ПАРАСАТТЫ ҒАЛЫМ, ТАЛМАС ЕҢБЕКҚОР

ПАРАСАТТЫ  ҒАЛЫМ, ТАЛМАС  ЕҢБЕКҚОР

 Әли Әжімұлын мен сонау 1986 жылы Атырау ұстаздық институтындағы КОКП тарихы және саяси экономия кафедрасында ғылыми-оқытушылық еңбек жолын алғаш бастаған тұста кездестіріп, оның жақсы болашағының болатынына қалтқысыз сенгенмін. Себебі, жас оқытушы кезінен-ақ ол өзін берік білімі мен білігі бар жан екендігін бірден танытты. Екеуара әңгімемізде, кафедрадағы мәжілістерде оның ғылыми диапазонының кең ауқымдылығы бар қырынан көрініп тұратын еді. Мұндай пікірді Әлидің кафедрадағы әріптесі әрі осы қызметтегі бірінші ұстазы болған Ерен Ізбасов ағамыздан да естіп, шын қуанатынбыз. Сол кезде жас болса да біраз тәжірибе жинақтап қалған әріптесі, кейін экономика ғылымдарының докторы болған, Ақтөбедегі бір институтты басқарған Нұрышев Ғалымжан ініміз де оған жақсы баға беретін. Ал, кафедра меңгерушісі, білікті тарихшы-ғалым Сүйеу Тілепов ағамыздың қояр бағасы тіптен жоғары болатын. Оқытушы еңбегін дұрыс бағалайтынның көбісі оның дәрісін тыңдайтын студенттер екені белгілі ғой: мен де Әлидің жоғары курстардағы шәкірттерінің жылы лебізін естіп, марқайып жүрдім, реті келгенде оның өзіне де айтып, осы бағыттан таймауына тілектестік білдірдім. Ол көп ұзамай аға оқытушылық деңгейіне жетті.

   Әли кафедрадағы, институттағы ғана емес, қала, облыс ауқымындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатынасып келді: Гурьев экономикалық клубының төрағасы, облыстық «Білім» қоғамында дәріс оқушы (аймақ кәсіпорындары мұнайшыларына өндірісті басқару мен ұйымдастырудың жаңа әдістері бойынша дәріс оқыды), республикалық «Білім» қоғамының дәріс оқушы-рецензенті міндеттерін атқарды. «Теңіз достарды  қабылдайды!» фестивалін ұйымдастыру жұмыстарына үлкен  жігермен қатысты.

   Екі жылдан басқа жұмысқа ауысып кетсем де, ініміздің кейінгі жетістіктеріне назар аударып отырдым. Әли бәріміздің де артқан сенімімізді толық ақтап шықты. Бұған ол 2015 жылы Атырау мұнай және инситутының басшылығына келгенде толық көз жеткіздім.

   Ә. Әбішев бүгінде белгілі ғалым-ұстаз, танымал экономист, экономика ғылымдарының докторы (2000), профессор (2002), Еуропа ғылым және өнер академиясының (Зальцбург қаласы, Австрия), «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының (Алматы қаласы), Халықаралық инженерлік академияның (Мәскеу қаласы), Ресей гуманитарлық ғылымдар академиясының (Санкт-Петербор қаласы), ҚР Ұлттық инженерлік академия-сының, Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері (2002) ретінде құрмет пен абыройға бөленуде.

ӘЛИ ӘБІШЕВ

   С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университетті) 1986 жылы тәмамдаған ол соңынан Ленинград мемлекеттік университетінде (1993), АҚШ–тағы Кентукки штатының университетінде (1993) оқыған. Неміс Академиялық алмасу қызметі шәкіртақысын (1994) иеленді және Германияның үш университетінде тағылымдамадан өтті. Білімін жетілдіру мақсатында Жапонияда (2006), АҚШ-тың Монтана штатындағы университетте (2012) оқыды. 1992 жылы - Ленинград мемлекеттік университетінде экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін, ал, 1999 жылы - Санкт-Петербор мемлекеттік университетінде экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін тиісті диссертацияларын сәтті қорғап шықты.

