Мешіттер мен медреселер, керуен сарайлары көп салынған. Жаңа астана Берке Сарайды салғызды. Иран мен Мысырдан оқымыстылар, дін ұстаздарын, молдалар, шайырлар шақырып, тұрғындардың рухани байлығын арттыруға назар аударды. «Теңге» деп аталатын өз ақшасын шығарған.
Берке мамлюктер билеген Египетпен елшілер алмасып, сауда-саттықты дамытты. Бейбарыстың өзімен түрік тілінде хат жазысып, достық рәуіште болды. Мұндай достықтың тағы бір себебі Бейбарыс оның қызын алған күйеу баласы еді. Берке жорық үстінде 1266 жылы Кавказда қайтыс болды. Сүйегі Берке Сарайға жеткізіліп, сонда жерленді.
Әңгіме орайында айтар болсақ Беркенің Мысыр сұлтаны Бейбарыспен достық байланысы. Алтын Орда, соның ішінде Жайық бойындағы Сарайшықтың Египетпен қарым-қатынасы, жалпы Бейбарыс деген кім? Ол жайлы республика көлемінде тарихи мәліметтер баршылық. Солай болса да оның атажұртпен байланысы жайлы аз-мұз сөз ете кетудің еш артықтығы жоқ сияқты.
Египет – османдықтар басып алғанға дейін де түркі тұқымдас халықтармен тығыз қарым-қатынаста болып келген ислам өлкесі. Мұнда алғашқы түрік мемлекетін құрған Толыпұлдары (868-905) және ықшыттар (935-969) әулеті болып табылады. Бірақ Мысыр тарихында мамлюктердей (1250-1517) сүбелі із қалдырған ешкім жоқ. Аталған кезеңде адамзат тарихында айтулы ісімен көзге түскен талай тұлға, қадірменді қолбасшы, әйгілі әмірлер болды. Солардың ішінде әз-Зәкір Рухи ад-Дин Бейбарыс әл-Бундукдаридің орны бөлек. Ол – Мысырдағы мамлюк әулетінің негізін қалаушы, белгілі қолбасшы, аты аңызға айналған мемлекет басшысы.
Ол қыпшақтар арасындағы Беріш руының бірінде дүниеге келді. Есін білер-білместе алдымен Сивасқа, одан Алеппоға сатылып, Шам, ақыры Каирдегі теңіз құлдары арасынан бір-ақ шықты. Осынау ұзын бойлы, көзі көк, қараторы өңді, зор дауысты, жігерлі қыпшақ жігітінің қимылы қашан да шалт және әділ болатын. Сол үшін де оны әріптестері сыйлады, керек болса ығысып, қорықты да. Ақыры ол жат елге құл болып келіп, сұлтан болып даңқы шықты. Бұл оның Египетте 1260-1277 жылдар аралығындағы мамлюк тағында отырған ерлік пен күреске толы жанкешті жылдары еді. Шындығында ол осынау он жеті жылда адам баласы сеніп болмайтын ерліктер жасады. Оның бәрін бірдей санамалау – арнайы ғылыми еңбектің үлесі. Ал біз соның, яғни Бейбарыс бабамыздың таққа отырған жылдарындағы қыпшақ даласы, Алтын Орда хандығымен байланысын ғана тілге тиек етейік.
