Жалғасы. Басы осында
ЖЕТІНШІ ЖҮЗДЕСУ
1990-жылдың қаңтарында Гурьев облыстық кәсіподақтар советінен оның секретары Орынбасар Еркіновтің бастауымен бір топ жауапты қызметкер - Алматы жоғары партия мектебіне ай жарымдық курсқа келгенбіз.
Наурыздың екісінде лекцияда отырғанымызда куратор кіріп келді де:
-Тез жиналып, түгелдеріңізбен үлкен залға келіңіздер. «Бейбарыс сұлтан» фильмінің премьерасы көрсетіледі. Оған басты рөлде ойнаған актер Нұрмұхан Жантөрин келіп, түсірілу жайын баяндайды. Айтпақшы, сұрақ берулеріңізге болады,- деп жылдам кетіп қалды.
Біздің топ ырғалып-жырғалып айтылған орынға келсек – 600 орындық зал толып қалыпты. Соңғы қатарлардың біріне кіл гурьевтіктер иықтасып бірге орналастық. Өйткені, Жантөрин біздің жерлесіміз. Шақ үлгеріп келген екенбіз, сахнаға қойылған үстел басына Нұрмұхан Жантөринді ортаға алып Қазақстан кинематографистер одағының председателі Талғат Теменов пен проректор жайғасты. Әрине, оқытушылар мен тыңдаушылар қонақтарды тікелерінен тұрып, қол соғу қошеметімен қарсы алды.
Жантөрин мен Теменов алма-кезек сөйлеп тұрғандарында мен жалма-жан қалың дәптерімнің ортаңғы қос бетінің сол жағына жерлесімінің суретін салдым да, оң жақ бөлегіне төрт жолдан тұратын, сол бойда туа қалған мына өлеңді түсінікті етіп, әдемілеп жазып, астындағы «Гурьевтіктер атынан Жұмабай Доспанов» қатарына қолымды қойдым да, төрт бүктеп төрдегілерге жөнелттім.
Актер боп, астанаға жерлес - кеттің,
Әлемдік деңгей асқақ, оған - жеттің.
Киноға түсірер деп, күттік көптен,
Кезегі, келмек қашан, Махамбеттің?
Кездесу қонақтары ауызша, жазбаша сұрақтарға жауап беріп жатыр. Сұрақтар керемет көп қойылды. Өзімдікін күтіп, тағатсызданумен мен отырмын. Бірақ менікі оқылар емес. Минуттар өткен сайын: «Жетпей қалды ма екен? Жолда біреудің ұстап қалуы мүмкін бе? Нұрмұхан аға «сәлемдемемді» көрместен, біздің барымызды білместен кете бара ма?» деген ойлар мені лезде шаршатып жіберді. Не де болса ақырын күтемін. «Кетіп бара жатқанында жүгірумен қуып жетіп, амандасып қалармын» дәрменсіз соңғы ойыма бағынып, сабама түскен сәтім еді, сұрақтарға отырып жауап берген Жантөрин орнынан көтеріліп, қолындағы қағаздан менің бір ауыз өлеңімді өзінің дикторлық үнімен нықтап тұрып оқып берді де, халыққа салынған суретін және көрсетті. Содан кейін:
-Жұмабай! Қайдасың, көрінші! - деді, дауысын одан сайын көтеріп.
Мен зытымнан көрінер-көрінбестеніп, орнымнан тік тұрдым.
-Жұмабай! Көріп тұрмын! Таңдай аман ба?! Бақсай аман ба?! Жалғансай аман ба?! Жалпы менің елім аман ба?! Рахмет саған! Бұл жазғаның маған настоящий наказ! Мына жүрегім соғып тұрғанда – Исатай мен Махамбетті міндетті түрде экрандаймын! Мыналар (ол өзіне қарап отырған Теменовке сұқ саусағын шошайтты), мейлі, ақша бермей-ақ қойсын, сценарийін срочно жаздырамын да, киноны түсіруге кірісемін! Мен бұл уәдемді орындауға барымды саламын! Аянбаймын! – деп, өзін-өзі ұстай алмай, күңіреніп кетті. Зал да оған қосылып, қозғалып барып, ұзағынан дуылдата қол соқты.
