Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
Шаһар қалай шағылды?
Тарихтан білетініміздей Алтын Орда Өзбек хан өлгеннен соң өз ішінен қырқысып, ит жыны бірікпеген Шыңғыс тұқымының билікке таласушылар ортасына айналды. XIV ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Орыс хан (1368-1377) және оның мұрагерлері мен Темір қолдаған Тоқтамыс арасындағы соғыс басталды. 1395 жылы Солтүстік Кавказда Терек өзенінің жағасындағы соғыста Тоқтамыс түпкілікті жеңілді. Сөйтіп айдарынан жел ескен Алтын Орда бұрынғы айбарынан біржолата айырылды.
- Қазір, - деп жазады сол кездің куәгері, Ақсақ Темір жорықтарын хатқа түсіруші, тарихшы Ибн Арабшах, - бұл жерлерде Хорезмнен Қырымға дейінгі бұрынғы елдің бірі жоқ. Өйткені олар мұнда тұрмайды. Олардың орнына қаңғыған қарақұйрықтар тобы мен түздің табанды түлігі – түйелер ғана көзге түседі.
Әйтсе де Сарайшық өзге қалалардай күл-пәршесі шығып, қираған жоқ. Өйткені қала Алтын Орданың Хорезм, Иран, Монғолия, Қытай және Үндістанмен арасындағы үлкен сауда жолының түйіскен тұсында орналасқан еді. Сондықтан ол кезде Сарайшықты қиратпай тұтас қалпында ұстап қалуға тырысқандар көп болды. Әсіресе XIV-XV ғасырларда аталған қала саяси күрес орталығына айналды. Тіпті 1360-1380 жылдар аралығында Ілбін (Ильбан) мен Ала Хожы (Алыпқожа) күресі де үдеп, 1373 жылы олар аттарын теңге беттеріне ойып бастырды.
1380 жылдың жазында Тоқтамыс Алтын Орданың астанасын Сарай әл-Жәдид пен Хадж-Тархан, Сарайшықты басып алды. Тоқтамысқа қарсы екінші жорығында (1395-1396 жылдары) Ақсақ Темір Алтын Орданың бар қаласын жаулап, күл-талқан қылғанда жоғарыда айтқанымыздай құдай оңдап Сарайшыққа көп залал тигізбеді.
Тегінде Ақсақ Темір Алтын Орданың кей қалаларын үлкен ұрыс, қақтығыссыз басып алған сияқты. Соның бір дәлелі – Маңғыстаудағы Үстірттің батыс бөлігінде аталған дәуірде өмір сүрген Қособа қаласы. Біздің заманымыздың археолог-тарихшыларының айтуынша, ол да Ақсақ Темір әскерлері шабуылын көрместен уақыт теперішіне сай өмір сүруін тоқтатқан.
Сөйтіп негізгі әңгімемізге қайта оралсақ, XV ғасырдың алғашқы жартысында саяси күрес орталығына айналған Сарайшық арада бір ғасыр өткенде, яғни 1540 жылдары Ноғай хандығының (Ноғай Ордасының) астанасына айналды. Бұл Алтын Орда орнағаннан кейін құрылған Қырым, Қазан, Астрахан, Ноғай, Өзбек хандықтарының бірі еді. Бірақ соңғы екеуін көбіне Ноғай, Өзбек ордасы деп атады.
Ноғай Ордасы
немесе ноғайлар
Қазақстанда пайда болған ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі Ноғай Ордасы болды. Оның негізі ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қаланып, XIV ғасырдағы Едіге тұсында жалғасты да, оның баласы Нұраддиннің (1426-1440) кезінде аяқталды. Ондағы үстем тайпа маңғыттар болды. Соған сай олар өздерін «маңғыт», «маңғыт тайпасы» деп атады. «Ноғай», «ноғайлықтар», «Ноғай Ордасы» атаулары күнделікті қолданыста бірінші рет XVI ғасырдың басында пайда болды. Мекені Еділ-Жайық арасы, орталығы Жайықтың төменгі сағасы еді.
Бұл тарихи әдебиеттер дерегі. Ал егер осыны тарқата түссек, ноғайлар, Ноғай Ордасы дегеніміз кімдер еді? Олар неге Сарайшықты мекендеді?
Тегінде ноғай атауын ХІІІ ғасырдағы Алтын Орда әскерінің қолбасшысы болған Жошы ханның ұлы Батудың мағыт жігітіне тиген бір қызынан туған (жиен), кейіннен Доннан Дунайға дейінгі ұшы-қиырсыз кең өлкеге қырық жылдай иелік еткен Ноғай батыр ұлысының құрамына енген тайпалар ұрпағына қатысты қолданады. Тарихқа үңілсек, сонау бір заманда анау Алтайдан батыстағы Оңтүстік Украина, Прут өзеніне дейінгі ұлан-байтақ алқапта көшіп-қонып, шығыс деректеріндегі Дешті Қыпшақ аталатын алып даланы жел қанатты тұлпарларының болат тұяқтарымен дүбірлете желген, ерлігі ерек қыпшақтардың құрамына енген этникалық топтың ішіндегі ең көп аталатыны да ноғайлар.
