ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ

/ Серік Жанболатпен сұхбат/

– Cеке, сіз халқымыздың аяулы ұлы Мұстафа Өзтүрік жайында деректі фильм түсірген екенсіз. Фильмді түсіруіңізге не түрткі болды?

-«Халқымыздың аяулы ұлы» деген теңеу шын мәнінде Мұстафа Өзтүрікке арнап айтылғандай көрінеді маған. Сонау 90-шы жылдардың басында елге оның қандай ұлы дүрмекпен келгені естеріңізде болар.  Қазақ баласы да қыс бойы қорада қамалып, көктем шыға жүгені сыпырылып, қырға еркіндеп шығып қайда құйғытарын білмей елеңдеп тұрған құла тайдың күйінде болатын. Бүкіл әлем-ой һой дала. Тырс еткен дыбысқа елең етіп, шаң шықса дүрмекке қосылып кетердейміз. Бүкіл дүние бізге таңсық, құпиясы көп бір әлем. Сондай өлара шақта бізге таңсық әлемнің түкпірінен жарқ етіп пайда болды. Өзіңіз ойлаңызшы, досы қайсы, дұшпаны қайсы белгісіз тұмшаланған дүниенің төрінен маң-маң басқан кәдімгі қазақтың қара  баласы шыға келсе, және ол өзі сізге беймәлім дүниені мойындатқан жан болса, тамақтың ақшасын «Видик-залдарға» төгіп, Брюс Ли мен Джеки Чанның бас айналдырар төбелестерін көріп таң-тамаша болып жүргенде, Брюсіңді бір уыс жасайтын қазақ баласы ғайыптан пайда болса, қалай қуанбайсыз?!  Онда бұл әлемнің есігін еркін ашу сізге де қиын емес болғаны ғой. Бейнелеп айтар болсам Мұстафа бізге осындай рух алып келді. Әркімнің өз жолы, өз жолағы бар ғой. Елде жүріп жатты. Аңда-саңда жолығып қаламыз. Қонақ үйге іздеп барып сөйлесіп жүрдік. Бірақ бірден тонның ішкі бауындай сырлас, бауыр болып кеттік десем, өтірік болар. Сөйтіп біртіндеп ду еткен дүрмек азая бастады. Алғашында Мұстафаның аяқ-қолын жерге тигізбей тік көтерген жігіттердің де қарасы сиреді. Сол кезде оның бір ағынан жарылғысы келді, ашылып бар сырын  айтқысы келді. Сол кезде, есімін ұмытып қалдым бір жігіт, екеумізді жолықтырды. Бір пәтерде Мұстафамен екі күн армансыз әңгіме –дүкен құрдық, сырластық. Сол кезде мен оның көңіліндегі шерді, көкейіндегі арманды аңдадым. Содан бір жыл бұрын «Қазақстан» республикалық теледидарында  «Қазақтың қара баласы» деген деректі фильмдер сериясын бастаған едік. Мақсат: есімі елге әйгілі, рухы биік қазақ ұландарының  болмыстық галереясын жасау, сыртқы бейнесін емес, ішінен жарып көрсету болатын. Бұл бір табылған идея еді: алдыңдағы адам қандай мықты да әйгілі болмасын, әңгімесін «мен қазақтың қара баласымын» деп бастауға тиіс. Сол кезде оның табаны бірден жерге тиеді. Ол тұлға ретінде емес, адам, азамат ретінде жарылады. Кәдімгі қарапайым қазақтың ұлына айналады.  Бірақ алғашқы фильмдерімде сол мақсатқа толықтай жете алмай жүрген едім. Мұстафамен сырласқанда алдымда нағыз «қазақтың қара баласы» отырғанын ұқтым. Сөйтіп бірден осы ұсынысты айттым. Ол келісті. Фильмді түсірдік. Эфирден көрсеттік. Ел-жұрт керемет жақсы қабылдады. Әлі күнге дейін есі кетіп елтіп көреді.  Фильм жасаудың бүгінгі заманауи технологиясы мен мүмкіндігі тұрғысынан қарасам, тура 20 жыл бұрынғы дүние ғой, қарным ашады. Керемет фильм жасауға болады әлі. Ал бірақ елдің «Қазақтың қара баласы» фильміне деген ықласын көргенде ештеңені өзгертудің қажеті жоқтығын түсінемін. Ол жердегі керемет фильмде емес, кейіпкерде, оның ерекше болмысында. Содан кейін  бұл серияны жасауды тоқтаттық. «Қазақтың қара баласы»-Мұстафа Өзтүрік болып қалды.

