Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
АҚ ЖАУЫН
-Сiз кiмсiз деп маған сұрақ қой.
-Сiз кiмсiз?
-Мен - оқырманмын. Әнеукүнi жиырма төрт күн тауда демалғанда бiраз жұмыс iстедiм. Қолым босағанда қарт жазушымен ой бөлiсiп, сырласып жүрдiм. Соңғы жолыққанында ол екi жас хатшымызды жамандады. Ашуым келiп:
-Бiздiң төрiмiзден көрiмiз жақын!- дедiм қатты дауыстап.- Маған мұндай сөздi айтпаңыз, бұрын айтпап едiңiз, мұныңыз қалай?!
Мен сiздi жек көрiп отырмын. Қартайған шағымда жiкшiл топқа, ырың-жырыңға араласпаймын! Жас күнiмде де араласқан емеспiн.
Баукең сұстана қарап:
-Оның маған не керегi бар, шырағым,- дедi шамданыңқырай.- Оларды Орталық Комитет менiмен ақылдасып қойған жоқ. Сол себептi араласып нем бар?
Бiз, қартайған шалдар, өз жолымызбен қисалаңдамай, түзу жүрудi бiлейiк. Ал жастар өз мәселелерiн өздерi шешсiн…
-Күн кешкiрiп қалды, балалар бақшасына үлгеруiм керек. Кетуге рұқсат етiңiз, Бауке?
-Үйде кiм бар?
-Күләнда әпкем бар.
-Шақыр.
Ас үйден Күләнда әпкенi шақырып келдiм.
-Бауыржан, не айтпақсың?
-Әпке, мынау арам екен. Менi сынап, арам сұрақтар бердi.
-Е, өзiң кеше ғана мақтамап па едiң?
-Астапыралла-а! Мақтаған адамыңда да кемшiлiк болады екен ғой?
-Е, бiрлi-жарым болады ғой,- деп күлдi Күләнда әпке.
-Сабап, қуып жiберсем деп отырмын.
-Е, неге, Бауыржан?
-Әпке, бұл бұдан былай үйге келсе, кiргiзбеңiз.
Баукең маған қолымен ,,қайта бер,, дегендей белгi бердi. Дәлiзге өтiп киiне бастадым. Күләнда әпке қасыма кеп, ренжiп қалды ма десе керек:
-Ағаңның сырын бiлесiң ғой, қарағым. Ішiнен сенi жақсы көредi,- дедi жұбатып. Күлiмсiрей тысқа шықсам, ақ жауын бейне Баукеңнiң ағыл-тегiл ақ сезiмiне ұқсап, төпеп тұр…
НЫСАП ДЕГЕН ҚАЙДА?
Баукең мәз бола күлдi.
-Мен жақында тағы да награда алады екем. Бұрынғы атақ-шатақ аз болып жатқанға ұқсайды.
Қолымен қабырғадағы iлулi радиоқабылдағышты көрсеттi.
-Мынадан да жылдам ұзынқұлақ, өсек-пөсек деген бар ғой. Әрине, оның бәрi рас бола бермейдi.
-Бауыржан тағы үлкен нагарада алады екен,- деген сөз шықты. Өсек құрғыр тез тарайды ғой. Ол қандай награда, не үшiн, түсiнсем бұйырмасын. Оған ешқандай негiз жоқ сияқты.
Мына жеңгең кеше айтып отырғанда:,,Өй, сөйлеме! Сыйлық-мыйлық алдық. Тағы не награда, ұят дегеннен хабарың бар ма?,,- деп ұрсып тастадым. Бүгiн ,,Казахстанская правданы,, оқып, ,,е,, деп қалдым. Совет қарулы күштерiнiң алпыс жылдық мерекесi жақындапты ғой. Сонда соғыс ардагерлерiн наградтауы мүмкiн. Өсек- пөсектiң төркiнi қайда жатыр, ә? Сөз таратушылардың жорамалы:
-Бауыржанды да соғыс ардагерi ретiнде атап өтер, құр тастамас,- дегеннен шығу керек.
Менiңше, бұл емес, басқа себеп бар тәрiздi. Әскери патриоттық тақырыптағы үздiк шығармаларға Фадеев атындағы сыйлық берудi Бас саяси басқарма қолға алыпты. Тихоновтан бастап төрт адамға тапсырыпты. Бiр сыйлық бiздiң Ананьевке тиiптi.
Қазақстаннан Тахауи Ахтанов, Әбдiжәмiл Нұрпейiсов, Дмитрий Снегин, Мақан Жұмағұлов, Әди Шәрiпов, Қасым Қайсенов, тағы басқалар бар. Оған Бауыржан Момышұлының қатысы жоқ деп ешкiм айта алмайды. Менiңше, бұл ең дұрыс дәлел.