Ноғай Ордасы жоғарыда айтқанымыздай XIV ғасырдың аяғында Алтын Орданың ыдырауына орай пайда болған феодалдық мемлекеттік бірлестік. Бірақ мұнда феодалдық қатынастардың дамуы бәсең болды да, билікті кінәз атқарды. Кінәз мұрагерлік атақ. Әке өлсе – балаға мұра. Ел басқару кезінде кінәзға көптеген ерекшелік тән. Ол ешкіммен келіспей-ақ соғыс ашуына, көрші елдермен достық келіссөздер жүргізуге, мемлекетішілік басқару тәсілдерін өзгертуге, қызметкерлерді ауыстыруға құқылы. Сол кезде оның өз меншігінде ең көп мал да болды. Ол Сарайшықтың өзінде тұрып, мырзалардың қолдауымен көрші елдер, сонау Мәскеу мемлекеті елшілігімен жұмыстар жүргізді.
Мемлекеттегі екінші тұлға – Нұраддин, яғни кінәздың бәйбішеден туған тұңғышы, болашақ мұрагер. Үшінші тұлға - әскербасы, немесе сол кездің тілімен айтсақ – кексуат.
Ордада мырзалардың беделі жоғары болды. Өйткені олардың өзі жекелеген ұлыстарға басшылық етіп, кінәздан кейінгі бар билікті жүргізе берді. Оның өзі де мұрагерлік қызмет еді. Кейде олардың өзі де ұлыстар арасындағы соғысты бастап кетіп, Орданың күш-қуатын әлсіретіп отырды. Мырзалар жауапкершілікте қолға түскен тұтқындарды, сатып алған құлдарды еркін пайдаланып, жұмсаушы еді. Олар құдық қазып, мал бақты, отын жинап, тезек терді, егін салды. Сол кезді көзбен көргендердің жазуынша, Ордада тұрғандарды “Сарайшық немесе Ноғай жұрты” және “ұлыс адамдары” деп екіге бөлген. Сарайшықтағы ноғай жұртының негізгі кәсібі егін көрінеді. Сарайшықта тіпті жүзім отаны – парсылардың өзінде кездеспейтін дақылдар егілген. Жаз-күз кездерінде олар қарбыз, қауындарын апта сайын 10-20 арбамен Астраханға тасып, өте арзан бағаға сатады екен.
Негізгі бұхара “Ұлыс адамдары” болған. Оларды мырзалар басқарды. Жерінің кеңдігі, айналысатын кәсіптік шаруашылық салаларының молдығы және Шығыс Еуропа мен Орта Азияны жалғастыратын үлкен керуен жолының бойында орналасуы жаңа Орданы тез арада кең әлемге танытты. Жергілікті халық негізінен мал шаруашылығымен, соның ішінде Мәскеу мен Қазан, Еділ бойының басқа да қалалары жәрмеңкелерінде ең бағалы деп есептелетін белді де беденді жылқылары мен етті де сүтті сиырлары, жібек жүнді айыр өркеш түйелері, қатығына қасық тік тұрған қойларымен аты шықты.
Сейдақ, Ших-Мамай тұсында Мәскеу мемлекетімен сауда-саттық, әсіресе өндірістік тауарлар айырбасы тіптен артты. Өйткені Сарайшық тұрғындары әлі көшпенділік тұрмыстан арылып бітпеген, өзінің өндіргіш күштері өнжеусіз, әлсіз қала еді.
Сарайшық бойында астық, арпа, тары өсірілді. Балық, бау-бақша, құс шаруашылығы дамыды. Бір кездері Алтын Орда хандары жаз болса Еділ бойындағы сарайларын тастап, салулы төсек, салқын үй деп Сарайшыққа шұбырса, енді Ноғай Ордасының күллі кінәз, мырзалары мен нұраддиндері күз, қыс болса аң қағып, құс салу, тазы жүгірту – саят пен серілік мекені деп тағы да осы жаққа бет алды. Мұнда қоян мен қасқыр, қарақұйрық пен ақбөкен, құлан мен бұлғын, аю мен қабан аулау кең етек алды. Әсіресе Жем бойы мен Үстірттің үсті ханзадалардың талайының көзіне қан толтырып, қанаттарына жел бітірді, Тақымдарына күш берді. Олар кейде үй-іші, нөкерлерімен атқа қонып, жүздеген күйі мыңдаған аңды ондаған арандарға қуып тығып, қансырап, қырылған өлім, өлекселерге мәз болды. Сол арандардың ендіктегі ескі ізі әлі күнге Үстірттің үстінде сайрап жатыр. Олардың тағы да талай ғасырларға куә болар түрі бар.