   Оның бізден соңғы ғылыми-ұстаздық қызметі де ерекше назарды талап еткендей. 1989-1993 жылдары - Ленинград мемлекеттік университетінің аспиранты, 1993-2005 жылдары - Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, деканы, бірінші проректоры, 2005-2012  жылдары - Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры, 2012-2013 жылдары Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетінің ректоры, 2015 жылдың 12 ақпанынан 2018 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 шілдедегі Қаулысымен «Атырау мұнай және газ университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылған Атырау мұнай және газ институтының ректоры болып, абыройлы еңбек етті, соңғы оқу орнын университетке айналдыруда оның сіңірген еңбегі ерекше болды. Қазір Алматы қаласында ғылыми-ұстаздық жұмыстарын жалғастыруда.

   Сондай-ақ, парасатты ғалым, абзал азамат Ә. Әбішев 2001-2005 жж. ҚР БҒМ ЖАК экономикалық ғылымдар бойынша Сараптамалық кеңесінің төрағасы, 2005-2012 жж. ҚР БҒМ ЖАК Президиум мүшесі, 2006-2011 жылдар аралығында «НұрОтан» партиясы Алматы қалалық Саяси кеңесінің мүшесі болды. 2013-2015 жылдары Халықаралық көшбасшылық институтының директорлығымен қатар Орталық Азия Менеджменті қауымдастығының Президенті қызметін атқарды. Бұған  қоса, 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының Басқарма мүшесі, Тете-Президенті міндеттерін қатар атқаруда.

   Еңбекқор жан өзінің жан-жақты білімдарлығының көмегімен экономика ғылымының теориясы, әдістемесі және тәжірибесі, экономикалық саясат, ұлттық экономиканы әртараптандыру және технологиялық жаңғырту, ҚР мұнай-газ саласын дамыту, баламалы энергетика, сондай-ақ қазақстандық білім мен ғылымды реформалау және жаңғырту мәселелері бойынша 200-ден астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 3 монографияның («Жер қойнауын пайдалануда нанотехнологияны қолданудың өнеркәсіптік келешегі» атты бірінші және жалғыз ғылыми еңбекті қоса алғанда), 7 оқулықтың, 5 оқу құралының, 2 сөздіктің авторы болып отыр. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Экономикалық классика» редакциялық алқасының мүшесі. Қазақстан Республикасының Үздіксіз экономикалық білім беру концепциясын, Қоғамның технологиялық дамуы концепциясын әзірлеуші-автор. 2003 жылдан бастап бүгінге дейін «Қазіргі экономика мәселелері» халықаралық ғылыми-сараптамалық журналы (Ресей) бас редакторының орынбасары. «Эразмус плюс» халықаралық ұйымының ұлттық сарапшысы. «Технологиялық өндіріс тәсілінің қозғалысы» (1998), «Технологиялық өндіріс тәсілінің әлеуметтік-экономикалық эволюциясы» (2000) атты монографияның; экономикалық ғылым теориясы мен методологиясы проблемалары бойынша 70-тен астам ғылыми мақаланың авторы.

   Көп жылғы жемісті және ерен еңбегі үшін Әли-ғалым ҚР «Құрмет» орденімен (2011), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011), Қазақстан Республикасы Президентінің 7 алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрінің 4 Құрмет грамотасымен, М.В. Ломоносов атындағы орденмен (Ресей)(2009), ҚР БҒМ-ның Ы. Алтынсарин атындағы медалімен (2004), ҚР ЖОО қауымдастығының А. Байтұрсынов атындағы медалімен (2011) марапатталды.

   Үш тіл меңгерген азамат: қазақ (ана тілі ретінд), орыс (жетік), ағылшын (еркін) тілдерін біледі. Отбасылы, екі баласы бар. Бүгінде Алматы қаласында еңбек етеді.

   Осындайын талмас ғалымға, ардақты ұстазға өзі ғылыми-оқытушылық қызметін алғаш бастаған Х. Досмұхамбетов атындағы университеттің 70 жылдық мерейтойына орай құттықтау лебіз арнап, ұзақ ғұмыр мен жаңа табыстарға жету қуанышын, отбасылық бақытты тілейміз!

Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,

Қазақстан  Республикасының 

Мәдениет  қайраткері, 

өлкетанушы-тарихшы

Атырау қаласы,

2020 жылғы  21  маусым

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты