ҚАЛА ІРГЕСІНІҢ ҚАЛАНУЫ

ҚАЛА ІРГЕСІНІҢ ҚАЛАНУЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы,басы осында

Қала іргесінің қалануы немесе жәдігерлер шерткен сыр

Енді қаланың аталған жерге орын тебу уақытына келейік. Біз әңгімеміздің басында ол туралы түрлі жорамалдар бар деген едік. Шындығында да жорамалдар ғана, тіпті сол заманғы араб саяхатшылары XVIII-XIX, XX ғасырлардағы орыс, өзге елдер, туған республикамыздың ғалымдары еңбектерінде “Дәл мына жылы Сарайшық қаласының ірге тасы қаланды” деген нақты сөз жоқ, бәрі де болжам.

Түрік тұқымдас халықтарының кейбір тармақтарының шежіресін алғаш рет хатқа түсірген Хиуа ханы Әбілғазы Баһадүр өз жазбаларында қыпшақ ханы Тоқтаға (кей әдебиеттерде Тоқтағу деп те жазады) билік құрған дәуір туралы айта келіп, ол Сарайшық қаласында жерленді дегенді айтады. Кезінде Сарайшық қаласында Өзбек хан Үлкен Сарайға билік еткен кезде баласы Жәнібек Сарайшық шаһарына әкімдік етті деп қояды.

Біздің тарихтан білетініміздей (Ибн Холдан Ж. 5, бәйіт,, 431; Н.М.Карамзин, “История государства Российского” І т. М., 1889, 127 стр. Брокгауз бен Эфрон жазбалары, Энциклопедический словарь, 28 т. СПБ. 1895. 570 стр.) Өзбек хан 1312 жылы таққа отырды. Оған дейін Сарайда 45 жыл бойы Мөңке-Темір, Тода-Минго, Тұла-Бұға, Тоқтаға хандар билеген”.

Беркеден кейінгі хан – Мөңке Темір (1266-1280) Алтын Орданы тәуелсіз мемлекет деңгейіне жеткізді. Шағатай ханымен келісімге келіп, өзара дербестіктерін таныды. Қазақ Ордасының негізі осы тұста қаланды.

Өзбек - түркі тұқымдас елдер тарихында өзіндік орны бар хан. Ол туралы ХХ ғасыр басында Орынбор қаласында шығып тұрған “Шора” журналында “Мөңке-Темір ханның Тұғырыл (Тұғырылжа) деген ұлының баласы еді. Он үш жасында 1312 жылы шаһар рамазанында Дешті Қыпшақ ханы болды. Шешімді, ақылды адам болатын. Бүкіл Дешті Қыпшақ халқы осы кісі өмір сүрген дәуірінде ислам дінін қабылдады. Бірақ ол саяси жағынан көп қателік жіберген.

Мәскеу кінәздігін қуаттандырып, Ордаға қарсы дұшпан әзірледі, сөйтіп өзара соғысып, қырқысып жатқан уақ кінәздіктерді біріктіріп, бір бағытқа жұмылдырды. Осыдан кеп орыстар әлденіп алды.

Осы күнгі Ресейді Ресей етуші Ұлы Петр мен Екатерина десе де, оның негізін салушы тұп-тура осы Өзбек хан. Егер Өзбек хан өзінен бұрынғы хандардың саясаттарын ұстанғанда, бір Петр мен бір Екатерина түгіл, он Петр мен он Екатерина кіріссе де, бүгінгі Ресей болмас еді.

... Өзбек хан жиырма сегіз жыл өкімдік етіп, 1340 жылы қайтыс болды. Сарайға жерленді” деп жазған еді.

Өзбек ханнан соң таққа оның баласы Жәнібек отырады. Өзбек хан мен оның ұлы Жәнібек хан Алтын Орданың дәуірлеуіне айтарлықтай үлес қосты. Осы тұста ислам мемлекеттік дін деңгейіне жетті. Мысыр мен Үндістан, Қытай мен Батыс Еуропа елдерімен сауда-саттық артып, оқу-білім, өнер айтарлықтай дамыды. Әбілғазы Баһадүр өз жазбаларында Алтын Орда ханы Жәнібекті Сарайшықтың да ханы болды деп көрсетеді. “Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды. Өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді. Сарайшық шаһарында таққа отырды. 1361 жылы әзірбайжан ханы Мелик Этрефті Мәлік Ашраф өлтіріп, Тевриздің билеушісі етіп баласы Бердібекті қойды” дейді ол.

Осы арада Жәнібек жайлы бірер сөз. Халық аузында, әсіресе Астрахан, қала берді Сарайшық қалаларының аттары аталса, алдымен ауызға Жәнібек хан есімі оралады, ал ол қай Жәнібек. Сөз ретіне келсек, қазақта Жәнібек есімді жалаңтөс көп. Тек XIV-XV ғасырлардың өзінде отандық тарихымыздың қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек (Барақ ханның баласы, Әбу Саид), Алтын Орда ханы (1343-1357) Өзбектің ұлы Жәнібек, болмаса “Астрахан қаласының іргесін қалағанда, босағасына орыс ұлының қанын шығардың, түбінде бұл қала мұсылманға бұйырмайды” деп Сыпыра жыраудан ұрыс еститін, кейін Сарайшықта талай шешен, билердің басын қосып, күнде жиын, күнде той өткізіп, бөздің нарқын, сөздің парқын пайымдаған пайғамбар тұлға әз Жәнібектер өмір сүрген.

Сонда біздің айтпағымыз тарихтағы әз Жәнібек кім? Өкінішке орай бұл сұраққа әлі күнге бірде-бір ғалым, болмаса тарихшы “Міне, мына ханыңыз сол Жәнібек еді, себебі мынау, дәлелі анау” деп қолға ұстатып, таққа отырғызған ештеңесі жоқ. Бірақ құр отырған жоқпыз, болжамдар баршылық. Сондықтан аузымыздың суы құрып Жиренше мен Қарашаш, Асанқайғы мен Сыпыра жырау, тағысын тағыларға замандас ғып, бірде ақылды, бірде ақымақ деп жүрген әз Жәнібегіміздің тарихтағы орнын белгілеп, даналығын бағалайтын уақыт та жеткен сияқты.