Жантөрин айтып болғанша сол тік күйімде тұрғанмын, мына тебіреністі сөздері - кең кеудесінен, жұдырықтай жүрегінен ышқына шыққандай сезілді маған. Кенет белім ұйып, аяғыммен бірге жансызданғандай болып, орныма сылқ етіп отыра кеттім...
Кинорежиссер Талғат ТЕМЕНОВ
Кездесу аяқталысымен онымен тілдесіп қалуға, автограф алуға залда болған 600 адамның тең жартысы тұра қалысты. Гурьевтік жерлестері – біздерге тағы да соңы тиді. Нұрмұхан алдымен Орынбасар Еркіновпен құшақтасып:
-Бажа, қалайсың? – деді. Бұлай деуіне себеп – Орекеңнің бірінші әйелі орыс еді. Екеуі тағы бірдеңелерді айтып, бір-екі минут сөйлесіп қалды.
Маған айтқаны:
-Жұмабай, бүгінгі премьераға қатысқаның жақсы болды. Мына залдан сенің отырғаныңнан шығар, Таңдайдың иісін сезінгендей болдым. Сенесің бе, Мысырға осы киноға түсуге барғанымда да Таңдайдың иісін сезіндім...
-Нұреке, онда... Бейбарыс сұлтан - Таңдайдың топырағында дүниеге келген шығар!.. Екеуіңіздің Таңдайдан сіңген иістеріңіз қосылып, Мысырдың мысын тағы бір басып тастағандай сезініп кеттім, Нұр-аға, мына сөзіңізден кейін!
-Солай болуы да мүмкін-ау... Өйткені, оны Еділ мен Жайық арасынан алып кеткені – тарихи шындық!.. Ай, молодец! Өзгеге айта алмайтынымды саған айтып, жүрегіме жылу мен қосымша күш берерді - сенен естіп бір рахаттанып тұрмын!
Жантөринмен қоштасқасын, демімізді іште ұстаумен «Бейбарыс сұлтан» киносын көрдік, бүкіл Қазақстанда алғашқылардың бірі саналып. Оны көргендегі жан-дүниеміздің қандай күйге түскенін сөзді көбейтіп жазбаймын, өйткені бұл фильмді тамашалаған барша қазақтың біздің күйімізді бастарынан өткергендері анық.
Сол күні кешке Орынбасар Таңатарұлы ағамыз (облсовпрофқа келгенге дейін аудандық партия комитетінің бірінші секретары, облыстық совет атқару комитеті председателінің орынбасары, облыстық халықтық бақылау комитетінің председателі, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болған) - Аманкелді Кәрімұлы Айбосынов (бұл күнде жасы 73-те, облыс кәсіподақтары федерациясы төрағасының бірінші орынбасары, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы), Раушан Қайыржанқызы Сариева (ұзақ жылдар балық өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетін басқарды, қазір зейнеткер), Валентина Сергеевна Соболева (сауда қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы, Кеңес Одағы ыдырағасын Ресейге қоныс аударды) төртеуімізді бөлмесіне шақырып, жеңгеміз екеуі - тек шай емес, ет асып, қонақасы берді. Орекең – өнерді өте құрметтейтін, өзі жан-жақты өнерпаз адам еді.
-Жұмабай, саған рахмет! Бүгін гурьевтіктердің абыройын бір аспандаттың. Сенің осыдан екі жыл бұрын Сәтқали Өтеулиевтің үлкен портретін майлы бояумен салып, алпыс жылдығында тапсырғаныңды салтанатқа қатысқанымда көрдім ғой. Бірақ, өлең де жазатыныңды білмейтін едім. Өз семьям үшін Шүкір ағамның (Ұлы Отан соғысында «Даңқ» орденінің толық иегері атанған, яңни Совет Одағының Батырымен тең дәрежеге жеткен туған ағасы) портретін салып берсең – игілікті іс болар еді,- деді Орынбасар Таңатарұлы.
ЖАНТӨРИНСІЗ ЖИЫРМА ҮШ ЖЫЛ...
