Бұл естелік биыл "Айбоз" деген журналдың 5-ші санында жарияланған болатын. "Тайсойған.КЗ" сайтының оқырмандарына арнап сол естелікті қайтадан бастырып отырмыз. Қабыл алыңыздар!
Редакциядан
1979 жылдың күзінде бізге «Қазақстан тарихы» пәнінен дәріс оқуға Хисмет Табылдиев келді. Бұл кісіні бұрын-соңды пединституттың коридорынан көріп жүретінмін. Осында жұмыс жасайтын ағайлардың бірі ғой деп ойладым. Өзімізге сабақ бермегендіктен болар амандасуға ыңғайсызданып, жанынан төмен қарап өте шығушы едім. Енді міне, сол кісі бізге сабақ беретін болды. Гурьев пединституты деп аталатын оқу орны облысымыздың небір жақсыларын жинаған жалғыз оқу орны болатын ол кезде. Түлектері милициядан бастап обком хатшысына дейін қызметке алынатын тарих-филология факультетінің абыройы асқақтап тұрған кезі еді.
Екінші курста көптеген жаңа сабақтар басталатын болғасын, күнде екі үш жаңа дәптер алып келіп жүрдім. Соның біреуінің басына «Қазақстан тарихы» деп әдемілеп тұрып жазып, ағайдың дәрісін тыңдауға кірістік. Мүтиғолла Насиханов деген студентпен бір партада отырамын. Үлгере алмай қалған жерімізді бір-бірімізден көшіріп, түсінбей қалған жерімізді бір-бірімізден сұрап отырушы едік. Бүгінде бұл жігіт ағасы Исатай аудандық әкімшілігінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады.
Сабағы тартымды болсын деп лекция арасында қызықты әңгімені жие айтатын Хисекең. Мұндай педагогикалық әдісті кейін өзімде қолданып жүрдім. Тынымсыз жазудан соң бір сәт әңгіме тыңдап басымызды көтеріп отырған кезде лектордың кеудесіндегі значокке көзім түсті. «Бұл не значок?»-деп сұрадым Мүтиғолладан сыбырлап. «Член союза журналистов СССР»-деді ол. Сол сабақ бойы есіл-дертім ағайдың кеудесіндегі значогы болды да қойды. Өзі тарих ғылымдарының кандидаты екен, доцент, оның үстіне журналист болғаны ма? Мен мұндай значокты бұрын соңды «Коммунистік еңбектің» тілшілерінен көріп жүретінмін. Бірақ олар газетте жұмыс жасайтын журналистер ғой. Хисмет Табылдиев болса институтта сабақ беретін оқытушы. Тарихшы мамандығын журналистикамен ұштастырып жүрген бе сонда?
Хисекеңнің бұл значогы мені едәуір ойға шомдырды. Кейін аспирантурада оқып жүрген кезде республикалық басылымдарының бірінен «КазПИ-дің тарих-филология факультеті 4-ші курс студенті Х. Табылдиев» деп қол қойылған бір мақалаға көзім түсті. Сол уақытта бұл кісінің студент болып жүрген кезде-ақ орталық газеттерге мақала жазып жүргенін білдім. Белгілі экономист болған Сақтаған Бәйішев те ғылымды журналистикамен ұштастырған адам болған екен. Кластасым Исатай Балмағамбетов (қазір «Атырау» газетінің бас редакторы) КазГУ-дың журналистика факультетінде оқып жүрген кезде «Сақтаған Бәйішевтің публицистикасынан» диплом жұмысын қорғады. Ал Атырау ғалымдарының ішінде ғылымды журналистикамен ұштастырған алғашқы ғалым осы Хисмет Табылдиев болды десем артық айтпаған болар едім. Әрине, қазір баспасөз беттеріне жиі шығып жүрген тарихшылар көп қой. Олай болса Хисекең сол тізімді өзі бастап бергені анық. Хисмет Бозанұлы бізге осы оқу жылында «Өлкетану» пәннен де дәріс жүргізді. Өңіріміздің тарихын осы пәннен білдік.
Есімде қалғаны, бірде «Коммунистік еңбек» газетінің жетпіс бірінші жылы шыққан екі санын қарауды тапсырды. Ертесіне Мүтиғолла екеуміз Островский атындағы кітапханаға барып, сол газетті алдық. Ашып қарасақ, газеттің екі санына қатар басылған өзінің мақаласы тұр екен. Атырауда кеңес үкіметінің орнауы жөнінде жазыпты. Кейін білдім, Хисекең Атыраудың тарихын жеке тақырып етіп зерттеген алғашқы тарихшы болыпты. В.Н. Дариенконың Жайық казактарының тарихынан басқа ешқандай зерттеу жұмысы жоқ еді ол кезде. Мына мақала Хисекеңнің өз ізденісінен алынған үзінді болса керек. Мақаланы дәптерімізге түгел көшіріп алдық. Бұл конспектіміз кейін бізге емтихан кезінде көп пайдасын тигізді. Билетте берілген үш сұрақтың бірі Атыраудың тарихына байланысты болды.