Баукең алақанын жая күлдi.
-Менi Қазақстан ұсына ма, ұсынбай ма? Ұсынбаса, Сурков:,, Бауыржан неге ұмыт қалған?!,,- деп айқайлап шығады. Қайткен күнде де осы жорамалдың жаны бар ма деп ойлаймын.
Патриоттық тақырыптан мен соңғы орындағы кiсi емеспiн ғой. Егер Фадеев атындағы сыйлықты, ССРО Қарулы күштерiнiң алпыс жылдығына арналған медальды берсе, қарағым-ау, бiр жылда қанша құрметке ие болмақпын? Мұның өзi тегi ұят қой. Нысап деген қайда?
МОЙЫНДАМАСҚА АМАЛ ЖОҚ
Баукең көйлекшең, жалаңбас күйде менi көңiлдi қарсы алды.
-Отыр. Мендегi жаңалық, қарағым, мынандай. ,,Алматы,, шипажайына екi жолдама сұрап едiк, бiр жолдама берiптi. Оған добалдай жеңгең өкпелеп, па-па деп барпылдап, ашуланып едi:
-Әй, қойсаңшы, қателескен шығар. Байқамастан қол қойған болу керек. Барып айтайық, болмаса, мына жолдаманы басқаға берерсiңдер деймiз.
-Бұлары қалай? Бастықтар бала-шағасымен жылдап жатып демалады- деп жеңгең арғы күнi шыдамай Жазушылар одағына барыпты. Ондағылар тиiстi орындармен сөйлесiптi.
Кеше Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жауапты қызметкерi телефон соқты.
-Момышұлына екi жолдама бөлiндi, барып алыңыздар.
Баукең мысқылдай күлдi.
-Жай жолдама Орталық Комитеттi мазалауға дейiн барған. Бергi жақтағылар-ақ шешетiн iс қой. Е, мейлi, сыйлағандарына рақмет. Қазiр екi жолдама қалтамызда тұр.
Баукең жөткiрiне орнынан тұрып, ,,су iшiп келейiн,, деп ас үйге қарай кеттi. ,,Мен әкелiп берейiн,, деп едiм, қолымен ,,отыра бер,, деген белгi жасады. Сәлден соң қайтып келiп, креслосына жайғасты.
-Соңғы кезде сыртқы дүниемен қарым-қатынасым үзiлiп қалды. Ешкiммен араласпаймын. Көңлiңе келсiн, келмесiн, қарағым, көңлiңе келсе, көшке берген тайлағыңды қайтып ал дептi бiр қазақ. Маған көшке тайлақ берген жайың бар ма?
-Жоқ,- деп күлдiм.
-Жоқ-поқ демей тыңдасаңшы!,- дедi Баукең бұйырып.- Сөзiмдi бөлме!- Сәл ойланып, мен - өсiмдiкпiн,- деп сөзiн жалғады.- Өсiмдiкке күтiм керек. Кәдiмгi балаға қандай күтiм керек болса, өсiмдiкке де сондай күтiм керек. Оның жан-жағын арам шөптен арылту, уақтылы суғару, қурап бара жатқан бұтақтарын уақтылы кесiп, бұтау керек. Зиянкес жәндiктердi дәрiлеп, жолатпау жөн. Оны iстемесең, өсiмдiк жөндi өспейдi, гүлдемейдi, қурай бастайды. Өсiмдiкке қоршаған орта жасау керек. Суы қансын, зиянды жәндiктер қонбасын, сырқаттанса, емдеп, жазып қою керек.
Мен үйде жатып, ойсызданып, қуыс кеудеге айналып барамын. Алыстағы суыңның, алыстағы буыңның маған пайдасы жоқ, оған мен бара да алмаймын. Мұны жақында сездiм.
Қолымнан қалам түсiп қалды деп әнеукүнi айтып едiм ғой. Себебi не деп ойлап жүрсем, барлығы ұядан екен. Мен ешнәрсе оқымайтын, жазбайтын болдым. Неге десең, көзiлдiрiгiм жарамай қалды. Бiреуге берiп жiберiп ем, ол ауыстырып әкелем деп уәде етiп едi, жоқ. Жазып, оқып үйренген кiсiге қарап отыру қиын болады екен.
Жағдай құрғырдың осылай оңбай тұрғаны. Әнеукүнi шыдай алмастан окулистке бардым. Жас, жақсы әйел екен. Жас болғанда өте жас емес, қырықтағы маған жас көрiнедi ғой. Жымиып күлiп, ары қарады, берi қарады.
-Маған оқитын, жазу жазуға жарайтын көзiлдiрiк берiңiз?