1990-жылдың 2-мамыры кешіне таман республикалық телеарна: «Бүгін, алпыс үш жасқа қараған шағында Қазақ ССР-інің халық артисі, Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, режиссер Нұрмұхан Жантөрин кенеттен дүние салды» деп хабарлағанда – жұлқынған жүрегім кеудемнен - тас төбеме бір шыққандай сезіндім.
Соңғы кездескенімізге дәл екі ай болғанда?.. Тікесімен жүріп өмірден кете қалғаны?.. Кенеттен... Ол – жүрегі ауыратынын Ақтауда айтқан. Сол қолына таза тері-қайыс пен қызғылт түсті мыс тағып жүргені соған байланысты екен.
Облыс орталығының іргесіндегі ол кезде Память Ильича аталған, бүгінде Береке ауылындағы енемнің үйіне барғанымда естігенім еді, бұл аса жайсыз хабарды. Үй түгілі, оның кең ауласына сыймай, ауыл сыртына шығып кеттім, өз-өзімді басу үшін. О, ғажап! Қарасам алдымда тап фильмінің соңында Бейбарыстың туған елін іздеп бара жатқанындай, дәл алдымда Жантөрин бара жатыр. Ол, артына бұрылып қарағанында - мені көрсе де, үндеместен алға жылжи берді. Мен соңында келе жатырмын. Екеуіміздің бағытымыз – мына ауылдың солтүстік-батысындағы туған жеріміз Таңдай ма?!
Тап қасыма келіп, шаңды бұрқ еткізумен тоқтай қалған машинаны көргенімде – селт еттім. Ұйқыдан оянып кеткендей болдым. Көз алдымдағы Нұрмұхан аға да ғайыптаныпты.
-Жұмеке, қайда барасың?
Осы ауылда тұратын кластасым Тілеген Баймұханов екен.
-Енемнің сиырлары кеше келмей қалыпты... Соларды «Бугорки» жақтан қарағалы бара жатырмын... - дедім сасқанымнан.
-Сен малға жоқ едің ғой, оларды танисың ба, айыра аласың ба?.. Біздің ауылдың сиырлары бір-біріне өте ұқсас, үйден біреуді ертіп шықпадың ба? Досыма қайтарар жауабым болмағасын - үнсіз қалдым.
«Жигулиіне» отырып, сәл жүргеннен кейін:
-Тілеген... Жантөрин жерлесіміз о дүниелік болды... – дедім.
-Қашан?! Кімнен естідің?!
-Телевизордан әлгінде ғана берді...
-Иманды болсын, жерлестердің ең мықтысы еді... Менің хабарым оған да ауыр тигені сол, ол екпіндетіп айдаумен келе жатып, бетін сипай бергенінде - машинасын аударып ала жаздады.
-Тілеген, сен қайда бара жатырсың? Уақытың болса – ауылға оралып, бір шөлмек ішсек?..
Өмірде бұл кластасым менен «арақ ішейік» деген ұсынысты естімеген, маған аңтарылып қарады да, машинасын кілт кері бұрды.
Осы материалымның басында жазғаным тап-таза шындық. 23 жыл бойына өмірде жоқ Нұрмұхан ағамды өз басым тап бүгінге дейін өлдіге санамастан келгенмін. Маған ол сол Алматыда бұрынғыша әлі жүрген тәрізді көрінетін.
Нұрмұхан ЖАНТӨРИН, әйелі Маргарита ИОВЛЕВА және қыздары Бақыт, Жанна. 1960-жылдар.
Жантөринмен жеті жүздесу. Жетеуі – жеті жерде. Алғашқысы – туған ауылымыз Таңдайда, соңғысы – оның мәңгілік мекені Алматыда.
Нұрмұхан ағаның 1989-жылы Ақтауда айтқан аманатын орындап жатырмын. Таңдай-Бақсай туралы шежірелік үлкен кітап 2014-жылдың ақпанына дейін жарыққа шығып қалар...
«Соңыңнан барамын, көке...»
(Нұрмұхан Жантөриннің өмірде өзі көрмеген,
кездеспеген әкесіне жазған хатынан үзінді).