Осы тұста Ноғай Ордасының әскери күш-қуаты да орасан зор өсті. Мәселен, XVI ғасырдың алғашқы жартысында ноғайлықтар бір сәттің өзінде 300 мың қолдық әскерді еш қиындықсыз соғыс алаңына шығарып, жеңіс жалауын желбіретуге әзір еді. Ал Жүсіп сынды нұраддиндер болса, майдан даласында бір өзі 120 мың қолдық әскерді еркін басқарып, соғыс тактикасын еш қиындықсыз жүргізе берді. Бұл Ноғай ордасының басынан бақ аумай, жұлдызы жанып, өкшесі көтерілген ең ақжолтай, абыройлы шағы-тын.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Өйткені Шыңғыс тұқымдарынан қалған таққа талас, бақ үшін арпалыс әлі де мұра боп жалғасып, ауру боп асқынып жүрген-ді. Соның көрінісі - әуелі тұтас Орда Еділдің төменгі және шығыс бөлігін билеген Үлкен Ноғай, сосын Қобан (Кубань) мен Дон, Днепр аралығын мекендеген Кіші Ноғай атанып, екіге бөлінді. Одан терістік Кавказ Қазы ұлысы, Арал, Сырдария бойы Алты ұлы атанып Шеих Мамай үлесіне тиді.
Жем бойы ноғайлары азғана адамымен “жембойлық” атанып, өз алдына отау тікті. Ноғай Ордасының астанасында отырған Ысмайыл мен Жүсіптің таққа таласы басталып, ақыры соңғысы 1555 жылы қаза тапты. Бұл ат арқасында жүрген талай ноғайдың Ысмайылға қырын қарап, анау алыстан Мәскеуден көз сүзіп, анда-санда ғана қол созып отырған ағайындарына қоныс аударуына негіз қалады. Арада сегіз жыл өткенде Ысмайылдың өзі де опат болып, орнына ұлы Тінахмет отырды. 1578 жылы аталған қасиетті орын Тінахметтің кіші інісі Ораздың (1578-1590) үлесіне тиді. Одан әрі ең соңғы мұрагер Жүністің құзырына көшті. Ол да жоқ жерден Мәскеу кінәзі – қаһарлы қара Иванмен ауыз жаласып, сауда-саттықты күшейтті. Кейде бар сырын оларға ашып салып, жұт жылдары астық, дән себуге бидай да сұрап жүрді. Кейде арқадағы ағайындарға хабар салып, “Тамыр, қыс қыстауымды қайда өткізіп, жаз жайлауымды не қылсам етті, ақыл қос” деп үшбу хат та жолдады. Бұл кезде құрғақ ақылын қарша боратқан қара Иван қайткенде Орда күшін азайтам, әлсіретем деп Кавказдағы Қырымды, Еділдегі Естерекке, Естеректі еліртіп қазыға жұмсап, үритсоқты күшейтіп-ақ бақты. Сөйткенше болмай алтыбақан-алауыз атанған екі ортада Астраханды жаулап алды. Артынша Сарайшық пен Кавказды да қаратты. Сөйтіп қағанағы қарқ, сағанағы сарқ көршілір бір кездегі айдарынан жел ескен Ноғай Ордасын аз уақытта күл-талқан күйге түсіріп, кереге билікті келістіре жүргізді. Бұл орыс патшалығының үлкен шығыс пен күнгей түстікке мәңгі ашқан алғашқы алтын қақпасы еді. Бұдан әрі шидің қиындай шын мәнінде шашылған ноғайларға (1630 жылы) шығыстан бүйідей тиіп, бүйірлеп Жоңғар қалмақтары келді. Осы кезде жембойлық және сарайшықтық ноғайлардың соңғы тобы баспана іздеп Қара теңіз жағалауына ауысты. 1696 жылы Жақшит пен Ағаш мырза бастаған ноғайлардың соңғы көші Қырым хандығына барып қосылды.
Күні кеше, яғни ХХ ғасырдың басында жалпы саны жүз мыңға жуық болып есептелетін ноғайлар негізінен Дағыстан мен Қарашай-Черкесия, Шешенстан мен Кубань, Қырым мен Түркия, Румынияда бытырай қоныстанған. Біраз бөлегі қашаннан бергі ата жұрты Астрахан облысында тұрады. Бұлардың қай-қайсысы да тағдырдың ащы қамшысын мәңгі жеген өте аянышты жандар. Олай деудің негізгі себебі ноғайлардың әлі күнге өз ана тілінде мектебі, оқу орындары жоқ. Кітаптары да анда-санда әр жерден там-тұмдап сирек шығады. Астрахан ноғайлары “кундр татарлары” атанып, керек десе өздері де татар тілінде, Дағыстанның Хасав-Юрта, Баба –Юрта (Хасау жұрты, Баба жұрты) аудандарындағы ноғайлар құмық тілінде сөйлейді. Қырымның солтүстік далалық бөлігін мекендеген ноғайлар 1926 жылғы халық санағында-ақ ұлтын қырым татары деп көрсеткен.