Ал сол әз Жәнібек хан салдырды дейтін Астрахан-Хадж-Тархан (Әжтархан) қаласының аталуы жөнінде де күні бүгінге дейін түрлі болжамдар айтылып келді. Мысалы, жергілікті тарихшы-өлкетанушы Мұстажап Намазғалиев “Әз” ақиқатты қолдаушы, әділ, ал “Тархан” билеуші, төре деген ұғымды береді. Сөйтіп екі сөздің бірігуінен “Әз тархан” “Астрахан” атауы шыққан деп дәлелдесе, бұл жөніндегі Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі Мақсот Жолжановтың пікірі тіптен басқаша. Бірақ біздің айтпағымыз Астрахан атауының этимологиясын тап қазір түбегейлі шешу, сөйтіп топонимистер үшін ауыз ашып, көз жұматындай жаңалық ашу емес. Астрахан әу бастан Алтын Орданың Каспий теңізіне сұғына орналасқан ең ірі су жолы қаласы болумен бірге, сауда және саяси орталық болып табылады. Қазірде де ол Ресей сияқты әлемдегі терезесі тең, керегесі кең республиканың берекелі облыстарының бірінің орталығы екендігі сөзсіз. Брокгауз бен Эфронның энциклопедиялық сөздігінде оны бір кездердегі хазарлардың ежелгі астанасы Атель (Әтел, Итель) кейіннен, яғни VI ғасырдың аяғында Балангиар деп те аталды. ХІІІ ғасырда монғолдар ескі қала орнына Цытрахан қаласын салды. Кейбір деректерде Астрахан екі ұғым “Ас” және “Тархан” немесе ерікті қала деген сөздерден құралған делінеді.

Татарлар бұл қаланы Хаджи-Тархан немесе Адяш-Тархан, орыстар – Хозитаракан, грузиндер Хозар деп атаған. 1459-1556 жылдары қала гүлденіп, дамыған Астрахан хандығының астанасы болды.

Аталған энциклопедиялық сөздікте “Астрахан хандығы 1556 жылы өз еркімен Ресейге қосылды” деп жазылған. Шындығында бұл жалған, дұрысы жаулап алды. Ол кейін әңгіме болады. Көшпенділер шабуылынан қауіптенген орыстар 1558 жылы қаланы Еділдің оң жағынан сол бетіне көшірді. Уақытында ол Ресейдің күнгей бетіндегі көрші елдермен тығыз байланыс орнатқан ірі сауда орталығына айналды. Сөйтіп ол орыстардың оңтүстік бетіндегі ең экономикасы және сауда-саттығы қатты дамыған өлке болды...

Жәнібек өлген соң хан болып оның ұлы Бердібек таққа отырады. Ол көңілі қараға шапқан жауыз, қатал адам еді. Халық Жәнібекті үш күн аза тұтып, төртінші күні дегенде мұрагері Бердібекті хан тағына отырғызады. Ол мемлекетінің іргесі берік және өзіне қарсы келер, хандық билікке таласар мұрагердің жоқ болуы үшін күдікті деген жақын-жұрағат, аға-інінің бәрін қырып тастады. Осыншама тасбауыр, безбүйрек жанның билік кезеңі ұзаққа бармай, келесі жылы-ақ өзі де қан жұтып, қаза табады. Одан әрі Жошы хан тұқымдары Ілбін мен Ала Хожы хан билік құрады. Егер осыларды И.Н.Березин жазбаларына сүйене отырып, кезеңге бөлсек, Жәнібек – 1340-1360, Бердібек – 1360-1361, Ілбін мен Ала Хожы – 1373-1374 жылдары Сарайшықта хандық құрады.

Бүгінгі заманғы археологтардың мәліметі бойынша XIV ғасырда Алтын Орданың Дунай мен Ертістің арасында сол кездің мәдениетіне сай 110, кейбір деректерде 150 қала болғанға ұқсайды. Жәнібектен соң Алтын Орданың басынан бақ тайса, Бердібектен кейін Бату әулетінің дәуірі аяқталды. Немесе Жәнібек өлген 1359 жылдан 1380-ге дейінгі 21 жылда Алтын Ордада 25 хан ауысты.

Әңгіме орайында оқырман көңілінде күдік қалдырмас үшін жоғарыдағы Өзбек, болмаса Жәнібек не Бердібек хандар Сарайшыққа, яғни кіші сарайға билік жүргізді ме деген сұраққа қайтып оралайық. Бір қарағанда дәл былай деп жауапты нақты қайтару қиын. Ал Әбілғазы Баһадүрдың жазуына сүйенсек, ол жүргізді деген пікірде, кейінгі ғалымдар мен жазушылар, тарихшылар айтуы, аңыздарға қарағанда, сол заманның билеуші хандары өз қол астындағы елеулі қалаларда бір-бір сарайлары (демалыс орындары деген ұғымда) болып, хан әр жылдың белгілі бір мезгілдерінде, негізінен жаз айларында сол Сарайшыққа келіп демалып, уақытша билік жүргізіп кететін болған дегенді айтады. Шындығында да бұл пікірдің жаны бар және қолдауға лайық пікір деп ойлаймыз. Ол туралы ғылыми нақты дәлелдерді кейінірек келтіреміз.

Енді Сарайшық қаласының ірге тебу кезеңіне келер болсақ, итальян саяхатшылары Плано Карпини (1182-1252) мен Вильгельм Рубруквис (1120-1293) Шығыс Еуропа мен Орталық Азияны басып өтіп, анау Қарақорымға дейін сапар шеккенде осы Сарайшықтың үстінен өтеді. Армян патшасы І Хетум (1253 ж.) мен итальян купесі Франческо Пеголотти (1335-1340 ж.) де осы елдерге саяхаттары жайлы хабарларында Сарайшық, Іле алқабындағы қалалар – Эквиус (Екіоғыз), Қайлақ (Қойлық), Алмалық Қазақстан территориясындағы сауда орталықтары ретінде аталғанымен Сарайшық қандай қала, қашан ірге тепті, оның тұрғындары, саудадан басқа кәсібі туралы ештеңе мәлімет келтірмейді. Бірақ Ф.Пеголотти Сарайшықтың Астраханнан, Сарайдан, керек десе Үргеніштен қанша қашықтықта орналасқандығын дәлдеп жазып, көрсетеді. Ал Вильгельм Рубруквис татар-монғолдардың Еділ бойындағы 1246 жылы ірге көтерген алғашқы қаласы – Сарайдың өзін 1253 жылы салынып біткен қала ретінде көргендігін еске салады.

