ИНДИВИДУУМ, БУНТАРЬ, АТОМ

ИНДИВИДУУМ, БУНТАРЬ, АТОМ

Аутсорсингтік компанияның «Сәуле ғұмыр» деген хабарына шақырған соң Рахаңның аруағы үшін баруға тура келді. Жүргізуші жігіт сұрақ қойды: «Рахымжан Отарбаев ағаның көзі тірісінде сіз оны «өркениетті бунтарь» деп жазыпсыз. Осыны түсіндіріп бере аласыз ба?». Сәл шегініс жасайын: жазғандарымды тәптіштеп түсіндіргенді жақтырмаймын. Оқырман қашанда контентті өзі ұққанын қалаймын. Жазушының міндеті – оқырманды ой қорытуға үйрету. Әр ойдың астарын түсіндіре берсең, оның несі шығармашылық?! Бірақ хабарда сұрақ солай қойылған екен, сен өзіңнің ұстанымыңды жиып қойып, жауап беруге міндеттісің. Егер жауапсыз қалдырсаң, «өзінің не жазып, не қойғанын білмейтін біреу» деген жаманатқа қалуың да бек мүмкін. 

0000215111_FSE8mBXr
Сондықтан да қарабайыр комментарийдің қызметіне жүгіне жөнелдім: «Кез келген қоғамда социум деген болады. Қазақша кестелесек, тобыр. Бұлардың өз ойы жоқ, ел шулап жатқан ертегінің соңынан еріп жүргенді жақсы көреді. Социумға қарама-қарсы индивидуум болады. Олар өте аз. Дей тұра, ерекше ой иелері. Сол ойларын әлгі тобырдың санасына сыналап кіргізуге талпынады. Айқайламай. Ойбайламай. Дегенмен, ол ойларды тобырдың жуық арада қабылдай қоюы – қияметқайым шаруа. Селк етпейтін қоғамның болашағына ерекше алаңдай білетін индивидуум әбден пісіп-жетілген кезінде өз ойларының орбитасынан асып төгіледі. Сол уақытта индивидуум қоғамдық сананы дүрліктіретін деңгейге көтеріледі. Индивидуумның бұған дейін ешкім айтпаған ойларына қоғам үрке қарай бастайды. Осы процесті бунтарлыққа балауға болады. Рахымжан осы құбылысты өлгенінше өте өркениетті үлгіде көрсетіп кетті. Сондықтан да оны өркениетті бунтарь деп атамасқа амал қалмады». 
Осы посты жазып отырып мынадай ой келді: «Индивидуум» сөзі латыншадан грек тіліне аударылғанда «атом» деген ұғымды білдіретінін жақсы білесіздер. Ал, Демокрит атомдардың бөлінбейтінін және олар мәңгілік, үнемі қозғалыста болатынын дәлелдеп кеткен. Соңғы ғасырларда ғалымдар атомдардың өзара әрекеттесетін теріс және оң зарядталған бөлшектерден тұратынын анықтады. Десе де, атом әлі де бөлінбейтін бөлшек ретінде сақталып қалды. 
Физикадан лирикаға ауысайық. Бір анық, Рахымжан – біздің қоғамның апайтөс атомы. Оны енді ешкім бөлшектей алмайды. Бөлшектеймін деп тыртыңдаса да! Демокриттің тілімен айтқанда, Рахымжан – мәңгілік, үнемі қозғалыста. Көңілге бұдан асқан медеу болсайшы!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, Мәдениет қайраткері, журналист