Қазақстанның батысын мекендеген рулардың ішінде әлі күнге өздерін ноғай-қазақпыз деп атайтын біраз тұрғын бар. Олар өздерінің арғы аталары деп Едігені таниды. Ал аталығын анықтап, бөлік-бөлікке үңіле түссек, кәдімгі үйсін, жембойлық ноғай, тағы-тағысына бөліне түседі. Әлкей Марғұлан мұндай ноғайлықтарға тән рулардың Қаратау бойында кездесетінін де айтады.
Әңгіме орайында кейінгі кезде біздің елімізде ноғайлар, Ноғай Ордасы жайлы аз жазылған жоқ. Тіпті Әнес Сарайдың «Ноғайлы», Аманбай Құнтөлеұлының «Едіге және Ноғай Ордасы» кітаптарын атаса да болар еді.
Батыс Қазақстанда бұл күнде жеке ру болып жүрген «Ноғай қазақ» атты ру бар. Олар қайдан шықты, қашаннан бері бар? Бұл ретте түрлі әңгімелер кездеседі, бірақ көбі ауыз екі аңыз ғана. Ал біз соны нақты тарихи әдебиеттер беттерінен іздесек, аталған атау қазақтар арасында ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап белгілі болған. Оған себеп Ресей императоры Елизавета Петровнаның пәрменімен Қырым хандығына бағынатын Кубанның күнгей бетіндегі (салтан ауыл, сары әскер) ноғайларды күштеп Орынбор бекінісі бойына яғни башқұрттар мен қазақтар арасына сыналап орналастырады және сол 1744 жылдың 27 шілдесінде «Орынбор губерниясында орналасқан барлық келушілерді Орынбор казачествосына енгізу туралы» жарлық шығарады. Әйтсе де өздері енді ғана қоныстанып жатқан көшпенділер бірден казачество қол астына кіріп, қызмет ету тәртібін қабылдағысы келмеді. Ақыры араға бір жыл түскенде Кубан жазығынан қуылып келген 100 түтін бір түнде құбыла тұстағы Кіші жүз ханы – Нұралының қол астына көшіп кетті.
Әуелден «Ноғай мен қазақ – бір қазан» (Ноғайдың мақалы), жаңа көршіні Нұралы хан жатсынбады, қазақтар арасына тарыдай шашырап, еніп кетті. Кейін Бөкей сұлтан бастаған Кіші жүз қазақтары 1801 жылы Еділ-Жайық ортасына қоныстана бастағанда тұрмыс салты, өмір сүру дәстүрі қазақиланған ноғайлар ұлы көштен қалған жоқ, ноғай қазақ руымен мәңгілік қазақ болды.
Кезінде 1773-74 жылдары патшалы Ресей әкімшілігі тәртібіне көндіге алмаған қарағаштар қазақтарға қосыламыз деген ұсыныс тастады. Бірақ орыстар бұл ұсынысты қабылдамады. Өз ішінен қояс, үйсін, қостаңбалы, қазан құлақ деп бөлінетін ноғай қазақ руының адамдары Бөкей Ордасындағы 1829 жылғы санақта 500, 1888 жылы 2 мың, 1926 жылы Талов, Жәнібек, Орда, Азғыр болыстарында 5696 адамға жеткен. Ал осы кезде төменгі Еділ бойында да осынша шамада ноғайлар өмір сүріп жатқан еді.
* * *
Алтын Орда құлағаннан кейінгі 15-20 жылдағы Сарайшық тағдыры немесе оның гүлденіп, сәулеттенуі тікелей Едіге есіміне байланысты еді. Ол жайлы біздің тарихымызда “Шын мәнінде Ноғай (Маңғыт) Ордасының негізін қалаған Едіге болып табылады. XIV ғасырда саяси аренаға шығып, Алтын Орданың уақытша билеушісі болып алған Едіге 15 жыл бойына (1396-1411) Алтын Ордадағы бүкіл билікті өз қолында ұстады”, деп жазылады.
Едіге өлгеннен соң Алтын Орда енді қайтіп дәм-тұзы бірікпейтін дәрежеде бөлшектеніп, Еділдің екі бетін мекендейтін Батыс және Шығыс бөлікке бөлінді. Шығысындағы қан төгіскен феодалдық өзара қырқысу 1429 жылы тоқтап, көшпелі өзбектердің басында Шайбани әулетінен өрбіген Әбілхайыр хан билік құрған мемлекет пайда болды. Соңыра осының өзінен Сібір мен Қазақ хандықтары, Ноғай Ордасы деген мемлекеттер пайда болды. Орда хандықтарға қарағанда сәл кейінірек XVI ғасырдың алғашқы жартысының аяғына таман құрылды.
