Мәскеуде жүргеніме екі аптадай уақыт өткен. Күнде кешке Әлжан ағамен телефонмен сөйлесуді әдетке айналдырған болатынмын. Бір күні Әлекеңнің үйіне өзім бардым. Екеулеп отырып фото альбомын қарадық. Түрі ескірген үш-төрт суретке көзім түсті.
-Бұл кімнің суреттері еді?-деп сұрадым.
-Мына отырған адам менің әкем Мүсірбек болады. 1905 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек деген елді мекенінде туып, қазіргі Өзбекстандағы Бостандық ауданына қарасты 1987 жылы Табақсай елді мекенінде қайтыс болды. Өте шебер адам болған болатын. Үкіметтің жұмысынан қолы босай қалса, жұртқа жалданып үй салатын еді. Әкемнің шеберлігі маған жұққан сияқты. Бүгінге дейін үйімізге бірде-бір рет сантехник шақырып көрмеппіз. Барлық жөндеу шаруашылығымен өзім айналысатынмын.
Ал мына суретте әкемнің қасында отырған анам-Прасковья Жиронкина. Анам Украинада туған екен. Ашаршылық жылдарында нағашы әжеммен бірге көшкіндерге еріп Өзбекстанға келген ғой. Әкемнен төрт жас кіші болатын. Екеуі жанұя құрып, Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданына қарасты Табақсай дейтін елді мекенге көшіп келеді. Тоғыз құрсақ көтерген екен адам екен анам. Алдыңғы бес балалары нәресте кезінде шетінеп кеткен. Кейінгі төртеуі аман-есен өрбіп шығыпты ғой, әйтеуір. Бұл сурет алпысыншы жылдары Табақсайда түсірілсе керек.
Ал мынау әкемнің інісі Сыздыхан ағамның суреті. Мен бұл кісіні еш уақытта көрмеппін. Ауылдан жыраққа кеткеніме біраз болды ғой. 1963 жылдан бері басқа қалада тұрып келемін. Естуімше, Сыздыхан ағам өте қайратты кісі болған көрінеді. Өмір бойы шахтада жұмыс жасапты.
-Әкем зейнеткерлікке шыққан соң туған-туысқандарын іздеп Қызылорда мен Жезқазғанға жиі баратын болды. Мына сурет 1979 жылы Сәтбаев қаласындағы Төлеген ағамның жанұясында түскен сияқты. Мұнда Айғаным жеңгем мен немере апам Қатира және немере қарындасым Күләш бар. Мен бұл суретті Төлеген ағадан сұрап алған болатынмын,-деді.
Мүсірбек Жармұхамедұлы үш ағайынды кісі болыпты. Өзі ашаршылық жылдарында Өзбекстанның Шыршық дейтін қаласына жұмыс іздеп барған көрінеді. Ал ағасы Сүлеймен мен інісі Сыздыхан Қырғызстанға ауып барып, кейін Жезқазғанға көшіп келіпті. Соғыс жылдарында Сүлеймен майданға алынып, одан оралмаған. Қалғандары Жезқазған облысындағы Сәтбаев қаласында тұрған екен. Алпысыншы жылдары Сүлейменнің үлкен ұлы Төлеген сұрастыра жүріп, Табақсайда тұратын Мүсірбек ақсақалды тауып алады. Қалған уақытта Мүсірбек ақсақал ағайындарымен қатынасын үзбеді. Ал Әлжан болса бұл ағайындарымен кейінірек қауышады. 2008 жылы Мүсілім Дайырбеков дейтін азамат Әлжан Жармұхамедовты Алматыға шақырады. Сол кезде Қазақстанда тұратын ағайын-тумалары іздеп келіпті. Осыдан бастап олармен жиі хабарласып тұрған көрінеді. Қызылордаға, Астанаға барғанда сол ағайындарымен кездеседі екен.
Бұл Қызылордада ағайын-тумаларымен бірге түскен сурет.
Астанада түскен бұл суретте Әлжан Жармұхамедов Төлеген ағасының балаларының ортасында тұр.
-Мына суреттер Әлжан үшін өте ыстық,-дейді Әлекеңнің жұбайы Лариса Петровна сөзге араласып,- соңғы жылдары ескі альбомдарды жиі қарайтын болып жүр өзі. Сірә, үлкейгеннің белгісі болар.
Айтпақшы, үлкейгеннің белгісі демекші, жақында Әлжан аға ауруханаға жатып шығыпты. Жүрегіне ота жасаған екен.
-Еш уақытта ауырып көрмеген болатынмын. Ауруханаға жатасың дегенде өзім таң қалдым,-дейді.
-Жүрегінің соғысын бақылайтын аппарат салып қойған екен. Ертесіне соны тексеріп отырса түннің бір уақытында жүрегі тоқтап қалыпты. Дәрігерлер әй-шәйға қарамай госпитальға апарып салыпты. Көп кешікпей жүрегіне ота жасалды. Қазір жүрек қағысын бақылап отыратын чип салып қойды. Телефонмен сөйлескенде тұтқаны сол қолымен ұстауды, метродан тексеретін камерадан өтпей айналып өтуді талап етіпті. Осыны айтып отырғанда Лариса Петровнаның көзіне жас келді. Балаларына телефон шалып, әкесінің ауырып қалғанын айтып абыр-сабыр болып қалыпты. Құдайға шүкір, қазір тәуір екен. Бұрынғыдай жаттығу жасамайды. Көп уақытын үйінде өткізеді. Кітап оқып, ескі суреттер қарайды. «Жаппастар кезінде батыр ру болған екен. Оны мен мына кітаптан оқыдым»-деп Ільяс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын көрсетті. Тіпті әйеліне оқыған кітабының мазмұнын айтып берсе керек. Бір сөзбен айтқанда, Әлжан ағаның көңіл күйі жақсы.
Біраз суретті телефонға түсіріп алдым. жолда кетіп бара жатып еріксіз ойлап отырдым. Лариса жеңеше екеуі бірін-бірі «мәпелеп» отырған адамдар екен. Ара-қатынастары ерекше жылылықты аңғартады. Өмір-бақи сыйласқан адамдар сияқты. Елін сағынатын болуы керек, өзі Қазақстанға жие келіп тұрғысы келеді. Сірә жырақта жүрген адамның арманы шығар деп ойладым ішімнен...
Қабибек Мұхитов.