Тарихшы Б.Ермұқанов Әбілғазы жазбаларындағы “Бір кезде Берке хан (1255-1266) ағасы қалаған Сарайшық қаласына барды” дегенді негізге ала отырып “Сарайшықты Бату салдырғанын, бәлкім, Сарай қаласымен бір мезгілде ХІІІ ғасырдың 50-жылдарының басында еңсе көтергенін байқауға болады” дегенді айтады. Қазан, Орынбор татарлары “Сарайшық Үлкен Сарайдың көшірмесі ретінде бой көтерді. Оған қыпшақ хандары жазғы 3-4 айда ғана келіп жатып, демалды”, десе, Әбілғазы өз еңбегінің тағы бір жерінде Бату хан Ресей жерін жаулауға тигізген көмегі үшін Шибан ханға... жазда Ырғыз, суықта Ор, Електен Орал тауына шейін Жайықтың күн шығыс тарабын жайла, қыста Арақұм, Қарақұм, Сыр бойы, Шу, Сарысудың аяғын қыста деді” дейді.

Осыдан кеп кейбір ғалымдар “Ағасының жеңісінің құрметіне Үлкен Сарайға еліктеп, Кіші Сарайды салдырған Шибан хан емес пе екен?! Егер ол болмаған күнде оның балалары қолға алған іс болмаса қайтсін” деген ойдан да құр емес. Қалай дегенмен де Сарайшық бұл кезде, немесе XIV ғасырда есімі шетелдік жиһанкездерге белгілі, керуен жолы бойындағы айтулы қала.

Осы арада мына бір дерекке де назар аудару керек сияқты. Кейінгі жылдардағы Хорезм археологиялық экспедициясының зерттеулеріне ден қойсақ, Сарайшыққа қоныстану монғолдар келгенге шейін, үш ғасыр бұрынырақ басталып кеткен. Сол кездің өзінде оның үстінен Батыс пен Шығысты, кейіннен Алтын Орда – Үлкен Сарай мен Хорезм, Отырар арасындағы экономикалық және мәдени байланысты өсірген іргелі сауда жолы өткен. Х-ХІІ ғасырларда Каспий теңізінің терістік, терістік-шығыс беткейінде қыпшақтар өмір сүрді. Ал егін мен мал, балық шаруашылығын қатар дамытып, қолөнер, сауданы да өсіруге мүмкіндігі бар Жайық бойына қала сала қою бұған дейінгі Отырар мен Баласағұн, Сайрам мен Сығанақ сынды ондаған шаһары бар қыпшақ үшін не тұрады. Осыдан кеп Сарайшық қаласының бой көтеруі, оған тұрғын халықтардың алғаш келе бастауын кейбір тарихшылар айтып жүргеніндей 1334 жылдан бастау керек дегенге ден қоя қою келіссіз сияқты. Оған дәлел ретінде мына бір деректерді де еске алайық.

Хорезм археоэтнографиялық экспедициясының 1949-1953 жылдардағы Батыс Қазақстанда жүргізген жұмыстарының қорытындысы бойынша ғалым С.П.Толстов Сарайшықты “Монғолдар шабуылына дейін өмір сүрген және тек Хорезм үлгісіндегі қала. Ендеше Сарайшық ХІ ғасырдағы араб тарихшылары еңбектерінде аталатын Орта ғасырда өмір сүрген Саксин қаласының орнына бой көтеріп, жаңа атауға ие болған. Ал Саксин болса Х-ХІ ғасырларда Хорезм тұтқындары қолымен салынған еді” дейді де Сарайшықтың өмір сүру дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөледі. Олар, бірінші Х-ХІ ғасырларда қала іргесінің қаланып, бой көтеруі. Екінші ХІІІ-XIV ғасырларда Алтын Орда өмір сүрген кезеңдегі Еуропаны Орта Азия, Қазақстан, Моңғолдар және Қытаймен жалғастырған ірі сауда орталығы болуы, яғни қаланың гүлденіп, өркендеу дәуірі. XV-XVI ғасырлар – Ноғай хандығының астанасы болуы, казактар шабуылынан күйреп, қирауы.

Алтын Орда қалаларын түбегейлі зерттеген тарихшы Г.А.Федоров-Давыдов бұл пікірді қолдамайды. Оның айтуынша Саксин Итиль кварталдарының жетілген, толықтырылған түрі. Былайша айтқанда Хазардың Итилі де, гуздардың Саксині де, тіпті Алтын Орданың Сарайы да түбі бір қала. Бірақ өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғынан бері Селитрен, яғни Алтын Орданың алғашқы астанасы – Сарай қаласының орнына жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары оның бұрынғы Итиль, болмаса Саксин екенін дәлелдейтін еш айғақтарды алға тартқан жоқ.

Әйтсе де біздің тарихтан білетініміздей және жоғарыда С.П.Толстов жазбаларында айтылғанындай Саксин Еділ бойында көне Итиль қалашығымен теңгерілетін Хорезм тұтқындары қолымен салынып, қыпшақтар мен йемақтар шапқыншылығынан зардап шеккен қала.

Бірақ бұл пікірге қосыла қоймайтын, жоғарыда айтқан жалғыз С.П.Толстов емес, қазақстандық археолог Л.Ерзакович те бар. Ол Саксинді ешқашан Еділ емес, Жайық бойынан іздеу керек дейді.

Хорезм экспедициясының пікірін растап, қолдайтын тағы бір куә- академик Ә.Марғұлан басқарған экспедициясының 1950 жылы аталған қала орнына жүргізген қазба жұмыстары. Ол қала іргесі Х ғасырда емес, ХІ-ХІІ ғасырларда қаланған деген пікірді негізге ұстайды да Сарайшықтың мәдени қабаттарының бес ғасырлық үш кезеңге, немесе моңғолдарға дейінгі (ХІ-ХІІ ғасырлар), Алтын Орда (ХІІІ-XIV ғасырлар), ноғайлық (XV-XVI ғасырлар) дәуірі деп ортағасырлық көне қала ғұмырын екі ғасырға түпкілікті әрі жылжытады. Бұл пікірді Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы археология институты ғалымдарының 1996-1999 және кейінгі жылдары аталған қала орнына жүргізген қазба жұмыстары тағы да дәлелдей түсуде. Сонда Сарайшықтың Алтын Ордаға дейінгі де өмір сүрген қала екені айдан анық шыңдық.

Дегенмен Сарайшық нақты қай жылдары бар қала екендігін есте ұстау үшін мына бір деректерді де қатерден шығармаған дұрыс сияқты.

Арабтың белгілі саяхатшы-жиһанкезі, жағрапия білгірі Ибн-Баттута 1334 жылы Сарайшыққа келеді. Кейіннен ол өз жазбаларында жоғарыда келтіргеніміздей “Біз Үлкен Сарай қаласынан ат арбамен он күн жүріп, Кіші Сарай қаласына жеттік. Ол “Ұлысу” деп аталатын ғажайып терең, ағысы қатты, арналы өзен бойына салынған екен... Біз бұдан былайғы шығысқа бағытталған сапарымызды түйеге мініп, жалғастырдық» деп жазды. Бұдан біз Сарайшықтың 1334 жылы бар, өмір сүріп тұрған қала екенін білеміз. Әзірге Сарайшық қаласы туралы алғашқы нақты қолда бар жазба дерек осы ғана.

Енді аталмыш қала, оның тұрғындары нендей кәсіппен айналысты деген сұрақ төңірегінде ой бөлісейік.

Жоғарыда шет жағалап айтқанымыздай, қазіргі Атырау қаласынан тіке терістікте, бар-жоғы елу-ақ шақырым жерде орналасқан Сарайшық – Қырым мен Азауды, Астрахан мен Самараны, Бұхар мен Хиуаға, одан әрі Моңғолия мен Қытайға жалғастыратын Ұлы Жібек жолының маңдай тірер маңызды қалаларының бірі болған. Дәлдеп айтқанда ол Еуропа елдері мен Еділ бойындағы Алтын Орда астаналарынан (Бату Сарайы, Берке Сарайы) Хорезм, Иран мен Үндістан, Қытайға баратын үлкен жолдың бойында жатты және де қала керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті тұрғындар төлейтін салық, сондай-ақ жергілікті арзан еңбек күшінің есебінен тез өсті. Жайық казактары өмірін зерттеуші ғалым В.Дариенко өзінің жергілікті баспасөзде жарияланған бір мақаласында “Сарайшықтың Шығыс Еуропадан Орта Азияға өтер көне сауда жолы бойында орналасуы татар хандарының осы мүмкіндікті пайдаланып, қыруар пайда табуына қолайлы жағдай жасады. Сауда жолы Сарайдан басталып, Жайыққа, одан әрі екіге бөлініп, бірі Ақсарттағы Отырар қаласына бағытталса, екіншісі оңтүстік Отырарға бет түзеді. Ал саудагерлер Отырардан әрмен бір-ақ жолмен Алмалық, ұйғырлар астанасы – Бесбалық, ақыр аяғы Моңғолияға құлады” деп жазса, академик В.В.Бартольд “Сарайшықтан шыққан керуен елу күнде Отырар қаласына жетіп, одан әрі Монғолия арқылы Қытайға асатын” дейді. Сондай-ақ Сарайшықтан Самараға, Қазан қалаларына апаратын да сауда жолдары болған.

Бұл жолдардан дүние жүзінің екі бірдей ірі құрлығында орналасқан айтулы мемлекеттерді байланыстыратын керуен жолы бойында орналасқан Сарайшықтың орасан зор саяси, экономикалық сауда орталығы болғандығы және оның Алтын Орда хандығы тұсында тіптен дәуірлегендігін айқын аңғарар едік. Оның кейінгі кездегі қала орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған керуен сарайы, ондағы арнайы көлік туарып, байлайтын, керуен тауарларын сақтайтын қойма орындары, сол тұста біраз қалада соғылған күміс, бақыр (мыс) ақшалардың табылуы мен Хиуа, Бұхарада, иран, жапон, қытай,үнді елдерінде жасалынған қымбат та, бағалы бұйымдар, олардың сынықтарының кездесуі де дәлелдейді. Мысалы, Хорезмнің тас қазандары, Төменгі Еділ қалаларынан кашинді түрлі түсті жылтыр кеселер және жергілікті ақсүйектер үлкен сұраныспен пайдаланған қытай фарфорын атаса да болар еді.

Сондай-ақ мұнда Алтын Орда дәуірі, яғни орта ғасырда Орта Азия мен Қырымда (Берке, Бату сарайларында мешіттер ғана) өмір сүрген ең жоғары діни орын-зәвия болған. Бұл Ибн Баттутаның жазбаларындағы “Бұл қалада қасиетті бір адам – түрік ата бар. Ол бізді жақсы қарсылап, қонақтады. Батасын беріп, құран оқыды. Біз де олардың қазыларын қонақтадық. Бірақ сол бір қазының аты есімнен мүлдем шығып кетіпті” деген жолдарды ойға оралтуға негіз қалайды. Әрине, біздің көне тарихтан білетініміздей зәвия – қашан да ірі қалаларда күллі халықты дінге уағыздап, оларға ізгілік пен имандылық нұрын тілеуші орын. Соған сай, оның уағыздаушысы да – дін таратушы араб, болмаса оның қызылбастардағы өкілі болушы еді. Ал Баттутада оны жергілікті түрік дейді. Егер тарихқа үңілсек, Берке әу баста Бұхарада діни мектепте оқып, содан кейін 40 күн жол жүріп Еділ бойына ауыспайтын ба еді. Осыған сайып, кейбір әріптестеріміз “Берке әуелі Сарайшыққа кеп тұрып, Еділ бойына содан кейін ғана барған. Өзі діни оқуды тамамдаған адам, қасынан қашан да сол бағытты насихаттап, уағыздаушы жанды ілестіре жүретіні белгілі” деп те айтады. Олай болса, аталған зәвияны Берке салдырып, ілестіре келген молдасынан білім алған жергілікті түріктің мұрагер болып қалуы да ықтимал.

Иә, бәрі мүмкін, бәрі де ықтимал. Сарайшықтың алдымен Алтын Орда бойынша дінді уағыздап, дәріптеуші, немесе үлкен жол бойындағы бар жолаушы, тұрғындарды құдай, дін жолына бағыттаушы қасиетті орталық болғаны белгілі. Әйгілі Ақсақ Темір Алтын Орда қалаларына шабуыл жасағанда, қалғанының бәрін күл-талқан етсе де, жалғыз ғана Сарайшық құрылыстарына аса қатты қол батырмай өте шыққан. Әрине, оны да осы қасиеттілік, құдайдан қорыққандық деп білу керек. Сондай-ақ Алтын Орда хандарының жыл сайынғы жазғы демалыстарын Сарайшықта өткізуінің бір себебі де – осы дін жолына бас ию, қасиетті орынды қадірлеуінен болар. Қалай десек те, Сарайшықта қасиетті орын-зәвия болған. Оны археолог ағайындар алаңсыз дәлелдеуде.