Батыс бөлігінде жоғарыда айтқан XV ғасырда Қырым, Қазан, Астрахан хандықтары мен Үлкен Орда пайда болды.
Осы арада Қазақ хандығы мен Ноғай ордасының дамуындағы сабақтастық пен тұтастықтың да барлығын естен шығармауымыз керек. Өйткені ноғай мен қазақ халықтарының тағдыры да, тарихи дамуы да біртұтас. Аумақтық орналасуы, рулық, тайпалық құрамы да ортақ. Соған сай қазақтарда кездесетін қоңырат, найман, арғын, қаңлы, қыпшақ, кеңгерес, қарлұқ, алаша, тама рулары Ноғай Ордасы құрамында да болды.
Сондай-ақ қазақтар мен ноғайлардың территориялық орналасуы да бір-бірінен айырмасыз болып келеді. XVI ғасырдың басында, Қарақұмда, Каспий теңізінің солтүстік шығысында ғұмыр кешсе, олардың батыс шекарасы Еділдің Бозан тармағына жетіп құлайтын. Бұл бір жағынан XVI ғасырда қазақ хандығына иелік еткен Қасым ханның да жері. Сөйтіп Ноғай Ордасы XVI ғасырдың 40-жылдары Қазақ хандығы күрт әлсіреп кеткен кезінде, Қасым хан қайтыс болғаннан кейінгі феодалдық кикілжің күшейген тұста дүниеге келген.
Ал Қасым хан болса, Жәнібек балаларының арасындағы атақтысы.
Ол Сарайшықта 1520 жылдары қайтыс болып, туған қаласында жерленді.
Оның артында қазақ мемлекетінің алғашқы ата Заңы іспетті “Қасқа жол” атты заңдар жинағы қалды.
Жоғарыда сөз еткеніміздей Алтын Орда ресми түрде XIV ғасырдың аяғында күйреп біткенімен, із-түзсіз жойылып кеткен жоқ, шағын-шағын хандықтар әлі де өмір сүруде еді. Ал түпкілікті жойылуы туралы мына бір жайларды да еске алу керек.
XV ғасырдың аяғында Түмен ордасының ханы Меңлікереймен ауыз жаласқан Мәскеу кінәзі – Иван үшінші бірлесе келіп, қайткенде де Алтын Орда ханы Ахметтің көзін құртпақ болады. Сөйтіп 1481 жылы Ибақ пен Меңлікерей ұйқыда жатқан Ахметті қапыда қан қаптырады да, Мәскеудегі тапсырыс берген тамырларына “Тілегің орындалды!” деген қуанышты хабар жолдайды. Кейіннен 1502 жылы Алтын Орда сарайлары қиратылып, мешіт-медресе, адамдар мүрделеріне шейін тапталады, тіпті түйір тастарына дейін уатылады. Бір қызығы, қылышынан қан тамған Шыңғыс хан ұрпағының алтынмен айшықталып, күміспен апталған ғажайып сарайлары, Бату құрған ұлы мемлекет басқа емес, сол баяғы Шыңғыс ұрпақтарының өз қолымен құлатылып, өз қолдарымен құртылды. Бату хан тарапынан күшпен құрылған ислам өкіметі Иванның рахметіне мәз болған Меңлікерей тарапынан құлатылды. Орыстың тәуелсіз мемлекеті құрылды. Енді олар өзге емес, сол баяғы түстігіндегі елдерге түпкілікті көз аларта бастады.
1552 жылы орыс мемлекетінің тұңғыш патшасы – “ұлы кінәз” IV Иван Грозный Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Бұл олардың енді тек Еділ өзенінің өн бойына қожалық етіп, Каспий теңізіне еркін шығуына даңғыл жол ашты. Осы шақта біз әңгімелеп отырған Сарайшық қайта өркендеп, дәуірлеген сәулетті қала еді. Оны кезінде Иван төртіншімен көңілдес, дос болған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсонның 1558 жылы жазған мына бір жазбаларынан айқын аңғаруға болады.
- Теңізден бір күндік сапар қашықтықта үлкен, терең өзеннің жағасына салынған, гүлденген, күмбездері көп Сарайшық қаласы бар екен. Бұл қаланы орыс патшасы Иванмен достық байланыстағы татар кінәзі Ысмайыл мырза билейді екен.