– Мұстафа Өзтүрікпен алғаш кездескен кезіңіз есіңізде ме, ол кісі сізге алғашында қандай әсер қалдырды?

-Алғаш кездескен сәт есімде. Қазіргі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Мұстафа өз шәкірттерімен үлкен шоу өткізді. Режиссер Рубикжан Яхин екеуміз фильм жасамақ болдық. Камераның да қат кезі, Рубикжан біреудің камерасын сұрап алды. Менің Рубикжаннан қалмай жүргенім- ол Мұстафамен таныс екен. Алдында оны Мұстафамен рухы биік қазақты қасына жиып жүретін Иманғали Тасмағамбетов таныстырыпты.

    Мұстафа дайындық бөлмесінде шәкірттерімен отыр. Жылы қабылдады. Таныстық. «Қазір алаңға шығуы керек» деп отырып бір-екі сұраққа жауап беруге келісті. Интервьюді жазып алдық. Бірақ мен өзімді әлі күнге дейін  қинайтын бір қате жібердім. Ол былай болды. Байқаймын, елдің бәрі Мұстафаның асты-үстіне түсіп жатыр. Бәрі оның емеурінімен-ақ құстай ұшып жөнеледі. Біз ондайды бұрын көрмегенбіз ғой. Шоудың заңы-таңсық әлі. Оның үстіне, кеудеміз даладай, ешкімді оңайлықпен менсінбейтін 25 жастың  жалыны бар бойда. Өткір сөйлейміз. Кесіп айтамыз. Қарапайым сұрақтар қойып отырып: «Байқаймын, бәрі сіздің алдыңызда құстай жорғалайды. Бүкіл халық болып  көшіп кете жаздап, сізді күтіп жатыр. Осылары дұрыс па? Сіз қалай бағалар едіңіз осыны?» деп қойып қалмасым бар ма?! Алдында ғана балбырап әдемі жауап беріп отырған Мұстафа абдырап қалды. Түрі өзгеріп сала берді. Қысқаша қайырып әңгімені бұрып кетті. Сол бейнетаспа сақталды ма, білмеймін. Бірақ есіме түссе әлі күнге дейін сол албырттығыма өкінемін. Ал сол күнгі оның бет-бейнесін ұмыту мүмкін емес. Түркиядан ертіп келген шәкірттеріне бірдеңе деп қояды. Олар жанын салып алаңға шығуға дайындалып жатыр. Өзі мығым, байыппен жүргісі келеді. Бірақ халқының шуағына шомылып, аяғы жерге тимей жүргені сезіліп тұрды.  Менің де кесірлеу, оғаштау сұрағымды  тез ұмытып алаңға шығып кетті. Кейін есіне де алған жоқ.

Серік Жанболат 2

– Кейінірек ол кісімен араластыңыз ба? Аралассаңыз қандай қасиеттері есіңізде қалды?