Атап айтқанда, әлгіндей алғашқы ғылыми жазба деректерді XVIII ғасырдың 20-жылдары жасалынған Каспий теңізі мен Орта Азия, Кавказ картасынан, сондай-ақ XVIII ғасырдың екінші жартысында осы қала орнында болып, жергілікті тұрғындардан Сарайшық туралы мәліметтер жинаған П.Н.Рычков (1762 ж.), П.С.Паллас (1769 ж.) еңбектері мен күнделіктерінен оқуға болар еді. Сондай-ақ 1861 жылы Орал әскери сызба корпусының меңгерушісі, штабс-капитан, топограф А.Е.Алексеев осында аздаған қазба жұмыстарын жүргізіп, қала орнын картаға түсірді. 1906 жылы жүргізілген Орынбор оқу мұрағат комиссиясының еңбектерінде Сарайшық шіркеуінің свяшеннигі Лоскутовтың хаты тіркелген. Онда көне Сарайшық қаласының орнын (егер Жайықтан бөлініп шығар Сарайченко өзенінің кейбір бұрылыстарын есептемегенде) тік төрт бұрышқа ұқсатып, әр қабырғасын бір верстке тең деп жазады.

Ал, Санкт-Петербургтық археолог Р.Азюртов болса, Қазақстанды зерттеу қоғамының Батыс Қазақстандағы бөлімшесін басқарып, Саратов облыстық мұражай қызметкерімен бірге 1937 жылғы жүргізген қазба жұмыстарына сүйене отырып, 13 жерге күрек салып, оның бесеуінен тік төрт бұрышты шаршы бөлмелер тапқанын, олардың едендерінің тас және түгелдей сазбен майланып, жақсы жылытылғандығын, өкінішке орай олардың беттеріндегі бедерлердің өз әсемдігін жойғандығын айтады.

1950 жылы Ә.Марғұлан басқарған экспедиция құрамында болған археолог Г.И.Пацевич осы араға 1957 жылы қайта оралып, мұнда тағы да бір кірпіш күйдіру пешінің орнын тауып, оның сол баяғы Алтын Орда дәуірі XIII-XIV ғасырларда өмір сүргендігін анықтады.

ed4906c9c1b2e1774f21c5aed9f7dd2a_resize_w_520_h_

Сарайшық қаласы Жайық өзенінің ең бір шұрайлы, қалыпты жер бетінен біраз биік беткейінде орналасқан. Егер осы арнаны біздің ғасырымыздың қырқыншы жылдарына дейінгі картасына үңіліп қарасақ, Жайық қала іргесінен тіке ағып, оза береді екен. Ал қазір ол қала тұсында ішке ене сұғынып, көне мұраны түпкілікті күйретіп, бүлдіру үстінде. Бірақ көне Сарайшық қаласы орнының көзден таса болған кезі жоқ. Археологтар мен тарихшылар оған ертеден-ақ назар аударып, ғылыми деректер қалдырып келді. Оны жоғарыдағы Баттута, Карпини, Д.Жениксоннан басқа, XVIII-XIX ғасырлардағы жазба деректер де дәлелдей түседі.

Бірақ соңғы жүзжылдықта Жайық өзенінің ежелгі арнасын өзгертіп, Сарайшық орнын қақ тіліп етуі – көне қала құрылысының су астында қалуына әкеліп соқты. Кейінгі жарты ғасырдағы қазба жұмыстарының бәрі ескі қаланың шет жағындағы су құбырлары мен кейбір шеберханалар, бейіттер орнына жүргізілгені белгілі. Осыдан кеп ежелгі Сарайшық қаласының нақты топографиялық орнын анықтауға мүмкіндік болмауда. Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай кезінде қаланың негізгі құрылыстары қалыпты жер бетінен 4,5-5 метр биіктікте, яғни аз-мұз дөң беткейінде (бұл әрине қазіргі болжаммен) орналасқан. Өзеннің оң бетіндегі 1,5 шақырымдық көлемдегі көне орыннан тереңдігі 3 метрлік құрылыс қалдықтары сақталған қабаттары табылған.

Бұрындары және бүгінгі жүргізілген қазба жұмыстары қала құрылыстарының 24 х 24 х 5 см немесе 40 х 20 х 5 см көлемдегі күйдірілген және шикі кірпіштен, түсін жоймайтын (Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесі, Самарканд, Бұхарадағы көне құрылыстар сынды) керамикалық шаршы тастардан тұрғызылғандығын, оларға кандық үлгідегі жылыту жүйесін пайдаланғандығы және қаладағы шикі кірпіштерді өте жоғары температурада күйдіретін камералар болғандығын дәлелдейді. Сондай үлгідегі, яғни 4,5 х 3,5 метр көлемдегі ұзындығы 4,4 м., биіктігі 1,65 метрден тұратын ыссы от (ауа) айдау жүйелері бар камера табылған. Қала қыштан күйдірілген тас тұрбалар арқылы ауыз су құбырларымен қамтамасыз етілген. Кейбіреулері жеке құдықтар да пайдаланған. Олар кейін құлап, бітеліп қалған. Бірақ солардың өзі бүгінгі ұрпаққа біраз сыр ақтарып, тарих тағылымдарын ашуда. Соның бір дәлелі қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар құмығып қалған құдықтардың (іргесін күйдірілген қызыл кірпіштен өрген) бірінен араб әрпінде жазылған тұмар тапты. Арнайы темір қобдишаға сап, кез-келгеннің қолы жете бермейтін 6-7 метрлік шыңыраудың түбінде жатқан бұл тұмар сол кездің өзінде діннің кеңінен етек алғандығын және қатты қадірленгендігін дәлелдейді.

Бұлардан басқа аталған құдықтан өте әдемі етіп жасалынған қыш құмыралар, күміс, мыс ақшалар да табылды. 488fb7e5921bd25b8ac14a0433ed58e1_med

Сарайшық қаласының түстік тұсында темірден құрал-саймандар соғатын арнайы ұстахана да болыпты. Ұстахана (ұста дүкені) көлемі аумақты-ақ. Бір қызығы сонау бір жылдарғы бағзы жерлестеріміз әлігіндей заттарды жасауға қажетті темір рудасын қайдан алды, оларды қалай қорытты, оны әлі ешкім білмейді.