Бірақ ағылшын көпесі жазғандай орыс патшасы Ысмайыл мырзамен қанша достық реуіште болса да түпкі ойы басқа еді. Қазан мен Астраханды басып алған ол енді Каспий арқылы Жайыққа шығып, Сарайшықты да иемденсем деген ойдан ада емес-ті. Бірақ бұл кезде Сарайшық ханы Ысмайылдың Ресейге шынымен де бүйрегі бұратын. Ал оның ағасы Жүсіп болса орыстан гөрі көңілі Қырым хандығына ауатындығын кезінде жасырмаған-ды. Керек десе Герей хандармен байланысы да жақсы еді. Ал Сарайшық пен Қырым хандығы бірігіп кетсе, олардың алдында ғана азар деп тізгіндеп алған Қазан, Астрахан хандықтарымен қайтадан ұштасуы, сөйтіп бой алдырмай кетуі тіптен мүмкін ғой. Онда Иван IV-нің тағы да сан соғуы ықтимал. Мұндай қолайсыздыққа жол бермеу үшін, алдымен Қырым хандығына қарағанда аз да болса әлсіздеу Ноғай хандығын жаулап алса ше?! Егер Сарайшық алынса, Қырымды қысу қиын емес-ақ.
Бұл кезде бір шеті Кубань мен Дон, Еділдің төменгі сағасы мен Жайық бойын жайлап жатқан Ноғай ұлысының ішкі жағдайы да онша керім емес еді. Сол баяғы Алтын Орда хандығы сияқты мұнда да өз ішінен қырқысу, тақ пен мансап қуған мырзалар мен бектер Орданың этникалық тұтастығын жою алдында ғана тұрған. Осындай “құланның қасынуына мылтықтың басылуы” сәйкестенген сәтте орыс әскері Ноғай Ордасының астанасына 1578 жылы ойда жоқта ие бола кетті. Әйтсе де “ие бола кетті” деген аты болмаса, иеленген қаһарлы Иван емес, бір кездегі Еділ, Дон өзендері бойларындағы үйсіз-күйсіз жосып жүрген қарақшы казактар еді.
Ал ол қалай болды?
Шындығында, Иван Грозный Сарайшықты тап осылайша оп-оңай “қалпақпен ұрып алам” деп ойлаған жоқ еді. Өйткені орыс кінәздіктерін 267 жыл бойы уысында ұстап, жақ аштырмаған татар-моңғол, Дешті Қыпшақ мемлекетінің айбары әлі де мол болатын. Сондықтан оларды абайсызда алдап соқпаса, не аса мол күшпенен алды-артына қаратпай таптап өтпесе, әншейіндегі өгіз аяңдап адымдаған аяғының аспаннан келуі де оңай-ақ еді.
1500-1520 жылдардан бастап, Дон, кейін Еділ өзендері бойында әуелі аз-аздан, бірте-бірте 200, 300, тіпті 600-ден жалпақ қайықтарға тиеліп, кездескен керуен, кемелерді тонап, қысы-жазы жол торып, қамысты, тоғайлы жынысты паналап, қосын-қосын боп шуласып жүретін “казактар” дейтін қарақшы еркектер пайда болды. Мемлекеттегі қатал тәртіп, күнкөріс қамымен қала, деревнялардан қашқан крепостной шаруалардан құралған бұл топ әуелгіде қауқарсыз сауда кемелері мен көлікті керуендерді тонап күн көрсе, уақыт өте Каспий теңізіне шығып, аталған жауыздықтарын ұлғайта түсті. Өздері де балық аулап, күз түсе Жайық, Жем өзендері бойларынан қыстап шығар қолайлы орын іздей бастады. Әйтпеген жағдайда бұлардың да арттарына түсіп, құйрықтарына қалжауыр байлап қояр IV Иван, оның қатал тәртібі бар екені белгілі еді. Казактардың Каспий теңізіне шыққандағы алғашқы тұяқ іліктірген топырағы Жем сағасы. Содан кейін ғана Жайық бойы, Плотовин мекені еді. Жоғарыдағыдай қиындықтар кезінде олар:
Как вы думайте, братцы, да думайте,
Меня, Ермака, вы послушайте!
Проходит, други, лето теплое,
Настает зима холодная –
И где-то мы, други, зимовать будем?
На тихий Дон идтить-переход велик,
А на Яик пойдтить – так ворами слыть,
А под Казань грести – государь стоит.
У государя силы много-множество,
Не много, не мало – сорок тысячей.
Там, нам, казакам, быть половленным,
По темным темницам порассаженным,
А мне, Ермаку, быть повешенным – деп те зарланды, запыран құсты.
Күндер өте Жайық жағасындағы қалың қопа арасына тығылған әуелгі 30-40 адам емін-еркін өмір сүрді. Керек болса жергілікті тұрғындардың малдарын да қуып кетіп, күнкөріс қамын жасап отырды. Егер бұрынғы казак офицері, Қазан төңкерісінен соң Францияда эмиграцияда болып, сонда дүниеден өткен А.Гордеевтің төрт томдық “Казактар тарихы” кітабындағы мына сөздерге сенсек, Василий Гугня бастаған өңкей бала-шағасыз 30 еркекқос осы маңайдағы (Жайық бойындағы Ө.Ә.) жергілікті тұрғындарды байқап қалып, ондағы ағайынды үш жігітті өлтіреді де кішісінің сұлу әйелін өзара саудаға салады. Ал мұндай іргеден ылаң шығарып, отбасыларына бақытсыздық әкелген қоңсыларға жергілікті халық та иіліп төсек, жайылып жастық бола қоймайды. Керек болса келімсектердің үйлерін өртеп, егінін таптап, балық аулау құралдарын алып кетіп отырды.