Мысыр қашаннан бай елдер қатарына жатады. Байлық бастауы - әу бастан тиыннан тиын сауып, ақша жасау, сауда-саттық. Соған сай бес мың жылдық тарихы бар Каир көшелеріндегі фелмахтар немесе араб саудагерлерін әскери қызметке жұмылдыру сол бір XIII ғасырдың алғашқы жартысында суға сурет салып, ақ құмға ою-өрнектеп, қалдырамын деген бос қиялмен бірдей еді. Өйткені олардың күллі болмыс, бітім-табиғаты сауда деген сыңар сөзге байлаулы. Білетіні сұлтан қазынасына салық түсіру мен өз құлқындарын тойдыру ғана. Қалған саясат, соғыс, ел тағдыры дегенге елең қылмай жорта береді, тіпті қажет деп таппайды да. Ал әскері жоқ ел әуелден талағанның тырнағында, аңдығанның аузында жүретіні бесенеден белгілі, әлімсақтан айтулы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін эюбидтер Қырымнан, тіпті одан да асып, Еділ бойынан тұтқындарды көптен сатып алатын да, оларды орасан қатал тәртіппен соғыс өнеріне баулитын. Әдетте әскери қызметші мемлекет қарамағына жататындықтан бұл тауар есебінде сатылып алынған әскерлерді елде бахрит мамлюктері немесе мемлекет құлдары деп атайтын. Мұндағы «Бахрит» сөзі Ніл жағасындағы мамлюктер өмір сүрген бахрит қамалына байланысты емес, тіптен басқа, “теңіздің арғы беті” деген мағынаны береді. Ал бахрит мамлюктері болса, арғы беттен әкелінген құлдар деген ұғым. Оған себеп – алғашқыда мұндай тауар есебіндегі адамдарды, яғни қыпшақтарды теңіздің терістік бетінен Мысырға, Ирандағы ильхандықтарға әкеп сатқан Венеция купецтері болатын. Оларды Ирандағы монғолдар да сатып алды. Қашан да қаһарман, өз ісіне адал, алған бетінен қайтпайтын жауынгер жандар тауып бергені үшін Шыңғыс хан нояндары венециялықтарды өте жоғары бағалайтын, сыйлайтын.
Ал венециялықтар қолына мамлюктер қалай түсті дейтін болсақ, сол кездің өзінде Флоренция мен Венецияның дәулетті қожайындары өз үйлеріне қыпшақ қызметшілерін ұстауды үрдіске айналдырды. Керек десеңіз Алтын Орда тарихында есімі елден бұрын аталатын атақты саяхатшы Марко Полоның үйінде де Петр деп аталған қыпшақ қызметші болыпты. Уақыт өте Мысырдағы мүйізі қарағайдай мұсылман билеушілер де өз сарайларында ондап, жүздеп қызметші жұмсаумен бірге мыңдаған қыпшақ гвардияларын ұстауды әдетке айналдырған. Мысалы, Бейбарыстан кейінгі Мысыр сұлтаны Қалауын өз үйінде 1200, ал сарайында 12000 әскери қыпшақ ұстап, күшін пайдаланған.
Мұндай қалың әскер Бейбарыс тұсында Шығыстан монғол, батыстан крест жорығына шыққандар қайта-қайта түрткілеп сес көрсеткен Мысыр мен Сирияға ауадай қажет-ақты. Әуел баста әлгіндей тағдыр тәлкегімен туған тайпасы Боршалы, Борлы, бүгінше айтсақ беріш руынан жырықтап, Сивас пен Алеппоны асып, Шамға жеткен Хамада зергерінің көмекшісі, одан Каирдің теңіз мамлюктері арасына түскен Бейбарыс өмір мен өлім арпалысы үстінде құлдықтан сұлтандыққа өтіп, өз жанына тек қыпшақтар ғана емес, күллі түркі тайпаларынан жиналған мамлюктер гвардиясымен 1258 жылы Бағдатты, одан Иранды алып, Таяу Шығысқа тап-тап берген монғол ханы Хулағудің он мыңдық қалың қолынан Сирияны қорғап қалды. Крест жорығына шыққандардың соңғы қамалы Аккраны алып, оларды Сирия жерінен де қуып шықты.