-Не обижайтесь, товарищ Бауырджанович,- дедi. Күлiп жiбере жаздадым. Бұл қызық деталь.- Сiздiң көзiңiзде /атын ұмыттым/ бiр нәрсе деген ауру бар. Алдымен соны емдеп жазу керек. Оны жазбастан көзiлдiрiк алуға рецепт бере алмаймын. Көзiңiздегi ауруды жазған соң қандай көзiлдiрiк керегiн дәл анықтаймыз. Сiз ренжiмеңiз, таңданбаңыз да. Мiнекейiңiз, емделiңiз,- деп дәрiгерге рецепт жазып бердi.-Жазылған соң келiңiз.
Бұл қуанышты хабар ма, қуанышты хабар емес пе?
Баукең иығын қозғай күлдi.
-Мұның бәрi қорлайды, бiрақ жасуға, қол қусырып құлай кетуге болмайды. Мына жеңгеңе газет оқып бершi?- деп жалынатынды шығардым. Серiгiм- радио ғана. Бұл үлкен жаңалық қой, ә?
Баукең ежелгi әдетiнше ,,түсiн,, дегендей иығын қозғап қойды.
-Мойындамасқа амал жоқ, кәрiлiк маған да жеттi…
МЕДЕУ
-Әлi тiс салдырмапсыз ғой.
-Сәтi түспей жатыр. Ет жеуден қалдым. Қазiргi қорегiм- ботқа. Ертең тiс дәрiгерiне бармақпын. Менiң бiр мiнезiм, кейбiреулердей тамақ таңдамаймын. Не берсе де жей беремiн. Бұл жиырма бес жылдық әскери өмiрдiң үйреткенi. Әскерде не берсе, соны жей бересiң ғой.
Мұны добалдай жеңгең қосылған жылы тұсiнбей:,, Істеген тамағым жақпады ма, қай жерiнен қателестiм екен. Әлде тәттi, қою етiп жасайын ба, әлде сұйығы ұнай ма?,, ,- деп әбден әуре болды. Тiптi қайта-қайта сұрап, мазамды кетiрдi.
Зауқымның соқпайтынымен iсi жоқ. Тiптi онымен санасқысы келмейдi. Ол ол ма, ,,неге тамақ жемейсiз?!,, деп зiркiлдеп, ұрсып та алады. Тәбетiм шаба ма, шаппай ма, оны елер емес. Осындай қиындықты да бастан кешiрiп жатырмын, балам.
Менiң тағы бiр әдетiм, таңертең ұйқыдан оянған соң екi-үш сағатсыз тамақ iше алмаймын. Бұл да әскери өмiрдiң үйреткен тәртiбi.
Тағы бiр байқағаным, соңғы кезде тез ашуланатын болыппын. Оның бiр пайдалы жағы, бiрдеңеге көңлiң толмаған кезде табанда айтып-айтып тастасаң, бойың бiрден жеңiлденiп сала бередi. Ал сыртқа шығара алмай iштен тынған жаман екен. Ашуың бiраз уақытқа басылғанымен қайта қозып, есiңдi кетiредi.
Жүйке реакциясы деген де қиын. Анада жеңгеңмен ауылға барғанымда бiр кiсi үйiне шақырды. Менiң әдетiм, бiреумен әңгiмелескенiмде жүзiне тiке қарап отырып сөйлесемiн. Әлгi үй егесiне солай етiп, әңгiме айтсам, сөлпигеннен сөлпиiп не жақтырғанын, не жақтырмағанын бiлдiрмей, сөзiмдi естiмеген адамға ұқсап отыр. Тiптi өзiмен өзi. Мынаған не болған, есi дұрыс па деп ашуым келiп-ақ едi, соңынан бiлдiм, байғұс керең екен. Ендi қатынына қарап сөз айтсам, онысы күйеуiндей емес, сөзiме түсiнген сыңай танытып, әлсiн әлi басын изеп, бiрдеме деп, ыржиып күлiп қояды. Бiрақ бет қимылы, сөз төркiнi, ыржиып күлiсi айтқан әңгiменiң сарынына мүлде үйлеспейдi. Бiрдеме сұрай қалсам, басқаша жауап бередi. Сөйтсем, ол байғұстың да құлағы ауыр екен.
Баукең мұның бәрiн меңiреу адамға ұқсап, әртүрлi қимыл жасап, мөлиiп отырып, түрлiше етiп көрсеттi. Мен сықылықтай күлдiм.
-Қарағым, бiлсең, берiгерек, маған таман жақын отыр дей беретiн әдеттi мен солардан үйрендiм.
Екеумiз де көңiлденiп, бiраз күлiсiп алдық.
-Ашуды жеңудiң амалын ендi түсiндiң бе?
-Түсiндiм.