Бірақ осы сияқты тиіп-қашып, болмаса түпкілікті түбіріне балта шабыла соққы көрмеген қонақтар мұндай қарсылыққа пысқырып та қарамады. Қайта суында балығы мол, егін салар алқабы да жетерлік жерге күн санап көбейіп, қара құрттай қаптады. Бастары өсіп, батылдығы арта түскен казактар үшін ендігі ең маңызды мақсат – мынау қазыналы қыпшақ даласы – Жайық бойына түпкілікті орын теуіп, тұрақты қоныстануы еді. Ал ол үшін алдымен өздеріне бірден-бір қарсылық көрсетер Ноғай Ордасының орталығы – Сарайшық қаласын жаулап, жоқ қылу керек. Бұл жолда олар өз күштері емес, сонау Сібір бойлап, осы қозғалуы қиын, қобалжуы аз халықты қынадай қырып, күннен-күнге күнгей бетке өрлеп келе жатқан қанды шеңгел қандастары – Ермакты да көмекке шақырды. Ал бұл ұсынысты анау алыста жатса да қос қолын көтеріп, жүрегі жарылардай боп қуаттап отырған Строганов сынды алпауыт та бар еді. Сөйтіп олар 1578 жылы мұздай қаруланған күйі Сарайшық қаласы қайдасың деп тартып берді.
Әйтсе де бұл арада Ноғай Ордасының басшылығы осындай бетегеден биік, жусаннан аласа боп кеп, қамысты қалқан, жапырақты желкен еткен Жайық бойының жасырынбақ ойнаған жандарының күле кіріп, күңірене шығуы былай тұрсын, барған сайын қоқан-лоқы жасап, адам өлтіру, ақ-адал малдарын ұрлап, тартып алуға дейін барып отырғандығын жақсылық деп танымады. Тіпті мұндай қанпезер көршілердің оспадарсыз қылықтарына жоғарыда айтқанымыздай өз тараптарынан қадари-халінше қарсылық та білдірді. Керек десе, ол жайлы анау алыстағы Мәскеуде жатқан IV Иванға да әлденеше рет ескертті. Бірақ бұрыннан Ысмайылмен доспын деп, арам ойын ішке бүккен орыс патшасы бұл наразылыққа тіптен қылия қарамады. Қайта қайтсем де тырнағы батып, тісі өткен қыпшақтар, болмаса әуелден ауызекі тілде қалыптасқан татар-моңғолдардан өш алу ниетінде жүрген. Сондықтан ол казактардың Сарайшықты тезірек жаулап алғанын қалады. Ал бұл кезде қарақшы казактар болса, ұрысты бастап та кеткен.
Олар бұл ұрысқа үлкен дайындықпен келді. Есесіне ештеңеден хабары жоқ сарайшықтықтар қаннен-қаперсіз күн кешіп жатқан.
Қашаннан қарақшылықпен аты шығып, жол торыған қаныпезерлер кімді аясын, көзіне көрінгеннің бәріне қан жұтқызды, қарайғанды жер жастандырды. Адамдарды өлтіріп, құрылыстарды қиратты, мүрделерді бір-бірлеп қопарып, алтын-күміс іздеді, бағалы заттар олжалады. Олжалау өз алдына, бейіттердегі адамдар сүйегі, әсіресе хандар мен бектер басын бір жерге үйіп қойып, күллі халықтың көз алдында от-жалынға орап, өртеді. Көз ашқалы ғаламдағы қақтығыс пен қантөгістің талайын естіп-білген сарайшықтықтар тап мынандай жауыздықты әлі еш жерден кездестірмеген-ді. Орыс хан (Сарайшықтың соңғы ханы, кей әдебиеттерде Ораз хан деп те атайды) айуандықпен өлтірілді. Бұдан әрі сарайшықтықтарға туған қаласын қорғамақ түгілі, бас сауғалап, жан сақтаудың өзі қиынға түсті. Ақыры “балапан басына, тұрымтай тұсынаның” кері келіп, тым-тырақай қашып, босудан басқа амалдары қалмады. Бірақ қандас дегенде Астрахан хандығы жау қолында, мүмкіндік болса, Үргенішті бетке алып, үзеңгіге аяқ салу ғана. Өмір мен өлім аузындағы көптеген ноғайлықтардың соңғы шешімі осы болды.