Сөйтіп жылдар бойы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары мен қазіргі қолда бар жәдігерлер Сарайшықтың дамуы мен өркендеуін шартты түрде XIV ғасырдың орта тұсы мен екінші жартысына сәйкес келеді деп болжам жасауға негіз қалайды. Қала үлкен саяси, сауда, мәдени орталық болған. Соған сай оның тұрғындары да сауда, егіншілік, бау-бақша, мал өсіру, балық аулаумен, сондай-ақ қол өнерімен айналысқан. Атап айтқанда шеберханаларда үй тұрмысына қажетті бұйымдар жасалынған. Олардың ішінде қыштан күйдірілген құмыра ыдыстар, балауыз шырағдандары, асханалық керамикалар – құман, кесе, су жүретін қыш құбырлар, сұйық және құрғақ тағамдар мен заттар сақтайтын (бидай, тары, тұз, су, тағы басқа) әр көлемдегі құмыра, ыдыстар, қолдан жасалынған тұрмыстық, әсемдік, зергерлік бұйымдар, ыдыс-аяқ, айна, сақина, моншақ, білезіктер бар. Шыны ыдыстар, темір пышақтар да кездеседі. Бұлардың қай-қайсысының үлгісі де олардың татар-моңғол тұрпатында емес, ежелгі шығыс, парсы стилінде жасалғандығын аңғартады. Аталған жәдігерлер осы күні Атыраудағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, сондай-ақ республикалық археология институтының, Ресейдегі Саратов облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында да сақтаулы.

Осы арада тағы бір шегініс жасап, соңғы жылдарғы көне қала орнына жүргізілген археологиялық қазбалар негізінде де ой қорытайық. Сарайшық тек XIV емес, ХІІ-ХІІІ ғасырлардың өзінде қыш күйдіру, ет, балық ыстау мен қақтау, шөген сынды ауыр металдық рудаларды қорытатын орындары, терезелік, сәндік әйнектер құятын шеберханалары бар қала болған.

Әлгі айқан қыш күйдіру цехтарында бұйымдар үш түрлі шикізаттан сан бағытта жасалынған. Оның бірі – қызыл саздан түрлі көлемдегі құмыралар мен шара табақтар, шырақдандар, шығырлық бұйымдар әсем өрнектеле сомдалса, екінші, ақ түсті балшықтардан керамикалық, әсемдік заттар – кеселер мен шағын құмыра, вазалар жасалынған. Үшінші түрі – сұр түсті саздан үлкен көлемдегі бүйірлі ыдыстар жасау. Олардың қабырғаларына түрлі құстар мен балық, жұлдыздық бейнелер, шөп, символдық суреттер өрнектелген.

Қала орнынан табылған кейбір керамикалық заттар беттерінен, жасалу тәсілдерінен Қара теңіз жағалауы тұрғын халықтарының стилі байқалады. Яғни аталған бұйымдар сол жақтан әкелінген емес, есесіне осы өңірде – Сарайшықта Қырым, Қара теңіз жағалауы шеберлері үлгісінде жасалынған. Мұның өзі Сарайшықтың сол өңірлермен де жақсы қарым-қатынаста болғандықтарын аңғартады.

Тарихшы-ғалым Г.Федоров-Давыдовтың жазбаларында Бердібек хан тұсында Сарайшық ұлысына Айбектің әмірлік еткендігі және сол кезде Сарайшықта ақша соғылғандығы, ал Тоқтамыс хан тұсында ақшалардың бір үлгіде Жаңа Сарай, Орда, Азақ, Қырым, Астрахан, Сарайшық қалаларында  жаппай шығарыла бастағандығы айтылады. Осы Сарайшық қаласының ақшалары кейіннен Оңтүстік Қазақстан территориясынан да табылған. Олар бұл күнде жоғарыда аталған мұражайлардан басқа Санкт-Петербургтегі Эрмитаждың жәдігерлік сөрелерінде де тұр.

Мұндай ақшалар Сарайшықта жүргізіліп жатқан соңғы археологиялық қазбалардан көптеп табылуда. Ал егер оларды 1996-1999 жылдардағы нәтижелер негізінде кеңірек саралар болсақ, қолда бар нумизматика ХІІІ ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың алғашқы ширегі аралығын қамтиды. Географиялық жасалу шеңбері Қырым мен Терістік Иран, Еділ бойы, Хорезм, Самарканд елдері мен қалаларында соғылған ақшалар. Орта ғасырлық мемлекеттер ішінде Алтын Орда мен Хулағу билеген Иран, Шағатай ұлысы, Қырым хандығының дирхемдері мен пұлдары.

Алтын Ордадан Сарай (ал-Махрусс пен ал-Жадид), Хорезм, Гүлстан, Азақ, Қырым, ал-Муззам Ордасы, Хадж-Тархан, Астрахан және Сарайшықта соғылған ақшалар бар. Солардың ішінде ең көбі Сарай ал-Жадид пен Сарай ақшалары. Ол түсінікті де. Өйткені Алтын Орда астанасында соғылған бақыр (мыс), күміс теңгелер Жошы ұлысына түгел тарап, сауда айналысына түсті. Солардың ішінде ең көнелерінің бірі Өзбек хан билік еткен 1313-1341 жылдардың алғашқы кезеңінде дүниеге келген ақшалар. Мемлекет өмірінде жүргізіліп жатқан күрделі реформалар, әсіресе суннит (сунна) ағымындағы діннің кеңінен өрістеп, тауар айналысында ақшаның ерекше орын алған шағы болатын. Бұл оқиғалар сол кезде соғылған ақша беттерінде жарқын көрініс тапты.

Ақша реформасының жүргізілуі – олардың, яғни дирхемдер мен пұлдардың құндылығына да әсер еткен. Мәселен, бір дирхем үш пұлға тең болған. Бұл баға ұлыстың барлық аймағында ортақ тәртіп ретінде сақталған.

Сөз болып отырған кезеңде ақша ел мен елдің, болмаса мемлекет ішіндегі бірлік пен достықты нығайтар қатынас құралы ретінде де пайдаланылған. Оған дәлел Сарайда соғылған Жошы ақшаларының бірінің бетінде көне түркі тілінде “Құтлық болсын!”, яғни “Құт береке, бірлік болсын” деген мағынадағы сөздің жазылуы. Мұның өзі ел тыныштығы, бірлікке үндеген қанатты сөздің тым ерте, анау орта ғасырда да пайдаланылғандығын көрсетеді.

Сонымен бірге аталған ақшалардың кейбірінде қашаннан бергі ұлылық пен билік, қайырым мен жақсылық тілегінің айқын белгісі – сұңқар мен арыстанның (не барыс) шығып келе жатқан күнмен бірге алдыңғы аяғын жоғары көтеріп, секірген бейнесі көрсетілген. Бұл жоғарыда айтқан ойымызды одан әрі бекіте түседі және республикамыздың қазіргі мемлекеттік рәмізіне де бір табан жақындығын көрсетеді емес пе?