Хисекеңнің дәрісі қызықты өтетін. Сол жылдары Иранда ислам революциясы болып жатқан. АҚШ-тың әскери теңіз флоты кемелері Парсы шығанағына жақындап келді. Соғыс оты өршіп кету қаупі бар. Енді не болар екен деп үрейленіп жүруші едік. Кеңес әскерлерінің ауған жеріне кіруі, Хафиз Әминнің үштігейде жоқ болып кетуі қызықтыратын еді бізді. Мүтиғолла екеуміз, осы тақырыптарды сабақтан соң да талқылап жүрдік. Ресми ақпараттан басқа газет беттерінен жартулы ештеңе таба алмайсың. Кілең стандартты түрде берілетін хабарлар. Хисекең сабақ кезінде міндетті түрде халықаралық қатынас тақырыбына бірдеңе айтады. Сол кісіден естігеніміз ғана «азық» болушы еді бізге. Аятолла Хомейни деген есімді және оның жасы 77-де екенін мен осы Хисекеңнен естідім. Немесе, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Сахаровтың үш дүркін «Социалистік еңбек ері» деген атағының алынып тасталғанын, тек «академик» деген атақты сайлаған ғылыми Кеңестің арнайы шешімі болмаса ешкім ала алмайтынын осы Хисекеңнен білдім. Мұның бәрі дәрістің қызықты өткенін білдірсе керек. Бірде Москваға барып архивте жұмыс жасағанын айтты. Алдында тұрған бір ғалым көп құжатқа заказ берген екен. «Мен де әліме қарамай көп құжат сұрадым»-деді. «Ол кісі архивте қалай жұмыс жасайтынын білетін адам болып шықты. Сағат беске таман құжаттарымызды кері тапсырдық. Әлгі ғалым барлық құжаттарын қарап болып, біржолата тапсырып жатыр. Ал мен болсам қарап үлгерген екі-үш құжатымды ғана тапсырдым. Қалғандарын «отложкаға» қойдырып ертесіне қайтадан алдым»,- деді. Архивте жұмыс жасай білу де өнер дейтін. Осы сөзінің мәнін мен кейін архивте өзім жұмыс жасап жүрген кезде терең ұқтым.
1992 жылы күзде әлемге әйгілі таеквондошы болған Мұстафа Өзтүрікті Атырауға алып келгенмін. Қонақты құрметтеп жатқан азаматтар көп болды. Ертесіне пединститутта студенттермен кездесу өтті. Институттың ректоры болған Хисмет Табылдиев қонаққа құрмет көрсеткен адамның бірі болды. Мен сол кездесуде Хисекеңмен, Мұсекеңмен бірге трибунада қатар отырдым. Мен үшін бұл үлкен абырой болатын. Әттең, сол сәттің бірде-бірі менің жеке фото архивімде қалмапты.
Хисекең мәрт мінезді адам болатын. 1999 жылы күзде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының» онжылдығына орай Алматыда шеру өтті. Сол шеруге Атыраудан Табылдиев бастаған делегация келді. Жиынның ішінен кластасым Исатай Балмағамбетовты кездестіріп қалдым. Біраз әңгімелесіп алған соң кешкісін «Жетісу» қонақ үйінде кездесетін болдық. Исатайдың бөлмесіне барсам, төрде Хисекең отыр. Қал-қуат сұрасып болған соң менен диссертациям жөнінде сұрады. Бөлімге талқыға беріп қойғанымды, бұйыртса, келесі жылы қорғайтынымды айттым. Ағай құптады. Қандай көмек керек деп сұрады. Мен ештеңе сұрамадым. Себебі қорғалатын орын да, жетекші ұйым да Алматыда болатын. Кетерде маған ертең Кеңес Нұрпейсовке апарып берерсің деп, бір пакетті ұстатты. Үйдегі келіні беріп жіберген еді деді. Қолына тағы екі кішкене банкі қара уылдырықты ұстап, мынаны өз үйіңе апар деп маған берді. Берген заттарын алып, мен көтеріңкі көңілмен үйге қайттым...
Тағы бір сәт есімде қалыпты. Бірде бір әріптесім телефон соғып, өзі жазған бір мақалаға қол қоюын сұрады. Мен оқымастан келісімімді бердім. Әлігі мақала облыстық газетке жарияланып кетті. Кейін бір кездескенде сол мақалада менің атымды көрсетпепсің деп өкпесін айтты Хисекең. Мен қысылып қалдым. Аузыма жөнді сөз түспей «жазғанмын, бірақ редакцияда алып тастаған ғой...»,- дедім ыңғайсыздана. Жалған сөйлеп тұрғанымды сезді ме білмеймін, әйтеуір көзін сығырайтып тұрып маған біраз қарады. Басқа ештеңе айтпаса да, сол қарағаны көпке дейін есімде қалыпты. Бір орайы келгенде дұрыстап жазамын деп ойладым ішімнен. Енді міне, Хисекең туралы әңгімемді ол кісі дүниеден өткен соң естелік ретінде жазып отырғаным...
Хисмет Табылдиевтің ізденістеріне көз жүгірткенмін. Сөйтсем, көптеген тақырыптарға қалам тартқан адам екен. Өлкетануға арналған бірқатар кітаптары бар. Степан Разин мен Емельян Пугачев туралы жазыпты. Бұл екі көтерілісшілерді де Атыраумен байланыстырған екен. Ғылыми ізденістер сол заманның талабына сай жазылыпты. Оқып қарасам терең жазылған зерттеу жұмыстары. Бұл тақырыптар жаңа заман талабына сай әрі қарай зерттеуді қажет етеді. Тек оны жалғастыратын ізбасарлары болса. Хисекеңнен дәріс алған шәкірттердің бірі ретінде болашақта осы зерттеулермен айналысқым келіп жүр. Оның жазғандарын қайта бастырып, сол заманмен бірге суреттеп оқырмандарға ұсыну ойымда бар. Осы істі абыроймен жүзеге асырсам, ғалымның өз шәкірттерінен күткен бір үміті ақталады деп ойлаймын. Бір кезде көзін сығырайтып тұрып қараған ұстаздың ойлы көзі осыны жүктейтін сияқты маған...
Қабибек Мұхитов,
тарих ғылымдарының кандидаты