-Денсаулығым да мақтарлық емес. Түн жарымына дейiн жақсы. Одан асқан соң терлей беремiн. Терлегендi жек көретiн кiсi едiм, төзбеске амал жоқ.
Бұдан бiрер жыл бұрын Москваның қалалық дәрiгерi, профессор Ивановскийге барып көрiнiп:
-Сырқаттанып жүргенiме үш жыл болды,- дегенiмде, ол тексере келiп:
-Сiздiң ауырғаныңызға үш жыл емес, отыз бес жыл болған, жолдас полковник. Осы кезге дейiн жастық қызулықпен бiлмей келгенсiз,- дедi.
Мен 1941 жылдың 5- шi желтоқсанында жонарқамнан жараландым. Оқ омыртқама тиiп, сүйегiн бiраз майыстырғанымен жұлынға жетпей қалған. Жұлынға жетсе, бiттi ғой, сеспей қатамын. 1942, 1943 жылы екi рет контузия, екi рет жарақат алдым. Соның бәрi жиналып келiп, жүйкеме әсер еткенге ұқсайды. Тегiнде адам ашуланам деп ашуланбайды ғой. Кейде болмашы нәрсеге ашуланып, кейитiнiм бар. Кейде бiлген нәрсемдi ұмытып қаламын.
Өткен жексiнбiде жаяу жүрген пайдалы ғой деп таяғыма сүйенiп, 28-шi Панфиловшылар паркiне барған едiм, көрмеймiсiң /оң аяғын сол тiзесiне қойып көрсеттi/, мына табаным төрт жерiнен ойылып шыға келдi. Сүйек пен терiнiң арасында ет жоқ. Адамнан ет қашқан соң күш те қашып, тез шаршағыш келедi екенсiң.
Жеңiстiң отыз жылдығы маған үлкен күш-қуат, шабыт бердi. Қолымның икемге келмегенiне қарамастан, екi ай бойы өзiмдi өзiм зорлап, кiтап жаздым. Мұны азаматтық борышым деп бiлдiм. Жеңiс мерекесi қалай өттi, солай қолым өзiме бағынбай қойды. Жаңадан бастап қойған тақырыбым бар. Бiраз әл жиып алған соң жазуға отырармын деген үмiттемiн.
Менiң ауруым, балам, жүйке ауруы. Оған ем қонбайды. Жүрегiм, өкпем, бүйрегiм, бауырым, асқазаным- бәрi жақсы. Мұндағы дәрiгерлер профессор Ивановскийдiң айтқанынан кейiн ғана ,, иә, солай екен-ау, бiз ендi сол бойынша ем қолданамыз,, десiп қарсы алды. Өз беттерiнше ештеңе бiлген емес, ештеңе тапқан емес. Профессор Ивановский:
-Қорқынышты дәнеңе жоқ, жолдас полковник. Сiзге бiрден бiр ем - тыныштық,- дегенiнде мен:
-Сонда қалай? Менiң ендi тыныштық iздеп монастырьға баруым керек пе? Олар бар-жоғы елiмiздiң үш-ақ жерiнде. Оның өзiнде де бәрi қатаң бақылауға алынған. Ал қартайып алжығандар үйi менi қабылдамайды,- дедiм күлiп.
Бұл-әзiл ғой, қарағым. Бұл-жанға батқан ауруды жеңiлдетудiң бiр жолы…
Баукең қолының сыртындағы көк тамырын ұстап, маған қарай жақындата түсiп:
-Мiне, мынау көк тамырлар бос жатыр. Жан-жағынан тiреу боларлық ет жоқ. Саусақтарым қалам ұстай алмайды. Кейде жазуды доғарып қойғаныма қапа боламын. Есiме Всеволод Вишневский түседi. Елiмiз оның елуге толған тойын өзi төсекте ауырып жатқанда тойлады. Көп ұзамай қайтыс болды.
Бiрде бiр топ жазушы достары үйiне көңлiн сұрай бардық. Серiктерiмнiң бiрi сөз бастады.
-Всеволод, не жазып жүрсiң?
-?
-Он бес жыл болды бiр кiтап жариялаған жоқсың. Осыдан кейiн өзiңдi қалай жазушымын деп санайсың? Тамаша талантың бар, жазсайшы?- дегенiнде:
-Мен күнделiк жазып жүрмiн. Ол жұрттыкiне ұқсамайды. Онда ащы шындығымызды көрсетпекпiн. Сондықтан өзiмдi жазушымын деп толық есептеймiн,- деген едi.
Ол қайтыс болған соң арнайы комиссия құрылып, оның әлгi күнделiктерi жақсы деп бағаланды. Соны еске алып, саған әңгiме айтып, интервью берiп жүргенiмдi көңлiме медеу тұтамын…
Жалғасы бар, осында