Міне, осы тұста, яғни Бейбарыстың кресшілерге қарсы күресі, кіші Армения патшалығы мен кіші Азия сельджуктарына бағытталған жорықтары, Хулағу әулеті үстемдігіне тойтарыс беру тұсында Мысыр сұлтаны тек өз басы емес, өзім деген өзге де одақтастарына арқа сүйеуіне тура келді. Ол үшін іргедегі шағын елдер емес, анау арқадағы қандастары, қалып айтпай турасына көшсе, қайын атасы Берке хан билік құрған Алтын Ордаға иек артқан жөн еді. Дәл осы тұста әні-міне Сирияға аттанам да, одан арғы Мысырды місе тұтпай мытып-ақ тастаймын деп екі алақанына түкіріп отырған Хулағу мен оған деп көмекке жіберген қалың әскері бар аталас немере інісі Берке хан арасынан аңдаусызда қара мысық жүгіріп өтті. Бәріне кінәлі Беркеге Бейбарыс жіберген елші хабары мен христиан әйелі бар Хулағудың осы дінді жан-тәнімен қолдауы еді. Пәрмені мықты Алтын Орда ханы өз әскер басына “Қайтып Ордаға орал, болмаса Мысырдағы Бейбарысқа тарт” деп жарлық қылды да сол Бейбарыстың өзіне “Біз батыстан, сен шығыстан тиісіп, Хулағу әскерін қыспаққа алып, бір адамын қалдырмай қырып жіберейік” деп елші шаптырды. Қашан да уысында қан, қылышында жылымшы дәм жүретін әскерге едіреңдеп елге қайтқаннан, еңкулеп жауға шапқан артық емес пе, осыған орай қалың қолдың бет түзеген бағыты – Бейбарыс билік құрған Мысыр шаһары болды. Ал мамлюк сұлтаны өз кезегінде әр сарбаздың алдына арғымақ тосып, уыстарына пұл қыстырып қарсы алды. Одан арғысы әлгіндей, жеңіс жалауы желбіреп, найза ұшы дымданды.
Ал енді Бейбарыс пен Беркені бауырластырып, елдерін одақтастыратын қандай күш. Оның да ойдым-ойдым сыры бар. Біріншісі және ең бастысы – Алтын Орда Бейбарыстың жылап туып, уілдеп өскен, яғни кіндік кесіп, кір жуған жусан исі бұрқыраған қасиетті отаны. Ендеше қанша жерде хан, неше елде сұлтан болса да туған топырақты ұмыту, елемей естен шығару еш адамның миына кіріп, ойына келмеген үрдіс.
Екіншісі – Орда ханы Берке Бейбарыстың туған қайын атасы. Үшіншіден – Бұхарада білім алып, бақайынан басына дейін діни жолға құлаған Берке ұстанған саясатты Мысыр сұлтаны да жоққа шығармайды. Қайта оған тілеулес, ниеттес жан еді.
Төртіншіден, Хулағудей алды шаң, арты қан Шыңғыс тұқымына мықты одақ, күші мен пысы мол Алтын Орданың Беркесіндей қалың қолмен бірлесе қимылдамаса, ильхандықтардың жалғыз елдің сесінен тайы түгіл тайлағы да үрікпес еді. Осы орайда Бейбарыстың ылғи да үлкен жорықтарға аттанарда алдымен жоғарыда айтқан соғыс өнерінде тәжірибелі, әскери қолы нығайған елдермен одақ жасап алатын қашаннан бергі әдеті-ді. Мәселен, осы Алтын Ордамен одақтастығынан бұрын Сириядағы христиандарға қарсы византиялықтармен одақ құрса, Сицилия, Арагон корольдіктерімен байланысы да мықты болатын. Дипломатиялық байланыс барысында саяси-мәдени, сауда байланыстары қатар дамыды.