Тағы бір ақшалар, ілгеріде сөз еткеніміздей, Тоқтамыс хан билеген тұста соғылады да, оларда түрлі аң мен төгілген өсімдік, геометриялық өрнектер, су құйғыш пен таразы, шаян үлгісіндегі жұлдыздық белгілер өрнектеледі. Көптеген пұлдарда тауыс құсының суреттері бар. Бұл Өзбек ханның мемлекет ішіндегі дәулетті дамытып, ел тыныштығын сақтау мақсатындағы ізгі армандары.

Сарайды Жәнібек хан билеген тұста жаңа пұлдар шығарылып, XIV ғасырдың 40-жылдары ақша беттерінде ерекше безендірілген екі басты бүркіт, ал 50-жылдары шешек атқан алты жапырақты гүл шоқтары бейнеленеді. Аталмыш ақшалар сол кезде күллі Дешті Қыпшақ бойынша сауда айналысына түсіп, елді Тоқтамыс хан билеген тұсқа дейін пайдаланылған. Жәнібек хан билеген тұстағы пұлдардың бұл сынды қыпшақ даласында түгелге жуық экономикалық байланыстың күшейтілгендігін дәлелдейді. Бұдан арғы жаңа Сарайдағы 60-80 жылдарғы дүрбелең, Ақ Орда тағына таласқан Хызыр, Қайырболат, Қалдыбек хандар мен Толымбек ханым, тағы басқа билеушілер тұсында да ақшалар соғылып, солардың беттерінде тағы да сол арыстан мен барыс сынды жыртқыш аңдар, гүл шоқтары мен геометриялық фигуралар бейнеленді. Бұлардан байқалатын бір шындық - әр хан билеген тұста тек қана өзі соқтырған ақшалардың кең айналысқа түскенін және сауатсыз тұрғындардың банкнот құнын бір-бірінен ажырату үшін есте қалатын түрлі бейнелерді көрсетуге тырысқандығы.

Сарайшықтағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде, тіпті жай қарап, бақылау барысында да ең көп кездесетін нәрсе – ақшалар. Бір қарағанда ол заңды да. Өйткені Сарайшық сонау Ресей қалаларынан Сарай, одан бері Хорезм, Азияның кең даласымен шығыс пен түстікке бағытталған ең бірден бір және басқа мүмкіндігі жоқ күре жол бойындағы мемлекеттік магистральдық жанды қала еді. Сондықтан мұнда Алтын Орда қалаларында соғылған ақшалармен бірге Хорезмде 1328-1390 жылдар аралығында жасалынған пұлдардың 20-дан астам түрлері табылды. Аңдаған адамға олардың өзі түрлі сырлар ақтарады, біраз тарихи мәселенің басын шешіп алуға көмектеседі. Мысалы, біз бұған дейін Сарайшықтан табылған ақшалардың ең көнесі Өзбек хан билік құрған жылдардың алғашқы кезеңінде соғылған теңгелер деп жүрсек, енді оған да өзгеріс енгізуге тура келуде. Мұның жарқын дәлелі бірінші бетіне хижраның 694 (1295-1296) жылы, ал екінші бетіне “Әділ Тоқта” деп жазылған Хорезмде соғылған күміс ақшаның табылуы. Яғни Алтын Орданы Тоқта хан билеген тұста дүниеге келген ақша. Сайып келгенде аталмыш теңге күні бүгінгі Сарайшықтан табылған дирхемдер мен пұлдардың ең көнесі.

Сарайшықтан табылған ақшалардың ішінде өзінің декоративтік суреттері мен салмақтары, көлемімен көзге түсетін ерекше соғылғандары да бар. Олардың беттерінде түрлі аңыз суреттер, абстракты ойлар айтылады.

Тоқтамыс хан билеген тұста соғылған ақшалар беттерінде жатқан жылқы, барыс пен балық бейнеленіп, оны тарихшы ғалымдар әлі де толық шеше алмай жүр. Өйткені мұндай суреттер бұрын-соңғы тәжірибеде көп кездеспеген, соған сай айтар ойы да бұлыңғыр болып келеді.

Хорезм ақшаларының ішінде аталмыш қаланың Жошы ұлысынан бөлінген тұстағы кейбір билік құрған әмірлер шағында, болмаса ол биліктің 1382 жылғы Ақсақ Темір жаугершілігіне орай әлсіреп, жойылуы, Тоқтамыс хан тұсында Хорезмнің қайтадан Алтын Орда құрамына енуін көрсететін түрлері де бар.

Бұлардан басқа Алтын Орданың өзге де ұсақ қалаларында соғылған пұлдар кездеседі. Ал Сарайшықтың өзінде соғылған теңгелерге келсек, бұған дейін кейбір ғылыми еңбектерде айтылып жүрсе де Сарайшықтың өзінде жүргізілген қазбаларда өте сирек кездесетін ақшалар соңғы 1996-1997 жылғы жұмыстар барысында жиі ұшырасты. Бұдан шығатын қорытынды Тоқтамыс ханның тұсында, яғни XIV ғасырдың 80-жылдары Сарайшық Алтын Орданың өзге де ірі қалаларындағы сияқты өзінің сауда айналысына қажетті түрлі дәрежедегі дирхемдері мен пұлдарын шығара бастаған.

Соңғы жылдарда Сарайшық қаласы орнынан табылған ақшалардың біразы аталмыш қаланың кейінгі XV ғасырдағы Қырым хандығымен (Хажыгерей, Меңлігерей) байланысы, немесе Ноғай жұртының астанасы болған дәуірді бейнелейді. Ал шетелдік ақшалар ішінде Ильхан Әбу Саидтың және Жәнібектің Иран Әзірбайжанын жаулап алған тұстағы Тевриздің пұлдары кездеседі. Тіпті ежелгі Еврей халқы стиліндегі тиындар да баршылық.

Сондай-ақ Ақсақ Темір тұсындағы Сығанақ пен Самарқанд сарайларында соғылған ақшалар да бар.

Сөйтіп Сарайшық қаласы орнынан кейінгі 1996-1999 жылдарғы қазбалар кезінде табылған нумизматикалық бұйымдар аталған қаланың 1310-1360 жылдар аралығында ерекше экономикалық және мәдени даму шағында болғандығын дәлелдейді. Ал кейбір толқулар кезінде ақша айналысы азайып, Хорезм ақшаларымен күн кешкен. Тоқтамыс хан билік басына келген тұста жергілікті сауда тағы да астаналық ақшалар нөпірімен толыққан. Өз ақша сарайы қайтадан жанданып, банкнот шығара бастаған.