Әйтсе де, шақырусыз қонақтар біздің міндет жаулау деп Сарайшықта қарсы келгенді қырып, қалқайғанды қиратып, алға оза бермеді. Сонымен қатар арттарына қоныстанушы қандастарын қалдырып, мәңгілік тұрақтандыруды да негізгі мақсаттарының бірі деп санады. Өйткені сулы, нулы Жайық бойы оларды қатты қызықтырды. Ал ондай жерден қол үзу күндіз-түні қайық төсеніп, айдын төсін алақтап жүрген жартылай тағы қарақшылар үшін кешірілмес күнә еді, бұны олар дер кезінде түсіне білді. Сөйтіп осы күнде “Бұл біздің ата қонысымыз, ендеше Жайықтың Урал аты да, заты да әр уақыт казактарға тиесілі” деп ала өкпе боп, айқай сап жүрген казактар өлкемізге осылайша аяқ тіреген болатын.
Күндер өте аталмыш өзен бойына қамалдар салынып, станицалар тұрғызылды. Айдынға ау тасталынып, әлімсақтан осы жерде күн кешушілерге жұдырық көтерілді. Көз алартып, көлденең тұрғандарды құрыққа сырық байланып қуылды, артына шала қыстырылып, итжеккенге айдатылды, бұл пәнимен қоштасты. Ақыры “құтырғаннан құтылған, малым жанымның садағасы” деген жергілікті халық от-суын алысырақ жерден іздегенді жөн көрді. Бір сөзбен айтқанда, ноғайлықтардың Жайық бойынан ығыстырылуы Сарайшықтың да қала ретінде қайта өркендеуін доғарып, тек тарихи ескерткіш ретінде есте қалуына ғана мүмкіндік берді. 1580 жылы бұл жер орыс патшалығының құзырына түпкілікті беріліп, билік IV Иванның қол астына көшті. Қаланың қалған құрылыстары да бірте-бірте бұзыла бастады, күйдірілген кірпіш тастарынан салынған сәнді үйлер тұрғызды. Атырау қаласындағы шіркеу құрылысы мен оның жөндеу жұмыстарына тіпті Орал қаласындағы шіркеуді салуға да аталған қала тастары пайдаланылды. Ақыры ол 1812 жылы ең соңғы тарихи үйінен де айрылды.
Міне, бұл пікір-дәйектерді бұған дейінгі тарихшыларымыздың көбі қолдап келген Карамзиннің еңбектеріне сүйене отырып айтудамыз. Бірақ тарихшы, профессор Б.Ермұқанов «Сарайшықтың 1580 жылы күйреуі онша дәл де емес. Казактар қалаға тұтқиылдан шабуыл жасап, жаулап алғанымен, ұзақ тұра алған жоқ. Соған сай тып-типыл етіп, құлатуға да мұршасы келмеді. Өйткені көшпенділердің ерте ме, кеш пе, бәрібір өкше ізіне түсіп, кек алатындықтарына сенді де, ілгері озып, қаша берді. Қолдарымен тұрғызған Жайық қаласы да көз алартқан көшпенділер қоршауында, далада қаңқиып жалғыз тұрды - дей келіп, - зайыры тарихшы Сапарғалиевтың Сарайшық қалпына келтірілмей, жартылай құлаған қалпында қалды деген болжамы дұрыс. Тегінде, Сарайшық Еділ мен Жайық өзендерінің арасына қалмақтар келуіне байланысты түп орнымен құлап, тып-типыл болған тәрізді» дейді. Бұл пікірге белгілі дәрежеде қосылуға болады. Өйткені казактар бейіттерді шағып, қопарғанмен үй-жайларды бастан-аяқ құлатқан жоқ және түп-түгел жоғары өрлеп қашқан да емес, кәдімгі ұрыс-талассыз өзара бөлісіп, иеленді, мекендеді. Соған сай Сарайшық қаласының пұшпағы күні кешегі ХІХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін өмір сүріп, ежелгі түрмелері қаз-қалпында казактар кәдесіне жарап тұрды. Оны халқымыздың қайсар ұлы Исатайдың осында (1823 жылдың қарашасында) қамалып, отырғандығымен дәлелдеуге де болар еді.
Сондай-ақ Б.Ермұқановтың “Тарихшы ғалымдардың Бату Сарайы мен Берке Сарайы және Жәдид Сарайын шатастырып жүргендігі, шындығында Сарай – Астрахан облысының Харабайлы ауданындағы Селитрен селосына жақын орналасқан қалашық. Ал Волгоград облысындағы Царево жұртын Әл Жәдид Сарайы деп білу керек. Олардың екеуі де Алтын Орданың астанасы болған. Біріншісі – ескі Сарай да, екіншісі – жаңа астана. Бұлардан бөлек Берке Сарайы деген дербес қала болған жоқ. Сондықтан Берке Сарайы мен Әл Жәдид Сарайын шатастырмаған дұрыс” деуінің жөні бар. Өйткені бұл Г.А.Федоров-Давыдовтың зерттеулері негізінде әлдеқашан дәлелденген де еді.
Жалғасы бар....