Бейбарыс мамлюк сұлтаны атанып, таққа отырған он жеті жыл ішінде тек соғыс өнеріне мән беріп, басқа саланы ұмыт қалдырған ештеңесі жоқ. Өзі жаулап алған жерлерге, атап айтқанда Ғазза, Антания, Сіс шекараларына 40 мың түркі тұқымдас көшпенділерді орналастырып, қоныстандырды. Мысыр сұлтанының мемлекеттің ішкі басқару жүйесіне де әкелген өзгерістері мол. Жаңа мемлекеттер құрды. Олардың бәрінде де қатаң тәртіп орнатылып, құқ ісінің адал, әділ жүруіне мән беретін. Өзінің ылғи да мойындап, бас иетін суннизм мектебінде төрт үлкен биінің жеке-жеке бағыттарын айқындады, немесе ислам дінінің төрт ағымын (мазһабын) теңеп, бір ғимаратқа отырғызды, қызметтерін белгіледі. Ежелгі Каир мен оған іргелес уалаяттар арасына жол салды. Жетілген байланыс қызметі болды. Ол үшін кәдімгі үй көгершіндері жиі пайдаланылды. Ал алыс жерлер, мәселен, Каир мен Шам арасындағы ұзақ жолдарға өзі туған қыпшақтар арасында көп қолданылатын көліктерді лаулау, жаушының бекет сайын ат ауыстыруы арқылы хабар жеткізу әдісі жүзеге асты. Мемлекетке орталықтандырылған сипат беріліп, Александрия, Каир, Димиат порттарының кеңеюіне мүмкіндік жасалды. Ал өзі болса жазда қолы бос сәттерінде қала сыртындағы жап-жасыл көгалда хоккей ойнап, бой сергітсе, қыста бүркіт салып, аң аулағанды ұнатты.
Бейбарыс ылғи да өз әскерлерімен тек қана қыпшақ тілінде сөйлесті. Соған сай аталған халықтың ғасырдан ғасыр асқан салт-дәстүрін де қатты қадірледі. 1262 жылдың шілдесінде өз ұлын сүндетке отырғызып, қол астындағы 1645 сарбаздың барлық ұлын осы жолға үгіттеді, мұсылмандыққа жүгіндірді.
Төменгі Ніл бойында, Шам мен Каир аралығындағы кең алқапқа Еділ бойы, Дербент пен Қап тауынан келген қалың қандастарын ру-руымен топтастырып, олардың үлкен бір шоғырына «Орда» деген атау да берді. Сайып келгенде Ордаға, ондағы жаңа тұрғындар мен әскери сарбаздарға қыпшақ даласынан ағайын-туыс, әкелері мен балаларының еш кідіріссіз келіп-кетуіне толық жағдай туғызды.
Орда атанған ауылдың немесе макалланың, тіпті ежелгі астана Каирдың қақ ортасында бие байланып, әр үйде саба-саба қымыз ашытылды, күмпілдеп күбі пісілді. Ол аз десеңіз әр сәрсенбіде қамал алдындағы алаңда барлық 50-60 әмір жиналып, әлгі бал татыған сары қымызды құмарта сіміретін. Сіміретін де сілтідей тынып, туған жердің небір әуезді әуендері мен сұлу саздарын тыңдайтын. Бұл кезде сол бір әмірлер үстерінде құдды құдалыққа келгендей салтанатты киімдері көз жауын алып, қолдарында алтын кеселер жарқылдайтын. Бейбарыс болса қарапайым қабылдаулардың өзінде аса марқабатты меймандарына осы бір уыз дәмді марқая ұсынып, масаттана жымиятын.
Араб тарихшысы Әл Макризи жазғанындай Каирда мамлюктер келгенге дейін көшеге сәлдесіз шығу барып тұрған әдепсіздік болса, енді Бейбарыс заманында еркек атаулы үстеріне татар шапанын, бастарына шеркештер тақиясын киіп, базарға да баратын, мешіттерге де кіретін. Елде “татарият” деп аталатын әдемі жылтыр атлас маталар, қыпшақтардың тері киімдері, мехтар сатыла бастады. Олардың көптігі сондай, қарапайым қара қалтайлардың үстерінде де былғары киімдер жүрді.
Мамлюктердің, соның ішінде Бейбарыстың әскери сарбаздарының негізгі тамағы ет, әсіресе жылқы еті болатын. Олар да қазы айналдырып, қарта кертіп, сүйек мүжіді.