-Ара-кідік араласып тұрдым. Оның адамды баурайтын ең жақсы қасиеті-қарапайымдығы. Адамды сыйлап бәйек болып тұрады. Әңгіме үстінде алып-ұшпайды, байыппен тыңдайды, өзін ойын дәйектеп жеткізеді. Әсіресе елдің өзіне деген ықласын ғажап сыйлайтын.Соған сай болуға тырысатын. Бірде ол пәтерінде жеңіл киініп отыр екен. Мен: «жүріңіз, далаға барып серуендеп жүрейік, даладағы әңгіме бөлек болады ғой» дедім. Мұстафа: «Жоқ, болмайды. Мен ол үшін өзімді жөнге келтіруім керек. Дұрыстап киініп жүруім қажет. Біреу болмаса біреу танып қалса, ұят болады. Әсіресе балалар мені қазір құдайдай көреді. Үлгі тұтады. Ал мен көшеде мына жеңіл киіммен жүрсем, оларға қандай үлгі беремін» деп шықпай қойған. Ал оның ең басты қасиеті-ұлтжандылығы дер едім. Қазақтың рухын сөз еткенде өзі де рухтанатын. Құдды сайысқа түскелі тұрғандай шүйліге беретін.

– Мұстафа Өзтүрікке қатысты жақсы бір естеліктер айтып бере аласыз ба?

-Көңілі ас та төк ақтарылып отырғанда шынын айтып қояды да қарқ болып күледі. Ондай кезде құнжыңдап, аузы шошайып бала сияқты болып кетеді екен. Бірде өте қатты қорыққанын айтып берген. Бағзы замандарда ауылға келген батырдан жергілікті жұрт тұқым алып қалуға тырысқан деседі ғой. Шын- өтірігін қайдам, бәлкім сынақ шығар, әйтеуір бір ауылға барған сапарында  ақсақалдар жиылып осы дәстүрді жасамақ болыпты. Оңаша бір үйді тіктірген де Мұсекеңді ортаға шақырып алып, мәселені төтесінен қойған ғой. «Қанша мықтымен сайысқа түскенде дәл осындай қорықпаған шығармын,- дейді Мұстафа.-Есім шығып, не істерімді білмей қалдым. Әйтеуір жанымды салып, өтірік- шынымды айтып әрең құтылдым. Беттері қатты. Ақсақалдардан қорыққан жаман болады екен» деп күлдірген еді. Және өзі актер сияқты ойнап кеткенде жағдайы қандай болғанын шын сезінесің. Жалпы Мұстафаның актер екенін ұмытпауымыз керек. Ол бірнеше ұрыс-төбелес фильмдеріне түскен. Соның бәрінде ол қазақ баласының ролін ойнайды.

– Мұстафаның қазасы жөнінде кімнен, қалай естігеніңіз есіңізде ме? Батырдың көз жұмуына не себеп болды деп ойлайсыз?

-Мұстафаның қазасын кімнен, қалай естігенім есімде жоқ. Бірақ іші-бауырым езіліп ауыр қабылдағаным есімде. Бір толғанып сөйлеп кететін жарқын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Байыппен әңгіме айтып отырғанда қазір мүдіріп қалатындай көрінетін. Ал шешіліп сөйлегенде шешен еді-ау жарықтық. Мұстафа қайтыс болғаннан кейін оның қазасының себептерін сан-саққа жүгіртетіндер көбейді. Дәл осы артық, қажетсіз дүние деп есептеймін. Пенде болған соң адамның өмірінде артық пен кем қатар жүреді. Артығын айтып, кемін бүгіп қалатынымыз болады. Енді соны қайта таразыға салып, артығын азайтып, кемін қазғанда ұтарымыз қайсы? Мұстафаның тағдыры солай болды. Ол мұсылман баласы ішінде шығыс жекпе-жегінің ең биігін бағындырған адам. Сол биігінде қала береді. Бір нәрсені ерекше айтайын-ол осы дүниені шын сезінді. Былай деген болатын:

«Менің аты-жөнім де, даным да Кореяда жазулы тұр. Мен өлер-өлгенше даным өсе береді.Яғни қазақ баласының жетістігі де менімен бірге биіктей бермек». Бұл фильмді түсіріп болып, автокөліктің ішінде отырғанда айтқан соңғы сөзі. Бірақ соңғы сөзі екенін ол өзі де, біз де білген жоқ едік.

 

Сұхбаттасқан Қабибек Мұхитов