«...Тірі жетім күйімде 50 жасқа да жеттім. Бұл туралы газеттерде жазылды, бүкіл Қазақстан біледі... Ал, сен үндемедің. Сенің ұлың әке атанды. Үндемедің...
Жанын азапқа салса да, мені асырап, адам етіп шығарған кім? Ғазиза!
Оқытып, тоқытқан кім? Ғазиза!
Ең қиын сәттерде қасымда болған кім? Ғазиза!
Сондықтан көке, сен ренжіме, менің әкем де, шешем де Ғазиза болды!
Иә, мен Адай руынанмын. Бірақ, Адайдың қандай буынынан тарайтынымды білмеймін. Оны маған кім айтып жатыр?.. Адайлардың арасында: «Мен – Адаймын» деп айтуға ұялатын едім. Себебі, сұрап қалса – қай буыннан екенімді толық, нақты айта алмаймын ғой... Ал, Ғазиза Ұлеке мен Байке қайынаталары туралы ғана аз-мұз айтты. Ол одан басқасын білмейтін де еді. Ал, сен үндемедің.
Ғазиза кетті. Сен де кететін шығарсың... осы үндемесіңмен. Ешбір шындықты біле алмай мен де сендердің соңдарыңнан барармын. Орысқа үйленгенім үшін о дүниеде отқа күйетін шығармын. Ештеңе етпес! Бәрібір, мен сенімен қарым-қатынас жасап тұрармын. Ана дүниеде.
Сау бол. Аман бол, көке!
Мен де әзірге аман-саумын, тірліктемін.
Сәлеммен Нұрмұхан»
1978-1980-жылдар аралығында жазылып, Балықшы ауданындағы Құрсай ауылында тұратын әкесіне біреуден беріп жіберген бұл хаттың көшірмесі қолыма түскен-ді. Нұрмұханның әкесі Сейітахмет Ұлмырзинді мен де іздегем. Таба алмадым.
Нұрмұхан Сейітахметұлы ЖАНТӨРИН (22.04.1928, Таңдай селосы, Махамбет ауданы, Атырау облысы – 2.05.1990, Алматы қаласы).
Таңдай орталау мектебінде оқушы (1935-1939, 1 - ші класта 10 жастағы Оңайбай Көшековпен бір партада отырған). 1942-жылы Бақсай селосындағы орталау мектепті бітіргесін, 14 жасында Гурьев мұнай барлау экспедициясына жұмысшылыққа кіреді. 1947-жылы Алматыдағы киномеханиктер курсына түседі. 1948-1950-жылдары Алматы киномектебінде, 1950-1952-жылдары А.Н.Островский атындағы Ташкент мемлекеттік театр-көркемөнер институтының актерлік факультетінде оқиды.
1952-1971 және 1988-1990-жылдары Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрында актер, режиссер.
1971-1988-жылдары «Қазақфильм» киностудиясында актер, режиссер.
Театрда - 100-ге тарта, кинода - 47 рөлді ойнаған.
Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген әртісі (1959). Қазақ ССР-інің Халық әртісі (1966). Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Еңбек Қызыл Ту» (2 мәрте), «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.
Әйелі Маргарита Иоевлева – өнер ғылымының кандидаты. Қазақ ССР-і театр қоғамында жұмыста болып еді.
Бақыт Нұрмұханқызы Жантөрина
Қыздары:
Бақыт Нұрмұханқызы Жантөрина – А.И.Герцен атындағы Ленинград мемлекеттік педагогика институты филология факультетінің ағылшын-неміс бөлімшесін үздік бітірген (1978). Мәскеу шет тілдері институтында ағылшын грамматикасы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Мәскеуде тұрады, адресі, телефоны бар.
Жанна Нұрмұханқызы Жантөрина – А.В.Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтының театровед факультетін бітірген. Өнер ғылымдарының кандидаты. Ресей Мәдениет министрлігі аппаратында қызметте болған, одан кейінгісін білмеймін.
Жұмабай ДОСПАНОВ,
«Алтын ғасыр» №50, 2013-жыл
Соңы