Бейбарыс өз тұсында күнделікті әскери іс-қимылдарға да, қарапайым өмір ағымына да шынайы адами тәртіпті алға тартып, берік ұстанды. Бұл жолда тек Мысыр топырағында ғана емес, өзімен одақтас, барып тұрған діндар Алтын Орда ханы Беркенің өзін бұрынғыдан бетер дін жолына түсіріп, шариғат сүрелерін қалтқысыз орындауларына негіз болды. Қалай дегенде де Бейбарыстың Беркеге немесе Мысырдың Алтын Ордаға әсері мол еді. Екі ел арасында елшілік алмасу 1262 жылдан басталды. Бейбарыс Сарай қаласына Византия арқылы алғашқы адамын жіберіп, достық көпірін орнатса, қалған он бес жылда тағы да жеті елші ауыстырды. Міне, осылайша Каир мен Сарай арасындағы екі ғасырлық достық байланыста елу, ал бахрит мамлюктері билеген жүз отыз жеті жылда 40 елші алмасқан. Бейбарыс заманында екі ел арасындағы саяси-экономикалық, әскери, діни байланыстар өте қатты дамыды. Мысалы, діни байланысты алсақ Кіндік Азияда исламизмді Бұхарадан кейінгі қабылдаған Берке хан билеген Алтын Орда өңірі, Сарай, Сарайшық қалалары еді. Мұнда шариғат заңы алдыңғы кезеңде тұрды. Бірақ ол Шыңғыс ханның болат қаңылтырға жаздырған “жасақ”, “жаса” (Яса) заңынан күшті емес-ті. Қарапайым діндарлар мен әскери қызметшілерге ортақ бұл ереже аса қатал және әділ болатын. Ол Мысыр мамлюктеріне де заң болды.
Мысырда қатты қолға алынған Мекке, Мадина, қажылыққа бару Сарайда да күш алды. Бұл іс хан Беркенің өзінен басталды. Осы кезден бастап әлді әмірлердің Мысыр жерінде, мысырлық мамлюктердің Қырым мен Еділ бойларына медресе-мешіттер, әскери қамалдар салу үрдісі жалғасқан. Егер тарихи әдебиеттерге үңілсек Сирия мен Ливанда, Мысыр жерінде мамлюктер салған небір ғажайып ғимараттар жетерлік. Мысалы, Сириядағы тас төбесіне “Сұлтан Бейбарыс” деп жазылған “Крак де Шеваль” қамалы қақпасын бір сәт еске түсіріңізші. Тегінде мамлюк сұлтандары мен әмірлері сол кезде мешіт, медресе, күмбез салу, тұтастай алғанда құрылыс ісіне ерекше көңіл бөлді. Сондықтан да осынау бір мамлюктер дәуірін немесе ерте мамлюк деген атпен қалыптасқан архитектуралық сәулет өнерінің алтын ғасыры десе де болар. Оған дәлел Каирдағы атақты Бейбарыс мешіті, Қалауын мен оның ұлы Мұхаммадтың және сұлтан Хасанның әрбірінің жеке-жеке мешіт-медреселері сол елдегі қыпшақи сәулет өнерінің не бір тамаша үлгілері болып табылады. Олар өздерінің орасан зор көлемімен, көз тартар салтанат, әсемдігімен есте қалады. Қазір де олар Каир мен Дамаск арасындағы құм басқан далалар мен шың басқан таулар арасында шашырай орналасқан.
Тарихи әдебиеттерде сұлтан Бейбарыстың өз заманының ойшылдары мен ақылмандарына асқан қамқорлықпен қарағандығы жөнінде жиі айтылады. Мәселен, Ибн Тәңірберді жазбаларында “Ол өнер мен ғылым шеберлерін өз жанына тартатын. Тарих пен тарихшыларға ерекше көңіл бөлетін” дейді.
Бейбарыс тұсында қыпшақ даласының көптеген ұлдары Сирия мен Мысыр, Шам мен Каирға ілім-білім іздеп барды. Каир қыпшақтары арасынан да небір ақылман, ойшылдар шықты. Бұл турасында Египет шенеунігі әл Омари: “Олардан (түркілерден) шыққан патшалар өз қандастарына көбірек қарасты, Египетті соларға толтырып, елді жан-жақтан тек соларға қаратуға аянбай күш салды. Олардан мемлекеттік кеңестің талай жарық жұлдыздары, жиналыс басшылары, Египет жерін билеушілер шықты” деп жазған болатын.