Сарайшық қаласының Сарайдан Хорезмге жөнеген үлкен транзиттік жол бойында орналасуы оның күллі Дешті Қыпшақтың алыс-жақын ауылдарымен араласуы шетелдермен байланыс орнатуы, сауда-саттықтың, тауар айналысының өсуіне әсер еткен. Ноғай Ордасының жандануы Сарайшықтың Қырымдағы Герейлер хандығымен қарым-қатынасының жақсаруына мүмкіндік туғызған. Осы кезде де Сарайшық өз ақшаларын көптеп шығарған болуы керек.

Әрине, көне Сарайшық орнынан табылған ақшалар түрі көп. Ондағы бейнелердің әлі де ашылмаған сырлары мол. Оларды шешу, қалың жұртшылыққа түсіндіру тарихшылардың келешек ісі болып табылады.

Әзірге айтарымыз, сол қолда бар дүниелер Жошы ұлысы тұсында Алтын Орданың он алты қаласында ақша соғатын сарайлар болғандығын дәлелдейді. Оның үш түрі, немесе жоғарыда табылған ақшалардың біразы Сарайшық қаласының өзінде соғылған.

Бұдан бес мың жыл бұрын Азияның өзінде жалпыға бірдей балама, басқа барлық заттың құнын көрсететін ерекше тауар ретінде дүниеге келген бұл ақшаның Алтын Орда, соның ішінде Сарайшық үшін де үлкен мәні бар. Ақша экономикада құнның тікелей бейнесі, байлық атаулының шынайы тұлғасы, кез-келген тауардың айырбас баламасы болуымен бірге өзі өмір сүрген ел мен кезеңнің, өз ортасының тарихы. Сондықтан ғалымдарымыз Сарайшықтан табылған әр теңгеге үлкен үміт, сеніммен қарап, тек аталмыш қаланың айырбас құралы емес, онымен қарым- қатынастағы ел тарихы, Алтын Орда сипаты, хандар жүргізген саясат көрнісі деп қарайды. Ол үміттер ақталып та отыр. Ондай құпиясы мол сырлар, тарих тағылымы келешекте әлі де ашыла беретініне еш күмән жоқ.

... 1909 жылы осы қала маңындағы жергілікті балықшылар ауына ірі көлемдегі керамикалық құмыра ілініп шыққан. Шындығында құмыра көз тартатын әдемі-ақ, сыртқы тұрқы қоңыр түсті. Қанша ғасыр өтсе де сол бояулардың ешқайсысы да өз өңін жоймаған. Бір ғажабы әлгі құмыраның иіні мен бүйіріндегі жазуларды ауыл төңірегіндегі адамдардың ешқайсысы оқи алмайды. Ақыры сол кездегі губерния орталығы – Оралдағы мұражайға тапсырылады. Жылдар өте аталмыш жәдігерді Орал шекаралық казак әскерінің генералы Н.Дубасов мырза көреді де, құпия жазудың сырын оқығанша асық болады. Бірақ өз қолынан келмейтінін сезген ол жазу көшірмесін Санкт-Петербург қаласындағы Ресей археологиялық қоғамының Шығыс бөліміне жолдайды. Бұл – 1915 жылдың 16 тамызы еді. Арада екі жыл өткенде – 1917 жылдың 12 мамырында генерал атына жауап хат келіп, онда аталған құмырада көне қыпшақ тілінде 32 сөз өрнектелгені, егер әдеби түр емес, дәлдеп аударар болса, иінінде Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” дастанынан:

                          «Адам көркі – жүз, бұл жүз көркі – көз,   

                           Ауыз көркі – тіл, бұл тіл көркі – сөз.

                           Тағы көрік кісіге – білім мен өнер,

                            Жанын құрбан етер білім үшін ер», - деген жолдар (бәйіт) да, ал бүйірінде “Бұл күбіге көз жасын құяр болар” деп жазылғандығы, құмыраның сонау ХІІІ ғасырда күйдіріліп, дайындалған дүние екендігі айтылады. Сондай-ақ бөлім қызметкерлері соңғы “бұл күбіге көз жасын құяр болар” сөйлемінің құпиясын құмыраны құюшы шебер өз қожасының сауатсыздығын пайдаланып, өзінің басында билігі жоқтығын, заманына наласын, қапастағы тұрмысын айтқан деп болжайды.

Әңгімеге орай осы Сарайшық селосында (бұл күнде аталған қала орнында осы аттас село бар) туып-өскен, өнердің белгілі жанашыры, республиканың еңбек сіңірген қызметкері, марқұм Қуанғали Жұмалиев мұндай құмыралардың (биіктігі орта бойлы адамдардың кіндік тұсына келіп қалар көлем) кейіннен де аталған жерден 1937, 1946 жылдары табылғандығын айтушы еді. Бірақ олардың дәл бүгінде қайда, қай ел мұражайына орын тепкенін ешкім білмейді. Әйтсе де Н.Дубасовтың қызығушылығын туғызатын жазулары бар құмыра қазірде Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы, осындағы ең алғашқы және құнды жәдігерлердің бірі болып есептелінеді.

Міне, бұлардың бәрі де Сарайшықтың Алтын Орда дәуіріндегі дәуірлеу, гүлдену кезеңін бейнелейтін жәдігерлер шерткен сыр. Егер Сарайшық жайлы ой түйіндеп, пікір білдірсек, аталмыш қала қыпшақтардың XIV-XV ғасырлардағы ірі саяси, діни, сауда орталығы. Ол Ресей мен Орта және Шығыс Азия қалаларын жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойындағы алтын көпір. Сарайшық үстімен Батыс Еуропаның көптеген қалаларынан жер қайысқан тауар, сый-сияпат керуендері мен күн шығысқа бет алған көпестер мен дипломатиялық агенттер-саяхатшылар осы бір ғажайып қала жайлы ауыздарының суы құри жазды, естеліктер қалдырды. Олардың кейбірін біз жоғарыда келтірдік те. Ал кейінгілерден XVIII ғасырдағы П.Рычковтың мына бір сөзін еске алуға тура келеді: “Сарайшық – Жайық өзені бойындағы ұлы қаланың белгісі”. Әрине “ұлы” атану оңай емес. Керек десеңіз бұл сөз әлемдегі қай халықтың, әсіресе азиялықтарды әрдайым бұратана санап келген орыс империясы өкілдері атынан шығуы өте қиын-ақ. Шықты екен ол шындыққа бір табан жақын деген сөз. Ал ендеше Сарайшық осындай “ұлылық” сән-салтанатынан қалай айрылды?

Жалғасы бар, осында