Сондай зиялы перзенттер ішінде Ибн Тәңірберді, Ибн Йиас, Ибн Айбек сынды тарихшылар, ибн Фатшах ас Сараи, ибн Баззази сынды дінді ғұламалар, Маулен заде әл Аджами, ас Сараи, әл Кахири сынды араб, парсы, түрік тілін жетік білетін заңгерлер мен ғалымдар бар. Тіпті бір деректерде Беркенің ұлы әмір Бедр әд-дин-Мұхаммед те Каирде тұрып қайтыс болған. Ол өлең жазады екен, сол өлкеде екі томдық кітабын шағарыпты.
Сөйтіп Бейбарыстан басталған Мысыр мен Қыпшық даласы арасындағы екі жүз жылдық достық қарым-қатынаста екі ел арасында көп нәрсе ауысты, біраз жаңалық дүниеге келді. Бұл турасында Каирдағы әль Асхар университетінің профессоры, белгілі тарихшы, филолог Аминь аль Холи “Ғасырлап тұрған қыпшақтар арабтар өміріне көптеген әсерін тигізді. Соның біразы әдебиет пен өнерде” деген еді. Әрине, оның бәрін санамалай берсе, тым ұзап кетері де белгілі. Бірақ солардың бәріне негіз болған, өзге елге құл болып барып, соңынан билік аспанында сұлтан болып самғаған қазақтың біртуар ұлы Бейбарыс еді.
Бұл күндері Атырау облысында Бейбарыс сұлтанның есімін туған жерінде мәңгілік қалдыру үшін көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Облыстық әкімшілік үйінің Жайық өзені бетіндегі алаңға Бейбарыс есімі берілді, осы алаңға сұлтанның зәулім ескерткіші орнатылды. Қала іргесіндегі үлкен ауыл ұлы баба есімімен аталады. Қалада Бейбарыс даңғылы бар. Ол Жайықтың екі бетін жалғастыратын үлкен көше.
Ал енді нақты тақырыпқа назар аударып “Сарайшық қаласы қашан, қалай бой көтерді?” деген сауалға жауап ізделік. Бұл үшін әуелі аталмыш қала Бату Сарайдан соң таңдалынып алынды дейтін болсақ, неге басқа жер емес, Жайық бойынан бой көтерді. Осы сұрақ төңірегінде ой түйіндейік. Бірақ бұл пікірдің өзі де шартты. Оның себептері кейін түсіндіріледі.
Ендеше күнгейдегі көгілдір Жайықтан батыстағы ерке Еділге дейінгі кең дала сыңсыған қол мен сансыз мал, артық қару-жарақ, соғыс құралдары бар монғолдықтар үшін тіптен қолайсыз еді. Себебі, ең алдымен, таңдайға басар суы жоқ, оның үстіне тоғайлы жынысы, көк шалғынды нуы да көзден бұл-бұл ұшады. Есесіне төбесінен күн қақтап, төменінен құм суырған меңіреу дала. Бұрынғыдай жаулаудың түрі осы екен деп, әйтеуір алға жылжу емес, жаулайтыны жауланып, қанжығаға байлайтыны байланып, енді дүйім жұртқа дүрілдеген билік жүргізіліп тұрған шақ. Соған сай олжаланып, таланған мал-мүлік белгілі бекеттерге жинақталып, негізгі Сарайдан жырақтау жерде сақталып, бағылып, күтілді. Соның алғашқы аялданып, тізгін тартқан тұсы Жем бойы. Оны Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының археология институты ғалымдарының әр жылдардағы аталған өзен бойында жүргізген қазба, зерттеу жұмыстары, басқа да тарихи құжаттар дәлелдейді.
Бірақ бұл қоныс Еділ бойындағы үлкен Сарайдан біраз жырақ жатты. Соған сай адамдарға ортадағы ағысы қатты, айдыны шалқар Жайықтан әрлі-берлі өте беру де оңай емес-ті. Оның үстіне әлгіндей жер қайысқан қол, соншама қару-жарақ, олардың ішіп-жемін Жем бойы, болмаса анау Үргеніш пен Отырарға тастап, хан атаулының орыс жеріндегі Сарайда қалуы қайткенде де қолайсыз-ақ.
Жаман айтпай жақсы жоқ, тепкісі қатты, тегеуріні күшті қалың қол – қыпшақ, сырты күлгенмен іші түтін кәпірлер көз алартып, дөңайбат танытса да тырп еткізбей басып тастар қалың әскердің, тым болмаса бір бүйірде әзір тұрғаны қандай жақсы. Ал ондай жағдайда “бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған” жалпақ Жайықтың оң жағалауына орын теуіп, жай тұрғызудан артық ақыл жоқ. Оңтүстік Еуропадан кіре тартқан керуеннің Жібек жолы бойымен Қарақорым, Қытайға көш түзеуіне негіз қаласа несі айып. Сайып келгенде бұл бір жағынан соғыс жағдайында да су мен құрлығы қатар жатқан ең қолайлы орын еді. Міне, осындай ойдан соң Сарайшық қаласы бой көтеріп, жандана бастады.
Бірақ ешқашан тың жерден қала салынбайды, белгілі бір елді мекен, адамдар шоғырланған аймақта ғана бой көтереді. Сондықтан Сарайшық бұрыннан бар қаланың монғолдардың Еділ бойын жаулауына орай жаңа атауға ие болған түрі болса керек. Бұл тек біздің емес, кейбір тарихшылардың пікірі екені де сөзсіз.
Тарихтан белгілі, Шыңғысханның Орта Азия, Еуропаның біраз бөлегін жаулап алуы жалғыз өзінің ғана үлесі емес, оның балаларының көмегі арқылы жүзеге асқан. Мәселен, оның бәйбішесі, үйсін қызы Бөртеден туған үлкен ұлы Жошының баласының Бату хан жоғарыда айтқанымыздай, орыс жерінің біраз бөлегін жаулап, Киевті киіп-жарып, батысқа бағыт түзейді. Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдованы, Валахияны, Трансильванияны да көктей өтті. Жортқанда жолы болып, қылышынан қан тамған түмендер Адриат теңізі жағасынан атбасын бұрып, 1242 жылы қайтадан сол баяғы Еділге ентелей құлайды. Осы арада “Алтын Орда” деп аталатын монғол мемлекетін құрып, Сарай қаласын (Бату сарайы), кейіннен осы арада хандық құрған Берке өз (Берке сарайын) сарайын салдырғаны белгілі. Осы қалалар кезінде “Үлкен Сарай” делінген де, ал Жайық бойындағы қала “Кіші Сарай” атанған. Оған қай тіл арқылы келсеңіз де аңық көз жеткізуге болар еді. Жоғарыда айтқанымыздай ең негізгі және бас бұлтартпайтын дәлел – “Сарайджук” – монғолдың “Кіші Сарай” деген ұғымын беретін сөз екендігі. Одан бергі қазақтың “Сарайшығы” да бәрібір толық көлем емес, кішірейту, “шағын” деген мағынаны бейнелейтіндігі. Бірақ басты айғақ монғол тілі екенін тағы да қаперге салған дұрыс.
Әңгіме барысында еске алар бір жай – техника ғылымдарының кандидаты Идаятолла Мұхитұлы аталған қала туралы мақаласында “Сарайшық (Сарайчик емес, төте орысшасы “Золотой полумесяц”) бір кезде айшықты мешіттері, сәулетті ғимараттары көп, күйдірген кірпіштен салынған қала болған” дегенді айтады.
Бірақ біз бұл арада И.Мұхитұлының Сарайшықты тек өзі келтіріп отырған дәлелдерге орай “Сарайшық” деп отырғанын, әлде басқа да көлденең тартар деректері мен дәлелдері бар екенін біле алмадық. Соған сай оған иек артып, сүйенуді де қажет деп таппадық. Өйткені жоғарыда келтірілген екі әңгіменің қай-қайсысы да Сарайшық атауының Шыңғыс хан жорығына орай дүниеге келгенін айғақтап отыр ғой. Ендеше оны басқамен шатыстырмай тұра тұрған жөн сияқты.
Жалғасы бар, осында